Қазақстан-Украина байланыстарының негіздері Президент Н.Назарбаевтың Украинаға (1994, 1999 және 2000 жж.) және Президент Л.Кучманың Қазақстанға (1995, 1997, 1998 жж.) жоғары деңгейдегі сапарлары барысында қаланды. Екі жақты қатынастардың негізгі принциптері төмендегідей маңызды құжаттарда белгіленді, олар: Достық пен ынтымақтас-тық туралы шарт, Еркін сауда-саттық туралы келісім; Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім; Сыртқы саяси консультациялар туралы келісім; Ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім. Жалпы алғанда Қазақстан мен Украина арасында ынтымақтастықтың түрлі салаларындағы келісілген іс-қимылды көздейтін 50-ден астам құжаттар жасалды.
Өзара сауда айналысын ынталандыруда Украина Президенті Л.Кучманың 1995 жылғы қыркүйекте Қазақстанға сапары барысында қол қойылған, Экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту және дамыту туралы келісім үлкен рөл ойнады. Мемлекеттер басшыларының шешімімен Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия құрылды. Осы органға отын-энергетика, тау-кен - металлургия кешендері, химия өнеркәсібі, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және коммуникация сияқты салаларда экономикалық интеграцияның негізгі принциптері мен бағыттарын әзірлеу міндеті жүктелді. Комиссия шеңберінде тараптар электр энергетикасы, көмір өнеркәсібі мен машина-жасау саласындағы ынтымақтастық үшін жағдай туғызу, тамақ және жеңіл өнеркәсіп тауарларының, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтардың, ауыл шаруашылығының және басқа да өнімдердің өзара жеткізілімі туралы уағдаласты.
Президент Л.Кучманың 1997 жылғы қазандағы Қазақстанға сапары Қазақстан-Украина қарым-қатынасын одан әрі дамытуға жәрдемдесті. Келіссөздердің нәтижелері тараптардың өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ұмтылыстарын қуаттады. Президенттер ТМД бірлестігіне тиісті даму қарқынын беру үшін осы ұйым шеңберіндегі өзара іс-қимыл сияқты екі жақты ынтымақтастықтағы осындай аспектіні айналып өткен жоқ. Сапар барысында төмендегідей келісімдерге қол қойылды, олар: Ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы; "Зенит" зымыран ұшырғышының бөлінетін бөліктерінің құлау ауданы ретінде Қазақстан Респуб-ликасының аумағындағы жер учаскесін уақытша пайдалану туралы; Стандарттау, метеорология және сертификаттау саласындағы, үкіметтік байланыс саласындағы ынтымақтастық туралы. Сондай-ақ Әділет министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы, Әскери білім беру саласындағы, Зейнетақымен қамтамасыз ету және банкаралық есеп айырысуларды ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды.
Сапар шеңберінде екі елдің үкіметтік делегацияларының келіссөздері жүргізілді. Еркін сауда-саттық режимінен алып тастаулар туралы хаттамаға қол қойылды, экономикалық қылмыстарға және қаржылық заң бұзушылықтарға қарсы күрес саласындағы; әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық туралы келісімдер жобалары қаралды. Екі елдің тиісті ведом-стволарына Қазақстаннан Украинаға мұнай жеткізілімін ұлғайту туралы; Қазақстанның мұнай-газ секторы үшін құрал-жабдықтар мен диаметрі үлкен құбырларды Украинадан сатып алу туралы; Астық жинау комбайндарын жасау жөнінде Қазақстанда және Украинада бірлескен кәсіпорындар құру туралы; Сауда және жолаушылар флотын дамыту жөніндегі Қазақстанға жәрдем көрсету туралы; лизингтік шарттармен АН-70 және АН-140 ұшақтарын сатып алу туралы; Жағалау күзеті катерлерінің жеткізілімі туралы; Астана инфрақұрылымын дамытуға украиндық бизнестің қатысуы туралы мәселелерді пысықтау тапсырылды.
Объективтік және субъективтік факторларға байланысты барлық уағдаластықтардың орындалмағанын айту керек, олардың көпшілігі бұрынғысынша зерттелу сатысында тұр.
Дегенмен жоғары деңгейдегі Қазақстан-Украина диалогы тауар айналымына игілікті түрде ықпал етті. 1998 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Украинамен сауда-саттығының жалпы көлемі 523 миллион долларды құрады, бұл негізінен энергия көздерінің (мұнай, мұнай өнімдері) жеткізілімін ұлғайту есебінен өткен жылғымен салыстырып қарағанда 75 пайызға өсті деген сөз. Қазақстандық импорттың құрылымында машиналар және қурал-жабдықтар, құбыр прокаты, сондай-ақ ауылшаруашылығы өнімдері (қант, спирт, өсімдік майы), жеңіл және тамақ өнеркәсібі бұйымдары басым. Еркін сауда-саттық туралы келісімді Украина Парламентінің 1998 жылғы қазанда бекітуі елдер арасындағы сауда байланыстарының әлеуетін тиімді түрде іске қосуға мүмкіндік береді деп күтілген болатын. 1997 жылғы маусымда қол қойылған, тауарлардың экспорты мен импорты кезінде жанама салықтарды өндіріп алу принциптері туралы келісімді іске қосу да сауда-саттықтың дамуына оң ықпал еткен болар еді. Алайда, әзірге сауда-экономикалық ынтымақтастықтың деңгейі екі елдің қазіргі әлеуеттік мүмкіндіктеріне сәйкес келмейді. Оның үстіне 2000 жылы сауда айналымы біздің еліміз үшін оң сальдомен (170 млн. доллар) аяқталса да біршама төмендеп, 348,5 млн. долларға түсіп кетті.
Бірақ соңғы жылдары тауар айналымы бірнеше рет өсіп, 2007 жылы 3 миллиард долларға жетті. Тауар айналымының өсуі жөнінен Қазақстан соңғы екі жылда Украинаның 200 сыртқыэкономикалық әріптестерінің ішінде көшбастаушыға айналды (Казахстанская правда, 23.10.2008 г.).
Қазақстан Президентінің 1999 жылғы Украинаға сапары барысында ҚР мен Украина арасындағы 1999-2008 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық туралы шарт және оның бағдарламасы, Кеден ісіндегі ынтымақтастық туралы; Қаржы министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы; ҚР мен Украина Ұлттық банкілері арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдер сияқты маңызды құжаттарға қол қойылды.
Мұнай-газ саласындағы, агроөнеркәсіп кешеніндегі, жеңіл өнеркәсіптегі, металлургия мен машина жасау саласындағы екі жақты ынтымақтастықтың перспективасы зор. Украина көмірсутегі шикізатының ірі импортері болып табылатындықтан қазақстандық мұнайды алуға, сондай-ақ оны Еуропаға транзит арқылы өткізуге мүдделілік танытуда. Біздің еліміз қазірдің өзінде Украина рыногына 3,5 млн. тоннаға жуық мұнай шығарады. Бұл мұнай көлемі Херсон мұнай өңдеу зауытында мұнайды өңдеу көлемі ұлғайған жағдайда елеулі түрде өсуі мүмкін.
Екі жақты қарым-қатынастарда уақыт озған сайын мұнай проблематикасы маңызды орын алуда. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия шеңберінде қазақстандық мұнай-газ кен орындарын игеру жөнінде бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндігін зерттеу туралы, сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыру және жобалық зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Украина Қазақстан аумағында жеке мұнай ресурстарын алуға, біздің елімізге диаметрі үлкен құбырларды жеткізуге мүдделі. Тараптар Украина аумағы арқылы еуропалық рыноктарға Қазақстан мұнайын кедергісіз тасымалдау, сондай-ақ оны украиндық мұнай өңдеу зауыттарыңда ұқсату туралы принципті уағдаластықтарға қол жеткізді. Босфор бұғазы арқылы танкерлер өтуінің кейбір қиындықтарына байланысты Қара теңіз жағалауы мемлекеттерінің оның ішінде Украинаның мұнай терминалдарын пайдалану ықтималдылығы күрт өсуі мүмкін.
Украина Қазақстанға жоғары сапасымен және салыстырмалы түрде төмен бағасымен ерекшеленетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндігі бар (қант, өсімдік майы, жүгерінің сорттық тұқымдары). Қазақстан өз кезегінде Украинаға бидайдың қатты сорттарын жеткізуге дайын екенін білдірді. Біздің елімізде украиндық "Лан" ком-байндарын шығару қолға алынды.
Көлік және коммуникация саласындағы ынтымақтастықтың да перспективасы зор. Мұнай өнімдерін тасымалдау үшін лизинг шартымен Украинаның теміржол цистерналары мен теңіз танкерлерін пайдалану туралы келіссөздер жүргізілуде. Екі елдің үкіметтері бірқатар басқа да жобаларды қарауы керек, олардың ішінде мыналар бар: Қазақстанның сауда және жолаушылар флотын дамытуға Украина флотының қатысуы; екі ел арасындағы теміржол және авиация қатынастарын дамыту; екі елдің аумақтары арқылы жүктерді өзара тиімділікпен тасымалдау; Украинаның Қара және Азов теңіздеріндегі айлақтарын тиімді пайдалану. Киев Азия рыногына шығу үшін Қазақстанның көлік жүйесін пайдалануға ниет білдірді.
Украина мен Қазақстан металлургия және машина жасау саласында әріптестер бола алады. Ол үшін осы салаларда ынтымақтастықтың жаңа ұзақ мерзімді бағдарламаларын жасау қажет. Мұндай құжат Қазақстан экономикасын шикізат бағытынан түпкі өнімді өңдеуге және шығаруға қайта бейімдеу процесінде пайдалы болатыны сөзсіз.
Қол жеткізілген уағдаластықтарға қарамастан екі ел арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимыл тетігі жетілдірілмеген күйінде қалуда. Өзара есеп айырысудағы проблемалар, жүктерді тасымалдаудың жоғары транзиттік тарифтері, экспорттық-импорттық операциялар кезінде кедендік және салықтық кедергілер сауда-саттықтың деңгейіне теріс ықпал етуде. Мұның бәрі украиндық өнімді қазақстандық рынокта бәсекелестікке қабілетті ете алмайды.
Екі достас мемлекеттердің сыртқы саяси мүдделері Астананың өз позициясын еуропалық аймақта, ал Киев болса Азия аймағында нығайтқысы келетін ниеттерінде тоғысып жатыр. "Еуропа мен Азия арасындағы көпірдің" құрамдас бір бөлігі болғысы келетін Украина ниеті осы елдің еуразиялық көлік дәлізін құруға белсенді түрде қатысуынан, сондай-ақ Орталық Азиядағы өсе түсіп отырған белсенділігінен көрінеді. Мәселен, Украинаның АҒСШК мен Орталық Азия Экономикалық Қоғамдастығында байқаушы мәртебесі бар. Қазақстан үшін Қара теңіз экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ҚЭЫҰ), Орталық еуропалық бастама, Дунай комиссиясы сияқты ай-мақтық экономикалық ұйымдарға қатысу идеясы тартымды.
ТМД шеңберіндегі интеграцияға түрлі көзқарастар сақталып отырса да екі жақты қатынастардың ең жоғары құндылығы туралы өзара уағдаластық ынтымақтастықты нығайту үшін айрықша маңызды болып табылады.
Шынында да Астана мен Киевте интеграциялық мәселелерге және олардың болашағына түрліше қарайды. Украина әлі күнге дейін Достастықтың қауымдастырылған сипаттағы мүшесі ғана. Украинада "дербестік" көңіл-күйі басым, мұның өзі оның интеграцияға қатысуын жоққа шығарады. Қалай бол-ғанда да Украина Еуропадағы негізгі мемлекеттердің бірі екенін ұмытпаған жөн. Бұл мемлекеттің төңірегінде Ресей, АҚШ және Еуропалық Одақ елдері қатысып жүрген күрделі геосаяси "ойындар" жүріп жатыр. Сондықтан Украинаның халықаралық позициясын нығайту тұрғысында Қазақстанның онымен қарым-қатынасы да маңызды.
Соңғы жылдары екі елдің ынтымақтастығы іскерлік және достық негізде дамып келеді. Бүгінгі күні біздің елімізде 23 украин ұлттық мәдени орталығы жұмыс істейді. Украин тілінде жарық көретін «Украинські новини» газеті мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады, украин тілінде телехабар таратылады. Сонымен қатар, украин тіліндегі мектептер мен шығармашылық ұжымдар жұмыс істейді. 2007 жыл Украинадағы Қазақстан жылы, ал 2008 жыл Қазақстандағы Украина жылы болып жарияланды. Қазақстандағы Украина жылы басталғалы бері 300-ден астам түрлі шаралар өткізілді. Осы шаралардың арқасында қазақстандықтар мен украиналықтар бір-бірін жақынырақ түсініп, біле бастады. Бұл - екі елдің тәуелсіздігінің нәтижесі (ЕҚ, 24 қазан 2008 ж.).
Достарыңызбен бөлісу: |