2. Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтеріліс (1822—1825). Жаңаелек аймағынан ығыстырылып шығарылған табын руы өздерінің наразылығын ашық білдірді. Олар Орынбор генерал-губернаторына байырғы мал жайылымдарын қайтарып беру жөнінде талай рет өтініш жасады. Бірақ ол өтініштердің орындалуына үзілді-кесілді тыйым салынып отырды. Мұның өзі төзімі таусылған жергілікті қазақтарды ашықтан-ашық қарулы көтеріліске шығуға итермеледі. 1822 жылы табын руының батыры әрі биі Жоламан ТіленшіұлыРесейге қарсы соғыс жариялап, Елек өзені бойындағы жерлерді қайтарып алу жолындағы күреске басшылық етті.
Жоламан батыр атақты Бөкенбай батырдың немересі болатын. Оның 10 ұлы, 2 бауыры бар еді. Олар батырдың сенімді тірегіне айналды. Ашу-ызаға булыққан табындар мен тамаларға жауынгер адай руының қазақтары келіп қосылды. Жоламан батыр өзінің қол астына 3 мыңға жуық көтерілісшіні топтастырды. Жаңадан құрылған шекара шебіне күшті шабуылдар жасала бастады. Көтеріліске шыққан қазақтар казактардың станицаларына шабуыл жасады, олардың үйлері мен шөбін өртеді, адамдарын тұтқынға алып, малдарын айдап әкетті. Сондай-ақ олар патша үкіметінің әкімшілігіне бүйректері бұратын қазақ ауылдарына да шағын жасақтармен шабуыл жасап жүрді.
Әрбір шабуылдан кейін көтерілісшілер өздерінің соңында өртке оранған станицалар мен ауылдарды қалдырып, Қарақұмның терең қойнауына сіңіп, бой тасалап кететін. Мұның өзі патша үкіметінің жазалаушы әскерінің көтерілісшілерге қуғын ұйымдастыруын қиындатты. XIX ғасырдың орта кезінде Орынбор өлкесін зерттеушілердің бірі И. Ф. Бларамберг былай деп атап көрсеткен болатын: «Казактпар Елек бойындағы құнарлы жерлерді тартпып алу үшін өздерінің қанын төгуге мәжбүр болды. Ол жерлердің байырғы иелері өз батырларының бастауымен жиналып келіп, топ-тобымен кескілескен шайқасқа түсті, олар өздерінің ата-бабалары көшіп- қонып жүрген жерлерден айырылғаннан гөрі кіндік кескен жері үшін өмірлерін қиғанды артық санады». Кіші жүздің ханы Шерғазы Айшуақұлы жаңа шекара шебі аймағындағы толқуды басуға дәрменсіз еді. Көтерілісті басу үшін құрамында 500 Орынбор казагы, екі зеңбірегі бар жазалаушы экспедиция жіберілді. 1825 жылдың көктемінде жазалаушы экспедиция Бұлдырты, Шиелі және Тамды өзендерінің бойындағы жүздеген қазақ ауылдарына ойран салып, қарапайым халықты аяусыз қырып-жойды. Көтерілісшілер аянбай қарсылық көрсетті, жазалаушы отрядтармен болған шайқастар кезінде 195 сарбазқаза тапты, 125 адам тұтқынға алынды. Бұлардың қатарында әйелдер мен жас балалар да болды. Оларды Жайық түрмесіне айдап апарып, қамап тастады. Түрмедегі жағдай адам төзгісіз ауыр еді. Көп адам ауырып өлді. Жоламан батырдың ең жақын алты бауыры Сібірге жер аударылды. Қалыптасқан мұндай ауыр жағдайда көтеріліс жетекшісі патша үкіміне қарсыласуды уақытша тоқтата тұруға мәжбүр болды.
Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтерілістің отаршылдыққа қарсы сипаты басым еді. Көтерілістің әр жерде шашыраңқы жүруі мен оған қатысушылар санының аздығы оның жеңіліске ұшырауына жеткізді. Солай бола тұрса да ол Кенесары Қасымұлы бастаған қуатты көтерілістің пісіп жетілуіне елеулі ықпал етті.