3-тарау. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ СУБЪЕКТІЛЕРІ. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ ТУЫНДАУ
НЕГІЗДЕРІ
19-бап. Еңбек қатынастарының субъектілері
1. Қызметкер мен жұмыс беруші еңбек қатынастарының субъектілері болып
табылады.
Шетелдік заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің басшысы осы заңды тұлға
атынан жұмыс берушінің барлық құқықтарын жүзеге асырады және барлық міндеттерін
орындайды.
2. Жеке және заңды тұлғалар нормативтік құқықтық актілер, сот шешімдері,
сондай-ақ құрылтай құжаттары не сенімхат негізінде өздеріне берілген өкілеттіктер
шегінде қызметкерлердің немесе жұмыс берушінің мүдделерін білдіреді.
20-бап. Еңбек қатынастарының туындау негіздері
1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда,
еңбек қатынастары қызметкер мен жұмыс берушінің арасында осы Кодекске сәйкес
жасалған еңбек шартының негізінде туындайды.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында, құрылтай құжаттарында, жұмыс
берушінің актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен еңбек шартын жасау
алдында:
1) лауазымға сайлану (сайлау);
2) тиісті лауазымға орналасуға конкурс бойынша сайлану;
3) лауазымға тағайындау немесе лауазымға бекіту;
4) заңда уәкілеттік берілген органдардың белгіленген квота есебіне жұмысқа
жіберуі;
5) еңбек шартын жасасу туралы сот шешімін шығару рәсімдері болуы мүмкін.
21-бап. Белгіленген квота есебіне жіберілген
азаматтармен еңбек шартын жасасу
1. Жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған
халық санаттарын жұмысқа орналастыру үшін квота белгілейді.
2. Жұмысқа орналасу үшін жіберілген адамдардың біліктілігі жұмыс берушінің
талаптарына сәйкес келген жағдайда, жұмыс берушілер белгіленген квота шегінде
олармен еңбек шартын жасасады.
22-бап. Қызметкердің негізгі құқықтары мен міндеттері
1. Қызметкердің:
1) осы Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда еңбек шартын жасасуға,
өзгертуге, толықтыруға және бұзуға;
2) жұмыс берушіден еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарын орындауды
талап етуге;
3) еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға;
4) еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғаудың жай-күйі туралы толық және
дәйекті ақпарат алуға;
5) еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес уақтылы және толық
көлемде жалақы төленуіне;
6) бос тұрып қалу үшін осы Кодекске сәйкес ақы алуға;
7) тынығуға, оның ішінде жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына;
8) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өз еңбек
құқықтарының берілуі мен оларды қорғау үшін, кәсіподақ немесе басқа да бірлестіктер
құру, сондай-ақ оларға мүшелік құқығын қоса алғанда, бірігуге;
9) өзінің өкілдері арқылы ұжымдық келіссөздерге қатысуға және ұжымдық шарт
жобасын әзірлеуге, сондай-ақ қол қойылған ұжымдық шартпен танысуға;
10) осы Кодексте көзделген тәртіппен кәсіптік даярлықтан, қайта даярлықтан
өтуге және өзінің біліктілігін арттыруға;
11) еңбек міндеттерін атқаруға байланысты денсаулығына келтірілген зиянды
өтетуге;
12) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда міндетті
әлеуметтік сақтандырылуға;
13) кепілдіктерге және өтемақы төлемдеріне;
14) өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін заңға қайшы келмейтін барлық
тәсілдермен қорғауға;
15) бірдей еңбегі үшін қандай да болмасын кемсітусіз бірдей ақы алуға;
16) еңбек дауын шешу үшін таңдауы бойынша келісім комиссиясына, сотқа
жүгінуге;
17) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкес жабдықталған
жұмыс орнына;
18) Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
туралы заңнамасында, сондай-ақ еңбек шартында, ұжымдық шартта көзделген талаптарға
сәйкес жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнаулы киіммен қамтамасыз етілуге;
19) өзінің денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіретін жағдай туындаған
кезде, бұл туралы тікелей басшы немесе жұмыс берушінің өкілін хабардар ете отырып,
жұмысты орындаудан бас тартуға;
20) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес
келмеуі себепті ұйымның жұмысы тоқтатыла тұрған уақытта орташа жалақысының
сақталуына;
21) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттiк органға және (немесе) еңбек
инспекциясы жөніндегі жергілікті органға жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі және
еңбекті қорғау жағдайларына тексеру жүргізу туралы өтініш білдіруге, сондай-ақ
еңбек жағдайларын, қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды жақсартуға байланысты
мәселелерді тексеру мен қарауға өкілдік етіп қатысуға;
22) жұмыс берушінің еңбек және сонымен тікелей байланысты қатынастар
саласындағы іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;
23) біліктілігіне, еңбектің күрделілігіне, орындалған жұмыстың саны мен
сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайларына сәйкес еңбегіне ақы төленуіне;
24) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және ұжымдық
шартта көзделген нысандарда ұйымды басқаруға қатысуға;
25) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген
тәртіппен, ереуілге құқықты қоса алғанда, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешуге
құқығы бар.
2. Қызметкер:
1) еңбек міндеттерін еңбек шартына, ұжымдық шартқа, жұмыс берушінің
актілеріне сәйкес орындауға;
2) еңбек тәртібін сақтауға;
3) жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі
мен өндірістік санитария жөніндегі талаптарды сақтауға;
4) жұмыс берушінің және қызметкерлердің мүлкіне ұқыпты қарауға;
5) адамдардың өмірі мен денсаулығына, жұмыс беруші мен қызметкерлер
мүлкінің сақталуына қауіп төндіретін ахуал туындағаны, сондай-ақ бос тұрып қалу
туындағаны туралы жұмыс берушіге хабарлауға;
6) еңбек міндеттерін орындауға байланысты өзіне мәлім болған мемлекеттік
құпияны, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды
құрайтын мәліметтерді жария етпеуге;
7) жұмыс берушіге келтірілген зиянды осы Кодексте белгіленген шектерде
өтеуге міндетті.
3. Қызметкердің осы Кодексте көзделген өзге де құқықтары болады және ол өзге
де міндеттерді атқарады.
Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17
№ 566-IV
(алғашқы ресми
жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі),
13.06.2013
№ 102-V
(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен
соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
23-бап. Жұмыс берушінің негізгі құқықтары мен міндеттері
1. Жұмыс берушінің:
1) жұмысқа қабылдау кезінде таңдау еркіндігіне;
2) қызметкерлермен еңбек шартын осы Кодексте көзделген тәртіппен және
негіздер бойынша өзгертуге, толықтыруға және бұзуға;
3) өз өкілеттігі шегінде жұмыс берушінің актілерін шығаруға құқығы бар.
Еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты актілер шығару осы Кодекстің 48-
бабына сәйкес жүзеге асырылады;
4) өз құқықтары мен мүдделеріне өкілдік ету және оларды қорғау мақсатында
бірлестіктер құруға және оларға кіруге;
5) қызметкерлерден еңбек шарты, ұжымдық шарт талаптарының, еңбек тәртіптемесі
ережелерінің және жұмыс берушінің басқа да актілерінің орындалуын талап етуге;
6) осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртіппен қызметкерлерді
көтермелеуге, оларға тәртіптік жаза қолдануға, қызметкерлерді материалдық
жауапкершілікке тартуға;
7) еңбек міндеттерін атқару кезінде қызметкердің келтірген зиянын өтетуге;
8) еңбек саласындағы өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында
сотқа жүгінуге;
9) қызметкерге сынақ мерзімін белгілеуге;
10) егер жеке еңбек шартының талаптарында ескертілген болса, қызметкерді
оқытуға байланысты өз шығындарын өтетуге құқығы бар.
2. Жұмыс беруші:
1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, келісімдердің, ұжымдық шарттың,
еңбек шартының, өздері шығарған актілердің талаптарын сақтауға;
2) жұмысқа қабылдаған кезде осы Кодексте белгіленген тәртіппен және
жағдайларда қызметкерлермен еңбек шарттарын жасасуға;
3) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жүзеге
асыруға;
4) қызметкерге еңбек шартында келісілген жұмысты беруге;
5) қызметкерге Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде,
еңбек шартында, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген жалақы мен
өзге де төлемдерді уақтылы және толық мөлшерде төлеуге;
6) қызметкерді ұйымдағы ішкі еңбек тәртібі қағидаларымен және жұмыс берушінің
қызметкердің жұмысына (еңбек функциясына) тікелей қатысы бар өзге де актілерімен
және ұжымдық шартпен таныстыруға;
7) қызметкерлердің өкілдеріне ұжымдық келіссөздер жүргізу, ұжымдық шарттар
жасасу, сондай-ақ олардың орындалуын бақылау үшін қажетті толық және дәйекті
ақпарат беруге;
8) қызметкерлер өкілдерінің ұсыныстарын қарауға, ұжымдық келіссөздер
жүргізуге және осы Кодексте белгіленген тәртіппен ұжымдық шарт жасасуға;
9) қызметкерлерді Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, еңбек шартына,
ұжымдық шартқа сәйкес еңбек жағдайларымен қамтамасыз етуге;
10) қызметкерлерді жабдықпен, құралдармен, техникалық құжаттамамен және еңбек
міндеттерін атқару үшін қажетті өзге де құралдармен өз қаражаты есебінен қамтамасыз
етуге;
11) мемлекеттік еңбек инспекторларының нұсқамаларын орындауға;
12) егер жұмысты жалғастыру қызметкердің және өзге де адамдардың өміріне,
денсаулығына қауіп төндіретін болса, жұмысты тоқтата тұруға;
13) қызметкерлерді міндетті әлеуметтік сақтандыруды жүзеге асыруға;
14) қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым
оқиғалардан сақтандыруға;
15) қызметкерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беруге;
16) қызметкерлердің еңбек қызметін растайтын құжаттардың және оларды
зейнетақымен қамсыздандыруға арналған ақшаны ұстап қалу мен аудару туралы
деректердің сақталуын және мемлекеттік мұрағатқа тапсырылуын қамтамасыз етуге;
17) қызметкерге зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыс жағдайлары
мен кәсіптік аурудың болу мүмкіндігі туралы ескертуге;
18) жұмыс орындары мен технологиялық процестерде қауіп-қатерді болғызбау
жөнінде шаралар қабылдауға, өндірістік және ғылыми-техникалық прогресті ескере
отырып профилактикалық жұмыстар жүргізуге;
19) жұмыс уақытының, оның ішінде әрбір қызметкер орындайтын үстеме
жұмыстардың, зиянды (ерекше зиянды), қауіпті еңбек жағдайларындағы жұмыстардың,
ауыр жұмыстардың нақты есебін жүргізуге;
20) қызметкерлердің кәсіби даярлықтан, қайта даярлықтан өтуін және олардың
біліктілігін арттыруды осы Кодекске сәйкес қамтамасыз етуге;
21) қызметкердің еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде өмірі мен
денсаулығына келтірілген зиянды осы Кодекске және Қазақстан
Республикасының заңнамасына сәйкес өтеуге;
22) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның және еңбек инспекциясы
жөнiндегi жергілікті органның лауазымды адамдарын, қызметкерлердің өкiлдерiн,
еңбектi қорғау жөнiндегi қоғамдық инспекторларды ұйымдардағы еңбек қауiпсiздiгiнiң,
жағдайларының және еңбектi қорғаудың жай-күйiне және Қазақстан Республикасының
еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы заңнамасының сақталуына тексерулер
жүргізу үшін, сондай-ақ өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды және кәсiптiк ауруларды
тергеп-тексеру үшiн кедергiсiз жiберуге;
23) жұмысқа қабылдау кезінде осы Кодекстің 31-бабына сәйкес еңбек шартын
жасасу үшін қажетті құжаттарды талап етуге;
24) жұмыс беруші айқындайтын, он сегіз жасқа дейінгі қызметкерлердің тегі,
аты, әкесінің аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және туған
күні көрсетілетін тізілімдердің немесе басқа да құжаттардың жүргізілуін қамтамасыз
етуге міндетті.
3. Жұмыс берушінің осы Кодексте көзделген өзге де құқықтары болады және ол
өзге де міндеттерді атқарады.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.12.30
№ 234-IV
(қолданысқа
енгізілу тәртібін
2-б
. қараңыз), 2012.02.17
№ 566-IV
(алғашқы ресми жарияланғанынан
кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013
№ 102-V
(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа
енгізіледі) Заңдарымен.
ЕРЕКШЕ БӨЛІМ
2-БӨЛІМ. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ
4-тарау. ЕҢБЕК ШАРТЫ
24-бап. Еңбек шартының нысанасы
Еңбек шарты бойынша қызметкер сыйақы үшін тиісті біліктілігі бойынша жұмысты
(еңбек функциясын) атқарады және еңбек тәртіптемесін сақтайды, ал жұмыс беруші
еңбек жағдайларын қамтамасыз етеді, қызметкерге Қазақстан Республикасының еңбек
заңнамасында, еңбек шартында, ұжымдық шартта, тараптардың келісімінде көзделген
жалақыны уақтылы және толық көлемінде төлейді және өзге де төлемдерді жүзеге
асырады.
25-бап. Еңбек шартын жасасу кезіндегі құқықтар мен
мүмкіндіктер теңдігінің кепілдіктері
1. Еңбек шартын жасасу кезінде құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігін бұзуға
тыйым салынады.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жүктілік, үш жасқа дейінгі
балаларының болуы, кәмелетке толмағандық, мүгедектік еңбек шартын жасасу құқығын
шектей алмайды.
Осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген адамдар санатының талабы бойынша
жұмыс беруші бас тарту себебін жазбаша нысанда хабарлауға міндетті.
2-1. Жұмысқа қабылдау кезінде осы Кодекстің 7-бабының 2-тармағында көзделген
белгілер бойынша еңбек саласындағы кемсітушілік сипаттағы талаптарды қоюға тыйым
салынады.
3. Еңбек шартын жасасу кезінде құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігінің бұзылу
фактісі анықталған жағдайда, жұмыс беруші Қазақстан
Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.06.2013
N 106-V
(алғашқы ресми
жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
26-бап. Еңбек шартын жасасуға қойылатын шектеулер
1. Еңбек шартын:
1) медициналық қорытынды негізінде адамның денсаулық жағдайы бойынша қайшы
келетін жұмысты орындауға;
2) ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе)
қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ жұмыс берушінің мүлкі мен басқа да құндылықтарының
сақталуын қамтамасыз етпегені үшін қызметкердің толық материалдық жауапкершілігі
көзделетін лауазымдар мен жұмыстарға, он сегіз жасқа толмаған азаматтармен;
3) соттың заңды күшіне енген үкіміне сәйкес белгілі бір лауазымға тұру немесе
белгілі бір қызметпен шұғылдану құқығынан айырылған азаматтармен;
4) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен шетелдік жұмыс
күшін тартуға не шетелдік қызметкер жұмысқа орналасуға жергiлiктi атқарушы органның
рұқсатын алғанға дейiн, сондай-ақ еңбекші көшіп келушіге Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрлігі белгілеген тәртіппен ішкі істер органдары беретін рұқсатты
алғанға дейiн немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулердi
немесе ерекшеліктерді сақтамай, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын
шетелдiктермен және азаматтығы жоқ адамдармен;
5) білім беру ұйымынан оқу нысаны көрсетілген немесе қабылдайтын ұйымнан
кәсіптік даярлаудан және (немесе) тағылымдамадан өтуі туралы анықтамаларды және
білім алу мақсатында болуға арналған рұқсатты ұсынбаған, Қазақстан Республикасының
аумағында уақытша болатын шетелдік студенттермен және тағылымдамадан өтушілермен;
6) отбасына қосылу мақсатында Қазақстан Республикасына келуге және онда
болуға арналған рұқсатты және Қазақстан Республикасының заңнамасымен
танылатын, Қазақстан Республикасының азаматымен некеде тұрғанын растайтын құжатты
ұсынбаған, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетелдіктермен және
азаматтығы жоқ адамдармен жасасуға жол берілмейді.
1-1. Бір жұмыс беруші жеке тұлғаның бір мезгілде бестен көп еңбекші көшіп
келушімен үй шаруашылығында жұмыстар орындау (қызметтер көрсету) бойынша еңбек
шарттарын жасасуына жол берілмейді.
2. Мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін адамға, егер мемлекеттік қызметті
тоқтатар алдындағы соңғы бір жылда мемлекеттік функцияларды орындау кезеңінде
аталған адам өзінің лауазымдық өкілеттіктеріне орай осы коммерциялық ұйымның
қызметін тексеру нысанында бақылауды тікелей жүзеге асырған болса не осы
коммерциялық ұйымның қызметі аталған адаммен оның құзыретіне сәйкес тікелей
байланысты болған болса, мемлекеттік ұйымдарды және жарғылық капиталындағы
мемлекеттiң үлесi елу пайыздан көп, оның iшiнде акционерi мемлекет болып табылатын
ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық
даму институттарында, дауыс беретiн акцияларының (қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан
астамы өздеріне тиесiлi олардың еншiлес ұйымдарында, сондай-ақ дауыс беретiн
акцияларының (қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы аталған еншiлес ұйымдарға
тиесiлi заңды тұлғаларда болатын ұйымдарды қоспағанда, бір жыл бойы коммерциялық
ұйымға жұмысқа орналасуға жол берілмейді.
3. Кәмелетке толмағандар қатысатын білім беру, тәрбиелеу, демалысты
ұйымдастыру және сауықтыру, дене тәрбиесі және спорт, медициналық қамтамасыз ету,
әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер саласындағы еңбек қызметіне
кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстары: адам өлтіргені, денсаулығына қасақана
зиян келтіргені, жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысы, сондай-ақ адам саудасына
байланысты қылмыстары үшін соттылығы бар немесе соттылығы болған адамдар
жіберілмейді.
Ескерту. 26-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.12.29
N 371-IV
(алғашқы
ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi),
2011.07.22
№ 478-IV
(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен
соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.17
№ 566-IV
(алғашқы ресми жарияланғанынан
кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.12.2012
N 59-V
(алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі);
04.07.2013
№ 127-V
(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен
соң қолданысқа енгізіледі); 10.12.2013
№ 153-V
(алғашқы ресми жарияланған күнінен
кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
27-бап. Еңбек шартының шарттардың өзге түрлерінен
ерекшелігі
Еңбек шартында мына талаптардың біреуінің болуы:
1) қызметкердің жұмысты (еңбек функциясын) белгілі бір біліктілік,
мамандық, кәсіп немесе лауазым бойынша орындауы;
2) міндеттемелердің еңбек тәртіптемесіне бағына отырып жеке орындалуы;
3) қызметкердің еңбегі үшін жалақы алуы еңбек шартының шарттардың өзге
түрлерінен ерекшелігі болып табылады.
28-бап. Еңбек шартының мазмұны
1. Еңбек шартында:
1) тараптардың деректемелері:
жұмыс беруші-жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер жеке басын
куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның тұрақты тұратын мекенжайы және
тұратын жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер, жеке басын куәландыратын
құжаттың атауы, нөмірі, берілген күні, салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
жұмыс беруші-заңды тұлғаның толық атауы мен орналасқан жері, жұмыс беруші-
заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу нөмірі мен күні, салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
қызметкердің тегі, аты, әкесінің аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта
көрсетілген болса), оның тұрақты тұратын жерінің мекенжайы және тұратын жері
бойынша тіркелгені туралы мәліметтер, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы,
нөмірі, берілген күні, жеке сәйкестендіру нөмірі және салық төлеушінің тіркеу
нөмірі, әлеуметтік жеке коды;
2) белгілі бір мамандық, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысы (еңбек
функциясы);
3) жұмыстың атқарылатын орны;
4) еңбек шартының мерзімі;
5) жұмыстың басталу күні;
6) жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі;
7) еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттары;
8) егер жұмыс ауыр жұмыстарға жататын болса және (немесе) зиянды (ерекше
зиянды) және (немесе) қауіпті жағдайларда орындалатын болса, еңбек жағдайларының
сипаттамасы, кепілдіктер мен жеңілдіктер;
9) қызметкердің құқықтары мен міндеттері;
10) жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері;
11) еңбек шартын өзгерту мен тоқтату тәртібі;
12) кепілдіктер мен өтемақы төлемдері, оларды төлеу тәртібі;
13) сақтандыру жөніндегі талаптар;
14) тараптардың жауапкершілігі;
15) жасалу күні мен реттік нөмірі болуға тиіс.
1-1. Тараптардың деректемелері өзгерген кезде еңбек шартына тиісті өзгерістер
енгізіледі.
2. Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартына Қазақстан Республикасының
заңнамасына қайшы келмейтін өзге де талаптар енгізілуі мүмкін.
3. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда қызметкердің
жағдайын нашарлататын еңбек шартының ережелері жарамсыз деп танылады және
қолданылмауға тиіс.
Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.22
№ 478-IV
(алғашқы ресми
жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі),
2012.02.17
№ 566-IV
(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен
соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |