Мистакокаридалар да цефалокаридалар сияқты шаянтәрізділердің қарапайым құрылысты тобын құрайтын, теңіз құмайт жағажайында, теңіз суы сіңірілген құм түйіршіктерінің арасындағы жіңішке кеңістіктерде мекендейтін псаммофил (грекше psammos - құм, fileo - сүйіспеншілік) жануарлары. Ұзындығы 0,5 мм-ге дейін, созылыңқы, цилиндр тәрізді. Денесі: басы - протоцефалоннан; буындалмаған жақкеудеден (мандибула, максилла I, максилла II және екі алдыңғы кеуде сегменттерінен құралған); буындалған 4 кеуде және 6 құрсақ сегменттерінен тұрады. Құрсағының соңы айыршамен біткен. Протоцефалонда антеннула және антенна мұртшалары, жақкеуде бөлімінде - үш жұп ауыз және екі жұп жақаяқтары, кеуде сегменттерінің әрқайсысында буындалмаған, рудиментті аяқтары орналасқан, ал құрсақ сегментінде аяқтары жоқ.
Мистакокаридалардың негізгі ерекшелігі - антенналары, мандибулалары, I-ІІ-ші максиллалары ұзын, екі бұтақты, олар жақаяқтарымен қосыла қозғалыста болады, субстраттан итерілетіндей етіп барлық аяқтарын жұмсайды. Бұтақталмаған антеннулалары қозғалысқа қатыспай, ылғи алға қарай бағытталып, жолыңдағы құм түйіршіктерін сипап сезеді.
Ұсақ органикалық бөлшектермен қоректенеді, оларды ауыз және
жақаяқтарының ішкі шеттеріндегі қылтандарының көмегімен ауыз тесігіне жеткізеді.
Жұмыртқадан науплиус личинкасы шығып, 9 рет түлеуден кейін ересек түріне айналады.
Мистакокаридалар 1943 жылы ашылған, қазіргі кезде Derocheilocaris туысына жататын 7 түрі белгілі. Атлант мүхитының Америка, Африка, Еуропа және Жерорта теңіздік құмайт жағажайынан табылған.
Ескекаяқты шаяндар отряды - Copepoda
Бұлар тұщы суларда және теңіздерде тіршілік ететін, планктонның және су түбі фаунасының ең маңызды және тұрақты құрамы. Паразитгік түрлері де бар. Ұзындығы 0,1 мм-ден 3 см-ге дейін, кейбір паразит түрлері 30 см-ге дейін. Денелері жақсы сегменттелген: басы кеудесінің бірінші сегментімен бірігіп біткен; кеудесі 5, құрсағы 4 сегментті, ұшы айырша аналь қалақшасымен аяқталады. Тек науплиус көзі дамыған, күрделі көздері жоқ. Антеннулалары ұзын, кейде денесінен де ұзын (Diaptomus туысында), планктонды тіршілік етуіне байланысты, суда қалқып жүзіп жүреді. Антенналары қысқа.
Кеуде аяқтары екі бұтақты, жалпақ (қалақты), ескекпен ескен сияқты қозғалыс жасайды (отрядтың аталуы да осыдан).
Аналығы жұмыртқаларын құрсақ сегментінде, аналь тесігіне жабыстырылған екі жұмыртқа қапшығында сақтайды (107-сурет).
Дамуы метаморфозбен өтеді, личинкалары: науплиус, метанауплиус және копеподид.
6000-нан аса түрі бар. Негізгі туыстары: Cyclops, Diaptomus, Calanus - тұщы суларда, теңіздерде планктонның тұрақты құрамы; Canthocamptus туысының өкілдері су түбіңде, балшық арасында кездеседі. Тұщы суларда ең кең тарағаны - Cyclops туысының өкілдері, олар көптеген су жануарларына, балық шабақтарына қорек бола тұрып, сондай-ақ жалпақ таспа құрттардың, риштаның аралық иесі болып табылады. Ескекаяқты шаяндардың Lamproglena, Lernacocera, Achteres, Tracheliaster туыстарының өкілдері балықтардың аса көп тараған паразиттері. Олардың паразиттік тіршілік етуіне байланысты дене пішіні де үлкен өзгерістерге ұшыраған - не қапшық тәрізді, не өте созылып, ұзарып келген, сегментациясын жоғалтқан, тек екі жұмыртқа қапшығының болуы, оларды Copepoda-ның өкілі екендігін дәлелдейді (108-сурет).
Ескекаяқты шаяндардың басқа су жануарлары үшін азық қоры есебінде аса үлкен маңызы бар және кәсіптік мәні бар бірқатар балықтардың, ал Calanus finmarchicus балықтардың және мұртты киттердің негізгі қорегі. Сонымен қатар, балықтардың желбезектерінде паразиттік тіршілік етіп, балық шаруашылығына үлкен зиян келтіреді.
сурет. Ескекаяқты шаяндар (Copepoda) - балықтардың паразиттері: I - Lamproglena; II - Lernacocera; III - Achteres; IV - Tracheliaster
Достарыңызбен бөлісу: |