Оқулық Жалпы редакциясын басқарған профессор Т. М. Досаев Алматы



бет130/171
Дата18.05.2022
өлшемі0,53 Mb.
#34912
түріОқулық
1   ...   126   127   128   129   130   131   132   133   ...   171
Жамылғының ішкі құрылысы
Үлкен ми қыртысы (cortex cerebri) орталық нерв жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады, ол жоғарғы деңгейдегі нервтік талдау және синтездеу ағзасы ретінде шартты рефлекстік байланыстарды және жеке тәжірибені қалыптастырады. Адамның жануарлармен салыстырғанда үлкен ми қыртысының қызметі қарым-қатынастың символикалық түрінің көрінісі ретіндегі абстракты ойлаумен тығыз байланысты анық сөйлеу болып табылады. Үлкен ми қыртысы ми сыңарларының ақ затын жауып тұрады. Адамның үлкен ми қыртысының алаңы орташа 22 000 мм2, қалыңдығы көп бөлігінде 1,3- 4,5 мм, тек орталықмаңы үлесшеде ғана 10 мм-ге жетеді. Қыртыстың құрамына
нейроглияда орналасқан өте көп нерв жасушалары кіреді. Нерв жасушаларын түріне және орналасуына қарай алты табақшаға (қабат) бөледі: І - молекулярлы (lamina molecularis); ІІ
– сыртқы түйіршікті (lamina granularis externa); ІІІ – сыртқы пирамидалық (lamina piramidalis externa); ІҮ – ішкі түйіршікті (lamina granularis interna); Ү – ішкі пирамидалық (lamina piramidalis interna); ҮІ - мультипішінді (lamina multiformis).
Үлкен ми қыртысының әр бөлігінің цитоархитектоникасы айтарлықтай өзгешелігімен сипатталады (бірінші рет 1874 ж. киевтік анатом В.А.Бец дәлелдеген). Қазіргі кезде ми қыртысында әрқайсысы құрылымдық ерекшелігімен өзгешеленетін 200- дей алаңды ажыратады.


Үлкен ми қыртысының орталықтары
Үлкен ми қыртысы орталықтарының орналасуына қатысты ұзақ уақыт бойы екі теория болды. Біріншісі, қыртыстың нақты бір шектелген бөлігі немесе орталық шеттегі нақты бір қызметке сәйкес келеді. Екінші теория бойынша қызметі әртүрлі шектелген орталықтардың болатыны теріске шығарылып, барлық қыртыс салыстырмалы бірдей (эквипотенциализм теориясы) деп қарастырылады. И.В.Павлов әр ми қыртысы бірден шектелмейтінін, онда ядро мен шашыраңқы бөлік болатынын, шашыраңқы элементтердің ядролар қасында ғана емес, одан алыста да орналасатынын анықтаған (ядролар мен шашыраңқы элементтер теориясы). Төменде үлкен ми қыртысында орналасқан кейбір маңызды нерв орталықтары берілген.
Gyrus precentralis пен lobulus paracentralis қыртыстың қозғалыс орталығын түзеді және ерікті бұлшықеттерден, буындардан, сіңірлер мен теріден келетін кинестезиялық импульстердің анализаторы болып табылады. Осы жерде қимылдың шартты рефлекстері түйіседі. Орталықалды қатпарының жоғарғы бөлігінде аяқтың бұлшықеттеріне жататын, одан төмен – қол бұлшықеттерінің, одан да төмен – бас бұлшықеттерінің нервтенуімен байланысты жасушалар тобы орналасады. Нерв жолдары қиылысатындықтан қыртыстың оң қимыл орталықтары дененің сол жағының бұлшықеттерімен байланысады және керісінше.
Ортаңғы маңдай қатпарының артқы бөлігінде (8 алаң) бас пен көздің (көзқозғалтқыш, шығыршық, әкететін және қосымша нервтер) қосарланған қозғалысының орталығы орналасады.
Сол жақ төменгі шекелік үлесшеде (солақайларда оң жақта) (40 алаңның терең қабаттары) мақсатты бағытталған қозғалыстарды реттейтін орталық орналасқан. Бұл орталық жеке өмір ағымында туындайтын, яғни, шартты рефлекстер кезінде пайда болатын уақытша байланыстар түрі бойынша қызмет атқарады. Бұл орталық
зақымданғанда ерікті қозғалыстар элементтері сақталады, бірақ оларды координациялау мүмкіндігі жоғалады (апраксия).
Статикалық анализатордың (тепе-теңдік қабылдау мен кеңістіктегі дене жағдайын сезіну) дәл орналасу орны әлі толық анықталған жоқ, бірақ бұл орталық жоғарғы және ортаңғы самай қатпарларында орналасады деп болжам жасалады.
Есту орталығы жоғарғы самай қатпары қыртысының аралшыққа қараған жағында орналасады (41, 42, 52 алаңдар). Орталықтың екі жақты зақымдануы толық қыртыстық кереңдікке әкеледі.
Gyrus parahippocampalis пен оның ілмегінде иіс және дәм сезу анализаторларының орталықтары орналасады. Әр ми сыңарының есту, иіс және дәм сезудің қыртысасты орталықтары бастың екі жартысының да (оң және сол) сәйкес рецепторларымен байланысады.
Көру анализаторының ядросы sulcus calcarinus-тың (17, 18 алаңдар) екі жағында орналасады. Әр ми сыңарының көру орталығы өз жағының торлы қабығының сыртқы жартысымен және қарама қарсы жақтың медиалды жартысымен байланысады. Сuneus аймағында көргенді есте сақтау және көруді бағдарлау орталықтары орналасады.
Gyrus postcentralis-те (1, 2, 3 алаңдар) терілік анализатор ядролары (ауру сезімінің, тактилді, температуралық сезімталдық) жинақталады, сондай-ақ, қыртыстың шетке баратын нерв элементтерінің проекциясы олардың орталықалды проекциясымен бірдей.
Вегетативті нерв жүйесі мен жалпы нерв жүйесінің өзара әсерін реттейтін қыртыстық орталықтар орталықалды қатпарының төменгі бөлігі мен маңдай қатпарларында жинақталған. Мұнда ішкі ағзалардан, тамырлардан, бірыңғай салалы бұлшықеттерден орталыққа тепкіш импульстер түсіп, ішкі ағзалардан, тамырлардан, бірыңғай бұлшықеттерден қыртысасты ядролар мен төмпеасты аймағына орталықтан тепкіш импульстер шығады.
Жоғарыда айтылғандар үлкен ми қыртысын сыртқы және ішкі ортадан сигнал түсетін және орталықтан тепкіш нерв импульстері түсетін сигналдық тақта ретінде қарастыруға негіз болады. Анализаторлардың бұл жүйесін барлық жануарларда, соның ішінде, адамда болатын бірінші сигналдық жүйе ретінде қарастыру қабылданған (И.В.Павлов).
Адам эволюциясы үрдісінде біріншіден басқа еңбек қызметімен және сөйлеумен байланысты екінші сигналдық жүйе пайда болды. Бұл жүйе түзілуінің негізінде абстрактылы ойды сөз түрінде және бейнелі түрде (бейнелеу өнері т.б.) жеткізу жатады. Мұның бәрі нақты бір сигналдар (көру, есту, сипау және т.б.) мен қол, тіл, көмей, бет және т.б. бұлшықеттерінің қимылдық орталықтарының арасында уақытша байланыс орнау
арқылы жүзеге асады. Бұл жүйенің орталықтары негізінен үлкен ми қыртысының филогенездік жаңа аймақтарында орналасады: 37,39,40 (төменгі-шеке-самай аймақтары) және 44,45,46 (төменгі маңдай аймағы) алаңдар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   126   127   128   129   130   131   132   133   ...   171




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет