Оқулықта ғылым философиясы мен әдіснамасына негізделген педагогиканың философиясы және әдіснамасының іргетасын құраушы қағидалардан тұратын осы арнайы оқу пәнінің мақсаты және құрылымы айқындалады



бет7/31
Дата24.10.2022
өлшемі0,54 Mb.
#45187
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   31
Байланысты:
Глава 1новый

Сұрақтар мен тапсырмалар
1. «Ғылым» және «ғылым философиясы» ұғымдарына анықтамаларды негіздеңіз.
2. Ғылымның зерттеу пәнін қалай анықтайды? Педагогика ғылымының объектісі мен пәнін нақтылаңыз.
3. Педагогиканың ұғымдық аппаратын сипаттаңыз.
4. Педагогикадағы филиософиялық және жалпы ғылымилық ұғымдар жүйесін түсіндіріңіз.
5. Ғылым философиясы тұрғысынан білім берудің мақсаттарының және оның субъектілерінің дамуына өз көзқарасыңызды білдіріңіз.
6. Педагогиканың ғылым философиясы тұрғысынан даму генезисін қалай пайымдар едіңіз?



    1. Педагогиканың жалпы ғылымилық бағдарлары

Жаңа заманда ғылым феноменін басқа құралдармен сипаттау және түсіндіру қажет болды. Ғылымға оның тарихы арқылы қарауға ұмтылыс жасалды. Ғылымның тарихы ғылыми әрекеттің ерекшелігін зерделеу кілтіне айналды. Зерттеушілер назарын осылай қайта бағдарлауда Карл Раймонд Поппер үлкен рөл атқарды. К. Поппер индукция әдісінің ғылымды негіздеуде ішінара ғана қолданылатынын дәлелдеді. К. Поппердің бұл ойлары оны фальсификационизм деп аталатын әдіснаманың, кез келген қағиданың ғылымилығын анықтаудың әдіснамасын жасауға әкелді. К.Поппер ойшыл ретінде әлемнің объективті өмір сүруіне сенді. Ол ғалым осы әлем туралы шындық білім алуға ұмтылатынын жоққа шығарған жоқ. Ғалымдар әлемді тану үшін болжамдар жасайды, теорияларды құрастырады, тіпті заңдар ашады. Бірақ олардың ешқайсысы ашылған жаңалықтар шынайы деп айта алмайды.


Поппердің пайымдауынша, ғылыми білімнің ғылымилығы оның жоққа шығарыла алуында (фальсифицируемость, яғни бұрмалана алушылық). Бір білім басқа біліммен (әсіресе жоққа шығарылмаған, бірақ жоққа шығарылатын әлеуеті бар) жоққа шығарылу үдерісі ғылымның даму үдерісі деп түсіндіріледі. Поппер фальсификациялану ұстанымын ұсынып, ғылым туралы таралған пікірді өзгертті. Ол ғылымның негізгі міндеті пән туралы шынайы білімге қол жеткізу емес, ғылыми теорияларды ұсыну, қалыптастыру және өз кезегінде фальсификациялау деді. Поппер ғылымның логикасынан ғылымның тарихына қарай ауысты. Педагогика ғылым институтының тарихилығын тез арада көңіл аударып, фальсификациялану педагогикалық ұғымдық аппараттан орын алды. Сонымен, педагогика өзінің теориялық құрылымдарына, қолданбалы жасалымдарына тереңірек үңілетін болды.
К. Попперден кейін ғылымның өз тарихына терең бойлауға жол ашылды. Ғылым дамуының тарихилығы негізінде көп зерттеушілер назарын аударған тұжырымдаманы Томас Кун жасап шығарды. Т. Кун ғылым философиясына ғылыми білімнің өсуін сипаттауда және түсіндіруде негізгі болып табылатын «парадигма» ұғымын енгізді. «Парадигма» ұғымын тарихтың нақты бір кезеңінде ғылыми қауымдастық мойындаған ғылыми жетістіктер жиынтығы деп түсіндірді. Парадигмалық білімдер үлгісіне әлем туралы жаңа білім жасауда ғалымдардың көпшілігі пайдаланатын Ньютонның, Максвеллдің, Бордың, Эйнштейннің теориялары жатады.
Кун үшін парадигма теория ғана емес, әрі ғылыми әрекет үлгісі. Бұл үлгі өзін пайдалану барысында жан-жағынан жонылып, әрі қырланып жаңарып отырады. Біртіндеп ол анық бола бастайды да, зерттеу жүргізуде аса қажет құралға айналады. Парадигма, сондай-ақ, зерттеу алаңын белгілі бір деңгейде тұжырымдай алады, шындық болмыс ғылыми зерделеу аясындағы сұрақтарды топтастырып анықтауға мүмкіндік туғызады. Осылайша, парадигма зерттеу әрекеті аясында қандай фактілер алынатынын анықтайды. Парадигма ғылыми қауымдастықтың санасын игеріп алады. Парадигманы қабылдай отырып, ғалымдар зерттеушілік әлеуетін күшейтіп отырады.
Қайсыбір парадигманы өз әрекетіне үлгі еткен ғылымды Т. Кун «нормадағы ғылым» деп атады. Нормадағы ғылымда парадигма белгілеп берген нақты міндеттерді шешу жолы беріледі. Зерттеу әрекетін парадигма анықтайды. Тек сол ғана ғылымға қандай әдістер мен құралдарды пайдалануға болатынын хабарлап отырады. Парадигмаға сүйене отырып, жаңа білім, жаңа заңдар, заңдылықтар ашылады, фактілер табылады, орнығады. Бірақ тарих көрсеткендей, парадигма кейбір зерттеу міндеттерін шешуге мүмкіндік жасай алмайтын уақыт та келеді. Кунның айтуынша, ғылымда аномалиялық жағдаят туындайды, парадигманың жеткіліксіздігі сезініле бастайды. Демек, дағдарыс туындап тұр. Енді бұрынғы парадигма ғылымдарды біріктіре алмайды. Ғылым дамуының нормалық кезеңі аяқталды. Оның орнына ғылыми революция келеді. Осы кезде ғана, дейді Т. Кун, К. Поппердің айтқаны болып жатады. Ғалымдар бәсекелес болжамдарды тексереді және қайта тексереді. Ең соңында жаңа парадигма пайда болады. Осы жаңа парадигманы қабылдаған ғалымдар өз ғалымының пәндік алаңын жаңаша көріп, жаңаша зерделейді. Жаңа парадигмаға негізделген зерттеулер көбейе түседі. Ғылымға оның дамуының нормадағы кезеңі қайтып оралады. Куннің пікірінше, ғылыми білім үдерісінің мәселесін шешетін ғылымның циклдік дамуы осылайша жүреді. Ғылым тарихы, логика мен гносеологияға қарағанда, күрделі жағдаяттарды шешу жолдарын жақсырақ көрсетеді дейді Т. Кун.
Т. Кун парадигмалық білімдер туралы айтқанда жаратылыстану ғылымдары жетістіктеріне сүйенді. Ол бұл ғылымдарды, гуманитарлық ғылымдарға қарағанда, қалыптасқан ғылымдар деп есептеді. Куннің тұжырымдамасын қабылдаған ғалымдар оны гуманитарлық ғылымдарға да таратты, көшірді. Олар парадигмалық білім үлгісіне Платон мен Аристотельдің, Августин Блаженный мен Фома Аквинскийдің, Кант пен Гегельдің көзқарастарын жатқызды. Осындай көзқарас педагогикада да орын алды. Педагогикалық таным үдерісін де Т. Куннің әдіснамалық схемасын пайдаланып, түсіндіруге болады деді. Педагогикада парадигмалар, ғылыми революциялар туралы айтыла бастады. Педагогикада ғылымды түсінудің Т. Куннің үлгісіне аса қызығушылық таныту осы күнге дейін жалғасуда. Демек, К. Поппер мен Т. Куннің ғылымды талдаудың тұжырымдамалық схемалары ғылыми білімнің дамуында түпнұсқалы және қызықты. Ғылымға ғылым тарихы арқылы қарау теорияларды, заңдарды, ғылыми нәтижелерді тарихи шартты салыстырмалы түрде, яғни тарихи-әлеуметтік шарттарға байланысты қарастыруға әкеледі. Ғылыми білімнің осындай тарихи шарттылығын ХХ ғасырдың екінші жартысында П. Фейерабенд өз тұжырымдамасын «эпистемологиялық анархизм» деп атап, өз көзқарасын анық білдірді.
Оның түсінігінше, ғылымдағы өзара өлшемсіздік ұстанымдарының салдары ретінде әдіснамалық анархизм туындайды. Әрбір ғалым өз тұжырымдамасын басқа тұжырымдамалармен салыстырмай жасаса, оны болмайтындықтан, онда анархизм ғылым үшін «норма» болып табылады. Тарихта ғалымдардың бірыңғай әдіснамалық ережелерді басшылыққа алмағаны белгілі. П. Фейерабендтің эпистемологиялық анархизмі ешуақытта қалыптасқан әдіснамалық бағдарларды жою және басқалармен айырбастау мақсатын қойған жоқ. Бұл бағыт ғылымның әмбебап нормаларына, заңдарына, ұғымдарына қарсы шықты. П. Фейерабенд ғылым, дін және аңызды тең деп санады. ХХ ғ. – ХХІ ғ. басында педагогикада постмодерндік көзқарастың таралуына П.Фейерабендтің идеялары себеп болды.
ХХ ғ. 60-жылдары С. Тулмин ғылымды түсіну эволюциялық сипатта, таным ұғымдар арқылы іске асады деп тұжырымдады. Осы кезде педагогикада да ұғымдық аппаратқа көңіл бөлінді. ХХ ғасырдағы ғылым философиясы педагогиканы өзін өзі рефлексиялауға итермеледі. Басқа ғылымдар саласындағы білімдер педагогикаға лек-легімен ағылып келіп жатты. Сондықтан, ғылыми-педагогикалық білімнің құрылымы мен мазмұнын, зерттеу әдістері нәтижелері талқыланды. Сөйтіп, педагогикада жағдай күрделене түсті. Осы тұста ғылымтану педагогиканың пәнін, пәндік алаңын, әдіснамалық және теориялық құралдарын, педагогикалық зерттеу нәтижелеріне байланысты сұрақтарға жауап іздеуге көмектесті (1-сурет. Ғылымның даму тұжырымдамалары).


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет