Оқулық. Г. О. Сыздықова Алматы, 2012. 160 бет


болғандықтан, түбірлер тудырады; синтаксистің қызметшісі



Pdf көрінісі
бет3/77
Дата28.09.2024
өлшемі457,37 Kb.
#146038
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   77
Байланысты:
Syzdykova-Kazirgi-kazak-tili

болғандықтан, түбірлер тудырады; синтаксистің қызметшісі 


5
болғандықтан, жалғау, жалғаушылықты қарайды.
Бұл пайымдау-
дан грамматиканың тіл бірліктерінің құрылымдық, тұлғалық өзгерісі 
мен байланысын, өзара қарым-қатынасын, яғни грамматикалық 
құрылысын зерттейтін сала екендігі айқындалады.
Тілдің негізгі тірегі, арқауы – сөз. Сөз зат пен құбылыс, сапа мен 
белгі, т.б. ұғымдардың атауы қызметінде қолданылады. Ал тілдің 
қатынас құралы ретіндегі қызметі сөздердің өзара тіркесуі, бір-бірі-
мен қарым-қатынасы, байланысы арқылы жүзеге асады. Сондықтан 
сөздердің жеке дара қолданысы олардың атауыштық қызметін 
айқындаса, өзара байланысы, тіркесуі грамматика арқылы жүзеге 
асады. Сөздердің түрлену, өзгеру заңдылықтары мен сөйлемдердің 
құралу ережелері грамматика саласы арқылы белгіленеді. Соның 
негізінде сөз дыбыстық құрылымы мен мағыналық сипаты жағынан 
ғана емес, грамматикалық құрылысы жағынан да аса күрделі тілдік 
бірлік ретінде танылады. Сөздің грамматикалық құрылысына оның 
морфологиялық құрылымы мен құрамы, грамматикалық мағынасы 
мен оны білдіретін грамматикалық формалар, белгілі бір лексика-
грамматикалық топқа қатысты категориялық белгілері, өзара байла-
нысу амалдары мен тəсілдері кіреді.
Тілдің грамматикалық құрылысы аса күрделі. Оның бұл қасиеті 
тілдің грамматикалық құрылысына негіз болатын тіл бірліктері, 
атап айтқанда, дыбыс, сөз, сөз тіркесі жəне сөйлемдердің құрылысы 
мен құрылымының əр қырынан жан-жақты зерттелуімен байланы-
сты анықталады. Осыған орай ғалым К. Аханов грамматиканың 
тарихи грамматика, сипаттама грамматика, салыстырмалы грам-
матика тəрізді түрлерін бөліп көрсетсе, ғалым Ə. Хасенов грамма-
тиканы зерттеу материалдарының бағыт-мақсатына қарай сипат-
тамалы (синхрондық), тарихи (диахрониялық), туыстас тілдердің 
грамматикалық құрылысын салыстыра (салыстырмалы) жəне 
құрылысы жағынан бөлек-бөлек топқа жататын тілдерді салғастыра 
(салғастырмалы) тексеретін грамматика деп топтастырады. Ғалым, 
сондай-ақ грамматиканың формалды грамматика, нормативті грам-
матика, мектеп грамматикасы, академиялық грамматика тəрізді 
түрлерін де атап өтеді. Грамматиканың бұл түрлерін бір-бірінен 
бөліп қарауға болмайды. Олардың əрқайсысының өзіндік зерттеу 
бағыты, мақсат-міндеттері болғанымен, бір-бірімен əрдайым тығыз 
қарым-қатынаста болып, бірін-бірі толықтырып, дамытып отырады. 
Грамматика ғылымы морфология жəне синтаксис деп атала-
тын екі салаға бөлінеді. Морфология сөздердің морфологиялық 


6
құрылымы мен түрлену жүйесін, лексика-грамматикалық топта рын, 
морфологиялық ұғымдардың арақатынасын, морфема жəне оның 
түрлерін қарастырса, синтаксис сол сөздердің сөз тіркесі мен сөй лем 
құрамындағы қолданысы мен қызметін, тіркесу заңдылықтарын 
қарастырады. Грамматиканың бұл екі саласының арасындағы 
қарым-қатынас морфема, сөз, сөз тіркесі жəне сөйлем тəрізді 
грамматикалық бірліктердің өзара байланысы арқылы 
айқындалады. Морфема сөздің морфологиялық құрамының ма-
ғы налық бір бөлшегі ретінде қызмет етсе, сөз түрлену жүйесі, 
грамматикалық мағынасы, морфологиялық құрылымы мен 
формасы, лексика-грамматикалық сипаты тұрғысынан жеке 
қолданылмай, сөз тіркесі мен сөйлем құрамында грамматикалық 
бірлік ретінде қолданылады. Ал сөз тіркесі мен сөйлем күрделі 
атауыштық жəне коммуникативтік қызметі тұрғысынан 
сөзден ерекшеленгенімен, онымен тығыз байланыста бола-
ды. Грамматикалық бірліктердің арасындағы мұндай қарым-
қатынастан морфология мен синтаксис салаларының арасындағы 
байланыс шығады.
Қазақ тілі морфологиясының жалпы мəселелері 19-ғасырдың 
екінші жартысында Н. И. Ильминский, М. Терентьев, П. Ме-
лиоранский, В. Катаринский сияқты ғалымдардың еңбектерінде 
жеке сөздердің құрамы мен жұрнақтар арқылы жасалуы жəне 
жалғаулар арқылы түрленуі тұрғысынан сөз етілгенімен, жеке 
сөз таптарының сөз табы ретіндегі ерекшеліктері мен лексика-
грамматикалық сипатына баса назар аударылмады. Ал қазақ тілі 
морфологиясының негізгі мəселелері, оның ішінде сөз тұлғалары 
Қ. Жұбановтың 1936 жылы жарыққа шыққан «Қазақ тілінің грам-
матикасы» еңбегінде жүйелі түрде қарастырылды. 
Морфологияның жеке сөз таптарына қатысты мəселелері 
40-50 жылдары М. Балақаевтың «Қазақ тілі грамматикасының 
кейбір мəселелері» (1941), А. Ысқақовтың «Қазақ тіліндегі үс-
теулер» (1950), Ғ. Мұсабаевтың «Сын есімнің шырайлары» 
(1951), Ə. Хасеновтің «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімдер» 
(1957), Р. Əміровтің «Қазақ тіліндегі шылаулар» (1959), Ш. Са-
рыбаевтың «Қазақ тіліндегі одағайлар» (1959) т.б. ғалымдардың 
зерттеулерінде сөз етілді. Сөз таптарының жекелеген мəселелері 
60-жылдары Ш. Сарыбаевтың «Қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздер» 
(1960), Ж. Шакеновтің «Қазақ тіліндегі сын есім категория-
сы» (1961), А. Ибатовтың «Қазақ тіліндегі есімдіктер» (1961), 


7
Ə. Төлеуовтің «Қазақ тіліндегі есім категориясы» (1963) атты 
еңбектерінде лексика-грамматикалық ерекшеліктері тұрғысынан 
жан-жақты талданды. 
Қазақ тілінің морфологиялық құрылысын жан-жақты қарастыруда 
тілдік жүйені құрайтын құрылымдардың мағынасын, қызметін, бір-
бірімен байланысын айқындаудың өзіндік маңызы бар. Соның ішінде 
сөздің морфологиялық құрылымы грамматиканың аса маңызды 
мəселелерінің бірі болып танылады. Сөздердің морфологиялық 
құрылымы жағынан əртүрлі сипатта болып келуі олардың 
құрамындағы морфемалардың түрі жəне қызметімен анықталады. 
Соның негізінде сөз жəне морфема морфологияның зерттеу ны-
саны, ал сөз формалары мен сөздің грамматикалық құрылысын 
зерттеу морфологияның негізгі міндеті ретінде танылады. Тілдегі 
сөздерді сөз таптарының белгілі бір түріне бөліп, оның сол сөз табы 
қатарында қаралуын анықтау арқылы да морфологияның негізгі 
міндеттері сараланады. Грамматиканың бір саласы ретінде мор-
фология сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен байланыстырушы жəне 
сөзді тұлғалық жағынан түрлендіруші морфемалардың сөз тапта-
рына қатысын, сөз таптары категорияларындағы сипаты мен сөзге 
үстейтін грамматикалық мағыналарын қарастырады.
Сөздің морфологиялық құрылымы тілдегі морфема ұғымымен 
тығыз байланысты. Морфема жəне оған қатысты түбір морфе-
ма, көмекші немесе қосымша морфема ұғымдары морфологиялық 
негізгі ұғымдар қатарынан орын алады. «Тіл білімі терминдерінің 
түсіндірме сөздігінде» (2005) морфема «ары қарай жіктелмейтін, 
ең кішкентай белгі ретінде танылатын негізгі тіл бірліктерінің бірі» 
ретінде түсіндіріліп, белгілі бір морфологиялық құрылым деңгейінде 
бір морфеманың түрлі алломорфтарында алмасып отыратын фоне-
малар морфемаларға жатқызылады. Морфема ұғымы қазақ тілінің 
грамматикаларында да түрліше сипатталады. Мəселен, «Қазіргі 
қазақ тілінде» (1954) сөздің мағыналы əрбір бөлшегі морфема деп 
анықталса, «Қазақ тілінің грамматикасында» (1967) морфема сөздің 
я лексикалық, я грамматикалық мағынасын білдіретін жеке бөлшегі 
ретінде түсіндіріледі. Бұл тұжырымдарға ортақ нəрсе: морфема 
сөздің мағыналық бөлшегі ретінде қарастырылады. Сөз құрамында 
морфема өзінің əр алуан қолданысымен, мағынасымен ерекшеленеді. 
Ғалым А. Ысқақов əрбір сөз өзіне тəн тұлға-тұрпатының арқасында 
бір бүтін тұлға ретінде қызмет еткендігімен, сол тұлға-тұрпатының
(құрылымы) лексикалық жəне грамматикалық сипаттарымен бай-


8
ланысы сөздердің морфологиялық құрылысы жағынан əрқилы бо-
луына ықпал етіп, сол əрқилылық сөз құрамдарының əртүрлі бо-
луына байланысты болса, сөз құрамының əртүрлі болуы, оның 
бөлшектеріне байланысты екендігін атап көрсетеді. Ал Н. Орал-
бай сөздің морфологиялық құрылымын морфологияның маңызды 
мəселелерінің бірі ретінде қарастырып, морфеманы «сөздің ары 
қарай бөлшектеуге келмейтін ең кіші мағыналы бөлшегі» деп 
анықтайды. Сөздің морфологиялық құрылымының бір бөлшегі 
ретінде қолданылатын морфемалар бір-бірінен мағынасы мен 
қызметі жағынан ерекшеленеді. Осы ерекшеліктеріне, яғни мағынасы 
мен қызметіне қарай қазақ тілінің морфемалары түбір жəне көмекші 
морфема болып екіге бөлінеді.
Түбір морфема сөздің ең түпкі негізгі бөлшегі ретінде құрылысы, 
мағынасы жағынан əрі қарай бөлшектеуге келмесе, көмекші морфе-
малар өз алдына жеке тұрып, ешбір мағына білдірмейді, тек түбір 
морфемаларға қосылып, оған əртүрлі қосымша мағына үстейді. 
Түбір морфема сөздің морфологиялық құрылысы мен мағынасына 
ұйытқы болып, негізгі морфема қызметінде қолданылады. Ғалым 
А. Ысқақов морфеманы «сөздің лексикалық я грамматикалық 
мағыналарын білдіретін бөлшектер» ретінде анықтап, оның өзіне 
тəн мазмұны мен формасы болатындығын айтады.
Сөздердің морфологиялық құрылымы жағынан əртүрлі құрамда 
болуы оның құрамындағы морфемалардың сипатына, қолданысы 
мен мағынасына байланысты. Соның ішінде негізгі морфемаға 
қосымша грамматикалық мағына үстейтін қосымшалар да ерекше 
қызметте қолданылады.
Көмекші морфема мəселесі, оның ішінде сөзтүрлендіргіш қо-
сымшалардың жіктелуі мен оның атауындағы бірізділіктің жоқтығы 
морфологияның өзекті мəселелерінің бірі ретінде қарастырылады. 
Бұл сөз құрамы жəне морфема ұғымдарымен де тікелей байланысты. 
Түбір морфемаға қарағанда, көмекші морфемалар өзінің қызметімен 
ғана емес, қолданысымен де күрделі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   77




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет