8.3.Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалаудың ұйымдастырылу құрылымы, қызметі мен міндеттері. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің негізгі даму бағыттары.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жылдан астам уақыт болды. Осы жылдар аралығында санитарлық-эпидемиологиялық қызметте айтарлық маңызды өзгерістер орын алды. 1994 жылдың 8 шілдесінде қабылданған «Республика тұрғындарының санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы» атты заңы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызметі біріңғай орталықтандырылған органдар мен мекемелер жүйесі болып табылатын.
Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өз жұмысын Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1995 жылдың 25 сәуіріндегі № 547 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызметі туралы» жағдаятқа сүйене отырып жүзеге асырады.
2002 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы» заңына сәйкес бұл қызмет Мемлекеттік қызмет деп танылды. Санитарлық-эпидемиологиялық станция екі дербес құқықтық тұлғаға жіктелді. Олар тексеру-қадағалау қызметімен айналысатын Мем лекеттік санитарлық қадағалау органы және лобараториялық зерттеулермен айналысатын санитарлық сараптау орталығы деп аталады.
Бұл қайталай құрудың мақсаты, Республиканың санитарлық-эпидемиологиялық қызметін Қазақстан Республикасы «Әкімшілік істер туралы» Заңындағы қалыптарға сәйкестендіру болатын. Бұл заңда тексеру-қадағалау қызметімен тек оған өкілеттілігі бар мемлекеттік орган айналыса алады деп көрсетілген.
Мемлекет басшысының 2002 жылды «Денсаулық жылы» деп жариялануына байланысты профилактикалық шаралар белсенді жүзеге асырылды. Осы шараларды ұйымдастырушы денсаулық сақтау жүйесінің санитарлық-эпидемиологиялық қызметі Мемлекеттік Комитет болып қайта құрылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылдың 10 қаңтарында қабылдаған «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау Министірлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің сұрақтары » атты № 21 қаулысында осы қызметті ұйымдастыру жөніндегі маңызды шешімдер қарастырылған. Олардың ішінде:
Денсаулық сақтау Министірлігінің «Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау Комитеті туралы» жағдаят бекітілді;
Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау Министрлігінің Мемлекеттік санимтарлық-эпидемиологиялық қадағалау Комитетінің құрамына кіретін ұйымдардың тізімі анықталды;
Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылдың 13 қыркүйектегі № 1438 жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау жүйесін 2005-2010 жылдарда оңтайлау және дамыту» атты Мемлекеттік бағдарламасында санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің лабораториясын жаңарту шаралары қарастырылды.
2005 жылы Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясында және Қазақтың карантиндік және зооноздық инфекциялардың М.Айқымбаев атындағы ғылыми орталығында бактериялар, вирустар инфекциясы мен аса қатерлі инфекцияларды диагностикалауға арналған 2 референс-лабораториясы ашылды. Бұл лабораториялар аса қатерлі инфекцияларды, құс гриппін, атипиялық пневномия инфекцияларын дер кезінде диагностикалауға жол ашты.
2006 жылы 14 облыстың санитарлық-эпидемиологиялық сараптау орталықтарында жаңа лабораториялық қондырғылармен жабдықтау шаралары жүзеге асырылса, ал 2007 жылы осындай шаралар 36 аудандық санитарлық-эпидемиологиялық сараптау орталықтарында орын алды.
2007-2009 жылдары Шығыс Қазақстан облысы мен Астана қаласында, сонымен қатар Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясында азық-түліктік заттар құрамындағы генетикалық модификацияланған нысандарды сандық және сапалық тұрғыда анықтайтын лабораториялар ұйымдастырылып, заманауи қондырғылармен жабдықталды.
2009-2010 жылдары барлық облыстар мен аудандардағы санитарлық-эпидемиологиялық сараптау орталықтарының лабораториялары заманауи қондырғылармен жабдықталды және осы мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 5 миллиард 661 миллион 210 мың теңгедей қаржы бөлінді.
Осы оңтайландыру шараларының арқасында Қазақстан Республикасының қоршаған ортасының тұрғындар арасында ауру туындататын барлық себептері дер кезінде анықталып, белсенді профилактикалық шаралар уақтылы жүзеге асырылып отырады. Соңғы жылдары барлық облыстардың, Алматы мен Астана қаласының санитарлық-эпидемиологиялық сараптау орталықтары мемлекеттік қазыналық өнеркәсіп ретінде қайта құрылды. Әкімшілік оңтайлау аясында:
Санитарлық-эпидемиологиялық жүйені басқаруда вертикалды құрылым анықталды.
Тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметті басқару жергілікті атқарушы органдардан алынып, денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетіне қайта жүктелді.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Республика заңында тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету өкілеттілігі облыстық әкімшіліктің құзырынан алынып тасталды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Реестріне жеке нысандарды сақтауға және пайдалануға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бекітетін денсаулық сақтау Министрінің 17 бұйрығы тіркелді. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысын қамтамасыз етуге арналған 01.01.09 жылғы нормативтік база 250 жаңа құжаттармен толықтырылды.
Сонымен Республика азаматтарының санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етудің құқықтық, нормативтік, құрлымдық, материалдық-техникалық, мамандар базасы толығынан шешілген деп айтуға болады.
Азаматтардың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етудегі басым бағыттар анықталған, оларға жататындар:
Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту;
Тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық бақуаттылығын қамтамасыз ету және өмір сүруіне жайлы жағдай жасау;
Тұрғындардың салауатты өмір сүруін қамтамасыз етуге жағдай жасау және оны тұрғындар арасында насихаттау;
Тұрғындар арасындағы салауатты өмір сүру мәселелерін зерттеу және қалыптастыру;
Тамақтану ережесін денсаулыққа барынша жайлы қалыптастыру;
Алкоголизмге, темекі тартуға, наркоманияға қарсы күрес;
Республикадағы санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің даму бағыттары және оны жүзеге асыру механизмдері белгіленген. Оны 4 кезеңде жүзеге асырылу жоспарланды.
Санитарлық-эпидемиологиялық қызметті дамытудың І, ІІ кезеңдері 2010-2012 және 2012-2014 жүзеге асырылады. Бұл жылдары санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау тиімділігін арттыру үшін мынандай шаралар жүзеге асырылады:
Тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық cалауаттылығын қамтамасыз ету аясында стратегиялық жоспарлаудың үш жылдық жүйесін жетілдіру және оның жұмысын қол жеткізген нәтижелер бойынша бағалау;
Санитарлық-эпидемиологиялық Ұйымдар мен органдарына тән емес қызметтерден арылу;
Орталық әкімшілік органдар мен тексеру және қадағалау органдарымен бірге қоян қолтық атқаратын жұмыстардың үйлестірілуін күшейту;
Бақылауға жататын нысандарды тексеру барысында халықаралық стандартты қолдануға көшу және олардың қауіптілігін бағалау;
Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық саласында қолданылатын нормативтік-құқықтық негіздерді халықаралық стандарттармен байланыстыруды аяқтау;
Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандарын даярлау және білімдерін жетілдіру Республика жоғары медициналық оқу орындарында медициналық-профилактикалық «іс мамандығы» бойынша жүзеге асыруды қайта жаңғырту;
Тұрғындарды иммунопрофилактикамен қамтудың ауқымын кеңейту, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен енгізілген Ұлттық егу күнтізбесін одан ары жетілдіру;
Тұрғындарды таза қауіпсіз сумен қамтамасыз етудің ауқымын кеңейту;
Аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтарында қажетті профилактикалық шараларды қамтамасыз ету;
Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің лабораторияларын модернизациялауды аяқтау;
Санитарлық-эпидемиологиялық сараптау орталығы лабораторияларын аккредитациялау және лабораториялық зерттеулердің халықаралық стандарттарына көшу;
Республикамыздың Дүниежүзілік сауда Ұйымына кіруіне байланысты болашақты ел аумағына әкелінетін азық-түліктің қауіпсіздігін қадағалаудың заманауи деңгейін қамтамасыз ету;
Шекарада санитарлық-карантиндік қадағалауды жетілдіру және үйлестіру шаралары бар
ІІІ кезеңдегі (2015-2017 жылдар аралығы) санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты дамыту шаралары:
Денсаулыққа әсерін тигізетін қоршаған орта нысандарын мониторлау көрсеткіштерінің халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз ету;
Қоршаған орта мен өмір сүру жағдайына байланысты тұрғындардың денсаулығына түсетін қауіпті бағалау көрсеткішін тәжірибеге ендіру;
Тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласында кең ауқымды қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру;
Қауіпті және зиянды өндіріс орындарында еңбек атқаратын жұмысшыларды міндетті диспансеризациялауды ендіру тұрғындар денсаулығының қауіпсіздігіне арналған сұрақтар бойынша, техникалық реттеу саласының нормативтік құжаттар базасын құрастыру жұмыстарын түпкілікті аяқтау ІV (2018-2020 жылдары);
Қоршаған орта мен өмір сүру жағдайының денсаулыққа туғызатын қатерлерін төмендетуге бағытталған санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау әдістерін ендіру және күнделікті тәжірибеде қолдану арқылы бейэпидемиялық аурулардың таралу деңгейін төмендету сияқты маңызды шаралардан тұрады.
Айта кететін ең маңызды мәселелердің бірі осы кезеңдерде салауатты өмір сүру салтын қалыптастыру механизмдерін одан ары жетілдіру және оны насихаттау жұмыстарын күшейту жолдары да қарастырылған.
Оның бірінші кезеңі (2010 2011 жылдары) салауатты өмір сүру салтын қалыптастыруды одан ары дамытуға денсаулық сақтау жүйесінің барлық ұйымдарын, әртүрлі министірліктерді, халықаралық ұйымдарды (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ж.т.б.), жалпыға ақпарат тарату жүйелерін тарту және осы бағыттағы санитарлық-ағарту және түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселелеріне арналады.
ІІ кезең (2012-2014 жылдары) тұғындар денсаулығын күшейту мақсатында дене тәрбиесі мен спорттық ойындарды жандандыруға арналған. Мектептерде міндетті түрде 10-15 минуттық таңертеңгілік гимнастиканы ұйымдастыру. Мектеп қабырғасындағы дене тәрбиесі сабақтары балалар мен жасөспірімдердің жасы мен денсаулығына арнап жасалған қатаң нормативтер бойынша жүргізілуі тиіс.
ІІІ кезеңде (2015-2017 жылдары) орта және жоғары білім беру ұйымдарында өткізілетін дене тәрбиесі сабақтарының сапасын арттыру, оқушыларды денсаулық топтарына сай дене тәрбиесі жаттығуларына тарту жұмыстары қолға алынады.
Осы шараларды жүзеге асыруға қажетті барынша жабдықталған спорт залдары, спорт алаңдары салынуы тиіс. Сонымен қатар, дене тәрбиесі саласының оқытушылары мен жаттықтырушыларының жоғары біліктілігі мен білімді болуы қадағаланады.
Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржыға әртүрлі спорт секцияларын ашып, жастардың өздері таңдаған спортымен айналысуына жағдай жасалады. Жастардың арасында жеке бастың гигиенасын сақтау мәселелері бойынша санитарлық-ағарту жұмыстарын күшейтіледі.
ІV кезеңде (2018-2020 жылдары) сақтандыру компанияларын салауатты өмір сүру салтын қалыптастыру жұмыстарына тартып, тұрғындардың денсаулығын одан ары күшейтуге жол ашылады.
Салауатты өмір сүру салтын қалыптастырудың маңызды бір механизмі «Салауатты тамақтану» бағдарламасын одан ары дамыту болып табылады.
Дұрыс тамақтану балалар мен жасөспірімдердің дұрыс өсуіне және маңызды органдар мен жүйелер қызметінің қалыпты дамуына жағдай туғызады. Организмнің қоршаған орта мен өмір сүру жағдайының денсаулыққа зиянды себептеріне қарсы тұрақтылығын арттырады.
Салауатты тамақтануды қалыптастыру мәселелері бойынша барлық жауапты қоғамдық Ұйымдар мен мемлекеттік органдардың біріге жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет.
Бірінші кезеңде (2010-2011 жылдары) тағамдық заттарды өндіру және сату саласының нормативтік базасын жетілдіру жұмыстары жүзеге асырылды. Отандық азық-түлік өндірушілердің сапалы тағамдық заттарды, олардың витаминдер мен макро және микронутриенттермен, тағамдық талшықтармен қанық болуын қамтамасыз етілуіне барынша экономикалық жағдай жасау жұмыстары қолға алынады.
Мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінде дұрыс тамақтану жөніндегі оқу бағдарламаларын дамыту қолға алынады. Оның негізгі мақсаты оқушылар арасында салауатты тамақтану әдеттерін қалыптастыру болып табылады.
«Салауатты тамақтану» бағдарламасын одан ары дамытудың ІІІ кезеңінде (2015-2017 жылдары) мектепке дейінгі және мектеп мекемелеріндегі балалар мен жасөспірімдердің тамақтану сапасына ұдайы мониторлау жүйесі ендіріледі. әсіресе тамақтану ережесі мен ұйымдастыру ерекшеліктеріне, тағамдық заттардың сапасына, оның құрамы мен көлеміне бақылау орнатылады. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы мен физикалық даму үрдістері қатаң бақылауға алынады.
Салауатты өмір сүру салтын қалыптастыру мәселесін шешу жолының бірі тұрғындардың арасында зиянды әдеттердің, оның ішінде алкоголизмнің, ішімдікке салынудың, темекі тарту мен наркоманияның таралуына қарсы күресті жандандыру болып табылады.
Осы мәселелерді шешудің I кезеңінде (2010- 2012 жылдары) алкогольдік ішімдіктерді сату азық-түлік дүкендерінің, кафе, ресторандардың арнайы ұйымдастырылған бөлімдерінде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Алкогольдік ішімдіктерді кешке және түнгі мезгілдерде сату барынша шектеледі.
ІІ кезеңде (2012-2014 жылдары) жасы 21 толмаған азаматтарға алкогольдік ішімдіктерді сату рухсат етілмейді.
ІІІ кезеңде (2015-2017 жылдары) алкогольдік ішімдіктерге, темекіге және наркотикалық заттарға тәуелді тұлғаларға әлеуметтік-медициналық кеңес беру шаралары қолға алынады. Осындай тұлғалар үшін емханаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында ішімдіктерден және темекіден арылу курстары ұйымдастырылады. Алкогольдік ішімдіктерді және темекіні қолдану ауқымы динамикалық бақылауға (мониторинг) алынады.
Осы шараларды одан ары дамытудың ІV кезеңінде (2018-2020 жылдары) алкогольдік ішімдіктерге және темекіге қойылатын салықтың көлемі жоғарылатады. Ал салықтан түскен табыстың бір бөлігі салауатты өмір сүру салтын насихаттауға, темекіге және алкогольдік ішімдікке қарсы санитарлық ағарту жұмысын жандандыруға бағытталады.
Салауатты өмір сүру салтын насихаттау шараларының қатарында таза сумен қамтамасыз ету, қоршаған ортаны өндірістік қалдықтармен ластаушылармен күрес мәселелері де жоспарлы түрде жүзеге асыру қарастырылған.
Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызмет және қоғамдық денсаулықты сақтау жұмыстарының құқықтық негіздері «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі № 193 – ІV Кодексінің 6 бөлімінде қарастырылған және оны шешуді қамтамасыз ететін өкілетті органдардың жауапкершіліктері жан-жақты ашып көрсетілген.
Достарыңызбен бөлісу: |