Қазақстан Республикасында стандарттаудың құқықтық негіздері 2004 жылдың 9 қарашасында қабылданған және 2005 жылдың 9 мамырынан бастап күшіне енген “Техникалық реттеу туралы” заңға сәйкес бекітілген. “Техникалық реттеу туралы” заңды барлық мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, шаруашылық қызметтің субъектілері орындауға міндетті.
“Техникалық реттеу туралы” заң тұтынушылардың құқықтарын мемлекеттік стандарттардағы нормалар, ережелер, талаптар арқылы мемлекеттік қорғау іс-шараларын анықтайды және олардың сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізеді.
“Техникалық реттеу туралы” заң:
1. Стандарттау бойынша жұмыстарды ұйымдастыруды;
2. Стандарттау бойынша нормативтік құжаттардың мазмұны мен қолданылуын;
3. Стандарттау бойынша жұмыстарды ақпараттық қамтамасыздандыруды;
4. Мемлекеттік стандарттардың талаптарының сақталуына мемлекеттік қадағалау мен бақылауды жүргізу ережелері мен ұйымдастыруды;
5. Мемлекеттік стандарттау, бақылау және қадағалау бойынша жұмыстарды қаржыландыруды;
6. Мемлекеттік стандарттарды қолдануды ретке келтіруді;
7. “Техникалық реттеу туралы” заңды бұзғандығы үшін жауапкершілікті регламенттейді.
Қазақстан Республикасында “Техникалық реттеу туралы” заңына сәйкес мемлекеттік стандарттау жүйесі (МСЖ) жұмыс атқарады. Бұл жүйе жұмыс жағдайында бірыңғай техникалық тілді, өнімнің маңызды техникалық сипаттамаларының қатарын қалпына келтіруді, құрылыс нормалары мен ережесін құруды қамтамасыз етеді, құрылыс және машина жасау саласы үшін бұйымдардың типөлшемдік қатары мен типтік құрылымын бекітеді, техникалық экономикалық ақпарат жіктегіштерінің жүйесін құрады, материалдар мен заттардың құрамы туралы нақты мәліметтермен қамтамасыз етеді.
Стандарттау және метрология саласындағы жұмыстардың негізгі бағыттары:
1. Мемлекеттік қадағалау - стандарттар және метрологиялық ережелердің сақталуына мемлекеттік қадағалау жоспарларын орындауды бақылау және жобалауды жүзеге асыру;
- отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын жоғарылатудағы мемлекеттік қадағалау саясатын құру және оны нақты жүзеге асыру;
- мемлекеттік қадағалау бойынша аймақтық қызметті құру;
- мемлекеттік қадағалау бойынша нормативтік және құқықтық құжаттарды дайындау;
- ішкі саудаға сапасыз тауарлардың түсуін болдырмау үшін сынақ зертханалары мен сертификаттау органдарының жұмысына мемлекеттік бақылауды қатаңдату.
2. Стандарттау - ішкі және сыртқы нарықта отандық өндірушілер өнімінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатындағы халықаралық нормалары және талаптары бар заңнамалық актілер мен нормативті құжаттарды үйлестіру және дайындау;
- стандарттау салаладағы бірыңғай ғылыми-техникалық саясатты жүргізу;
- стандарттау бойынша мемлекеттік саясатты құру және жүзеге асыру;
- мемлекеттік стандарттау жүйесінің жаңаруының және дамуының негізгі бағыттарын анықтау;
- халықаралық талаптарға сәйкес етіп үйлестіріп, ҚР-ның нормативтік базасын құру.
3. Метрология - мемлекеттік стандарттармен орнатылған нормаларға, ережелерге және талаптарға сәйкес қажет етілген дәлдіктегі Қазақстан Республикасындағы өлшемдердің бірыңғайлығына қол жеткізуге және оны ұстап тұруға бағытталған метрологиялық қызметтердің жұмысын қамтамасыз ету;
- өлшемдердің бірыңғайлығын қамтамасыз ету;
- Қазақстан Республикасында өлшемдердің дұрыстығын және деңгейін жоғарылату;
- қолдануға рұқсат етілген өлшем бірліктерін орнату;
- өлшемдердің бірыңғайлығын қамтамасыз ету бойынша заңнамалық және нормативті негіздердің өлшем бірліктерінің эталондық базасын құру және жаңарту;
- мемлекеттік метрологиялық бақылау, қадағалау және метрология бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу;
- өлшеу құралдарына, әдістеріне және өлшеудің нәтижелеріне жалпы метрологиялық талаптарды анықтау;
- метрология бойынша халықаралық іскерлікті дамыту.
4. Сертификаттау - мемлекеттік сертификаттау жүйесі сертификаттау бойынша бірыңғай саясатты жүргізуді қамтамасыз етеді және сертификаттаудың негізгі ережелері мен процедураларын, сынау зертханаларына, сертификаттау бойынша органдарға талаптарды және олардың аккредиттеу, аудит пен инспекциялық бақылау процедураларын орнатады;
- сертификаттау бойынша мемлекеттік саясатты құру және жүзеге асыру;
- мемлекеттік сертификаттау жүйесінің жаңаруы мен дамуының негізгі бағыттарын анықтау;
- халықаралық нормативтік құжаттардың негізінде сертификаттаудың нормативтік базасын құру;
- өнімді тұтынушылардан, дайындаушылардан, жобалаушылардан ұйымның тәуелсіздігі мен техникалық құзыреттілігін ресми мойындау;
- сынау зертханалары мен сертификаттау бойынша органдардың құзыреттілігін бекіту, өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыздандыру, отандық өнімдердің халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату.
Қазақстан Республикасында стандарттау бойынша қызметтердің жұмысының ұйымдастырушылық сұлбасы 1.1-суретте келтірілген.
Қазір стандарттау негізгі үш: экономикалық, әлеуметтік және коммуникативтік функцияны орындайды.