Демалыс дегеніміз – организмнің толық тыныштық жағдайы емес, тек қана қажуға байланысты организмге пассивті тыныштықты қамтамасыз ету. Адамның демалысы оның еңбек ету сипатына қарама қайшы бағытта болуы тиіс. Физикалық еңбектің адамдарына физикалық салмақ түсірмейтін ой еңбегімен айналысу, ал ой еңбегінің адамына қолы бос кезде физикалық жұмыспен айналысу пайдалы.
Ой еңбегі мен физикалық еңбекті кезектестіріп отыру денсаулыққа өте пайдалы. Ережені сақтау тек сауықтырушы роль атқармайды, сонымен қатар оның тәрбиелік мәні де бар. Ережелерді қатаң сақтау тәртіптілікке, байыптылыққа, ұйымшылдыққа, мақсаттылыққа немесе үнемі алға талпынуға тәрбиелейді. Ережелерді сақтау адамдарға әрбір минутты, сағатты ұтымды пайдалануға, өмірін мағаналы және қызықты етуге көмектеседі. Әрбір адам күнделікті ережесін өзінің өмір сүру жағдайына қарай қалыптастыруы қажет.
Пайдалы қозғалыс ережесі – салауатты өмір сүрудің маңызды шарттарының бірі болып табылады. Оның негізін жүйелі физикалық жаттығулармен және спортпен айналысу құрайды. Осы әдеттер денсаулықты күшейтуге, физикалық қасиеттерді дамытуға, денсаулықты және қозғалыс машықтарын сақтауға, кәрілікке байланысты туындайтын жайсыз өзгерістердің алдын алуға жағдай жасайды.
Физикалық жаттығулармен айналысу барысында адам организмі денеге белгілі бір тапсырыс бойынша түскен ауыртпалыққа ішкі органдардың қызметін өзгерту арқылы жауап береді. Олардың қызметі белсендіріледі, осыдан организмнің энергетикалық қоры шығындала бастайды. Жүйке жүйесінің қозғалысы артады, қозғалыс-тірек аппараты күшееді. Адамның физикалық дайындығы артады, осыдан ол организмге түсетін қосымша ауыртпалықтарды жеңіл көтереді. Дене тәрбиесімен жүйелі айналысатын тұлғалардың көңіл күиі үнемі жақсы, еңбекке қабілеттілігі жоғары, ұйқысы тыныш болады.
Егер физикалық жаттығулар ашық ауада өткізілсе, оның гигиеналық маңызы жоғарылай түседі. Ашық ауада физикалық жаттығулардың сауықтырушылық және шынықтырушылық әсері артады. Суықтап ауырудың алдын алуда, организмді шынықтыру жұмыстары маңызды ролін атқарады. Ол адамның көптеген ауыр патологиялардан құтылуына және ұзақ та жемісті өмір сүруіне кепіл бола алады. Денені шынықтыру организмнің тұрақтылығын арттырып, жүйке жүйесінің тонусын жоғарылатады. Қан айналымын жақсартып, зат алмасу үрдісін қалыпқа келтіреді.
Денені шынықтырудың ең қарапайым әдісі – ауа ваннасын қабылдау болып табылады. Оны алуды балалық шақтан бастаған жөн. Денені сумен шынықтыру жүйкенің қызметін жақсартып, қан айналу жүйесінің жұмысына жайлы әсер етеді. Қан қысымын қалыпқа келтіріп, зат алмасуды жақсартады. Шынықтырудың тиімділігін арттыру үшін арнайы температуралық әсерлер жасайды. Оны дұрыс қолданудың негізгі шарттарына жүйелілік және жеке басының қасиетін, денсаулығын және сауықтыру шарасын қабылдау барысындағы көңіл-күйін есепке алу сияқты маңызды жұмыстар жатады.
Бір орнында «қозғалыссыз» отырып еңбек ететін адамдар үшін физикалық жаттығулардың таза ауада өткізілуі аса пайдалы әсер етеді. Әсіресе таңертең, кешке жаяу жұмысқа бару және қайту организмнің дұрыс қызмет атқаруына жағдай жасайды.
Салауатты өмір сүру салтының келесі және маңызды шарты үйлесімді тамақтану болып табылады. Қабылданатын тағамдық заттардың құрамында белоктар, майлар және көмірсулары, витаминдер және минералды заттар жеткілікті көлемде болуы тиіс. Осындай жағдайда тағамдық заттардың қорытылуы, сіңірілуі, ткандар мен органдарға тасымалдануы жеңіл болады. Тамақты қабылдау аралығы 5-6 сағаттан аспауы тиіс. Тамақты 2 рет қана және аса көп қабылдау организмге өте зиянды әсер етеді. Себебі, қан айналу жүйесіне және ас қорыту органдарына үлкен күш түсіреді. Дені сау адамға тәулігіне 3-4 рет тамақтану қажет. Үш рет тамақтану ережесінде ең тоқ тағамдану түс мезгілінде, ең жеңіл тағамдану кешкі мезгілде болуы тиіс. Ал кешкі тамақты қабылдау ұйықтаудан 2-2,5 сағат бұрын жүзеге асырылуы қажет. Бұл ереже тамақтық заттарды сапалы қорыту үшін керек. Тамақты мұқият шайнау, оны барынша майдалау, оның асқазанда қорытылуын жеңілдетеді. Ас қабылдау барысында кітап немесе газет оқу, күрделі міндеттерді шешу организмге өте зиянды әсер етеді. Үнемі қою, ыстық тамақтарды ішу, тұзы көп асты қабылдау денсаулыққа зиянын тигізеді. Тамақты шамадан тыс қабылдау асқазанға үлкен ауыртпалық түсіреді. Ауыз қуысы мен тістің жағдайын мұқият бақылау керек. Созылмалы аурулары бар науқастар диетаны сақтауы қажет. Салауатты өмір сүру салтын қалыптастыруда зиянды әдеттерден арылу ерекше маңызға ие. Оның ішінде, темекі тартудан, алкогольдік ішімдікті және наркотиктерді қабылдаудын арылу денсаулықтың жақсаруына жол ашады. Денсаулықтың қалпына келуін және күшеюін пассивті күту ешқандай да тиімділік бермейді. Адамдар осы бағытта белсенді жұмыстар атқаруы тиіс. Ерте жастан салауатты өмір сүру салтына бейім адамдардың денсаулығы жақсы болатындығы ешқандай да күмән туғызбайды.
8.2. Алдын алу – тұрғындар денсаулығын қорғаудағы негізгі бағыт. Алдын алдын алудың стратегиясы. Тұрғындардың денсаулығын қорғаудағы және алдын алу жүйесіндегі санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың алатын орны.
Денсаулық сақтау жүйесінің қызметінде қолданылатын негізгі шарттардың бірі профилактика немесе алдын алу шарты.
Алдын алу (профилактика) дегеніміз – медицина саласындағы кеңінен және әртүрлі бағытта жүзеге асырылатын, аурудың себептерін анықтап, олардың алдын алуға және зиянды әсерлерін болдырмауға арналған шаралар болып табылады.
Алдын алудың стратегиясы денсаулықты сақтау және күшейту мәселелеріне арналған профилактикалық бағдарламалар жасаумен байланысты. Бұл стратегияның маңыздылығы еліміздің аймақтарындағы экологиялық тоқыраудың күшеюіне демографиялық көрсеткіштердің нашарлауына аурушаңдық деңгейінің артуына байланысты одан ары жоғарылауда.
Сондықтан алдын алу немесе профилактикалық бағыт мемлекеттің әлеуметтік саладағы саясатының, тұрғындардың денсаулығын қорғаудың маңызды стратегиясы болып отыр.
Медициналық профилактика диагностикалық, емдеу-профилактикалық шараларын, эпидемияға қарсы және тұрғындарға гигиеналық тәрбие беру жұмыстарын қамтиды. Алдын алу шараларын жеке және қоғамдық түрлерге жіктейді. Профилактиканың жалпы немесе арнайы түрлері бар. Профилактиканың біріншілік түрі ауруларды болдырмауға немесе патологиялық үрдісті туындататын себептеріне қарсы бағытталады. Профилактиканың екіншілік түрі аурулардың асқынуына қарсы бағытталады. Жеке ғалымдар профилактиканың үшіншілік түрін анықтайды. Бұл профилактикалық шаралар әбден асқынған кеселдер аурулардың өліміне алып келмеуін қамтамасыз етеді.
Біріншілік және екіншілік профилактика шараларының қатарына емдеу-профилактика шараларымен қатар, биологиялық, әлеуметтік-гигиеналық, әлеуметтік-экономикалық шараларды да жатқызады. Олар салауатсыз өмір сүру салтына жататын себептердің алдын алуға қолданылады.
Профилактика туралы концепция денсаулыққа қауіпті себептердің алдын алудың аса маңыздылығы туралы көзқарастың пайда болуынан бастау алады. Аурулардың ауыр асқынуларының бетін қайтару үшін жеке бас гигиенасын сақтаудың қажеттілігі де бұл ғылыми бағыттың дамуына өзіндік үлесін қосты. Жұқпалы аурулардың алдын алу санитарлық талаптар мен ережелерді қатаң сақтаудан басталатындығы қоғамға түсінікті болды.
Гиппократ (біздің эрамызға дейінгі 460-377 жылдары) өз еңбектерінде аурудың пайда болуында табиғи жағдай мен өмір сүру салтының алатын орнын көрсетті. Оның алдын алу үшін гигиеналық ережелерді қатаң сақтаудың бірінші қойылатын талап екендігін атап өткен. Оның «Салауатты өмір салты туралы» трактатында денсаулықты сақтау үшін тамақтануды дұрыс жолға қою керектігі айтылған.
Гиппократтың атақты «Ауа, су, және жерлер туралы» деген кітабында қоршаған ортаның осы себептерінің денсаулықтың қалыптасуына тигізетін әсері жан-жақты талқыланған. Осы себептер мен өмір сүру салтын әрбір дәрігер күнделікті тәжірибесінде, әсіресе профилактикалық жұмыстарында есепке алуы қажет деп көрсеткен. Өмір сүру салтын қалыптастыруда гигиеналық ережелердің алатын орны туралы көзқарас осы күнге дейін өзгерген жоқ.
Республика тұрғындарының денсаулығын қорғаудағы конститутциялық құқығын қамтамасыз етуде және өмір сүруіне жайлы қоршаған орта қалыптастыруда санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің атқаратын жұмысы өте үлкен. Бұл саланың қызметі халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйекте қабылданған № 193 Кодексінің 6 бөліміндегі осы мәселелерді шешуге бағытталған баптар бойынша реттеледі.
Тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы төмендегідей жолдармен жүзеге асыру арқылы қамтамасыз етіледі:
Аурулардың профилактикасы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға
және оның болжамды өзгерісіне қарай;
Санитарлық-эпидемиологиялық және профилактикалық шаралардың орындалуын және азаматтардың, жеке кәсіпкерлердің, құқықтық тұлғалардың санитарлық тәртіпті өз жұмыстарының бір бөлігі ретінде міндетті түрде сақтауын қадағалау;
Азаматтардың, жеке кәсіпкерлердің және құқықтық тұлғалардың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық туралы Республика заңын сақтауға экономикалық қызығушылығын тудыру;
Денсаулыққа қауіп тудыратын өнімдер, жұмыстар мен қызметтерді сертификациялау;
Денсаулыққа қауіп тудыратын жұмыстарды лицензиялау;
әлеуметтік-гигиеналық мониторинг жүргізу;
салауатты өмір сүру салтын насихаттау және гигиеналық тәрбие беруге бағытталған шаралар;
денсаулыққа қауіпті химиялық және биологиялық, радиоактивтік заттарды, өндіріс және тұрмыстық қалдықтарды мемлекеттік тіркеуге алу;
тұрғындарға инфекциялық аурулардың пайда болғандығы, бейэпидемиялық патологиялардың көптеп таралуы, қоршаған ортаның қауіпті ластануы, санитарлық-эпидемиологиялық және профилактикалық шараларды өткізу туралы дер кезінде хабарлау;
Осы шаралардың барлығы да мемлекеттік сипатта жүзеге асырылады және олардың барлығы бір мақсаттың айналасына тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мақсатының айналасына топтастырылады. Сондықтан салауатты өмір сүру салтын қалыптастыруда санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің атқаратын жұмысы аса маңызды деп қарастыру қажет. Бұл қызметтің жүргізетін шаралары негізінен аурулардың алдын алу ісіне бағытталған.
Достарыңызбен бөлісу: |