Болмаған балалық шақ



Pdf көрінісі
бет26/30
Дата22.07.2023
өлшемі2,2 Mb.
#104632
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   30
Байланысты:
Elgezek A. Bolmag An Balalyik Shak.a4

 
Лашын
 
Біздің ауыл – Көкталдың тұрғындары атқұмар. Атбегілік атадан балаға даритын қасиет
екендігін білсе де, әркім өз қарекетінше үйінде бір-бір бәйге ат ұстайтын. Мен жасым ересек-
теу әрі салмағым жеңіл болғандықтан осы ауылдағы үлкен сұранысқа ие шабандоз балалардың
бірімін. Ауылдың қай қырынан қарасаңыз да, астындағы атын алаөкпе қып, жарысып жүрген
қарадомалақтарды ұшыратасыз. Әгәрәки, арасында күнге әбден күйген шашының сары бояуы
қоюланып қызыл түске енген, екі аяғын аттың өкпесін түсірердей тебініп, шауып бара жатқан,
көзі қысықтау баланы байқап қалсаңыз, ол менмін. Тоқтатам деп әуре болмаңыз, өйткені біздің
жетуге тиіс мәреміз – Үшқорымдағы табиғи ипподром – аламан майдан. Сол жерде той өте
қалса, міндетті түрде атжарыс болады. Біз соған кетіп барамыз. Тағы да жарысуға.
Атам мені Үржардан алып келгенде, тай атаймын деп уәде берген. Алайда уәдесінің
орындалуы созылыңқырап кеткен еді. Немересі көп шал, бие құлындаса, құлынын жыл сайын
кезектесіп босана беретін жеңгелерімнің балаларына еншілейтін. Мен түгілі, менің әкем туған
бауыры болмағандықтан, пақырыңыз жылда жылқыдан құр қалушы еді. Сөйтіп жүргенде,
Айдарбектің бедеу биесі құлындады. Мен бұл оқиғаға арнайы баллада жазған едім. Сізді көп
шаршатпай, сол өлеңімді ұсынайын, қара сөзден жалыққан шығарсыз.


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
65
 
«Лашын»
 
(баллада)
Жүрген кезде келер шаққа көз тігіп,
Бедеу торы құлындады. Естідік.
Еш бәйгеге ат қоспайтын әулеттің
Көңілінен қоңырсамал есті үміт.
Хақтан мен де алғандай ем сыйлықты,
Өгей атам боратады бұйрықты.
«Құлыншаққа көзің тиер!» – деп,
Маған
Дәл сол күні өлердейін шүйлікті.
Берсе ғой деп, сол биенің құлынын,
Тезек терем, үзілгенше жұлыным.
Өгей шалдың қас-қабағын бағамын,
Тумаған соң баласы боп ұлының.
Сәби едім, келер күнге сенетін,
Сол құлыннан басқа арманым жоқ еді.
Қызғаныштан қып-қызыл боп жүрдім мен,
Қырсық шалдың немересі көп еді.
Көңіліме тынымсыз күй бұйырды,
Бағып жатам жылқы келер қиырды.
Тау етегі – тобылғы еді қап-қалың,
Елестетер шұрқыраған үйірді.
Құштарланған қиялымның күшімен
Атқа мінем!..
Ол елес қой, түсінем.
Кіп-кішкене күдігімдей кісінеп,
Қоңыр төбел құлын кірер түсіме.
Бар мұңымнан сол қуаныш басым боп,
Құлынымды жүрдім «жалғыз досым» деп.
Арманымды біреу сезіп қоярдай,
Іштей ғана еркелетем: «Лашын!» деп.
Құлағы оның қалар сонда дір етіп.
Тай боп өсті, дөңгеленген жыл өтіп.
Кырсық шалдан қорлықты көп көрсем де,
Жүруші едім Лашынымды жыр етіп.
Өзім мініп, өзім алғаш үйретіп,
Жүргенімде, кетті талай сүйретіп.


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
66
Ондай кезде мәз болатын қырсық шал,
Сар сақалын иегінде билетіп.
Қозы бақтым.
Қой құрттадым ашынып,
Ала жаздай серік болды Лашыным.
Қарашада еркіндікке жібердім,
Қалмасын деп мен секілді басылып.
Сол кеткеннен қоңыр төбел жоғалды.
Ал қырсық шал: «өй, әкеңнің!..» – деп алды.
«Әкең..» деуі бер жағы ғой кәпірдің,
Лашын үшін талай рет сабалдым.
Мен де бірақ «кесір» едім қағынған,
Ешбір жанға кезім де жоқ жағынған.
Кейін білдім, қоңыр тайды қырсық шал
Сатқан екен көрші ауылға, соғымға.
Мен де іштей: «өй, әкеңнің!..» – деп алдым.
Иә, солай… қоңыр төбел жоғалды.
Есесіне, қоңыр дәптер ішіне,
Жан сырымды өрнектейтін боп алдым.
Бірте-бірте жырлар жаздым тәп-тәуір,
Келмес жаққа жетім жылдар кетті ауыр…
Анда-санда азаптайды, еске алсам,
Жүрегімді, сол баяғы кекті ауыл.
Лашыным-ай!..
Үні келіп құлаққа,
Жаңғырық боп адасады жыраққа.
Ол Пегасқа айналды ғой мен үшін,
Ақ қанатты, қоңыр төбел пыраққа!
Өтсе-дағы есіл күн мен есіл түн,
Өмір бірақ керемет қой, о, шіркін!..
Өжет болып өскеніме өкінбен,
Тек сол үшін қырсық шалды кешірдім!…
Баллададан ұққаныңыздай, соғымға сатылып кеткен сүйікті тайымды Лашын деп атағам.
Сол кезде теледидардан «Лашын» деген бір ақалтеке жылқысы туралы кино көрсететін. Соған
ұқсатып қойған түрім ғой. Лашын десе – Лашын еді. Екі құлағы қамыстай, қайшыланып тұра-
тын. Маңдайында кішкене ғана төбелі бар, күрең тайды қант беріп үйретіп қойғам. Сосын
тура кинодағыдай ысқырсам, кісінеп шауып келуші еді. Мен тұмсығынан құшырлана иіскеп,
сүйетінмін. Лашынның бойынан жусан сіңген жұпар иіс аңқушы еді ғой! Тәңір маған сыйлаған
сәйгүлікті, адамдардың ашкөздігі құртты…


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
67


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет