8.1. Салауатты өмір салтының (СӨС) теориялық негізі. СӨС – тың қалыптастыру шарттары мен жағдайы.
Қазіргі кезде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-гигиеналық, социологиялық, психиологиялық және өзге де зерттеулерде адамдардың өмір сүру салтына ерекше көңіл бөлінеді. Әртүрлі мамандықтардың (психологтар, психиатрлар, философтар, юристер, социологтар ж.т.б.) иелері адамдардың әдеттерінің сипаты мен оны туындататын себептерін зерттеуде басымдылық танытуда. Өмір сүру салты туралы сөз қозғағанда, бұл түсініктің тұлғаның, субьектінің және қоғамның белсенді әдеттерімен байланысты екендігін ұмытпау қажет.
Денсаулықты сақтауда және күшейтуде медициналық белсенділіктің атқарылатын ролі ерекше. Бұл белсенділік денсаулықты сақтауға бағытталған іс-қимылдардан тұрады.
Медициналық белсенділіктің мағанасы өте кең. Ол тек денсаулық сақтау жүйесінің тұрғындар денсаулығын күшейтуге бағытталған нақты жұмыстар ғана емес, сонымен қатар гигиеналық және медициналық нұсқауларға қарама қайшы келетін керіағар іс-қимылдары болып табылады. Көбінесе медициналық белсенділік арқылы салауатты өмір салтын анықтайды. Алайда, салауатты өмір салты медициналық белсенділіктен анағұрлым терең түсінік.
Қазіргі таңда салауатты өмір салтын (СӨС) адамдардың денсаулығына жайлы әсер ететін өмір сүру салты, адамдардың әдеттері деп қарастырады. Сондықтан, өмір сүру салтының барлық денсаулыққа жайлы әсер ететін себептерін белсенді категориялар ретінде салауатты өмір салтына жатқызу қажет. Осыған қарағанда, салауатты өмір салты – бұл нақты әлеуметтік-экономикалық, саяси, экологиялық және өзге жағдайлардағы адамдардың денсаулығын сақтауға, жақсартуға және күшейтуге бағытталған іс-қимылдар болып табылады.
Осындай түсініктеме аясында, салауатты өмір салты бір жағынан өмір сүру салтының бір қыры болса, екінші жағынан – тұрғындар денсаулығын сақтауға, күшейтуге және қалпына келтіруге бағытталған өмір сүру салтының жағдайлары деп қарастыру қажет.
Салауатты өмір сүру салты өмір сүру салтының денсаулыққа жайлы әсер ететін барлық жақтары мен көріністерінен туындайды. Сондықтан, денсаулықты қорғауға және жақсартуға бағытталған іс-қимылдарда, оның ішінде гигиеналық тәрбие беруде өмір сүру салтының себептері мен жағдайларының көпсипатты әсерін есепке алу қажет.
Алайда, салауатты өмір сүру салтының қалыптасуын қамтамасыз ететін әдістердің қатарына медициналық белсенділікті де жатқызуға болады. Басқаша айтқанда, қоғамдық денсаулықты қолдауға, күшейтуге және сақтауға бағытталған іс-қимылдар да салауатты өмір сүру себептеріне жатады.
Салауатты өмір сүру салты деген ұғымға бір жағынан оңды әдеттерді қалыптастыру, екінші жағынан денсаулыққа қауіпті әсер ететін себептерді жеңу жатады. Осыған байланысты, тұрғындарға гигиеналық тәрбие беру жұмысы, олардың өмір сүру салтындағы денсаулыққа қауіпті әдеттерден арылтуға және денсаулыққа пайдалы әсер ететін әдеттерді күшейтуге бағытталуы тиіс. Салауатты өмір сүру салтын қалыптастыру денсаулықтың профилактикалық бағдарламасының және денсаулықты қорғау мен күшейту стратегиясының негізі болуы қажет.
Жер бетіндегі бірде-бір адам ауру болғысы келмейді. Алайда денсаулықты таусылмас байлық деп ойлайды. Денсаулықтың мықты болуының негізгі шарты салауатты өмір сүру салты болып табылады.
Салауатты өмір салты – бұл адамгершілікке, ұтымды ұйымдастырылған еңбекке, белсенді дене шынықтыруға және қоршаған ортаның денсаулыққа жайсыз әсер ететін себептерінен сақтауға, қартайған ға дейін адамның рухани, психикалық және физикалық қуатын сақтауға жағдай жасайтын өмір сүру әдеттері болып табылады.
Салауатты өмір сүру салтының негізгі шарттарына жемісті еңбек, үйлесімді еңбек ету және демалу тәртібі, жайлы қозғалыс ережесі, шынықтыру, үйлесімді тамақтану, зиянды әрекеттерден арылу сияқты өмір сүрудің маңызды элементтері жатады.
Жемісті еңбек – салауатты өмір сүрудің негізі және өзегі болып табылады. Еңбектің организмді тоздыратынды және адамды тез қартайтатындығы туралы, адамның күш қуатынан айыратындығы туралы пікірлер жиі айтылады.
Алайда, физикалық және саналы еңбек, жүрек, қан тамыры, сүйек- бұлшық ет жүйелерінің жұмысына, жалпы организмнің қызметіне жайлы әсерін тигізеді. Еңбек барысындағы ұдайы шынығу денеміздің қуатын арттырады. Өмір сүру барысында кім көп және жақсы жұмыс істесе, ол ұзақ өмір сүреді. Керісінше, жұмыссыздық бұлшық еттердің босаңсуына, зат алмасудың бұзылуына, дененің май басуына және ерте қартаюына алып келеді.
Ой еңбегі мен физикалық еңбекті атқару барысында адамның күшін дұрыс және саналы түрде жұмсау қажет. Адамның қажуына еңбек кінәлі емес, еңбек ережесінің дұрыс еместігі кінәлі.
Күн тәртібін мынандай етіп сақтау аса маңызды. Ұйқыдан тұру және ұйқыға жату уақтысын күнделікті бір мезгілде қатаң сақтау, ұдайы таңертеңгілік гимнастикамен айналысу, белгіленген уақытта тамақтану, ой еңбегі мен физикалық еңбекті кезектестіріп отыру, жеке бастың гигиенасын сақтау, дененің, аяқ киімнің, сырт және іш киімдердің тазалығын қадағалау, жақсы желденетін бөлмеде жұмыс істеу және ұйықтау. Күн тәртібін дұрыс және қатаң сақтау организмнің қажетті қызмет ету тәртібін қалыптастыруға көмектеседі. Еңбек ету қабілеті артып, еңбек өнімділігі жоғарылайды.
Сырқаттану себептерін зерттеу, көптеген аурулардың туындауына әртүрлі өмір сүру ережелерін бұзу алып келетіндігін көрсетті. Тамақты ретсіз қабылдау асқазан-ішек ауруларының туындауына себеп болады. Әртүрлі уақытта ұйқыға жату – ұйқысыздыққа және жүйкенің тозуына, ал жұмысты жоспарсыз атқару еңбек ету қабілетінің төмендеуіне алып келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |