Болмаған балалық шақ



Pdf көрінісі
бет25/30
Дата22.07.2023
өлшемі2,2 Mb.
#104632
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   30
Байланысты:
Elgezek A. Bolmag An Balalyik Shak.a4

 
Ержету
 
Үй мен қора-қопсының бітпейтін бәкүн-шүкін шаруаларынан жалыққанда, Айдарбек
деген ағам «жылқы қараймын» деген сылтаумен Шөлге кететін. Шөл деген шартты атау. Біздің
ауылдан 100 шақырымдай жердегі жылқышылар қосын тігетін жер.
Махоркасын орап, пештің түбінде күрк-күрк жөтеліп отырып, ағам шалдың қас-қабағын
былай бағатын еді.
– Ана үйір деймін де… Боранды түндері Балқаш жаққа ығып кетіп, екі аяқты қасқыр мен
түз тағыларына жем болмады ма екен деп ойлап қоям… – дейтін. Шал онысын естімегенсіп,
кітабын оқи беретін. Ағам бірінші барлауының сәтсіздікке ұшырағанын байқайды да:
– Әнеукүні, Түсіпханның екі тайын қасқыр тартып кетіп, шығынға батты. Айғыры нашар
ма, әлде қамалаған қасқыр көп болып, шамасы жетпеді ме, обал қылыпты, әкең…
Шал міз бақпайды. Тек көзілдірігінің үстінен бір қарап қояды да, кітабына үңіледі. Атам
ағамның дала безер екенін біледі. Білмегенде, өз баласы ғой! Ағамның жылқы ауылға барып,
мына жалғаннан кірлеген жанын ақ қармен, ақ арақпен тазартқысы келіп отырғанын шалекең
жақсы білетін… Жылқы малына деген аса үлкен «алаңдаушылық» пиғылдағы тағы бір әре-
кетіне шал шыдамай:
– Әй, барғың келсе, барсайшы, құлақ етімді жемей. Атыңды сайла да, әйда кет! Таңер-
тең гараждан екі жарты арағыңды қоржыныңа саламын. Ана Төкішке апарып бер. Жылқыға
қарайлай жүрсін. Болды, басымды қатырмай, тыныш отыр! Ой, далабезер, көксау неме! – деп
қолындағы кітабын тарс жауып, жатын бөлмесіне кететін.
Ағам бақыттан басы айналып, рахаттана-құмарлана шылымын тартады да, сыртқа
шығарған көк түтіннің арасында күлімсіреп отыра беретін. Қыс келсе, осы. Қыс келсе, атын
ерттеп, бағыты – айдала, кетіп бара жататын. Жай емес, әндетіп кетіп бара жататын-ей!
Маған осы ағамның жылқы ауылына баратын сапарлары сұмдық сиқырлы, ғаламат қызық
көрінетін. Ол жақта басқа бір өмір бардай, ол жақтағы адамдар мүлде басқа болатындай. Ерте-
гідегідей!
Жаңағы әңгіме болған кезде, мен 10 оқимын. Жылқы жалын тартып мінетін жасқа кел-
мек түгілі, аттың құлағында ойнайтын кезім. Дегенмен сол Шамбаладай көрінетін Шөл деген
мекенге әлі барып көрмеппін. Ағама жайлап жақындадым.
– Аға, мен де барайыншы…
– Сен бе? – үстімді тінти қарады.
– Иә, мен. Былтыр «өскенде барасың», – деп едіңіз ғой. Міне, өстім.
– Уахахахаааахаха! Бір жылда өсіп кеттім дейсің бе?
– Е, несі бар, өстім! Келер жылы мектеп бітірем ғой! Барайыншы, аға.
– Боғыңмен қатасың! Аулақ жүр, пәлеңнен аулақ.
– Қатпаймын! Қатсам, қатқан жерімде тастап кете беріңіз, – дедім қайсарланып.
– Атаң жібермейді ғой, боқмұрын-ау!
– Жібермесе, қашып кетейік, – дедім, ағамды қылмысқа итермелеп.
– Ой, қой, есің дұрыс па! Бар, сабағыңды оқы.
– Ертең Жаңа жыл ғой, қайдағы сабақ! Каникул бізде.
– Ммм…білмеймін.
Атама бардым. Атама бардым да, таң қалдым. Саққұлақ шал бәрін біліп, естіп жатқан
екен.
– Барғың келсе, бар. Ана қара құнанды ерттеп, мін. Мынандай қыста дала кезіп келген
бала – жігіт боп оралады. Бар, ағаңнан қалма! Ағаң әккі ғой, өлтірмейді, – деген сөзін естіртіп,
бұйыра сөйледі. Ағам, жөтелгенін тия қойып, құлағын түріп отыр екен. Ана бөлмеден келген
маған құрметпен қарай бастаған секілді.


