М.-С. Бабажанов (1832-1898) қазақтың алғашқы этнографтарының бірі болды. Бөкей хандығының аумағында дүниеге келген. Болашақ ғалым Орынбор кадет корпусында жан-жақты білім алды. Оны бітіргеннен кейін Ішкі Ордада бірқатар лауазымды әкімшілік қызметтер атқарды. 1862 жылы М.-С. Бабажанов Орыс географиялық қоғамының мүшесі болып сайланды және оның Үлкен күміс медалімен марапатталды. Оның «Нарын құмы туралы географиялық және этнографиялық деректер», «Ішкі Қырғыз ордасындағы саятшылық» т.б. құнды мақалалары жарық көрді.
Қазақтың тарихы мен этнографиясын зерттеумен көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Ермеков, М. Жұмабаев, Қ. Кемеңгеров, А. Сейітов және басқалар да шұғылданды. Өз елінің тарихы мен мәдениетін зерттеуге қатысу олардың халықтың аянышты ауыр халін неғұрлым тереңірек түсінуіне жәрдемдесті.
Қазақтың медицина саласындағы зерттеулері. XX ғасырдың бас кезінде медицина саласында да қазақ ғалымдары шыға бастады. Жұқпалы аурулардың таралып, өз отандастарының өлім-жітімге ұшырауы қазақ дәрігерлерін бейжай қалдырған жоқ. Олар өз халқының денсаулығын сақтауға барынша аянбай еңбек етті. Қазақтың алғашқы дәрі- гері, ғылым қайраткерлерінің қатарында Мұхамеджан Қарабаев, Халел Досмұхамедов,ағайынды Асылбек және Мұсылманбек Сейітовтер және басқалары болды. X. Досмұхамедов Санкт-Петербургтегі әскери-медицина Асылбек Сейітов. академиясын бітіріп, денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етті. Ол Орал облысының Темір уезінде дәрігер болып істеді. Жалпыұлттық «Қазақ» газетінің бетінде оның «Ауру-сырқаулар жөнінде», «Жұқпалы ауру түрлері» сияқты тағы басқа да бірқатар мақалалары жарияланды. А. Сейітов Томск университетінің медицина факультетін бітіріп, әуелі Омбы қаласында, одан соң Баянауыл мен Семейде жұмыс істеді. Семей облысында жұқпалы ауруларға қарсы жүргізілген шараларды басқарды. Оның медицина саласында жазылған мақалалары әлі күнге дейін ғылыми-практикалық маңызын жоғалтқан жоқ.