Мағжан: «Сағындым»:
Абақтыда айды, күндi жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.
«
Қарашығым, құлыным!» – деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым.
Алтын күндi, қара жердi сағындым,
Жан жолдасым – жүйрiк желдi сағындым.
Асау тайдай еркелетiп өсiрген
Ағайынды, туған елдi сағындым.
Ойыны бiр құрдастарды сағындым,
Тiлегi бiр жолдастарды сағындым.
Келешекке бiрге план құрысып
196
Сырласатын жан достарды сағындым.
Жүрегiме жақын жанды сағындым,
Жiбек мiнез, хордай жарды сағындым.
Айрыларда күншығыстан ағарып
Ақ жiбектей атқан таңды сағындым.
Қазағымды, қалың елдi сағындым
Сарыарқамды – сайран жердi сағындым.
Балдай бұлақ, мөлдiр күмiс көбiктi
Арқадағы айдын көлдi сағындым.
Сәкен «Сағындым»:
Қайырымды қалың елi бар,
Сарыарқа сары белi бар.
Өрiстi Шалқар көлi бар,
Сағындым мен қырымды.
Өзендi, көлдi жайлаған,
Кермеге тұлпар байлаған.
Хабарсыз арам ойлардан
Сағындым мен аулымды.
Жiбектей шашы оралған,
Қыпша белi қыналған.
Еркесi қырдың бұралған,
Сағындым мен сәулемдi.
197
Айналып – толғап өсiрген,
Ақ сүтiн берiп кешiрген,
Тастамайтын есiнен,
Сағындым ғарiп анамды.
Таулары биiк қиялы,
Орманы шалқып миялы,
Жылқы, қой, сиыр, түйелi
Сағындым Арқа – жерiмдi.
Қамауда қанша қиыншылық көрсе де, елiн,
жерiн… қанша сағынса да, екi ақын да сары
уайымға салынбайды, екеуiнiң де асқақ рухы
жығылмайды.
Отырмын күзет – қамауда,
Дұшпаннан тәнiм жеңiлдi.
Жеңе алмас бiрақ еш пенде
Асау еркiн көңiлдi, - деп Сәкен шын болаттай
шамырқана түссе,
Не көрсем де алаш үшiн көргенiм,
Маған атақ ұлтым үшiн өлгенiм!
Мен өлсем де алаш өлмес көркейер
Iстей берсiн қолдарынан келгенiн! – деп
Мағжан халқы үшiн, алашы үшiн өлсе де жаудан
жеңiлмейтiнiне сенiм бiлдiредi.
Мағжан мен Сәкен қазан төңкерiсiнен кейiнгi
жылдары бiрiмен-бiрi тура кездеспесе де, сырттай
бiрiнiң iсiн бiрi бiлiп жүредi. Ал 1921 жылдың
наурыз айында олардың Қызылжар қаласында
кездесулерiне мүмкiндiк болды. Сол жылғы
198
наурыздың 22-сiнде Ақмола, Семей облыстарын
Сибревкомнан алып Қазақстанға қосу үшiн Қазақ
үкiметiнен Омбы қаласына келген бес кiсiлiк
төтенше комиссияның iшiнде Сәкен де болады.
Комиссия iске кiрiсiп, Сибревкоммен келiссөз
жүргiзiп жатқанда Қызылжарда ақ бандылар мен
бай құлақтардың қарулы көтерiлiсiнен көп
адамдардың мерт болғаны, олардың iшiнде белгiлi
революционер ақын Баймағамбет Iзтөлин де бар
екендiгi жөнiнде суық хабар келедi. Сәкен бiрнеше
адаммен Қызылжарға келiп қаза тапқандарды
бауырластар зиратына жерлеуге және сол
құрбандарға арналған қаралы митингiге қатысады.
Мағжан бұл кезде «Бостандық туы» газетiнiң
редакциясында болатын.
Осы кез туралы Сәкен мен Мағжанның өмiрi
мен шығармашылығын зерттеп жүрген белгiлi
әдебиеттанушы ғалым, профессор Тұрсынбек
Кәкiшев өзiнiң «Сайыс» атты эссесiнде былай деп
жазады:
«
Сол уақытта кездестi ме, жоқ па, бiрақ
Мағжанның осы трагедиялық оқиғаға енжар
қарағаны
байқалады,
өлең-жырынан,
мақалаларынан аңғарылмайды…» Ал шындығында
сол жолы Мағжан мен Сәкен редакцияда кездескен.
Оған куә Мағжанның «Бостандық туы» газетiнiң
сол 1921 жылғы 16-шы сәуiрде шыққан «Ақмола,
Семей облыстарын Қазақстанға қосу үшiн келген
төтенше комиссияның iсi» деген мақаласы.
199
«
Жәжеке» деп қол қойған бұл мақаласында
Мағжан:
«
Жоғарыдағы
жобамен
төтенше
комиссияның iсi туралы комиссия мүшесi Сәдуақас
Сейфуллин жолдас төмендегi хабарды бердi:
Комиссия Омбыға 22 марта келiп 24-iнде
Сибревкомда көрiстi» – дей келе келiссөз
жүргiзiлген үш мәжiлiстi атайды. Бұл мәлiметтердi,
әрине, Сәкен редакцияда айтқан да Мағжан оны
жазып алып кейiн газетке мақала етiп бастырған.
Сәкен
Қызылжарға
аттанарда
Омбы
вокзалында отырып «Қызыл ерлер» деген өлең
шығарып, Қызылжарға келген соң «Бостандық
туы» газетiнде бастырып шығарады. Онда мынадай
жолдар бар:
Бостандық үшiн ант қылып,
Күресуге тұрдық бiз.
Республика Советiн
Ұран салып құрдық бiз…
Жауыздар үшiн қан төгiп,
«
Дiнiм», «ұлтым» демеспiз…
Дүниенiң барлық жарлысы
Бауырымыз, бiздiң жұртымыз,
Олардың бақыты, үкiмi –
Дiнiмiз, бiздiң ұлтымыз – деген идея,
Тұрсекеңнiң айтуынша, Мағжанға ұнамағаны
анық». Сәкеннiң бұрынғыдан да гөрi солшылдана
түскенi әлемдiк революцияның әуселесiмен
жүргендiгi Мағжанның жүрегiн қозғамағандығы
былай тұрсын, «ұлтым», «қазағым» деп келе
200
жатқан Мағжанды шошындыруы да мүмкiн. Тiптi
бiр-бiрiне кездесе қалғанда сезiлiп те қалған
шығар»
(Т.Кәкiшев. Сайыс. Эссе. Алматы. 2004. 138-бет).
Одан әрi Т.Кәкiшев Сәкеннiң сол жылғы
Мағжанға арнап ашына жазған екi өлеңiнiң жазылу
себептерiн былай өрбiтедi:
«
Бiр ақынның сандырағы» және «Ұлтшылдың
сандырағы» деген екi өлеңi тап сол жылы, яғни
1921 жылы жазылуы тегiн емес. Оның үстiне 1916
жылы «Заманымыздың ақыны» деген кекесiнiнен
кейiн 1920 жылы Мағжанның:
Фуллин Сәкен
Кекең, Кекең
Футурист.
Бала ақымақ
Қожа Ташмай
Басын кес. – деген қалжың-эпиграмма
жазғаны, Сәкеннiң құлағына жетiп жатса, ер-
тоқымын бауырына алатындай себептiң табылғаны
ғой. Мағжан өлеңдерiнде шамадан тыс қайталанып
жырланатын жайлар мен әлеуметтiк енжарлығы,
әсiресе Қызылжардағы оқиғаға онша мән бермеуi
Сәкеннiң қаламына ерiксiз жол бергендей»
(Т.Кәкiшнв. Сайыс. Эссе. Алматы. 2004. 138-бет).
Осы өлеңдер туралы сөздi қорытындылай келе
Т.Кәкiшев: «Сонымен, Мағжан мен Сәкен ұстасты,
бiр-бiрiне өнер арқылы, өлең арқылы ашық келдi.
Бiрақ бұл бiр-бiрiн сырттан бақылап жүруге,
«
жылы сөз» айтпасада жазғанын бiлiп отыруға
кедергi болған жоқ».
(сонда, 141-бет).
201
Мағжан мен Сәкеннiң шығармаларында
түрiкшiлдiк,
азиатшылдық
та
үндестiгiмен
ерекшеленедi. Мағжанның «Алыстағы баурыма»,
«
Орал», «Күншығыс», «От», «Пайғамбар»,
«
Туранның бiр бауында», «Түркiстан», «Ескi
Түркiстан» атты өлеңдерi оның түрiкшiлдiгiн,
турандығын, азиатшылығын көрсетедi. Бұл
шығармалар бiр жағынан қазақ әдебиетiнiң
керегесiн кеңейтiп, өрелi биiкке көтерiлуiнiң амалы
болса,
екiншi
жағынан,
Мағжанды
«
пантюркизммен» айыптауға дәлел де болған едi.
Сәкеннiң 1922 жылдың 8-шi тамызында
«
Еңбекшi қазақ» газетiнде жарияланған «Азия
(Европаға)» деген өлеңiнде ол жер дүниенi жалмап
бара
жатқан
Европа
империалистерiнiң
зұлымдығын әшкерелеп:
Сұм Европа! Арам залым тас болдың,
Бүлiншiлiк жауыздыққа бас болдың.
Азаматқа жол көрсеткен ерлерге
Мұнша неге, уа Европа, қас болдың? – деп
империалистердiң
жасап
отырған
зорлық-
зомбылығын тiзiп өтедi де, пайғамбарлармен
қорқытады әрине, бұл өлең коммунистiк
идеологияға үйлеспейтiнiн Е.Ярославский 1923
жылы III-партконференцияда айтып, Сәкеннiң
ұлтшылдығының негiзiнде «паназиялық» пиғыл
жатыр деп айыптаған болатын. Сәкеннiң бұл өлеңi
Мағжанның
«
Пайғамбар»,
«
Күншығыс»
топтамасына
үндеседi,
себебi
Европа
202
империалистерiн әшкерелеуге келгенде екеуi де
жантүршiгерлiк қиястық пен жауыздықты көзге
елестетедi.
Түн баласы… түн жолына түскен ол
Сақаусың деп Мұса тiлiн кескен ол
Тәңiрiнiң сүйiктi ұлы Айсаның
Тiтiркенбей ұрттап қанын iшкен ол, - деген
Мағжан сөздерi Сәкеннiң ашық та ащы ойларымен
қабысып жатыр.
Екi ақын да – Европамен ұстасқанда жауға
жауыздықпен жауап берейiк демейдi, қайта
бiрлiкке шақырады.
Мағжан: Әй, сен кесел күнбатыс,
Бұл жатуың қай жатыс
Жоғал жылдам жолымнан!
Болмаса қорықсаң өлiмнен
Үмiтiң болса өмiрден
Ұста менiң қолымнан – деп зiл мен мейiрiмдi
қатар көрсетедi, тiптi қаласын күл қылмай гүлге,
перзентiн құл қылмай ұлға айналдырайық деген
гуманистiк ой айтады.
Сәкен: Тазартуға дүниенiң ластығын
Жiбiтуге жүрегiнiң тастығын.
Семитiмнiң көп ұрпағын тағы да
Жұмсадым мен Маркс қылып бастығын…
Немесе: Қой бауырым, әлде болса тас болма
Бүлiншiлiк, жауыздыққа бас болма – деп
ақылға шақырып, мейiрбандыққа үндейдi.
203
Бұл
өлеңдерден
байқағанымыз:
дүниетанымымен iс-әрекетi екi арнамен өрбiп келе
жатқан ақындардың құяр сағасы бiреу, ол –
гуманизм.
1924 жылы жазған «Қызыл жалау» атты
өлеңiнде Мағжан:
-
Қызыл шоқ жалау кiмдiкi?
-
Кiмде-кiм: «Тәңiрiм – от! – десе,
«
Басқа тәңiрiм жоқ» – десе,
Қызыл шоқ жалау соныкi.
Ендеше, қазақ, сенiкi! – дейдi. Жаңа өкiметтiң
саясаты елдiң қамын, алаш мүддесiн көздейдi,
өйткенi кеңестiк ресми салтанатты рәмiздiң өзi -–
Қызыл Ту «сенiкi, қазақтыкi» деген идеяны
бiлдiредi ақын.
Алашордашыл Мағжанның бұл жыр жолдары
«
Қызыл» Сәкеннiң бұдан 5-6 жыл бұрын жарық
көрген атақты «Жас қазақ марсельезасымен»
үндесiп, сабақтасып жатқандай. Онда Сәкен:
«
Азамат, сестенiп көзiңдi аш, жүрме бос,
Ұран сал, алға бас, бiрiгiп тiзе қос.
Қызыл Ту – шылауың, қорғаның
Тiзе қос, тiзе қос, тiзе қос! – деп ұраншыл,
төңкерiсшiл, қызыл туды қорған еткен және
«
дауылпаз ақын»:
«
Күн туды – бiз теңдiк алайық,
Ақ ниет азамат ерлердi
Бiр тудың астына жияйық, - деп ұлттың бiр
бөлiгiн емес, зорлық-зомбылық көрген барша
204
халықты ынтымақ-бiрлiкке шақырады. Бұдан
Алаш-орда қозғалысының көрнектi өкiлi Әлiмхан
Ермековтың көзiнiң тiрiсiнде «Сәкендi қызылдар
жағында, ал, бiздердi «орда» жағында демесеңдер,
Сәкен бiзден гөрi әлдеқайда ұлтшыл едi» – дегенi
шындыққа жататыны көрiнiп тұр.
Екi ақын да халқының оқу-ағарту iсiне көп
көңiл бөлген. Мағжан ақындық сапарының
алғашқы
қадамынан
бастап
ағартушылық
дүниетанымының аясында толғанды. 1912 жылы
шыққан тұңғыш «Шолпан» атты өлеңдер
жинағында ағартушылық сарындағы «Жазғы таң»,
«
Сорлы қазақ», «Өнер-бiлiм қайтсе табылар»,
«
Қазағым» т.б. өлеңдерi басылды. «Жатыр» атты
өлеңiнде ақын қазақтың надандығын сынап, елiне,
халқына жәрдем беруге дәрменсiз, тек төре болып
шен алғанына мәз қазақтың оқыған азаматтарын да
түйреп өтедi:
Бiреулер оқып төре болып жатыр,
Шен алып бақыт құсы қонып жатыр.
Ұмытып өзiн-өзi бұл сабаздар
Жұртына қарсы таяқ соғып жатыр, - дей келiп
өлеңнiң соңында ақын сөз семсерiн тағы да сол
халқына жаны ашымайтын оқыған азаматтарға
сiлтейдi:
Сезiнбей өз өлгенiн, өзiнiкiн,
Аты өшкiр оқығандар нетiп жатыр?
Мағжан ағарту iсiне үндеушi ретiнде ғана
қатыспай, ұстаздық қызметтi қайраткерлiк тiрегiнiң
205
негiзi етiп алған. Ол 1918-1919 жылдары Омбыда,
1920 жылы Қызылжарда мұғалiмдер курсын
басқарып сабақ бердi, 1922-1923 жылдары
Ташкентте қазақ ағарту институтында, 1923-1927ж.
Мәскеуде Шығыс еңбекшiлерiнiң коммунистiк
университетiнде, 1927-1929 жылдары Қызылжарда
совпарт школа мен педтехникумда дәрiс оқыды.
1922
жылы
Орынбор
қаласында
оның
«
Педагогика» атты тамаша оқулығы шықты. Бұл
оқулық күнi бүгiнге дейiн құндылығын жойған
жоқ.
Сәкен Қазақстан үкiметiн басқарып тұрған
тұсында оқу-ағарту саласына көп көңiл бөлдi.
«
Қазаққа оқу бұрын бiр мәрте керек болса, ендi
мың мәрте керек. Оқусыз қазақтың болашақтағы
күнi қараң. Ендi бiр 20 жылдың iшiнде қазақ өнерлi
халықтардың қатарына қосылуы керек» деген
түбегейлi бағдарламасы бар Сәкен Сейфуллин өзi
үкiмет
басында
отырғанда
республиканың
жартымсыз бюджетiнiң тең жарымын оқу-ағарту
саласына бөлiп, өлкелiк партия комитетiнен
ескерту алған кезi де болған көрiнедi. Соған
қарамастан ол жер-жерлерде мектеп аштырып,
бұрынғы оқыған алаш азаматтарын ағарту iсiне
тартып, оларды қолдап, демеп, газет-журналдарға
жазып, оқу орындарының жатақханасына барып,
асханадағы тағамдарының сапасына дейiн назар
аударып шет елдер мен Мәскеу-Ленинградқа топ-
тобымен қазақ жастарын оқуға алдыртып, ақшалай
206
көмек берiп, «қазақ оқушы жастарының
жерлестерi» ұйымдастырған кездесулерге барып
сөз сөйлеп, тарыққандарға қаражат тауып бергенi
халқын ағартуға деген оның зор еңбегiнiң куәсi
емес пе?!
Екi ақын да өз ана тiлiне – қазақ тiлiне зор
көңiл бөлген. Мағжан 1922 жылы жазған «Қазақ
тiлi» деген өлеңiнде:
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ кен-тiлiм,
Таза, терең, өткiр, күштi кең тiлiм
Таралған түрiк балаларын баурыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен тiлiм, - деп
болашақтан зор үмiт күтiп, қазақ тiлiнiң әлем
аренасына шығып бүкiл түрiк халықтарының ортақ
тiлi болуын армандап, әрi үлкен көрегендiкпен
болжап кеткен және осы арманының орындалуына
имандай сенген.
Сәкен үкiмет басында тұрған кезiнде күнi
бүгiнге дейiн толық шешiлмей келе жатқан қазақ
тiлi мәселесiн көтердi. 1923 жылғы 9 маусымда
«
Кеңес iстерiн қазақша жүргiзу керек» деген
атақты мақаласын жариялады. 25 маусым күнi
«
Кеңселерде iстi қазақ тiлiнде жүргiзуге кiрiсу»
деген екiншi мақаласын жариялады. 1923 жылдың
22 қарашасында Орталық Атқару комитетiнiң
декретiн қабылдатты. Кеңселердегi iстердi қазақ
тiлiнде жүргiзу бүкiл республика көлемiнде 1924
жылдың 1-шi шiлдесiнен басталатын болды. Әттең
207
Голощекин келгеннен кейiн бұл игiлiктi iс тоқтап
қалды. Қазiргi кезде қайта көтерiлiп, iске аса
бастағанына тәубә деймiз.
Кеңес үкiметiне қазақ жұртының ұлттық
мүддесiн ту ғып көтеретiн зиялылар керек емес едi,
оған өзiнiң пiкiр ұсынысы жоқ, ел қамын ойлап
басын қатырмайтын, тек отаршыл басшылықтың
айтқанын екi етпей орындайтын дүбәрәлар қажет
болатын. Сондықтан большевиктердiң түпкi
мақсаты әртүрлi сылтау тауып, ең алдымен
алашордашыларды,
сосын
Сәкен
сияқты
«
қызылдардың» көзiн құрту едi.
Дауылпаз ақынның жан-жары Гүлбаһрам
Батырбекқызы Жайық Бектұровпен бiр әңгiмесiнде:
«
Сырт көзге оның мiнезiн былайғы жұрт тiк,
бiрбеткей деп ойлайтын. Шыны бiздiң Сәкен
адамға қайырымды, кешiрiмдi едi. Өздерi ертеде
Омбыда оқығанда бiрiн-бiрi сынап, жамандап,
қатты сөгiп, өлең жазысқан, кейiнде бiрi
большевик, бiрi ұлтшыл ақын аталған, өзiне қатты
тiл тигiзген Мағжан лагерден келгенде, оны үйде
құшақтап қарсы алып едi. Зор ықылас бiлдiрiп,
қадiр тұтып едi. Мағжан ертеде тiлiн қатты
қадағаны үшiн одан кешiрiм сұрап, алдына бас игiсi
келгенде Сәкен: «Жоқ, сен кiшiрейме, сенiң кiнәң
кешiрiлдi, бейнет көрдiң» деген. Сөйтiп талай жыл
терiскейдегi айдаудан қайтқан ақын құрбысына
қайырымды, сыпайы мiнез көрсеттi. Қызметке
орналасқанша қаражат берiп көмектестi» – деген
208
екен. (Амантай Кәкен. Алаш арыстары және сұңқар
Сәкен. – «Ақиқат», 2004, № 4).
Бұл жағдайды арнайы зерттеген Тұрсынбек
Кәкiшев ағамыз «Мағжан – Сәкен» деген ғылми
эссесiнде: «…екеуiнiң арасында айта қаларлықтай
қарама-қарсылық ешуақытта да болған емес. Бiрақ
тосыннан келе қалған қазан төңкерiсi екi ақынның
арасын алшақтатуға әсерiн тигiздi» – деген
тұжырымнан осы проблеманың қайда екендiгiн
сеземiз. (сонда).
Осы мәселе жөнiнде әдебиеттанушы ғалым
Мүсiлiм Базарбаев «Бiз Сәкендi қалай түсiнемiз?»
(«
Қазақ әдебиетi». 1.07.1994) деген мақаласында:
«
Халық мынау Сәкен екен, анау Мағжан екен деп
айырған жоқ. Айырған-большевиктер. Бiр ұядан
ұшқан екеуi де екi түрлi жолмен өсiп, бекiп,
танылса да сол жолдары трагедиялық нүктеге келiп
қиылыспай ма? Жұмсартып айтқанда, бiреуi
әдебиеттiң оңы, екiншiсi солы сияқты ұғылып
келдi. Ал екеуiнiң де жазықсыз жазаланғанын бiле
тұрып, олардың сонда айырмашылығы неде, қайда
деген сұрақ қоя алмадық. Бiреуi ақталып, екiншiсi
қара күйiнде қала беруi жауап тiлемейтiн түсiнiктi
жай деп ұғылды. Әйтпесе, Мағжан ақталуын
тiлеушiлер аз болмағаны белгiлi. Шындығында,
тағдыры да, шығармашылығы да бiр алтын
теңгенiң екi жағындай бiрiн-бiрi толықтыратын
жандар емес пе? Әрине, екеуiнiң де алып талант
екенiн бұқара халық бiлдi. Бiрақ жетекшiлер тек
209
тап мүддесiнен, тап саясаты тұрғысынан қарады.
Сөйтiп жүргенде Қазақстанда кеңес өкiметiн
орнатушы, революционер Сәкеннiң өзi мерт болды.
Адалы мен арамы аралас қарбалас заманның
түсiнуi қиын жұмбақтары осындай» – деп жазған
едi.
Ал Мағжан мен Сәкеннiң арасын ажыратып
бiрiн жоғары, бiрiн төмен қоюшыларға ғалым
Тұрсынбек Кәкiшев былай жауап бередi: «Бiздiң
көп адамдар ақындық жағынан Мағжанды – биiк,
Сәкендi – төмен қойғысы келетiн пиғыл байқатады.
Ондай ой әдебиетшiлер арасында ертеде де болған,
қазiр де жоқ емес. Мен мұндай бағалауға, яғни
бойы мен ойын сантиметрлеп өлшеуге қарсымын,
өйткенi екеуi екi дүние, поэзия аспанында өзiнше
жарқырайтын жұлдыздар… Екеуiнiң де тұла бойы
тұнған ақындық… Мағжан да Сәкен де не айтсам
екен деп те, қалай айтсам екен деп те қиналмаған.
Тiптi еркiн кеткен, қысылмаған, аяқтарын тарту
дегендi бiлмеген».
(Т.Кәкiшев. Сайыс. Эссе. 2004, 181-бет)
.
Мiне, осының бәрi Мағжан мен Сәкеннiң
ұлтымыздың мақтанышы, ұлы ақындары екенiн
анықтайды. Сондықтан оларды бiрiнен бiрiн
ажыратпай, қазақтың қос арысы деп бағалауымыз
керек.
210
АЛАШЫМ ДЕП ЖҮРЕГІ АТОЙ САЛҒАН
Не көрсем де алаш үшін көргенім,
Маған атақ- ұлтым үшін өлгенім.
Мен өлсем де алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін.
МАҒЖАН
Мағжан туған халқының өз жерінен, ата
мекенінен айрылып, басқа елге тәуелді болғанын
көріп, жүрегі ауырады. Ол сонау 1913 жылы
"Қазақ" газетінің №7 санында жарияланған "Орал
тауы" өлеңінен бастап ұлт қайғысын жырлады.
Сонымен бірге, осы өлеңде түрікшілдік идеяны да
қозғай бастады:
Бір күнде сенің иең түрік еді,
Орын ғып көшіп-қонып жүріп еді.
Қорықпайтын таудан,тастан батыр түрік
Қойныңа жайыменен кіріп еді, - деп түрікшіл
оймен бастаған өлеңін ақын ұлт қайғысын
жырлаумен аяқтайды:
211
Оралдай ата мекен жерлеріне,
Қасиетті атаның көрлеріне.
Аузы түкті шет елдер ие болып,
Көрсетіп тұр қысымды ерлеріне.
Ал 1914 жылы Омбы қаласындағы мұғалімдер
даярлайтын семинарияда оқып жүріп, сол қалада
оқып жүрген жастардың жартылай жасырын
"Бірлік" ұйымына мүше болды. Бұл ұйымның
мақсаты туралы кейін белгілі қоғам және мемлекет
қайраткері болған Смағұл Сәдуақасов: "Ең
алғашқы жастар ұйымы Омбы қаласында 1914
жылы ашылды. Ол ұйымның аты "Бірлік" еді.
Оның мақсаты программасында айтылған. "Қазак
халқын мәдени һәм әдеби жағынан ілгері қатардағы
жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезімін туғызу һәм
ұлтшылдықты сақтау. Бұл - айтылған мақсаттарға
жету үшін жастар арасында ұлтты сүю сезімін
сіңіре беру. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін
1916 жылы "Бірлік" ұйымы "Балапан" деген жазба
журнал шығарып тұрды. "Балапан" заманында
ауызға ілініп, жастарға көрсеткен оның қызметі көп
болды", деп жазған болатын.
Өкінішке қарай, бұл журналдың бірде-бір саны
сақталмаған. Тек Мағжанның "Балапан қанат
қақты" деген қара сөзбен жазған өлеңі мен осы
өлеңі
тақырыбының
астындағы
"Балапан"
журналына арналған" деген ескертпесі ғана қалған.
212
1917 жылғы патшаны тақтан құлатқан Ақпан
төңкерісін басқа да қазақ оқығандары секілді
Мағжан да "ұлыстың ұлы күні" ретінде бағалаған.
"Қазақ" газетінің 1917 жылғы 225-ші санында
Алаш қозғалысының көшбасшылары Әлихан
Бөкейханов, Мұстафа Шоқаев, Міржақып Дулатов
осы Ақпан төңкерісінен кейін іле-шала "Алаш
ұлына" деген үндеу жариялады. Онда мынандай
жалынды сөздер бар: "Азаттық таңы атты. Тілекке
құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді, міне,
теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ.
Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта,
құлдықта ұстаған жауыз үкімет, өзгеге қазған оры
өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сонарға кетті.
Жүз жылдан бері халықты теңдікке жеткізу
жолында ескі үкіметпен алысып, дарға асылып,
оққа ұшып, басы айдауға, малы талауға түсіп
жүрген сабаздар жасымай, бірі кемісе оны артып,
ақырында Россия қол астындағы халықтардың
бәріне дін, ұлт, тіл айырмасына қарамай азаттық
әперді. Енді бүгін теңеліп, түсімізде көрмеген
жақсылықты өңімізде көріп, төбеміз көкке жетіп
отыр. Бұл күнге жеткізген құдайға мың шүкір"
("Қазақ", Алматы, 1998, 372-бет).
Омбы мұғалімдер семинариясында оқып
жүрген Мағжан бұл үндеуді зор қуанышпен оқып
шықты. Бұдан кейін өзі де әлеумет ісіне белсене
атсалыса бастады. Бұл кезде облыстарда қазақ
құрылтайлары (съездері) ұйымдаса бастайды. Оның
біріншісі болып 1917 жылдың 1-2 сәуір күндері
213
Орынборда Торғай облысы қазақтарының съезі
өтті. Съезге келушілер саны 300-ге жуық болды.
Оған сол замандағы қазақтың игі жақсылары
түгелге жуық қатысады. Солардың арасында
Мағжан да болды. Съезде сөйлеген сөздер мен
қабылданған қаулылар Мағжанның ұлттық
тәуелсіздік жолындағы күреске бекем бет бұруына
зор әсер етті. Съезден зор әсермен қайтқан Мағжан
сол жылдың 25-ші сәуірі мен 7-мамыры
аралығында Омбыда өткен Ақмола облысы
қазақтары съезінің сапалы дайындалуы мен биік
деңгейде өтуіне белсене араласып, Ақмола
облыстық атқару комитетінің мүшелігіне сайланды.
Съезде Ақмола облыстық атқару комитетінің
төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев, оның
орынбасары болып Сейілбек Жанайдаров пен
Асылбек Сейітов сайланады. Мүшелікке жеті адам
сайланады, Мағжан да солардың ішінде.
Патша құлап, уақытша үкімет билік басына
келген соң, болашақ Ресейді басқаратын оның
үкіметін тағайындайтын құрылтай жиналысына
делегаттар сайлау мәселесі күн тәртібіне қойылады.
Әлихан Бөкейханов "Қазақ" газетінің 1917 жылғы
4-
ші шілдедегі 235-ші санында жариялаған "Қазақ
депутаттары" деген мақаласында депутаттыққа
үміткер ретінде лайық деген 43 адамның атын
атайды. Соның бірі Мағжан болатын. Бірақ, кейін
кеңес үкіметі құрылтайды таратып жібергені
белгілі.
214
Мағжан сол 1917 жылдың мамыр айында
Мәскеу
қаласында
өткен
Бүкілресейлік
мұсылмандар съезіне Ақмола облысынан делегат
болып қатысты.1917 жылғы 21-26 шілде
аралығында Орынборда I Бүкілқазақтық съезд өтті.
Бұл съезге Ақмола облысынан Айдархан
Тұрлыбаев, Асылбек Сейітов, Сәкен Сейфуллин,
Мағжан Жұмабаев, Жұмағали Тілеулин қатысты.
Осы съезде қазақтың жаңа саяси партиясы "Алаш"
деген атпен құрылады. Бұл партияны қазақтың
либерал-демократ
зиялыларының
басшылары
Әлихан
Бөкейханов,
Ахмет
Байтұрсынов,
Міржақыл Дулатов басқарады. Бұл партияға, ең
алдымен аталған басшылардан басқа қазақтың
белгілі ғылыми және шығармашылық зиялылары -
Мұхаметжан Тынышбаев, Халел Ғаббасов, Әлімхан
Ермеков,
Жанша
Досмұхамедов,
Халел
Досмұхамедов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім
Құдайбердиев, Жұмағали Тілеулин, т.б. кіреді.
Осы
съезден соң онда
қабылданған
қаулыларды Омбы оқығандары да талқыға салады.
1-
4 қазан аралығында Мағжан мүше болған
"Бірліктің" кеңейтілген жиналысы болып, оған
қатысқандар Орынборда өткен жалпы қазақ
съезінің қаулыларын құптайды. Жиналыс жаңа
құрылған "Алаш" партиясын заман талабына сай
және көздеген мақсатқа тез қол жеткізе алатын
партия санайды, сондықтан да, оны қолдап, халық
215
арасында оның пікірлерін таратуды өз міндетіне
алады.
Бұл істерден әлеуметтік-саяси жұмыстарға
ынта салып, араласып жүрген Мағжан да шет
қалмайды. Алайда, осы кезде Омбы зиялылары
екіге
бөлінеді.
"Бірлік"
қоғамының
айналасындағылар "Алашты" жақтаса, "солшыл"
бағыттағылар "Үш жүз" партиясын құрып оған
қарсы шығады.
"Алаш" партиясының облыстық ұйымдарын
құру үшін Әлихан Бөкейханов 1917 жылдың қазан
айының екінші онкүндігінде Семей, Ақмола
облыстарын аралайды. 13-14 қазанда Семей
қаласында
болып,
қала
жұртшылығымен
кездесулер өткізіп, баяндамалар жасайды. Одан
кейін Омбыға келіп қазақ жастарының "Бірлік"
қауымымен кездесу өткізеді. Осы кездесу кезінде
"Алаш"
партиясының
облыстық
комитеті
құрылады. Оның кұрамына енген он адамның
ішінде Мағжан Жұмабаев та бар. Комитеттің
төрағасы болып Айдархаи Тұрлыбаев сайланады.
Жиналысқа келген "Үш жүз" партиясын
құрушылар осы кездесуде талас-тартыс туғызып, өз
пікірлерін өткізуге тырысады. Олармен Ә.
Бөкейханов арасында ұлттық саяси партияның
сипаты мен бағдарламасы төңірегінде пікірсайыс
болады. Дегенмен, жиналысқа қатысқандардың
көпшілігі "Алашты" жақтап қол көтереді.
216
Бұдан соң "Үш жүз" партиясын кұрушылар
алашшылдарға ашықтан-ашық қарсы шығады. 20-
қазан күні олар Омбы қаласындағы Ақмола
облыстық қазақ комитетіне басып кіріп, онда
отырған Мағжан Жұмабаев пен Мұратбек
Сейітовты
тұтқындайды. Алайда,
уақытша
үкіметтің милициясы бұларды босатып, "Үш
жүздің" белсенділерін қамауға алады.
Мағжанның саяси іске араласуы мұнымен
шектелмейді. 1917 жылдың 5-13 желтоқсан
аралығында Орынборда өткен II Бүкілқазақтық
съезге қатысып, Алашорда үкіметін сайлауға дауыс
береді. Жаңа құрылған Алашорда үкіметінің 5
кісіден тұратын оқу комиссиясына мүше болып
сайланады. Ахмет Байтұрсынов басқарған бұл
комиссияға Мағжан мен бірге Елдес Омаров,
Биахмет Сәрсенов, Телжан Шонанов та кірген.
Н.Мартыненко құрастырып, 1929 жылы жарық
көрген
"Алашорда"
құжаттар
жинағында
"Автономияны дереу жариялау керек пе, әлде
Түркістан қазақтарының қазақ автономиясына
қарым-қатынасын білгеннен соң жариялау керек
пе?" деген сұраққа жауап бергендердің ішінде
Мағжанның да есімі бар. Ол автономияны
жағдайды білген соң жариялаушылар жағында
болыпты.
1918 жылдың 5-13 мамыр аралығында Омбы
қаласында Қазақстанда құрылған әр түрлі жастар
ұйымдарының біріккен съезі болды. Бұл съезді
217
шақырған осындағы "Бірлік" ұйымы. Бұл ұйым
"Алашорда" үкіметі құрылған соң осы үкіметтің
тілектесі
болады.
Смағұл
Сәдуақасовтың
мәліметіне қарағанда, Қазақстанда бұл кезде
"Бірліктен" басқа 21 жастар ұйымы бар екен (оның
ішінде Петропавл қаласындағы "Талап" атты ұйым
да бар). Аталған жиналыста қазақ жастары
ұйымдарының бәрі бірігіп, "Жас азамат" деп ат
қойып, орталық комитет сайлайды және "Жас
азамат" атты газет шығаруға қаулы алады. Оның
редакторы болып Қошмұхамед Кемеңгеров
сайланады. Газет Петропавл қаласында шыға
бастайды. Мағжан осы "Жас азамат" ұйымына ақ
тілеу тілеп, газет бетінде өзінің "Мен жастарға
сенемін" деген өлеңін жариялайды.
Мағжан өмірінің соңына дейін "Алаштың"
тілектесі болды. Ол, тіпті, бірнеше рет
тұтқындалып абақтыда отырса да, бірде-бір рет
ұлт-азаттық Алаш қозғалысына мүше болғанына
өкінбеген. Ол өзінің туған халқы - қазағы, алашы
үшін шыбын жанын да аямаған.
Биылғы 29 мамырда Елбасымыз Н. Ә.
Назарбаев бір топ қазақ тілді бұқаралық ақпарат
құралдары басшыларына берген сұхбатында "Біз
Қазақстанның еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін
күрескен азаматтарды ерекше қадірлей білуіміз
керек... Алаш арыстары бізге мемлекеттілік
идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991
жылы құрылған Қазақстан Республикасы атты
218
мемлекет - сол арыстардың асыл арманының
жүзеге асуы", деп атап көрсетті. Міне, бұл алаш
арыстарына, олардың ішінде ұлы Мағжанға да
берген әділ баға емес пе?!
Достарыңызбен бөлісу: |