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
63
– Мәләдес!
Таң атпай оянып алдым. «Ағам тастап кете ме» деген қорқыныш ұйықтатпай қойды.
Аттарымызды ерттеп, жолға шықтық.
Арқаның аязы қатты. – 40. Демімізден бу атып қырау-қырау боп келеміз. Бірақ өкініп
келе жатқанымыз жоқ. Мен әсіресе. Алдымда көз тоятын кеңістік ашыла түсуде. Ішімде еркін-
дікке масайған мәз біреу бар. Айқайлағысы келеді! Қиқулағысы келеді оның!
Ауылдағы жылы пештің қасындағы балаларға қарағанда, менің мына жүрісім әлдеқайда
ғой, әлдеқайда! Санам сергіп, бойыма қуат құйылғандай құрыштанып алғам.
Күйкентайға жақындадық. Таудың қыстағы бейнесі тіпті ерекше екен.
– Аттардың белі шаршады, демалдырайық, – деді ағам. Аяздан қауқиып қалған мен, аттан
сырғып түстім. Шалбарым қатып қалған, жүргізбейді.
– Отын жина, от жағып, шай ішеміз, – деді ағам.
– Қайдағы шай?
– Қазір көресің.
Маңайдағы тобылғының қалың жынысынан қоңыр бұтақтарды сырт-сырт сындырып, от
тұтаттық. Ағам бір үңгірге кіріп, кәдімгі шәугім алып шықты. Іші толған су. Мен аң-таңмын.
– Мына үңгірде өмірі қатпайтын әулие су бар. Жылқы қарайтын ағайын осы шәугіммен
шай ішіп, ішін тазалап, қайтадан үңгірге тығып кетеді, – деді.
– Қызық екен…
Ағам қанжығаға байланған дорбадан ет алды да, кәдімгі қардың үстіне жапырақтап турай
бастады. Қарным ашқаны енді сезілді. Бір кезде төс қалтасынан сарымсақ (пияз, жуа) алып
шықты да, екіге бөлді. Бір бөлігін маған ұсынды. Тыжырынып, «жемеймін», – деп едім, –
Сарымсақ жемесең, қосқа жете алмайсың мына аязда, – деді ағам.
Деді де, екі жапырақ етке тұз сеуіп ауызына салды. Артынша дәу сарымсақтың бір бөлігін
қарш еткізіп, тістеді. Көзінен жас шыққанша шайнады дерсің.
Мен де сөйттім. Біршама уақыттан соң, денем жіпсіп, қыза бастады. Міне, қызық.
Кеш қарайған шақта жылқылы ауылға да жеттік.
Жылқылы ауыл дейтін – елді мекен емес, жылқышылардың қосы. Нақтырақ айтқанда,
иен даланың бір нүктесінде қарайып тұрған үлкен бір темір вагон. Маңында бірнеше байлаулы
аттар тұр. Ат белінде қорбиып қырау-қырау боп келе жатқан бізді есіктің алдынан ауыздары-
нан буы шыға абалаған екі-үш төбет қарсы алды. Вагонның кішкентай терезелерінен өлімсіре-
ген шамның жарығы көрінді. Сыртта ит үргесін, вагоннан мылтық ұстаған бір кісі шықты. Бұл
біздің ауылдың бас жылқышысы – Төкіш деген ағай.
Ағам екеуі қауқылдасып амандасқан соң, сіресіп қалған қалпымызда қосқа кірдік.
Қостың іші күңгірттеу екен. Ортада жозы тұр. Жозының үстінде екі керосин шамы. Одан
шашыраған жарықтан қос ішінде жүріп, сөйлеген адамдардың жаға-жеңі ербеңдеп, қабырғасы
мен төбесінде көшкен көлеңке-бейнелері көрінеді. Соны қызықтап біраз отырдым. Ортаға
күйелеш-күйелеш дәу қара темір шәугім келді. Есімде қалғаны – қостың ішіне жылқының иісі
сіңіп қалыпты. Бір қабырғасында екі шетінен жіппен іліп қойған ағаш бар. Жіпке алып құрт-
тар сынды майлы қазылар ілініпті. Әр жердегі табақта тоңазыған дайын ет.
Қосқа кіріп, бір-екі шыны шәй ішкен соң, бойым жылып ұйықтап кеттім. Дабыр-дұбыр
әңгімеден оянсам, ағам мен бірнеше жылқышы арақ ішіп отыр екен. Жай ішіп отырған жоқ,
бірдеңеге келіспей, дауласып жатты. Бір уақытта булары бұрқырап далаға шықты, қайта кірді,
қайта шықты, қайта кірді. Әйтеуір тынышталып жатты бір кезде. Бірнеше күннен кейін ағам
екеуміз желе-жортып ауылға қайттық.
Атам айтқандай, сол сапардан мен жігіт боп оралдым. Сол сапарда мен боркемік, жыла-
уық болу ер адам үшін ұят екенін, мін екенін түйсінген едім.


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
64


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет