Ұғындыру – тəрбиеленушілерге эмоционал-сөздік ықпал жасау
əдісі. Бұл əдістің қолданылуы сынып ұжымы мен əр баланың тұлғалық
сапаларын танып, білуге көзделген. Бастауыш мектеп балаларына
қарапайым тəсілдер мен құрал-шараларды пайдаланудың өзі
жеткілікті. Кіші жастағы оқушы «Осылай істеу керек», «Осылай істеп
жатыр» - деп жай ескерткеннің өзінде-ақ, педагог айтқанына ере
салады. Ұғындыру əдісі, егер тəрбиеленуші қандай да талаптың мəніне
жете алмай жатса, жаңа адамгершілік сапа жөніндегі ақпарды ой
елегіне түсіріп, қабылдауға қиналса, яғни қалай болғанда да оның
санасы мен сезіміне түрткі салу қажетінде қолданылады. Ал мектепте
қоғамдағы жай, айқын да ақиқат ережелерді ежелеп түсіндіре
ұқтырудан аулақ болған жөн, мысалы, партаны сызба, тұрпайы сөз
айтпа, еденге түкірме жəне т.б. Бұл орайдағы ұғындыру емес, шектеу
əдістерін қолданған дұрыс. Аталған əдіс негізінен: а) жаңа моральдық
сапа мен əрекет-қылық формасын қалыптастыру əрі бекіту үшін; б)
тəрбиеленушілердің қандай да болған қылыққа дұрыс көзқарас-
қатынасын қалыптастыру ниетімен - қолданылады.
Қандай да ұғымның орнығуы, баланы оған сендіре білуге байланысты. Сенім кейде мұғалім сөзін сын-сарапқа сала алмаудан
шалыс, қателікті болуы мүмкін. Сенімнің санаға еніп жатқанын адам
сезе бермейді, осыдан ол ырықсыз сеп-түрткілер жетегінде қалып,
тұтастай тұлғалық сапаларын өзгертуіне тура келеді. Педагог сендіру
əдісін оқушыға нақты нұсқау-талапты қабылдату үшін, басқа тəрбие
əдістерінің ықпал əсерін күшейту мақсатында қолданады.
Тəрбие тəжірибесінде ұғындыру мен сендіруге қоса үгіттеу əдісіне де жүгінуге тура келеді. Үгіттеу əрекеті тəрбиеші ұстанған
қатынас формасына түгелдей тəуелді. Үгіттеу арқылы педагог
тəрбиеленуші тұлғасында ұнамды қалыптарды жобалайды, жақсылық
сезімін ұялатады, жоғары нəтижелерге жететініне сендіреді. Үгіттеуден
болатын тиімділік тəрбиеші абыройына, оның жеке адамгершілік
болмысына тəуелді, өз сөздері мен əрекеттерінің дұрыстығына кепіл
бола алған жағдайда ғана оның үгіті мақсатына жетеді. Бала
тəрбиесінде ұнамды үлгі-өнегеге арқа сүйеу, мадақ, өз қадірін сезіну,
ар-намысты қолдан бермеу секілді алғы шарттарды пайдаланған
педагог қай күрделі жағдайда да үгіт жұмысының өз нысанына жетіп,
жемісті боларына толық сенуіне болады.
Үгіттеу арқылы кейде оқушыны өз қылығынан ұялу, өкіну сезіміне
келтіруге болады. Педагог баланың мұндай сезімдерін оятып қана
қоймастан, келеңсіз əрекеттерін түзетудің жолдарын да көрсетеді. Бұл
жағдайларда орынсыз əрекеттің, оның салдарының мəнін дəлелді ашып
берумен бірге тəрбиеленуші мінезіне ұнамды ықпал жасаушы тəрбие
көздерін тауып, қолданады. Кейде орынсыз қылық білместіктің
салдарынан болады. Мұндайда үгіт ұғындыру жəне сендірумен бірге
қолданылып, оқушы өз қателерін мойындап, мінезін оң қалыпқа
келтіргендей əсерде жүргізіледі.