Негізгі дағдылары Оқушылар:
• уақыт сызығында оқиғалардың мерзімін бел-
гілеп, б.з.д. және б.з. ұғымдарының мағынасын ажы-
ратуды;
• тас, қола дәуірлеріндегі археологиялық ескерт-
кіштерін картадан көрсетуді, шартты белгілерді оқу-
ды;
• тас, қола дәуірлеріне жататын олжаларды бел-
гілі бір критерийлер негізінде салыстырып, ерек-
шелігін анықтауды;
• тас, қола дәуірлерінде орын алған өзгерістерді
анықтауды;
• түрлі деректерден тақырыпқа сәйкес қажетті
ақпараттарды анықтап, қолдануды, тұжырым жасауды;
• өз пікірлеріне дәйектер келтіруді;
• мәтінмен жұмыс жасауды, оның негізгі идеясын
анықтауды;
• сабақ барысында алған білімі мен түсініктерінің
негізінде оқиға желісін құрастыруды үйренеді.
Ойланып көрейік Көне тас дәуірі адамдарының тас құралдары
Оңтүстік Қазақстанның Бөріқазған, Тәңірқазған тұрақ
жайларынан табылған. Ал мезолит дәуірінің ескерт-
кіштері, негізінен, Қазақстанның солтүстік және ор-
талық аймақтарында кездеседі. Мезолит дәуірінде
жебелі садақ, бумеранг, балық аулау құралдары ой-
лап табылды. Неолит дәуірі орасан зор жаңалықтарға
толы болды, тас өңдеу жоғары деңгейге жетті, сазбал-
шықтан ыдыс жасау кең тарады. Мал шаруашылығы
мен егіншілік пайда болды. Бұл кезең – тас өңдеу тех-
никасының әбден жетілген кезі. Адамдар тасты кесуді,
жонуды, тегістеуді меңгерді. Тастың тұтқыр түрлерінен
балта, кетпен, келі-келсап, ал граниттен дән үккіштер
жасады. Кен өндірудің алғашқы белгілері пайда бо-
лып, мыс, алтын, қорғасын өндіріле бастады. Сол-
түстік-Шығыс Балқаш маңынан табылған құралдар
яшма мен кварциттен жасалған. Ботай тұрағынан та-
былған жылқы сүйектері жабайы жануарларды қолға
үйрету ісінің басталғанын дәлелдейді.
Қола дәуірінде адамзат металды игерді. Өндіріске
қоладан жасалған құралдардың енуі еңбек өнімділігін
арттырды, шаруашылықтың жаңа түрлерінің пайда
болуына себеп болды, жаңаша әлеуметтік қатынас-
тарды қалыптастырды. Металл өндіру қолөнер мен
зергерлік кәсіптің пайда болуына ықпал етті. Ежел-
гі наным-сенімдер адамдардың кәсібіне және қор-
шаған орта туралы түсінігіне байланысты пайда бол-
ды. Алғашқы адамдар табиғат күштерінің алдында
дәрменсіз болды, сондықтан табиғат күштеріне табы-
ну кең орын алды.
Өмір олар үшін қайталанып отыратын табиғат ай-
налымы іспеттес еді: көктемде жер жырту, егін егу,
күзде өнімді жинау және т.б. Бұл үйлесімділікті, әрбір
құбылыстарды бұзбау үшін олардың түсінігі бойынша
құдайларға құрбандық берілуі, дұға оқытылуы және
жөн-жоралғылар атқарылуы тиіс еді. Мұның бәрі ар-
найы орындарда, тау бөктері, қасиетті бұлақ пен өзен
секілді оңаша жерлерде атқарылды. Қола дәуірінде
және одан кейінгі уақыттарда мұндай құрбандық ша-
латын орындар адамдар суреттермен өздерін қор-
шаған орта туралы түсініктерін бейнелеген жартастар
маңында болды. Қола дәуіріндегі петроглифтер Қара-
тау жоталарында, Тамғалыда, Ешкіөлмес тауында бар.