-Cladocem
400-ге жуық түрі бар, ұзындығы 1-5 мм, шалшықтардан бастап ірі көлдерге шейін барлық суларда және кейбіреулері теңіздерде тіршілік ететін планктонды ұсақ шаянтәрізділер. Басым көпшілігінің денесі қосжақтаулы, мөлдір, жұқа карапакс қабатымен (бақалшақпен) жабылған. Антеннулалары қысқа, ал антенналалары ұзын, екі бұтақты, көптеген қылқандармен жабдықталған, жылжу мүшенің қызметін атқарады, осылар арқылы суда секіріп қозғалады (су бүргелері деп атауы да осыдан). Басында науплиус көзі мен күрделі көздерінің қосылуы нәтижесінде пайда болған үлкен фасеттік көзі болады (107-сурет). Кеудесі қатты қысқарған 4-6 сегменттерден ғана тұрады. Кеуде аяқтары жапырақ тәрізді, көптеген қылқандармен жабдықталған, олар сүзгінің ең басты бөлімі (қорегін судан сүзіп алатын), әрбір аяқтарында арнайы тыныс алу мүшелері - желбезек қалақшалары бар. Daphnia туысына жататын түрлерінің аяқтары бір минутта 300-ге дейін ырғақты тербеліс жасайды және жануар сол аяқтарымен тыныс алады және ұсақ қорегін ұстап алады. Құрсағы буындалмаған, алға қарай бүгілген 2 тырнақша тәрізді тікенекпен көмкерілген. Детритпен, бактериялармен, бір клеткалы балдырлармен қоректенеді.
Негізгі туыстары: Daphnia, Bosmina, Diaphanosoma, Leptodora т.б. Daphnia туысының 26 түрі бар, негізгі түрлері кәдімгі дафния - Daphnia pulex, D.longispina.
Дафнияның басқа бұтақмұртты шаяндардан ерекшелігі даму жолында екі түрлі ұрпақтың алмасуы немесе гетерогония байқалады: партеногенетикалық және қос жынысты. Әдетте, көктемде қыстап шыққан жұмыртқадан партеногенетикалық аналықтары шығып, олар ұрықтанбай келесі партеногенетикалық аналықтарының бірнеше ұрпақтарын бере бастайды. Соңғы партеногенетикалық аналықтары ұрықтануға дайын, кейін жаңа партеногенетикалық ұрпақтарды шығаратын жұмыртқаларды салады. Ұрықтанбаған, тек қана аналықтарды беретін жұмыртқалар нәзік қабықпен қапталынған және оларды аналығы денесінің арқа жағында бақалшақтың арасында орналасқан арнайы ұрпақ шығару камерасында сақтап, сыртқа шығарады. Жұмыртқадан шыққан аналықтары аталықтарымен шағылысып енді тыныштық күйдегі жұмыртқаларды салады. Олар алдымен ұрпақ шығару камерасында орналасады да, кейін бір немесе екі қабатты, қатты - эфиппиум деп аталатын қалың қабыршақтармен қапталынады. Эфиппиум
күйінде жұмыртқалар қыстап шығады да, көктемде даму процесі қайтадан басталады. Сөйтіп, бір циклдің ішінде екі түрлі ұрпақтың кездесіп отыруы байқалады. Тіршілік циклінің ұзақтығына қарай мұртаяқтылар формалары - моноциклді, дициклді, полициклді. Егерде, бір жыл бойына бір ғана даму циклі болса, олар моноциклді, екідициклді (Daphnia pulex). Бірақ сыртқы ортаның өзгергіштігіне қарай әрбір түр бір жылдың ішінде тіршілік циклін өзгертіп тұруы мүмкін және бір түрдің бір аймақтағы әр түрлі су қоймаларында тіршілік циклі де әр түрлі.
Бұтақмұртты шаяндардың тіршілік циклінде жыл мезгіліне қарай сыртқы құрылысы да өзгермелі. Бұны маусымдық өзгерістер немесе цикломорфоз деп атайды. Мысалы, Daphnia-ның түрлі температура жағдайларына қарай басының пішіні не "сүйір", не "домалақ" түрге айналып өзгеріп отырады: басының домалақ болуы төмен температураға, ал сүйір болуы - жоғары температураға байланысты.
Бұтақмұртты шаяндардың тәжірибелік маңызы зор. Олар тек омыртқасыздарға ғана емес, барлық балық шабақтарына да қорек бола алады.
сурет. Төменгі сатыдағы шаянтәрізділер: А - Daphnia pulex; 1 - антеннула, 2 - антенна, 3 - науплиус көз, 4 - күрделі (фасеттік) көз, 5 - максиллярлы без, 6 - бауыр есіндісі, 7 - бұлшықеттері, 8 - жүрек, 9 - ішек, 10 - ұрпақ шығару камерасы, 11 - аналық без, 12 - жұмыртқалар, 13 - кеуде аяқтары; Б - Cyclops strenuus (аналығы); 1 - антеннула, 2
- антенна, 3 - көзше, 4 - баскеуде, 5 - кеуде сегменттері, 6 - бірінші құрсақ сегменті, 7 - жұмыртқа қапшығы, 8 - ішек, 9 - аналық, без, 10 - бұлшықеттері, 11 - айырша (furca)
Достарыңызбен бөлісу: |