2.2. Пішін және тетік беттерінің орналасуы ауытқуын нормалау жүйесі Пішін ауытқулары және шақтамалары. Пішін және орналасу ауытқулары мен шақтамаларының негізгі түрлеріне жататын терминдер және анықтамалар ГОСТ 24642-81 (СТ СЭВ 301-76) мемлекетаралық стандартымен тағайындалған. Бет пішінінің ауытқуын шынайы бет пішінінің беттің номиналды пішінінен ауытқуы деп түсінеміз.
Пішін және беттердің орналасу ауытқуларын сандық бағалау негізінде түзулердің, беттердің және пішіндердің жанасу принципі жатыр. Жанасушы түзу – бұл шынайы пішінмен жанасқан және шынайы пішіннің ең алшақ нүктесінің ауытқуы нормаланатын телім шегінде минималды мәнге ие болатындай тетік материалынан сырт орналасқан түзу (2.1-сурет ).
Шеңбер – бұл шынайы пішіннің сыртқы айналу беттінің сыртынан сызылған минималды диаметрі бар шеңбер немесе шынайы пішіннің ішкі айналу бетінің ішімен сызылған максималды диаметрі бар шеңбер.
Жанасушы жазықтық – бұл шынайы пішінмен жанасқан және шынайы пішіннің ең алшақ нүктесінің ауытқуы нормаланатын телім шегінде минималды мәнге ие болатындай тетік материалынан сырт орналасқан жазықтық.
Жанасушы цилиндр – сыртқы шынайы беттің сыртын сызған минималды диаметрі бар цилиндр немесе шынайы ішкі беттің ішіне сызылған максималды диаметрі бар цилиндр.
Қабылданған әріптік белгілеулер: Δ – пішін ауытқуы немесе беттің орналасуының ауытқуы, Т – пішін шақтамасы немесе орналасу шақтамасы, L – нормаланатын телімнің ұзындығы.
Цилиндрлік беттердің пішін ауытқуы.Дөңгелектіктен ауытқу – шынайы пішін нүктелерінен жанасушы шеңберге дейінгі ең үлкен арақашықтық Δ (2.2-сурет).
Ц илиндрліктен ауытқу – шынайы беттерден, нормаланатын L телім шегінде жанасушы цилиндрге дейінгі, ең үлкен Δ арақашықтық.
Бойлықтық қиманың профилінің ауытқуы – шынайы беттің жасаушыларының осі арқылы өтетін жазықтықта жатқан нүктелерінен, нормаланатын L телім шегінде жанасушы пішіннің сәйкес жағына дейінгі ең үлкен Δ арақашықтық (2.3 -сурет).