Оқулық Алматы, 2014 Б. Қ. Қапасова Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің



Pdf көрінісі
бет4/16
Дата29.01.2017
өлшемі5,06 Mb.
#2986
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

Сұрақтар мен тапсырмалар.
1. Бауыржан  Момышұлының өмірі мен қызметі туралы не білесіздер? 
Үзіндіні  оқып,  халық  батыры,  жазушы  Б.  Момышұлын  өзгелерден 
бөлектейтін сөйлеу стиліне талдау жасаңыздар. 
2. Қазақ тілін өз ана тіліндей білетін, құрмет тұтатын Н. Лушникова 
сияқты басқа ұлт өкілдерінен кімдерді атай аласыздар?
3. «Тілімді менің құрмет тұтқан – бір тілекті туысқандар» тақырыбында 
эссе жазыңыздар.
30-жаттығу.
1. Жетішатыр – жақсы қала. Қаптап жатқан қазақ. Жазы­қысы 
– қымыз, ойын­сауық – «кататься». Айт, той, құдалық, ат жарыс, 

43
күрес. Маскүнем. Төбелес. Үй қыдырған көлең­көлең ақ жаулық... 
Жаз шықса пароход, паром, желқайық, жасыл арал, қалың орман... 
Көкке шыққан, гуләйт соққан, масайраған шат көңіл... Сырнай­
керней... Қызық думан... Қайткенмен сергек қала.
Степендиядан жырмалаған азды­көпті тиынның қызығын 
көргелі адам сияқтанып отыз тиынға бержабай жалдап, жексенбі 
күні ар жаққа тарттық.
2. Ұшатын құстай қымтанып, қомданып алды. Отырғандар ау­
зын ашып аңырды. Әнші жіберді. Бір­бір ауыздан ән салды. Аз да 
болса бірегей болды. Сүмірейте, қылмита соқты: желдете, құтырта 
соқты. Лебізі құлаққа жағып кетті, жүректі тербетті, тамырды жел­
піндірді,  бойды шымырлатты.
– Ойт, шіркін!.. Па, сабазым­ай!
– Ой, пәле­ай!
Мидай жазық құла түзде ішің пысып келе жатқанда, көзіңе сұлу 
орман, сәулетті тау көрінсе: көріктен, оттан айырылған, қабағынан 
қар жауған қариялардың ортасында, кенеттен атқан таңдай сұлу 
сәулем қыз көрінсе: қараңғы түнде ел таба алмай сандалап келе 
жатқанда, аяғыңның астынан қиуадан от жылт етіп көрінсе, қандай 
қуанып, кенелеп қаласың. Жапа­тармағай жым болып томсарып, 
тоң­торыс отырған жандарға әншінің әні де сондай әсер берді. 
Көңіл бір жадырап шайдай ашылды. Әттең, ауыздың дәмін ала 
алмай, құмарымыз қана алмай қалдық
(Ж. Аймауытов)
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Әңгіменің тілдік өзгешелігіне талдау жасаңыздар. 
1.1. Сөйлемдегі сөздер құрылымы: сөздердің саны мен лексикалық 
мағынасы, морфологиялық құрамы. 
1.2. Жетішатыр қаласы туралы айтылған алғашқы бөліктегі әңгімелеуші 
эмоциясы: сөздер қолданысы, сөйлем құрылымы.
1.3. Көп нүктенің қойылу мәні.
1.4. Жазушының «кататься», «гуләйт» сөздерін қолдануының мәні.
2. Кейінгі әншінің ән айтуын суреттейтін бөліктің тілдік ерекшеліктері.

44
2.1. Етістіктердің  қолданылуы.
2.2. Етістіктердің грамматикалық құрамы.
2.3. Әншінің ән айту кезіндегі қимылдары. 
2.4. Тыңдаушы әсерін білдіретін сөздердің лексика­грамматикалық, 
фонетикалық сипаттары.
3. Ж.Аймауытовтың «Әнші» әңгімесінен алынған үзінді. Әңгімедегі 
Әмірқан әншінің прототипі қазақтың күміс көмей әншісі, әлемді үнімен 
таңдандырған Әміре Қашаубаев туралы деректер жинаңыздар. Әнші өмірі 
мен өнері жайынан «Әнші Әміре» тақырыбында әңгіме жазыңыздар.
Қайталау
31-жаттығу. Көне түркі тіліндегі мақал­мәтелдерді қазіргі қазақ тіліндегі 
аудармасымен көшіріп жазыңыздар. Қарамен жазылған сөздерге лексикалық, 
морфологиялық талдау жасаңыздар.
1. Ағылда оғлақ туғса,
Арыңда оты өнер.
2. Андық болса
Ат өлмес.
3. Ай толун болса,
Елігін імлемес.
4. Күзегү үзун болса,
Елік күймес.
5. Ач не иемес,
Тоқ не темес.
6.Оғлан ышы ыш  болмас,
Оғлақ мүңүзі сап болмас.
7. Арпасыз ат ашумас,
Арқасыз алп черік сыйум.
Қорада лақ туса,
Арықта от өнер.
Анду болса,
Ат өлмес.
Ай толы болса,
Қолмен көрсетпес болар.
Көсеу ұзын болса,
Қол күймес
Аш не жемес,
Тоқ не демес.
Баланың ісі іс болмас,
Лақ мүйізі сап болмас.
Арпасыз – ат жол алмас,
Арқаусыз – алып жау алмас.
32-жаттығу. Оқып, ортақ мағына бірлігін көрсетіңіздер.
1. Қырғыздар. Этнографиялық очерк
...Қазақ – қызу қанды жан. Оның рухына жайсаңдық, ізгілік 
тән, ол ылғи да жайдары жүреді, жалпы сергек әрі еліктегіш ке­

45
леді, алайда «жүйкесі» көнбіс, ашушаңдыққа бара бермейді. Оның 
қызу қанды болуының себебі бәлкім, көшпелілердің өмір салты­
нан да болса керек. Қозғалысы шапшаң, үнемі ат үстінде жүруі 
қан айналымы мен зат алмасуына қолайлы болуы тиіс; бұған қоса 
дала тұрғындары дене қызуының жиі алмасуы, олар жұтатын 
таза ауа да; шөлейтте жол шеккенде сусынды көп ішпеуі, діни 
жоралғыларға байланысты тағамдар таңдауы, асқазан және ішек 
жолы қызметін жақсартуға жәрдемдеседі, бұлардың оның рух 
күшін сақтауға маңызды ықпалы бар; ақыр соңында, арақпен, 
апиынмен және темекімен жүйкесін жұқартуға әдеттенбеудің 
де біраз пайдасы бар. Жүйке салауаттылығы адамның иман­
ды, өнегелік бейнесінен де жақсы көрінеді. Жаны жайсаң адам 
өзгелерге де іш тартады. Қазақ ниетімен ақкөңіл; ол сондай­ақ 
қастерлі қасиеттерге адал, басқаның қайғы­күйінген кезде сала­
уатты және төзімді. Қатігездік пен кекшілдік қазақтар арасында 
кездеспейді десе де болады... Басқа да көшпенді халықтар сияқты 
олар меймандостықты ерекше қасиет тұтады, мұның өзі риясыз 
көмек көрсетуден байқалады... Ажалмен бетпе­бет келген қазақ 
ешқашан абыржып абдырамайды. Ұрыста және шабуыл кезінде­
гі көнгіштігі де қайран қаларлықтай. Ол мейлінше тату­тәтті өмір 
сүруді қалайды, қыңырлығы аз. Кек сақтамайды, тіпті, өздігінен 
қиян­кескі ұрыс салуға да әдеттенбеген   (Н. Зеланд).
Н. Зеланд Петербург медицина академиясын бітірген. 1859 жыл-
дан 1896 жылдар арасында Қазақстанның түрлі аймақтарында 
қызметте болған. Н. Л. Зеланд медицина, антропологиядан 
бірнеше еңбектер жазған. «Қырғыздар» деген еңбегі 1885 жылы 
Омбыда басылған.
2. Сібір жазбалары
... Мен өзім қазақ арасында тұрып, мынаған көзім әбден 
жетті: оларда анархия емес, қайта тек өзіндік, біздегі мәдени 
қатынастардан айрықша, алайда өзінше қалыпқа түскен мәдени 
қатынастар үстем болып отыр... 
Қазақтардың өткен жүз жылдығы тарихынан бізге мәлім болып 
отырғандай, егер де ол шеткіз­шексіз далада соншалықты тентіреп 

46
көше берген, соншалықты ұрыстар мен шапқыншылықты басы­
нан өткірген болса, онда кез келген отырықшы тайпа баяғыда­ақ 
қырылып жойылып кеткен болар еді; ал, керісінше, көшпенділер 
үшін бұл бақытты кезең болды, өйткені нақ осы жағдайларда 
қазақтардың байлығы тасып, ықпалы артқан еді. Кең­байтақ да­
лада өмір сүрген қазақтардың тілі жағынан тұтас бірлікте болып, 
Каспий теңізі мен Жоғарғы Ертіс қазақтары тіліндегі диаллек­
тілік айырмашылық онша­мұнша аңғарылмайтынына қарамастан, 
барлық жерде де олардың салт­дәстүрлерінің, әдет­ғұрыптарының, 
тұрмысының, мінез­құлқының бірдей болуының аңғарылуыңа 
қарамастан, барлық уақытта да олардың басқа түркі тектес 
халықтарының елеулі айырмашылығы бар...
Дүйім халық жиналған барлық көпшілік той­думандарда әдетте 
ақындар қатысушыларды тарихи жырлармен, сондай­ақ ақындар 
сайыстарында және мадақтау өлеңдерін орындау кезінде өздерінің 
суырып салма өнерлерін орындау кезінде өздерінің суырып салма 
өнерімен еліктіреді. Ақындар мейлінше көп. Оларды барлық жер­
лерде қуана қарсы алады. Қазақтар тамаша шешен сөйлеп, әңгіме 
айтуды ұнатады, күлдіргі әзілді жиі айтады. Олардың әңгімелері 
әзілге, сықаққа толы келеді. Сондықтан да қазақтарда аса бай 
халық поэзиясының болуына еш таңдануға болмайды.
... Өз көршілестеріне қарағанда қазақтардың арасында шешен­
дік өнер дамыған.... Қазақтың әр сөзді ойнақы ететіні соншалық, 
ол өлең сөзде ұзын сонар суырып салма шешендік өнерін таны­
тып қана қоймайды, сонымен бірге оның әдеттегі тілі, сөздер мен 
тіркестер құрылымында белгілі  бір әуен­ырғақпен ерекшеленеді, 
сөз төркіні айқын да дәлме­дәл мағына береді, демек қазақтарды 
Батыс Азияның француздары деп атауға толық негіз бар. Менің 
жазғанымдай, нақ осы халықтың өте­мөте бай халық  әдебиеті пай­
да болғанына еш таңдануға болмайды.... (В. Радлов)
В. Радлов түркі тілдес халықтардың, соның ішінде қазақ хал-
қының тілін, этнографиясын, әдет-ғұрып, әдебиетін зерттеуші. 
Орхон-Енисей ескерткіштері туралы құнды еңбектер жазған. 
«Құтты білікке» тұңғыш ғылыми талдау жасаған.

47
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Мәтінді төмендегі тезис бойынша әңгімелеңдер: 
а) қазақ халқының өмір сүру ортасы (қоғамдық құрылымы); 
ә) өмір салты, тұрмысы; 
б) денсаулығы
в) жүйке салауаттылығы;
г) мінезі;
д) әдет­ғұрпы;
ж) өнері;
з) тілі. 
2. Тезистің әр бөлігін тілмен байланыстырыңыздар. 
2.1. Тілдің қоғамдық орны: басқару құралы ретіндегі рөлі. 
2.2. Қазақ тілінің демократиялық сипаты: «дат» сөзінің тілдік ерекшелік­
тері мен мағынасы. («дат» деп бастап, хан алдында қарашаға дейін ыза, кек, 
мұң, қайғы, реніш, өкпе, т.б. барлығын да айтуына мүмкіндігінің  болуы). 
2.3. Кең дала, бостандық тілдің, ойдың еркіндігіне, көркемдігіне жағдай 
жасады.
2.4. Ұлттық дәстүрдегі ойын мен жырға, сөз сайысына ерекше мән беру 
және тіл өнерінің дамуы.
2.5. Жүйке сауаттылығы, денсаулығының мықтылығы және сөз өнері.
2.6. Ашық мінез, жайдары көңіл және тіл мәдениеті.
33-жаттығу.  Төменде Оралхан Бөкейдің «Айпара ана» атты аңызынан 
үзінді берілген. 
Айпара  ана ұлының бетінен сүйген жоқ. Кең бітімді маң­
дайынан бір иіскеді де:
– Ал, балам, жортқанда жолың болсын, жолдасың қыдыр 
болсын, екі баланы тірі алып қайта алмасаң, өлтіріп кет, – 
деді. Жандос үнсіз басын изеді. Сосын жүз қадамдай артына 
қайырылмастан атын жетелеп жөнеле берді де, жалт бұрылып:
– Хош! – деді Айпара ана. Айпара ана құбылаға бетін бұрды да:
– О, алла тағала! Менің күнәкарларға жападан­жалғыз аттанған 
ұлыма рахманың түсіп, жортқанда жолын қыла көр. Білемін, 
бұл пәниде ешкім қалған ба. Мен де өлемін. Сен қаласың тек, 

48
сен қаласың... Сонда бізден тараған ұрпаққа басына қайғы­
қасірет түсіп, одан құтылар шамасы сарқылып отырған шағында, 
құдыретіңе басын игіз де, тәубесін есіне түсір. Тәубесін есі­
не түсіргенің – тас жұтатын тәуекелшіл, әрі өз тағдырын өзгеге 
қолжаулық қылып, рәсуәләтпайтын өр, кекшіл қылғайсың. Егер 
менің халқым қай пайғамбардың үмбетіне бағынарын білмей 
тығырыққа тірелсе, егер менің халқым жер ортасы көктөбеде 
қаңырап қалса... тезге салатын да өзіңсің...
Уа, жаратушы жақсы ием, ұлым ғазиз істің жолында шейіт 
болса, арман не, елімді сойқан соғыстан, дұшпанға таба қылар жа-
манаттан аулақ қыла гөр. Көз жасын көр қазақтың, әумин!»
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Айпара ананың адам өмірі, тіршілік жайындағы ойлары қандай 
дағдылы сөздер мен дағдылы тіркестер арқылы берілген?
2. Қарамен жазылған сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын ашы­
ңыздар. 
3.  Халықтық  таным,  ұлттық  қасиетті  танытар  қандай  белгілерді 
байқадыңыздар. 
4. Этнографизмдерге талдау жасаңыздар: таным­сенімді білдіретін және 
әрекет пен қимылға қатыстыларды бөліп жазыңыздар.
34-жаттығу. Тілек, алғыс сөздерін жазып қайсысын кімдер қандай кез­
де айтылатынын анықтаңыздар.
1. Бауы берік болсын!
2. Шаңырағы биік, босағасы берік болсын!
3. Қадамы құтты болсын! 
4. Бағы жансын!
5. Айы оңынан тусын!
6. Алла разы болсын!
7. Тәңір жарылқасын! 
8. Мерейі үстем болсын!
9. Мұратына жетсін! 

49
10. Екі дүниенің қызығын көрсін!
11. Көсегің көгерсін!
12. Нұр жаусын!
13. Өркені өссін! 
14. Бақытты болсын!
15. Періштелер жебесін! 
16. Қатарының алды болсын!
17. Жұлдызы жансын!
18. Жұлдызы жоғары болсын! 
19. Уайымы тамақ болсын.
20. Бақ­дәулет кетпесін!
35-жаттығу.
Ертеңінде Әйгерім Абайдың қасына еріп, бата оқырдың асын 
алып, Зылиқаны өзіне қосшы етті. Тәкежан үйіне тақай бер­
геннен бастап, жіңішке, нәзік үнімен өлеңдете, жылап келді. 
Қаралы үй тағы да кешегідей жылаулы жандарға толы еді. Тағы 
да әуелі үй ішіндегі әйелдің бәрі жылап тоқтаған соң, Қаражан 
өз жоқтауын айта бастағанда, соның төменгі жағында отырған 
Әйгерім, үлкендерге жүзін толық көрсетпей, қырындау оты­
рып, екі мықынын таянып ап, нәзік, зарлы үн созды. Бұның 
үні шығысымен, Құнанбай бастаған үлкендер аса бір ден қойып, 
зор ілтипатпен тыңдады. Мұқұлбайдың артына белгі тастамай, 
көк балдырғандай арманға кеткен жайларын, Әйгерімнің ендігі 
қосып алған қаралы әні егілте сездіреді. Сай­сүйекті шымырла­
тып, барлық көзден жас ағыза тебірентіп еді. Үй іші алғашқы жы­
лаудан тоқырап қалса, Әйгерімнің ақын мұңынан қайтадан тегіс 
босап, жылап кетті. Ұлжанның өзі де үн салып қоя берді.
– Қалқам­ай, құлыным­ай, арманда кеткен қошақаным­ай! – 
деп, еңіреп жіберді. Еркектің де көбі үнсіз жастарын ірке алмай, 
еміреніп отыр. Әйгерімнің зарынан бір Мұқалбай дерті емес, тағы 
да Әйгерім мен өзіне мәлім сансыз өмір шерлерін еске алып, Абай 
да жылап жіберді. 
(М.Әуезов)

50
Сұр
ақтар мен тапсырмалар
1. Этнографизмдерді топтап жазыңыздар. 
2. Құрамына қарай: жеке сөздерден және сөз тіркесінен жасалғандар. 
3. Этнографизмдердің мағыналық сипаттары: таныммен байланысы, 
дәстүрге қатыстылары.
4. Этнографизмдер мен ым­ишара, қозғалыс.
36-жаттығу
Бөрілі менің байрағым
Бөрілі байрақ астында 
Бөгеліп көрген жан емен
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен.  
Бөрілі найза ұстаса
Түйремей кеткен жан емен, 
Бөрілі байрақ құласа, 
Күйремей кеткен жан емен. 
Жау тисе жапан далада, 
Бөрілі найза атамыз
Қарасайлап шабамыз.  
Қызыл қанға батамыз, 
Бөрілі байрақ астында 
Ту түсіріп жау алған
Қазыбек, Қастек атамыз.
Бөрілі байрақ көтерсе, 
Жоқты жонып табамыз. 
Бөрілі байрақ астында, 
Ту түсіріп, жау алған, 
Шапырашты батыр бабамыз.
Бөрі басы – ұраным, 
Бөрілі менің байрағым. 
Бөрілі байрақ көтерсе, 
Қозып кетер қайдағым 
(С. Аронұлы)

51
С
ұрақтар мен тапсырмалар
1. Өлеңді мәнерлеп оқыңыздар.
2. Өлеңді мәнерлеп оқуда қай тұстарға мән берілуі қажет? Төмендегі 
үлгімен талдау жасаңыздар. 
2.1. Ритмикалық топтарды бөлектеу.
2.2. Бунақ екпіндерін жіктеу. 
2.3. Сөз екпіндерін көрсету. 
2.4. Акустика­артикуляциялық өзгерістерді анықтау.
2.5. Логикалық екпінді айқындау. 

52
ІІ бөлім. СӨЗ МӘДЕНИЕТІ
АУЫЗЕКІ СӨЙЛЕУ ТІЛІ
Қоғамдағы қарым­қатынас ауызша сөйлеу немесе жазбаша 
тілдесу арқылы жүреді.
Ауызша сөйлеудің де, жазбаша тілдің де түп негізі – ұлттың 
ғасырлар бойы жасаған, ұрпақтан­ұрпаққа мұра етіп, жылдар сын­
нан өткізген жалпыхалықтық тілі. Қазақ халқының ұлттық дағды­
дәстүрімен біте қайнасқан, елдің тарих, шаруашылық, мәдени, 
әдеби құндылықтарын жарқырата көрсететін – ауызша сөйлеу 
тілі.
Ауызша сөйлеу тілі күнделікті тұрмыста қолданылатын, 
бетпе-бет көріп отырған екі немесе одан да көп адамдардың 
бірімен сөйлесуі, пікір алысуы. Бұны ауызекі сөйлеу тілі стилі 
қарастырады.  Оның  басты  ерекшелігінің  өзі­өзара  сөйлесу 
кезінде адамдардың пікірі ғана емес, мінез­құлқы, ой­өрісі, 
сөйлесе білу, тілдесе алу мәдениет, әдебін де көрсететіндігінде. 
Әдептіліктің басы сөйлесу, тілдесуден­ақ аңғарылады. Ұлттық 
дәстүр, мәдениетті бойға сіңірген жанның халықтық сөйлеу әдебін 
үйренуі, білуі шарт.  Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесін бір отбасы­
на теліп қоймай, ауыл, ел, ру болып қолға алған. Бір ауыл, ел, 
рудан өрескел іс істеген, әдепсіздік көрсеткен адам табылса, ел 
болып түзеген. Пікір алысу, сөйлесу кезінде адамның қимыл­
қозғалысы, бет­әлпет өзгерісі де оның жан дүниесін, ішкі ойын 
білдіріп отырады. Дауыс ырғағы, сөзді орынды қолдану, екпін, 
кідіріс сияқты қосымша белгілер де сөйлеушінің пікір білдіріп 
қоймай, мәдениетін, тәрбиесін көрсетеді. Орынсыз дауыс көтеру, 
даурыға сөйлеу, жөнсіз айғайлау, дауысын құбылту, бет­пішінін 
өзгерту, сөйлесіп тұрған адамды соңына дейін тыңдамау, сөзді 
бұзып сөйлеу, сөйлемді бұзып айту, дөрекі сөздерді қолдану – 
тәрбиесіздік, әдепсіздік белгісі.
Мәдениетті, тәрбиелі адам ойын еркін жеткізуді мұрат етіп, 
тілдегі сөздік қорды барынша мол пайдаланып, орнымен жұмсап, 
ойды жүйелі, нақты, сабырмен айтуды дағдыға айналдырады. 
Ауызекі сөйлесудің басты шарты – сөйлесушіні тыңдай білу, 
пікірін, ойын дұрыс түсіну.

53
Ауызекі сөйлеу тілінің өзіндік стильдік ерекшеліктері бар.
–  Сөйлеу  тілі  қарапайым  қарым-қатынас  жасау  кезінде 
айтылады;
– көбіне-көп алдын ала дайындықсыз өтеді;
–  сөздердің,  сөйлемдердің  қалыптасқан  қалпы  өзгеріске 
түзеді;
– одағай, қыстырма, қаратпа сөздер көп қолданылады;
– дауыс ырғағы, бет-пішін, қол қимылдары қосымша қызмет 
атқарады.
Сөйлеу
ауызша
дыбыстар
екпін, интонация
*                 *
ым-ишара
қимыл-қозғалыс
көзқарас
айтамыз-естиміз
жазбаша
әріптер
тыныс белгілері
*                 *
шрифті бөлу
тарау, бөлім
параграф
жазамыз-оқимыз
Сөйлеудің ауызша және жазбаша түрлері
Ауызекі сөйлеу
Жазбаша сөйлеу
37-жаттығу. Сұрақтарға мақал­мәтелдермен жауап беріңіздер.
1. Бір елі ауызға неше елі қақпақ керек?
2. Қызым саған айтам. Бұны кім тыңдасын?
3. Қызымның құлағына қандай сырға?
4. Кімнің алдында аузыңды тыйған дұрыс?
5. Піл көтермегенді не көтереді?
6. Қандай сөзден мән шықпайды?
7. Қандай ауыздан  кесапатты сөз шығады?
8. Ойнап сөйлесең де, қалай сөйлеген жөн?
9. Аңдамай сөйлеген қайтеді?
10. Әншейінде ауыз жаппаған, той дегенде не таба алмайды?

54
38-жаттығу.
Қазақ әйелдері сөз мәдениетін, сөз әдебін ел дәстүр, дағдысын  
сақтаушылар ғана емес, қазақ ұғым, танымындағы сөз иесі, сөз 
киесі дегенді қадірлеп ұстап, баптаушылар да. Оған дәлел қазақ 
тілінде – табу мен эвфемизмдер.
Табу, эвфемизмдерді қолданатын әйелдер болса, екінші жағынан 
ауызекі тілді көркемдеуші, бейнелеуші де – солар. 
 
Қазақ халқының тұрмысында табу төмендегідей жағдайларда 
қолданылған.
1) Келін қайын жұртының (қайын жұрты – күйеуінің елі, туыста­
ры немесе ер адамға әйелінің туған­туыстары, ауылы) адамдарын өз 
атымен атамай, әрқайсысына өзі ат қоятын болған. Оны ат тергеу 
дейді. Ат тергеу жақындығына, жасына, жолына қарай қойылады. 
Мысалы: қайын сіңлілерін (күйеуінің қарындастары) «Шырай­
лым», «Еркем», «Тотым», т.б. десе, қайындарын (күйеуінің інілері) 
«Төре жігіт», Сұлу жігіт», Сылқым жігіт», «Мырза», «Шырақ» деп 
атаған. Қайын ағаларының, қайын апаларының аттарын бейнелеп, 
өзгертіп немесе қасиет, мінез, сипат ерекшеліктерімен жұмбақтап 
атаған. Мысалы: «Ұзын қайын аға», «Үндемес апай» т.б.
2) Қазақ тіліндегі табу сөздердің тағы бір саласы табиғаттың, 
аңдар мен қауіпті жәндіктердің, жазылмайтын аурулардың атта­
рын екінші бір сөздермен жұмсарта алмастыру арқылы қолданған. 
Мысалы: найзағайды жасын, қасқырды атыжаман, ұлыма
қарақұлақ, жыланды ұзын деп атаған. Халық қасқыр деп тура 
атаса, атын атап шақырып аламыз деп астарлы сөзбен айтқан.
Табу сөздер – халықтың әдет­ғұрпын, салтын, тұрмысын аша­
тын сөздер.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Мәтінге жоспар құрыңыздар.
2. Өздерің оқыған көркем әдебиеттерден табу сөздер теріп 
жазыңыздар. 
3. Кестеге ат қойыңыздар.

55
Жасы кішілерге 
қойылатын аттар
Түр­түс, кәсібіне 
қарай
Кісі атының 
сыңарындағы 
сөздерді  ауыстыруы
«Шырайлым», 
«Еркем», «Қаракөз», 
«Бикеш», 
«Ортаншым», 
«Кенже», «Мырза», 
«Төре» т.б.
«Бадырақ», «Семіз», 
«Ақын аға», 
«Жыршы ата», 
«Шешен қайнаға», 
«Ұста қайным» 
т.б.
Ақ – «шаңқан», қара 
– «баран», сары 
– «шикіл», алты – 
«бестен бірі артық», 
пышақ – «жаныма» 
т.б.
39-жаттығу. Мәнерлеп оқыңыздар.
1. – Иә, біздің ауылдың кісілері! Ахкем үйінде қонақ болдың, 
ішер асыңды іштің (Ахкем деп ол қайнағасы Тәкежанды ай­
татын). Енді қайтыңдар. Малдарыңа, шаруаңа жөнел, түге! – 
деді (М. Әуезов). 2. Осындай мінезін бар жұртқа қолданғанмен, 
Мәнікенің тісі батпайтын бір ғана кісі бар. Ол – Абай. Қайны болса 
бір сәрі еді. Өзі қайнаға, оны және Мәніке амалсыз кішілік жолы, 
келіндікпен «Әйнеке» деп атайтын (М. Әуезов). 3. – Кенженің 
өзі де көзі тірісінде, туысқан ішінде бір Шыраққа табынып кетті 
ғой. Марқұм, сол кезде­ақ қойны­қонышына жинағаны өңшең 
Шырақтың таратпасы болды ғой (М. Әуезов). 4. Кейде Абайды 
«Мәніке келіні осылай кекеп отыр» дегенді естігенде Әйгерім 
сыңғырлай күліп қалатын. Ол үшін ұялғандай, қып­қызыл болып 
отырып, бұ да бір күні өзінің сыпайы, шебер мысқалын айтқан:
– Бір Әжекеңе, – деп Ырғызбай деген атасының атын атай ал­
май, – екі бірдей кемеңгер қайдан ғана сыя алсын­ау! Абай білгіш 
болса, біздің Мәніке келін одан да озған. Бір қазанға екі дойдыр 
қошқардың басы сыймай жатқаны сол емес пе? (М. Әуезов)
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Ауыспалы мағынадағы сөздерді табыңыздар. 
2. Табу деген не? Мәтіндегі табу сөздерді жазыңыздар. 
3. Мәтіндегі кейіпкерлерді атап,  жалғастыра әңгімелеңіздер.

56
40-жаттығу
Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай 
болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт 
па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды 
алып  қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. 
Әрі мағына жағынан да, қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова 
тәтейше айтқанда, бұлар – жоғары  идеялы есімдер. Мұндайлар өз 
атын кәдімгідей мақтаныш көріп, біреумен таныса қалса, мәнерлеп, 
көтеріңкі дауыспен айтады. Ал енді айтуға да, естуге де қолайсыз 
есімдер бар. Өзге түгіл өзіңе де ұнамайды­ақ. Әттең қолдан келсе, 
табанда өзгертіп, әдемі аттардың бірін иемденіп алар едің. Бірақ 
амалың нешік, сен қызылшақа болып, жөргекте жатқанда, сондағы 
ақымақтығынды пайдаланып, әке­шешең немесе шілдеханаға 
келіп, дуылдап отырған басқа біреу солай атап жіберген...
Менің атым – Қожа. Көріп отырсындар, пәлендей әйдік ат 
емес. Шынын айтсам, бұл о баста Қожа емес, Қожаберген екен. 
Туу куәлігімнің өзінде солай деп жазылған. Бірақ дүниеде не 
қилы ғажайып құбылыстар бола беретін тәрізді, бертін келе 
«Қожабергеннің» құйрығы үзіліп түсіп қалыпты. Бұл құбылыстың 
дәл қай жылы, қай айда, қай күні болғанын тап басып ешкім де ай­
тып бере алмайды. Сонымен, мен өзім ес білгелі Қожамын. Ауыл­
аймақтың бәрі солай деп атайды. Біз бір класта екі Қожа бармыз. 
Сүттібайдың үлкен баласының аты да –  Қожа. Оқушылар екеу мізді 
шатастырып алмас үшін өңімізге қарап, мені Қара Қожа, оны Сары 
Қожа деп атайды. Әуел баста мен бұған да шамданып қалатын 
едім. Бірақ жүре­бара құлағым үйреніп, дағдыланып кеттім. «Қара 
Қожа» дегендерге «әу» деп, жалт қарайтын болдым. Жантас тәрізді 
қылжақтар осының өзін де дұрыс айтпайды, әдейі бұзып, келемеж­
деп, «Қара Қожа» деудің орнына «Қара көже» дейді. Мен байқамай 
қалып «әу!» деймін. Бірақ бұл қылығы үшін, бишараның обалы 
нешік, тиісті сыбағасын менен талай рет алды.
 (Б. Соқпақбаев)

57

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет