Оқулық Алматы, 2014 Б. Қ. Қапасова Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің



Pdf көрінісі
бет3/16
Дата29.01.2017
өлшемі5,06 Mb.
#2986
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
тақым –
сары аяң –

29
Қоғамдық қатынастағы ұлттық тілдің мәні 
Қазақтың рулық, халықтық дәстүр, әдетті берік ұстанған орта­
сы тілді де әр сөйлеуші, тұтынушының қоғамдағы орнына қарай 
ыңғайлай орнымен қолдануын талап еткен.  
Жас  ерекшелігіне  қарай,  ел­жұрт  алдындағы  беделі  мен 
қызметіне, сіңірген еңбегіне қарай әркімнің айтар сөзі, сөз қолданар 
орны болады. Топ алдында елге арнала айтылар сөзді жасы үлкен 
ақсақал, қариялар, ел сыйлайтын азаматтар бастаған. Жасы кіші 
солардың рұқсатымен  немесе сұрауымен ғана сөйлеген. Бұның 
бір жағы ортаны сыйлау, елді, үлкенді, дәстүрді құрметтеу болса, 
екінші жағы – тілдің тәрбиелеуші қоғамды  қызметінің көрінісі.
Қоғамдық қатынастағы тілді іскерлік қатынаста және 
әлеуметтік-тұрмыстық қатынаста қолданылатын сөздер деп 
бөлуге болады. Тарихи қалыпта алар болсақ билер сөз жарысы, 
ел мен жер дауына қатысты сөздерді:
1)  сөз қағысы;
2) пікірлесу;
3) сұхбаттасу, 
4) мәміле; 
5) келісім деп шартты түрде бөлуге болады. Бұл сөздер мен 
сөз қолданыстарының түрлерін қазіргі қазақ тіліндегі іскерлік 
қатынастағы сөздердің бастауы деуге негіз береді.
Қоғамдық қатынастағы сөздердің қолданылатын орнына қарай 
қалыптасқан тұрақты сөздері мен сөз тіркестері бар. Іскерлік 
қарым­қатынас пен әлеуметтік­тұрмыстық қарым­қатынастағы 
сөздердің едәуір ерекшеліктері бар.
Қазіргі қазақ тіліндегі іскерлік қарым­қатынастағы сөздерде 
дәлдік,  нақтылық  көбірек  орын  алып,  суреттеу,  көркемдеу 
бәсеңдеу тартса, әлеуметтік­тұрмыстық тілде сурет бояуы әлі де 
сақталған.
Әлеуметтік­тұрмыстық қатынастағы сөздерге негізінен отба­
сы, туған­туыс, ауыл­аймақ, ел ішіндегі ата­ана мен бала, туыстар, 
дос­құрбы, жора­жолдас, құда­жекжат арасындағы күнделікті, 
қарым­қатынас сөздері кіреді. Күнделікті тұрмыстағы сөздер түрлі 

30
жағдайларға қатысты қолданылатындықтан, қазақ тілінің көркем 
де суретті болуының бір шеті осы тұсқа келіп тіреледі.
Қазақ  дәстүріндегі  қалыптасқан  әдет  бойынша  үлкендер 
ортасының өз сөйлеу әдебі болса, үлкендер мен жасы кішілер 
арасындағы  сөйлеу  қалпының  өз  мәдениеті  бар.  Сондай­ақ 
отбасының, туған­туыс, ел­жұрттың бір­біріне сөйлеу мәдениеті, 
тілдесу әдебі арқылы қазақ халқы жалпы ұлттық сөйлеу мәдениетін, 
қарым­қатынас мәдениетін  жасаған.
20-жаттығу. Сөздердің мағынасына назар аударыңыздар. Амандасудың 
әр түрі кімге қатысты екенін көрсетіңіздер.
1) Амансың (­сыз) ба –
2) Сәлеметсің (­сіз) бе –
3) Қайырлы күн (таң, түс, кеш) –
4) Ассалаумағалейкум –
5) Уағалеукумассалам –
6) Есенсің (­сіз) бе –
7) Мал­жан (­ыңыз) аман ба –
8) Денсаулығың (­ыңыз) қалай –
9) Қал қалай (­ыңыз) –
10) Сәлем – 
11) Күйлі қуаттысыз ба?
21-жаттығу. Сұрақтарға жауап беріңіздер. Өзара пікір қосы ңыздар. 
Қорытып, берілген тақырыпқа әңгіме жазыңыздар. 
Сәлем бере білеміз бе?
1) «Сөз анасы – сәлем» дегенді қалай түсінесіз?
2) Сәлем беру деген не? Екі адам кездессе, кім бірінші сәлем 
береді? Топқа қарсы келгенде  кім бұрын сәлем беру керек?
3) Сәлемдесуді, ілтипат, ыстық көңілді қимылдармен қалай 
көрсетеді?

31
4) Сәлемдесу әдебін қалай жасаған жөн? Сәлемді қалай алған, 
қабылдаған дұрыс? 
5) Ерін ұшымен амандасу, ауыз жыбырлата сәлемдесу дегенді 
тарата айтып, әдет тұрғысынан қалай бағалар едіңіз? 
22-жаттығу.
Әдеп
Бір жұрттың бас әкімі екінші бір байға жолығысып сөйлесіп 
тұрғанда, қасынан бір жарлы кісі өтіп бара жатып иіліп, бас 
ұрып сәлем берді дейді. Оған қарсы әлгі үлкен әкім төре онан да 
төменірек бас ұрып сәлем алды. Қасындағы бай:
– Тақсыр, осынша жұрттың үстінен қараған әкімсіз, осы бір 
бейшараға неге сонша бас ұрасыз? – деп айтты дейді.
Сонда әкім:
– Ешбір ғылым­білім үйренбеген кісі сонша иіліп, әдептілігін 
көрсеткенде, менің оған әдепсіз болып көрінгенім лайықсыз болған 
болар еді, – депті. 
(Ы. Алтынсарин)
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Әңгімедегі тірек сөздер мен тақырып арасында қандай байланыс бар? 
2. Әдеп деген сөзге түсінік беріңіздер. Әдеп пен этиканың арасындағы 
мағыналық бірлік қандай? Ұлттық әдеп үлгілеріндегі жастарға тән қандай 
шарттар бар? 
3. Әдептіліктің адам біліміне, оқыған оқуына қатысы бар ма? Сәлем беру, 
сәлем алудың қандай әдеп, ереже талаптары бар?
4. Сәлем беру мен сәлем алудың қандай өзгешеліктері бар?
5. Бас ұрып сәлем беру, бас иіп амандасу, қолын кеудесіне қойып сәлем 
беру, қол алысып сәлем беру, қол бұлғап сәлем беру аталған сәлем беру 
үлгілерінің кімдерге тән екендігін ашыңыздар. Ұлттық әдепке қатысы 
жағынан талдау жасаңыздар. 

32
23-жаттығу. 
Тегімді менің сұрасаң...
(үзінді)
Тегімді менің сұрасаң,
Қалың Найман нуынан.
Жырымды менің сұрасаң,
Сары алтынның буынан.
Сырымды менің сұрасаң,
Тұманың тұнық суынан.
Кеудеме қайғы толған соң,
Тұнық жырмен жуынам.
Сорғалаған нөсердей
Жырын тыңда, Дулаттың.
Тасқын судай ағызып,
Торқалы тобыр тойында,
Топ бас қосқан ойында,
Қасқа­жайсаң алдында
Топ жиынды дулаттым.
...Парақор баспақ биіңді,
Ел бүлдіргіш бегіңді
Әперіп сөзбен кегіңді  ­
Улы тілмен улаттым.
...Ұйқы беріп, қайғы алған,
Қайғылыны уаттым.
Жырымды менің тыңдаған 
Сөз ұғатын соңғы адам,
Тыңдаудан әсте тынбаған,
Гауһардай дүрі бұлдаған,
Сарқырап аққан жылғадан
Жыр арнасы суатпын 
(Д. Бабатайұлы).

33
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Өлеңді мәнерлеп  оқыңыздар. 
2. Өлеңді мәнерлеп оқуда қай тұстарға мән берілуі қажет? Төмендегі 
үлгімен талдау жасаңыздар. 
2.1. Ритмикалық топтарды бөлектеу.
2.2. Бунақ екпіндерін жіктеу.
2.3. Сөз екпіндерін көрсету.
2.4. Акустика­артикуляциялық өзгерістерді анықтау.
2.5. Логикалық екпінді айқындау.
3. Кестені толтырыңыздар.
Ақын 
жыры
сыры жыр 
айтатын 
орны
тыңдау-
шылары
сынау-
шылары
өлеңдегі 
теңеу мен 
эпитеттер 
24-жаттығу. Мәтіннің сөз қолдану ерекшелігіне талдау жасаңыздар. 
Автордың өз ойын нақтылайтын қандай дәлелдері мен деректері бар? 
Қ.Жұбановтың аталған мақаласын оқып, қазіргі күй жанрының пайда бо­
луы жайындағы соңғы ғылыми деректермен толықтырып, «Қазақ күйі және 
әлемдік муызка өнері» деген тақырыпта эссе дайындаңыздар. 
4. «Күйдің пайда болу тарихын зерттеу үшін, біздің ойымызша, 
мынадай  материалдарды пайдалануымыз керек:
бірінші: біздің музыкамыз жайында түрлі мәдениетті елдердің 
жазып қалдырған тарихи деректері; екінші: халықтың музыкаға 
байланысты тарихи идеологиясы; үшінші: сол идеологияның бірі 
болған тіл материалдары. Тіл материалдары дейтініміз – түрліше 
музыка терминдері, бұлар мен басқа сөздердің мағынасының 
арасындағы байланыстар; төртінші: ең маңыздысы – музыканың 
өз материалдары, халық музыка шығармаларының, күйлердің 
өзінің ішкі құрылысын тексеру; бесінші: осы жоғарыда айтылған 
материалдарды  топтағаннан  кейін,  қазақтың  халық  музыка 
шығармаларын басқа жұрттың шығармаларымен салыстырып, 

34
солармен арасындағы байланысын, бір­біріне жасаған ықпалын, 
бірі мен бірінің араласып айқасқанын тексеру.
Бұл арада біз бұл мәселеге тиісті материалдарды түгендеп өтем 
деген ойдан аулақпыз. Бұл қазіргі уақытты бір кісінің қолынан кел­
мейтін жұмыс. Мұнда біз бұл материалдардың бірқатарын ғана 
ұсынып, сонымен келешекте зерттеушілерге, тиісті мамандарға 
жол ашпақпыз. Оның үстіне, тарих, тіл деректері жөнінен, өз 
мамандығымыз басқа елдердің халық музыкасы жайындағы тари­
хи деректерінен бастайық (Қ. Жұбанов «Қазақ музыкасында күй 
жанрының пайда болуы жайлы» мақаласынан үзінді).
25-жаттығу. Мақал­мәтелдер арқылы халық қандай мінездерді бейне­
легенін үлгі бойынша жазыңдар.
Үлгі: Сөйлегенді үндемеген жеңеді (шыдамдылық, сабыр).
1. Иілген басты қылыш кеспес. 2. Көңілсіз жұмыс – өнімсіз. 3. 
Бал ұстаған бармағын жалар. 4. Мәуелі ағаш майысқақ. 5. Көпке 
жақын – көкке жақын. 6. Кіділік – ірілік емес. 7. Терең судың 
ағысы білінбес. 8. Ұра алмаған үлкен таяқ көтереді. 9. Талапты 
ерге нұр жауар. 10. Күш атасын танымас. 11. Ақылы жоқтың арма­
ны жоқ. 12. Сөз тапқанға қолқа жоқ. 13. Ерінбеген етікші, ұялмаған 
әнші болады. 14. Көрмес – түйені де көрмес. 15. Кімнің тарысы 
піссе, соның тауығы.
Әлеуметтік-тұрмыстық қарым-қатынас тілі 
Қазақ халқының тұрмыстық қарым­қатынастағы тілдесуі салт­
дәстүр, әдет­ғұрыптың шеңберінде таразыға түсіп тұрады.
Болашағын баласының адал, бақытты ғұмырымен ғана елес­
тетіп, соны арман еткен халық ұрпағын туған күнінен бастап бесік 
жырымен әлдилеп жақсылық тілейді. Есейе келе баланың әр ісіне, 
қадамына қуанып, «Азамат бол!», «Көп жаса!», «Елдің алды бол!», 
«Өркенің өссін!», «Қадамыңа нұр бітсін!», «Бағың жансын!», 
«Жұлдызың жоғары болсын!», т.б. мейірімге толы сөздерімен  
өсіреді. Балаға айтылатын сөздердің өзі айтушының шамасына 

35
да байланысты. Үлкен апа­әпкелердің сағыныш, тілек, қошемет, 
сыйыну, табыну, тәубешілікпен айтатын сөздерін жас қыздар, 
бойжеткендер айту – әбестік. Ал қариялар айтар ақыл сөздер мен  
алғыс, ризалық, бата, тілекті жастар көп ауызға алмайды.
Әдеби  тіл  халықтың  қоғамдық­әлеуметтік  өміріне,  сая­
си, шаруашылық жағдайына байланысты туып қалыптасады. 
Қоғамдық өзгерістерге қарай әдеби тілдің де жалпыхалықтық тіл­
мен сабақтастығы үзілмейді.
Қазақ халқын құраған ру­тайпалардың, сондай­ақ кейінгі 
кезеңдердегі болсын қазақ қоғамындағы ауызекі сөйлеу тілінің 
лексикалық құрамын, грамматикалық құрылысын, фонетикалық 
жүйесін, т.б. жай­күйін, сипатын, ерекшеліктерін анықтау, дәл 
баға беру мүмкін емес екені мәлім. Бірақ зерттеушілер ХІ­ХV 
ғасырларда жазылған ескерткіштер тілінің қазіргі қазақ тілі­
не  құрылымы,  жүйесі,  т.б.  белгілері  жағынан  ұқсастығын, 
кейбіреулерінің 70­80 пайызға дейін ортақтықтарын дәлелдеді.
Ешбір әдеби тіл халықтың әлеуметтік­тұрмыстық тілінен бұрын 
пайда болған емес. Сондықтан да белгілі бір халықтың әдеби тілі 
өзінен бұрын өмір сүрген тілдердің жалғасы. Жалпыхалықтық 
тіл – әдеби тіл стильдерінің де басты белгілерін айқындаушы әрі 
айырмашылық нышандарының да көрсеткіші.
Әдеби тіл мен әдебиет тілін бір деп бірінің орнына бірін 
қолдануға келмейді. Көркем әдебиет тілі әдеби тілдің бүкіл болмы­
сын, сан алуан мүмкіндіктерін аша алмайды. Әдебиет тілі – бейнелі 
сөз қолданыс үлгісі. Әрине, қазақ тілінің көркем, айшықты екенін 
еске алсақ, ұлттық тілде поэтикалық қолданыс үлгілері көп. Қысқа 
жанр түрлерінен бастап таңды таңға ұрып айтатын жырлар, ел мен 
елді бітістірер шешендер толғауы, дауды шешіп, басалқы айтып, 
барымта, қарымтаға жөн сілтеп, құн төлетіп, айып тарттыратын, 
төрелігін ханға да, қараға да жүргізетін билер сөзінен публицисти­
ка мен көркем әдебиеттің де іскерлік қарым­қатынас стилінің де 
қатынас міндетін атқарған белгілерін табамыз. Қазіргі қазақ тілінің 
стильдері нақтыланған, әдеби тіл   нормасы жүйеленген тіл екенін 
ескерсек, әлеуметтік­тұрмыстық тіл – әдеби тілдің негізгі арнасы.  
Бүгінгі тілде ауызекі тіл ресми тіл стилі, әдеби тіл стилі, ғылыми 

36
тіл стилі, публицистикалық стиль түрлері бар. Сөздің түрлі си­
патта айтылып, қызмет аясының, қолданылу өрісінің кеңеюіне 
де бастау болатын сөздердің өзі – әлеуметтік­тұрмыстық қарым­
қатынастағы сөздер. Осы сөздердің  алғашқы мағынасы негізінде 
сөздер түрлі стильдік бояуымен құлпыра түседі. Қоғамдық, сая­
си, шаруашылық, тұрмыстық өзгерістерге байланысты тілде де 
өзгерістер болып тұруы заңды. Сөздер көнереді, жаңа сөздер кіреді 
немесе тілдегі бар сөздер жаңа мағынаға ауысады. Әдеби тіл үнемі 
даму мен қозғалыста болады. 
Әдеби тілдің өзі де – жалпы халықтық тілдің сұрыпталған түрі. 
Әрі жалпы халықтық тілдің бір құрамы ретінде өмір сүреді.
Ұлттық тіл өзі қызмет ететін халық тілінің  қарым­қатынас 
құралы болатынын есепке алсақ, қазақ тілі де қазақтың қоғамдық 
өмірінде, саяси­шаруашылық тұрмыстық ісінде рухани байлығы 
ретінде де қызмет атқарады.
Қоғамның өзгеруіне қарай тілдің стильдерге тармақталуы тіл­
дік нормаларды қалыптастырады, әрі әлеуметтік­тұрмыстық тілдің 
жаңаруына, дамуына негіз болады.
Тілдің басты қызметі – халықтың рухани құндылығы, қарым­
қатынас құралы бола алуы. Ендеше әлеуметтік­тұрмыстық тіл – 
қазіргі қазақ тілінде барлық стильдің тұғыры болуымен мәнді. 
Таратып айтар болсақ, қазіргі қазақ тіліндегі стильдер белгісінің 
барлығы бар.
– Публицистикадағыдай белгілі бір тыңдаушысы бар, жұртты 
қыздырып, елітіп әкетер күші бар;
– іскерлік: қарсылас елдің дау­дамайына қарсы тұрар қуаты, 
қарсыласын тоқтата алар уәжді мүмкіндігі мол сөздер;
– көркем әдебиет: бейнелі сөздер мен құрылым сипаты бөлек 
(ұйқас, тармаққа бағынды).
Әдеби тіл қоғамдағы барлық сала үшін қолданыс қызметімен 
анықталса,  ұлттық  тілден  де  ауызекі  сөз  өнері  әлеуметтік­
тұрмыстық тілдің де барлық деңгейде өз ортасының қажетіне 
жарай  алғанын  көреміз.  Әлеуметтік­тұрмыстық  тіл  –  әдеби 
тіл тірегі, ал әдеби тіл – әлеуметтік­тұрмыстық тіл белгілерін 
жинақтаушы.

37
26-жаттығу. Екі мәтінді салыстырыңыздар:
а) Қайсысында мәлімет айтылған?
ә) Қай мәтіннен автор көңіл­күйін білуге болады?
б) Стильге қатыстылығына қарай талдау жасаңыздар.
Ертең күн бұзылатын 
түрі бар.
Тегі күн бұлттанып, 
жаңбыр жауатындай.
Өзен жағасына барып
демалуды ойлап едік.
Ертең ауа температурасы 
10­12 градус жылы болады.
Түстен кейін күн бұлттанып, 
жаңбыр жауады.
Енді үйден шыққым 
келмей қалды.
27-жаттығу. Кестені толтырыңыздар.
Ауызекі тіл Публицистикалық  Ғылыми  Ресми іс­қағаздары
Ғылыми журналға мақаласы, Президент жолдауы, түсіндірме 
жазба,  досымен  әңгіме,  үйірмедегі  баяндама,  монография, 
қызметтік жазба, мәжілісхат, газеттегі мақала, отбасындағы әңгіме, 
жолдасына хат, нұсқау, реферат, сөздік, мақала (энциклопедиялық 
сөздіктегі), дебат, мерейтойдағы құттықтау, есеп, ұялы телефон 
арқылы туысқанымен сөйлесу, курстасымен реферат жазу тура­
лы ақылдасу.
28-жаттығу.
1. Бір километрдей жүрген соң Мұхтар екеуміз Алматыдан оны­
мұны алып қайтқан әйелдердің ортасында қалдық. Төрт­бес еркек 
поездан бізбен бірге түсіп еді, олар артына да қараған жоқ. Елағаң 
да қара үзіп кетті.
– Ішімізде бір­екі еркек қалғаны жақсы болды­ау... Қымсынбай, 
қорықпай осылай ақыре-ен жүріп отырып, үйге де жетіп қаламыз, – 

38
деді мосқалдау әйел даусы. Мұнысы «бізді тастап кете көрмеңдер» 
дегені ғой бізге.
Бұл қалжыңсыз дауыс еді. Мұхтар да солай түсініп:
– Иә, бізді «үй жолдас» деулеріңізге болады. Алматыдан бір­
ге шықтық, поезда бірге келдік. Біздің баратын жеріміз де сіздің 
ауылдарыңыздың маңайы болар, – деді.
– Е, бәрекелді, көңілім жаңа орнықты ғой, – деді жаңағы 
әйел.
– Апа­ау, жол­жөнекей кездескенге сене берме деген сөз де бар 
емес пе? – деді екінші бір әйел даусы.
– «Үй жолдастарымыздың» біреуі артына қараған жоқ қой!..
Бұл дер кезіндегі әйелдің дауысына ұқсайды. Қалжыңдаса ке­
туге де, айтыса кетуге де дайын, өзіне­өзі сенімді, бабындағы әйел 
даусы оны қостай кетті:
– Әзір елбесіп еріп келе жатырмыз ғой. Қай жерде бізді тастап 
озып жүре беретіндерін кім білсін...
– Озғымыз келсе мана озып кететін едік қой... Бірақ үй жолдас 
болған соң... – дей бергенімде бір аяғымды су толы жыраға тығып 
алып, аз­ақ ұшып түспедім.
– Ойбай, құлай көрмеңіз, – деді жаңағы әйел. Мені сүйей бер­
гісі келгендей оң қолын соза беріп кейін тартып қалды.
– Пальтоңыздың етегі аяғыңызға орала бермегенде алдақашан 
озып кеткендей екенсіз, – деді тағы бір жастау әйел даусы. Мен бір 
ұпай ұтылғанымды мойындап, үндей алмай қалдым. 
(Ғ.Мүсірепов)
2. Ақ орданың сыртындағы әйелдер жағы әруақ­құдайға сыйы­
нып, сыбырласып қана сөйлеседі. Ал Серкебай ақиланып алса 
керек, ар­намысқа тиетін ауыр сөздер айтып айқайлап отыр. 
Қабылбек сонда қыбыр етпепті. Ләм деп тіс жармапты. Қабағын 
да қақпапты. Жаңабай жағы улап­шулап, намыс буып, кек қысып, 
орындарынан тұра­тұра ұмтыла бастаса, Қабылбек оларға тек 
қолымен белгі беріп, басып тастап отырады. Бірақ тіс жармайды. 
Аталас ағайын­туғаны бұған шыдамай, қаны қайнайды. Қабылбек 
тырп етпейді. Оның бұл қылығына ыза болған сотқар Серке­
бай одан бетер одыраңдап, айтпағанды айтса керек. Ақырында 

39
атына қарғып мініп, он жігіті жанында, ауылына салып ұрып 
қайтып келіпті. Серкебай кеткен соң, Жаңабай жағы жабылып, 
Қабылбекке наразылық айтып жатса керек:
 Ойбай-ау, неге бізді бөгедіңіз?
– Ақ орданы басындырып қойғанымыз қалай?
– Әруақ! Әруақ! Әруақтың сай­сүйегін сырқыратып қайтіп тірі 
жүреміз, ойбай!
– Байзақ датқаның басынан ешкім асып көрмеген! Біз не боп 
барамыз!
– Әлгі әупілдеген төбетті  қуып барып, қара қан құстырмасақ, 
жер басып тірі жүргеніміз құрысын!
– Аяғынан салбыратып ағашқа іліп қоймасақ, атымыз өшсін!
– Аттанайық! Аттан! Аттан! Байзақ! Байзақ!
Дес бермей, елеуреп, өкпелері өрекпіп, өршеленіп алған 
ағайындарын Қабылбек бір­ақ сөзбен қайырып салып:
– Тоқтат! – деп ақырып қалған. – Опық жейтін сол Серкебайдың 
өзі болады әлі, – депті.
Ағайындары  амал  жоқ  тыйылыпты.  Ал  Серкебай  әкесі 
Текебайдың алдына барып мақтанып тұрса керек: «Екі аяғын 
бір етікке тықтым Байзақ әулетінің. Қаһарлы Қабылбектің өзі 
жұмған аузын аша алмай қалды. Былай деп боқтадым, былай деп 
балағаттадым». Текебай сонда баласына:
– Ақымақ! – депті. Серкебай үйден атып шығып, өз отауына 
барып, екі күн қатарынан нәр татпай, өкпелеп жатып алыпты. Ал 
сайлауға дайындық қыз­қыз қайнап жатса керек.
Үшінші  күн  дегенде  Серкебай  әкесіне  келіп,  аяғына 
жығылады. 
– Мені құдай сыйлады. Өзімнен жиырма жас үлкен Қабылбектің 
бетінен алып, тілім тиді. Ел көзіне қарайтын бет қалмады.
Текебай ат-шапан айыбын дайындап, жанына жиын ертіп, 
Қабылбектің ордасына өзі барған екен. Жаңабай жағы: Текебай 
қол жиып соғысқалы келе жатыр екен деп қалса керек, өздері де 
сап түзеп, сақадай­сай қарсы шығады. 
Қабылбектің  орда­
сына ат шаптырым қалғанда Текебай қасына Серкебайды алып, 
басқалардан оқ бойы озып шығып, әкелі­балалы екеуі Қабылбек 
жағына келе жатады.

40
Қабылбек те: «Е, мынау соғысатын жерді айт деп келе жатыр  
ғой» деп өзі жеке шығып, Текебайға тура тартады.
Сонда Текебай сонадайдан аттан түсіп, Қабылбектің қасына 
келіп: 
– Менің күшігім саған қарап шәуілдесе керек, Қабылбек! Айы­
бын көтергелі келдім алдыңа. Кешіремісің, сірә! – депті. Мына 
сөзден Қабылбектің қабырғасы сөгіліп, қалбалақтап атынан ау­
нап түседі:
– О, текті би Текебай! Сенің балаңның айыбынан менің айыбым 
асып кетті білем. Аға болсаң да, сені мен аттан түспей тыңдаппын­
ау. Сен кешіремісің мені? Бұл әдепсіздігім бүкіл әулетімізге таңба 
болатын болды ғой, ой әттеген­ай. Ат­шапан айып сенен емес, 
менен, ақсақал! – деп үстіндегі зерлі шекпенін шешіп Текебай 
иығына жауыпты. Дүниеден Текебай би де, Қабылбек болыс та 
өтті. Ал олардың аттан – даулы-аламан – тасыр өміріндегі бір 
парасатты сәт әлгі сол екеуі де аттан түсіп, бір-бірінен кешірім 
сұраған кез екен.
(Б. Момышұлы)
мосқалдау – егде жастағы адам
елбесу – бір­біріне көмектесу, қол ұшын беру 
текті – ата­бабалары елге сыйлы, халыққа қадірлі болған жандар 
ұрпағы 
зерлі  –  әшекей  сән  бұйымдарын  жасауға  пайдаланатын  сары 
түстес қымбат металл
зерлі шекпен – зер жүргізілген шекпен
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Мәтіндерден сөйлеу тілінің ерекшеліктерін анықтаңыздар.
2. Әңгіме кейіпкерлерінің тілдесуінен ұлттық әдеп, мәдениеттің, әдеттің 
қандай үлгілерін байқадыңыздар? Бірінші үзінді Ғ. Мүсіреповтің «Қарлы 
жаңбыр астында» деп аталатын әңгімесінен алынған. Әңгімені толық оқып 
шығыңыздар. 
3. Мәтінде аты аталған адамдар жайында не білесіздер?

41
3.1. Әрқайсысының өмірбаянын, қызметін қысқаша әңгімелеңіздер.
3.2. Қазақ әдебиеті мен өнерінде ерекше орны бар М. Әуезовтің, 
Ғ. Мүсіреповтің, Қ. Қуанышбаевтың, Е. Өмірзақовтың сөйлеу мәдениеті, өзара 
сөз қағысы, өзге адамдармен сөйлесу мәдениетін талдау жасаңыздар.
3.3. Адам бойындағы білім мен тәрбие, өнер мен талант және сөйлесу, 
тілдесу мәдениеті арасындағы сабақтастық туралы әңгіме кейіпкерлері мінез 
сипаттарына талдау жасай отырып, қандай қорытынды жасауға болады?
4. Б. Момышұлы «Ұшқан ұя» повесінен алынған үзінді кейіпкерлерінің 
сөйлеу мәдениеті, сөз қолдану мәдениетіне қарап, қандай мінездеме бер 
аласыздар?
4.1 Екі үзіндіні салыстырып,  ауызекі тіл стилі мен әдеби стильдің бай­
ланысын ашыңыздар. Көркемдеу құралдарының атқарар қызметіне тал­
дау жасаңыздар. Көркемдеу құралдары әдебиет тілі үшін ғана қажет пе? 
Жоқ, әлде, ауызекі тілде де қолдануға бола ма? Қолдансақ, қандай сипат­
та қолданылуы керек?
5. Қарамен жазылған сөздердің мағынасын ашыңдар. Синоним сөздермен 
ауыстырып жазыңдар. 
6. Соңғы бөлек жазылған сөйлемнің мәнін ашыңдар.
6.1 Кешірім сұрау туралы не білесіздер. Күнделікті өмірде бір­біріміз­
ден кешірім сұрай білеміз бе?  
6.2. Кешірім сұрау мәдениетінің қандай талап, шарттары бар?
29-жаттығу.
Жазушы Ә. Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» кітабында ақындар 
айтысындағы батыр Бауыржан Момышұлының тағы бір ерлігіне 
куә болғанын  баяндайды. Жазушы Қызылорда облысынан  кел­
ген ақын қыз бен Шымкенттік ақынның айтысына елдің ынты­
зары қатты ауғанын айта келіп, халық назарын ерекше аударған 
қазақша киім киіп, үкілі домбыра ұстаған орыс қызы – ақын қыз 
Надежда Лушникова екенін жазады. Айтыс аяқталған соң әркімге 
әртүрлі сыйлықтар беріледі. Орыс қызы Надежда Лушниковаға ер 
адамның «Маяк» қол сағатын тарту етеді. 
Осы шақта залдағы алдыңғы қатардан:
– Жоқ, Надя алмайды, бұл сағатты, – деген біреудің саңқ еткен 
қаһарлы даусы шығады. 

42
Бұл ұзын бойлы, әскери киімді батыр Бауыржан Момышұлы 
болатын.
Жазушы Бауыржан Момышұлының сөзін төмендегідей бе­
реді.
«Менің ана тілімде асыл сөздер ақтарып, жұрттың жүрегін тер­
беген мынау шүйкедей сары қыз! – деді ол жұртқа Лушникованы 
нұсқап. Зал демін ішіне тартып, тына қалды:
– Сенің тіліңді біліп, жай сөзіңді сөйлей беретін орыс, не­
міс, өзбек, чешен, қырғыз толып жатыр, – деді ол енді төрешіге 
қадалып.
– Бірақ сенің өнер тіліңді өз тілінен артық білетін осы Надядан 
басқа кімді көрдің, айтшы, кәне? Кешегі Мариям Жагорқызының 
жөні бір басқа. Дәл бүгінгі бас бәйге біздің тілімізде бұлбұлдай 
сайраған осынау кішкентай қызға берілуі тиіс!»
Бауыржан Момышұлы Н. Лушниковаға сағатты алдырмай, 
өзі дүкенге ертіп барып, таңдап жүріп «Лира» деген маркалы ал­
тын сағатты сатып алып: «Надя, шеберлігің үшін. Б. Момышұлы 
25.02.1964  ж.»  деген  жазуымен  сыйға  тартады.  Надежда 
Лушниковаға Бауыржан Момышұлының сыйы деме, асыл өнеріңе 
берген қазақтың сыйлығы де, игілігіңе тақ деген тілек айтады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет