Байланысты: Информатикадан оқушылардың іс-әрекетін бақылау мен бағалау негіздері
ішкі бақылау, бұл бақылау түрі оқушының іс-әрекетін бақылау барысында оқытушымен жүзеге асырылады;
өзара бақылау, бұл бақылау түрі оқушылар бір-бірінің іс-әрекетін бақылау барысында оқушылардың өздерімен жүзеге асады;
өзін-өзі бақылау, оқушы өзінің іс-әрекетін бақылау барысында оқушының өзімен жүзеге асады.
Ішкі бақылаудың өзіне тән бірнеше мақсаты бар:
оқушының оқытушы тапсырмаларын орындауының сипаты мен толықтығын орнату;
оқушының белгілі бір қағида және үлгі бойынша қабылданған ұғымды меңгеру дәрежесіне жету сәйкестігін орнату, олардың білімі мен білігіндегі жетіспеушіліктерді табу;
оқушыларға өзара бақылау мен өзін-өзі бақылаудың әдіс тәсілдерін үйрету, оқушылардың өзін-өзі бақылауын қалыптастыру.
Сонымен қатар, үшінші мақсат ең маңызды мақсат болып саналады. Сондықтан ішкі бақылау бірте-бірте, оқушылар арқылы беріліп және өзара бақылау мен өзін-өзі бақылау барысында орындалуы қажет.
Кез келген бақылау салыстыруды, белгілі бір үлгі бойынша орындалған іс-әрекетпен немесе сол туралы түсінікпен салыстыруды талап етеді.
Үлгі ретінде қандай бақылау алынатынына байланысты, бақылаудың келесі түрлері болады:
Қорытынды нәтиже бойынша бақылау. Бұл, бақылаудың алынған нәтижені оқытушы өзінде бар жауаппен тексеру немесе тапсырманы орындау нәтижесін тақтада орындалған үлгімен немесе оқушының дәптерінде бар үлгімен тексеру түрі болып табылады.
Қадамдық бақылауды іс-әрекеттің бағытталған негізі қадамдық бағдарлама бойынша берілген жағдайда жүзеге асыруға болады. Бұл бақылау түрі оқытушының көзқарасы бойынша алынған нәтиже арқылы бақылауға қарағанда тиімді. Кез келген бақылауда тура нәтижемен қатар, жанама оқыту нәтижесі де болады. Өйткені бақылау барысында оқушы өзінің іс-әрекетінің маңызы мен ерекшелігін түсінеді және әдіс тәсілдерді қолданып, сол арқылы білімді толық әрі түсінікті қабылдайды. Әрине қадамдық бақылауда бұл нәтиже бақылаудың бірінші түріне қарағанда көбірек, өйткені бұл жағдайда іс-әрекеттің өзі оқушының алдында кең түрде беріледі.
Белгілі шарт бойынша немесе іс-әрекеттің параметрі бойынша бақылау. Бұл бақылаудың мысалы берілген тапсырманың нәтижесін тапсырманың шарты бойынша тексеру болып табылады.
Бірақ мұндай бақылаудың маңызды мысалы, іс-әрекеттің сапалы параметрі арқылы бақылау болып саналады. Мысалы, берілген тапсырмада толық бағытталған негізі, түсініктілігі, дәлелдігі, жалпы қорытындылығы болуы.
Өзін-өзі бақылау барысында мұндай маңызды параметр оқыту мақсатының табысты дәрежесі болып саналады. Мұнда оқушы өзінің оқылып отырған түсініктерді қабылдау мақсатына жеткендігін, белгілі бір түрдегі тапсырманы орындау біліктігін тексереді.
Оқу іс-әрекеті бәрінен бұрын дамыған, жоғары адамгершілікті, мәдениетті және шығармашыл белсенді, әлеуметтік жетілген жеке тұлғаларды қалыптастырудың жалпы мақсатын іске асыруға бағытталған. Оқу іс-әрекетінің айрықша ерекшелігі, оныңнәтижесі болып табылатын «бәрінен бұрын, оқушының өзін, оның дамуын өзгерту» болады. Оқу іс-әрекетінің компоненттері мотив, оқу міндеті, оқу іс-әрекеті, бақылау және бағалау іс-әрекеті болып табылады. В.В.Давыдов оқу әрекетінің құрылымын сипаттай келе, «баланың қандайда болмасын материалды оқу әрекеті түрінде меңгеруі ішкі қажеттілік пен мотивацияға байланысты», сол қажеттілік пен мотивация берілген материалды түрлендіріп білім нәтижесі түрінде қабылдауға бағыттайды деп тұжырымдайды. Психологиядан белгілі оқу іс-әрекетінің мотиві танымдық және әлеуметтік болып бөлінеді. Олардың әрқайсысының кең танымдық, оқу-танымдық, өзіндік білім алу, кең әлеуметтік, позициялық, әлеуметтік ынтымақтастық сияқты тағы да басқа деңгейлері бар.
Оқушылардың білімін бақылау мен бағалауға дайындау үдерісінде пәндік ерекшелік пен компоненттік ұстанымға сәйкес студенттер оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін бақылауды басқаруы үшін білім, біліктілік және практикалық іс-әрекет тәжірибесін меңгеруі қажет, ал басқару пәннің ерекшелігі мен жеке тұлғаның ерекшелігін есепке алу негізінде жүзеге асады.
Осыны негізге ала отырып, оқушылардың оқу іс-әрекетін іске асыруда маңызды болып табылатын, мектеп информатика курсы мазмұнының компоненттерін меңгеруге бағытталған, оқу іс-әрекетін орындаудың әртүрлі кезеңдерін іске асыруды қалыптастыру және есепке алу мүмкіндігін анықтайтын пәндік ерекшеліктерді бөліп алу қажет. Бұл нәтижелер болашақ информатика мұғалімін оқушылардың білімін бақылау мен бағалауға дайындау үдерісінің негізгі мазмұны болуы қажет.
Оқу міндетін шешуде оқушы іс-әрекетінің орындау нәтижесі «барлық жалпы қатынасты бөліп алуға, білім аумағының жетекші идеясы мен ұстанымы, осы қатынасты модельдеуге, жалпы қатынастан оны керісінше нықталуға өту тәсілдерін меңгеру, модельден нысанға өту тәсілі, керісінше және т.б.» болып табылады. Оқушының оқу іс-әрекетінің табысты болуына көптеген жағдайлар, атап айтсақ, басым себептер, бағдары мен танымдық қызығушылығының сипаты, жоғарыда айтылғандай, сондай-ақ эмоциональдық еріктің, танымдық үдерістің, психофизиологиялық ерекшеліктің жағдайына байланысты әсер етеді.
Оқу іс-әрекетін орындау үстінде қоршаған ортаның ақиқатын тану үдерісі жүзеге асады, информатиканың түсінік пен қатынасы модельдеу болып шығады, олай болса мазмұндық сәйкестікті басшылыққа ала отырып, жоғарыда көрсетілген тұлғалық ерекшеліктерден оның танымдық мәніне қарай бөліп аламыз. Оқушылардың информатикадан оқу іс-әрекеті информатикалық тәсілдерді, ұғымдар мен түсініктерді, тұжырымдарды, ережелер мен алгоритмдерді меңгеруге бағытталады. Бұларды меңгеру барысында информатиканың құрылымындағы шығармашылық блок пен қолданбалы міндеттерді шешу тәсілі шығады.
Мұғалім оқушылардың оқу іс-әрекетін ұйымдастырғанда екі жағдайға: оқушының бойындағы қабылдау типін ескеру және қажет болған жағдайда оны жетілдіру қажеттілігін ескеруге сүйенуі қажет.
Бақылау мен бағалау әрекеті – оқу іс-әрекетінің құрамдас бөлігінің бірі болып табылады. «Бақылау – тапсырманың талаптары мен шарттарының басқа оқу әрекетімен сәйкестігін анықтаудан тұрады... Бағалау әрекеті берілген оқу есебін шешудің жалпы әдісінің меңгерілгенін немесе меңгерілмегенін , оқу әрекеті нәтижесінің түпкі мақсатқа сәйкес келетінін анықтауға мүмкіндік береді... Бақылау және бағалау әрекетінің орындалуы оқушылардың шешетін тапсырмасына байланысты әрекеттерінің мазмұнына көңіл аудартады».
Мектеп оқушыларының оқу іс-әрекеті информатика курсының мазмұнын, оның мазмұндық желілерін меңгеруге бағытталған.
Бұл әрекеттің өзгешелігі, оқушылардың информатика курсының мазмұндық желілерін меңгеруі олардың сәйкес оқу әрекеттер тобын орындауына байланысты.
Өздерінің оқу іс-әрекетін орындау барысында басымдық мәні бар оқушылардың жеке тұлғалық ерекшеліктері осы іс-әрекеттер мазмұнын талдауда мазмұндық саралау негізінде іске асырылады.
В.П.Беспалько оқушы іс-әрекетінің төмендегідей деңгейін көрсетеді:
танысу (оқыған нысанын тани білу дағдысының болуы, басқа нысандардан ажырата білу, оны белгілеріне қарай ойша топтарға жіктей алу);
есіне түсіру (оқығанын ауызша не жазбаша еске түсіре отырып, мәлім үлгідегі ұқсас тапсырманы орындай алу);
біліктілік (өзіне мәлім, белгілі тәсілдерді таныс емес жағдайда қолданып, таныс емес тапсырманы орындай алу);
өзгерте алу (шығармашылық, тың тәсіл тауып орындау біліктілігі, немесе мәселені шешудің жаңа жолын табу).
Жалпы білім беретін оқу орындары үшін бүгінгі таңда мемлекеттік стандарттар жасалып, әзірленген, онда берілетін білім мазмұны ғана емес, оқушының іс-әрекеті деңгейіне қойылатын талаптар да анықталған.
Сонымен, В.П. Беспальконың ұсынған бақылау деңгейлерін ескере отырып, білімді бақылауды талдау негізінде бақылау барысындағы іс-әрекет түрлері, бақылаудың деңгейлері, уақыт аралығындағы бақылаудың түрлері және сәйкесінше бақылау тапсырмаларының түрлері ескеріле отырып, білімді бақылаудың іс-әрекеттік негіздегі түрлері жасалды (кесте).
Нақты заттармен немесе олардың бейнелерімен жұмыс істеу негізінде ұғымның маңызды қасиеттерін бөліп алу әрекетін орындауды ұсынады, себебі танымдық үдеріс қабылдаудан басталуы мүмкін. Сондықтан оқушының қабылдау типін есепке алу қажеттілігі туады.
Кесте 5 – Білімді бақылаудың іс-әрекеттік негіздегі түрлері