4. Қасым Абылайұлы мен Саржан Қасымұлы — қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшілері. Патша үкіметінің қазақтардың байырғы дәстүрлі қоныстарын үсті-үстіне тартып алуы, Қазақстан аумағында әскери бекіністердің көптеп салынуы, хан билігінің жойылуы, міне, осының бәрі де отаршылдыққа қарсы көтерілістің тууына алып келді.
Бұл көтерілісті Абылайдың отыз ұлының ең кенжесі Қасым сұлтан бастаған болатын. Әкесімен бірге отаршылдық езгіге қарсы оның балалары Саржан, Есенгелді, Ағатай, Кенесары және Наурызбай атқа қонды. Қасымның 12 ұлы бар еді. Оның әрқайсысының өзінде төлеңгіттерден тұратын жасақтары болатын.
1825-1826 жылдары Қасым Сібір және Орынбор аймақтық өкімет орындарына ашу-ызаға толы хаттар жазып, округтік приказдарды таратуды талап етті. Сұлтан қазақтардың кең-байтақ дала төсінде ұзаққа көшіп кету мүмкіндігі бар екенін де ескертті. Сонымен қатар ол Ресеймен тату-тәтті бейбіт көрші болуды қалайтынын да атап көрсетті.
Приказдардың салынуына қарсы болған сұлтандар қайтыс болған Уәли ханның үлкен ұлы Ғұбайдуллаға үлкен үміт артты. Ол батыл әрекеттер жасайтын шығар деп күткен еді. Тіпті Орта жүздің кейбір рулары оны хан сайлап та қойды. Міне, осы жағдайда патша үкіметі оны Көкшетау округінің аға сұлтаны етіп бекітті.
Қалыптасқан бұл жағдайды пайдаланып, Ғұбайдулла сұлтан хандық билікті қайта орнатудың қажет екендігі туралы шешім қабылдады. Осы мақсатты көздеген Ғұбайдулла қытайлықтармен дипломатиялық қатынас орнатты. Баянауыл таулары аймағында қытайлықтармен кездесу өткізуге әрекет жасады.
Қытай делегациясы 600 қарулы солдатымен, Ғұбайдулланы хан сайлап қайтуға тырысты. Бірақ олай етудің сәті түспеді. Патша үкіметінің жүзбасы Карбышев бастаған қарулы жасағы жол тосып жүріп, қытай өкілдігін де, Ғұбайдулла сұлтанды да қолға түсіреді.
Ғұбайдулла бұдан кейін де Қытайға делегация жіберуге әрекет жасады. Бірақ бұл жолы Қытай үкіметі оның ұсынысынан бас тартты. Өйткені Қытай Ресеймен қарым-қатынасын бұзуды қаламады. Ғұбайдулла Тобыл губерниясындағы Березов қаласына жер аударылды. Ол қала саяси сенімсіз және қылмыс жасаған қазақтар жер аударылатын дәстүрлі орын болатын.
1825 жылдың көктемінде Ресей империясының отаршылдық езгісіне қарсы көтерілісті Қарқаралы округі қазақтарының басқарушы сұлтаны Саржан Қасымұлы басқарды. Ол әрі-бері өткен керуендерге бақылау орнатты. Приказдарға шабуыл жасауға көшті. 1826 жылы Саржан Қасымұлының жасағы патша үкіметінің әскерлеріне қарсы ашық шайқасқа шықты. Оған өз қол астына қарайтын Қарпық болысы көмекке келді. Алайда олар жеңіліп қалды. Саржан Кіші жүз қазақтарының арасына көшіп кетуге мәжбүр болды.
1831 жылдың орта кезінде патша үкіметінің құрамында 500 солдаты бар жазалаушы жасағы Саржан ауылдарын шауып кетті. 450 бейбіт тұрғын қаза талты. Ондаған адам тұтқынға алынды. Кейінірек патша үкіметінің әскерлері тықсырып, қысым көрсете берген соң Саржан Ұлы жүз қазақтарының ортасына көшіп барды. Ол Қоқан хандығының қол астына қарайтын қазақтардың көмегінен үміттенді. Бірақ бұл жағдай Қоқан хандығымен екі арада шиеленісті оқиға тудырды. 1836 жылы жазда Ташкенттің билеушілері Саржанды және оның бауырлары Ержан мен Есенгелдіні Қоқан хандығының нұсқауы бойынша зұлымдықпен өлтірді. Ал 1840 жылы олардың әкесі Қасым сұлтан да сатқындықпен жасалған қастандық салдарынан қаза тапты.