3. Жаңаелек аймағының құрылуы (1835). Жаңаелек шекара шебіндегі бекіністердің құрылысы аяқталғаннан кейін 1835 жылы Министрлер Кабинетінің «Орынбор губерниясының қыргыз (қазақ. - авт.) даласымен шекарасында жаңа шекара шебін құру туралы» Ережесі бекітілді. Бұл Ереже бойынша Ор және Троицк бекіністері аралығында өтетін Орынбор шекаралық шебі қазақ даласының ішкі жағына қарай ілгері жылжытылды. Қазақтар тағы да 4 миллионға жуық десятина жерінен айырылып шыға келді. Мұның өзі көлемі жағынан бүкіл Орынбор губерниясының төрттен біріне тең еді.
Жаңа және ескі шекаралық шептер арасындағы аумаққа казактарды орналастыруға бұйрық берілді. Казактарға қолайлы болуы үшін жаңа шекара шебінің өн бойында ені 15 шақырым келетін алқап Орынбор казак әскерлерінің меншігі ретінде бөліп берілді. Ал қалған жерлер мемлекет меншігіне өтуі тиіс делінді.
Жаңа Ережеге сәйкес қазақтар жаңа шекара шебінің сыртқы жағына көшуге тиіс болды. Өздерінің бұрынғы атақоныстарынан айырылмау үшін олар неше түрлі амалдарды қолдануға мәжбүр болды. Мәселен, бізге Кенесары Қасымұлы жасақтарының шабуылы мен озбырлығынан құтылу қиын болады деген шағым айтқан. Осындай қыруар көп шағым айтылып, өтініш жасалғаннан кейін Орынбор өлкесінің басшылығы қазақтарды қоныстарында уақытша қала тұруына рұқсат етті. Бірақ бұрынғы өз жерлерін өздері жалға алып, ақы төлеп тұратын болды.
Жаңа шекара шебіндегі аймақтар ең бір құнарлы да шұрайлы жерлер болатын. Онда күні кешеге дейін қыпшақтар мен жағалбайлы руларының 12 мыңға тарта отбасы көшіп-қонып жүретін. Бұл қоныстан ығыстырылған қазақтар кейінірек Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліске белсене қатысты.
Патша үкіметінің Кіші жүз қазақтарының жерін тартып алуы
Патша үкіметі 1810 жылы қазақтардың 600 мың десятинаға жуық жерін тартып алып, Жаңаелек шебін жасауға кірісті
1835 жылы тағы да 4 миллион десятинаға жуық жер тартып алынды.
Қазақ даласына қарай ілгері жылжытылған шекара шебінде әскери бекіністер алғашқы жылдың өзінде-ақ тұрғызылды. Жаңа шекара шебінде Орынбор казактары мен башқұрттардан тосқауылшы күзетшілер қойылды. Патша үкіметі бұдан кейін де қазақ жерін басып алуын тоқтатпады. Жаңа шекара шебі бірқатар станицалар мен поселкелер тұсынан қазақ даласының ішкі жағына қарай тағы да 5-8 шақырым жылжытылды.
Қазақтардың жерін тартып алудың ауыр зардаптары болды. Қазақ халқы кедейленіп, қайыршылана түсті. Егер бұрын үй басы сайын түтін салығын төлеп келсе, енді ежелгі өз жерлерін өздері жалға алып пайдаланғаны үшін тағы да қосымша алым-салық төлейтін болды. Оның үстіне, олардың уақытша тұратындығы да толып жатқан қолайсыздықтар тудырды. Жалға жер алған қазақтар өздерін қашан қуып жіберерін білмей алаңдаумен отырды.