Халықаралық электротехникалық комиссия (МЭК) 1904 жылы құрылған және стандарттау бойынша бірінші салалық халықаралық ұйым болып саналады. Ол электротехника, радиобайланыс, құрал жасау, электроника саласындағы стандарттаумен айналысады. Барлық қатысушы елдердің ұлттық комитеттері Кеңесті құрайды. Ол жұмыстың жаңа бағыттарын дамытуды айқындайды, әдістемелік құжаттарды дайындайды, басқа ұйымдармен қатынас жасау сұрақтарын шешуге қатысады, Кеңестің тапсырмаларын орындайды. МЭК стандарттарын: салааралық сипаттарды қамтитын жалпы техникалық және нақты өнімнің талаптарын қамтитын техникалық деп 2 түрге бөлуге болады. Жыл сайын МЭК халықаралық стандарттау бойынша 500-ден астам тақырыптарды қарастырады. Бұл стандарттар ИСО стандарттарына қарағанда, нақтырақ болып келеді.
МЭК құрамында құралдардан болатын радиокедергілерді өлшеу әдістерінің стандарттауымен айналысатын радиокедергі бойынша арнайы халықаралық комитет (СИСПР) бар.
МЭК ИСО-мен бірігіп стандарттау, сертификаттау, сынау зертханаларының аккредиттелінуі мен әдістемелік сұрақтар бойынша ИСО\МЭК директиваларын және ИСО\МЭК жетекшілігін дайындайды.
БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы(БҰҰ ЕЭК) стандарттау саласында өзінің басты тапсырмасы етіп билік деңгейінде саясаттың бағыттарын дайындауды және осы аумақта негізгі мәселелерді анықтауды қояды. БҰҰ ЕЭК әлемнің барлық елдерінде ұлттық стандарттаудың проблемаларын шешуде ИСО және МЭК ұйымдарымен бірлесе жұмыс істейді.
Стандарттау, метрология және сертификаттау бойынша мемлекетаралық кеңес (МГС) тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) стандарттау, метрология және сертификаттау саласында келісілген саясатты жүргізу мен орнату бойынша ТМД-ның мемлекетаралық органы болып табылады.
МГС 1992 жылы 13 наурызда «Стандарттау, метрология және сертификаттау саласында келісілген саясатты жүргізуге» сәйкес құрылған, ол стандарттау, метрология және сертификаттау саласында жұмыстарды реттейді, мемлекетаралық стандарттаудың, метрологияның, сертификаттаудың және көрсетілген қызмет салаларында аккредиттеудің негізгі бағыттарын анықтайды.
МГС мемлекетаралық стандарттарды қабылдайды. МГС-тің жоғарғы органы МГС мүшелерінің отырысы болып табылады, бұл отырыс жылына екі рет келісімге кіретін елдерде кезекпен өткізіліп отырады. Отырыстар арасында Кеңес жұмысының жетекшілігін Басшылық жүзеге асырады. МГС басшылығының функцияларын стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі ұлттық органдардың жетекшілері кезекпен атқарады.
МГС-тің жұмысшы органы стандарттар бойынша Бюро болып табылады, топ құрамына аймақтық ақпараттық орталықтың сарапшылары кіреді.
Кеңестің құрамында стандарттау бойынша 230-дан астам мемлекетаралық техникалық комитеттер құрылған. 1995 жылы халықаралық стандарттау ұйымы (ИСО) МГС-ті стандарттау бойынша аймақтық ұйым деп стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі Еуразиялық кеңес (EASC) ретінде мойындады. МГС қызметі “Стандарттау, метрология және сертификаттау бойынша мемлекетаралық кеңес туралы ережелеріне” сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекетаралық стандарттау бойынша жұмыстарды атқару мен ұйымдастыру “Мемлекетаралық стандарттау, метрология және сертификаттау бойынша Мемлекетаралық Кеңес процедураларының ережелеріне” сәйкес жүргізіледі.