Бағдарламасы бойынша жарық көрді Кітапты жүйелеп, баспаға əзірлеген немересі Нəзік Мəми Айтхожа М



Pdf көрінісі
бет11/13
Дата27.03.2017
өлшемі4,59 Mb.
#10437
түріБағдарламасы
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

Сəкен ИМАНАСОВ
МАРФУҒА
Өстің ұнап еліңе – өлең айтып, əн құрап,
Тосты құлақ деміңе сайын дала, сан қырат.
Жүрісінен жаңылмай тайпалады белді асып,
Төрт аяғың тең басып алтын жалды арғымақ.
Көрген жоқсың шиырлап төңірегін бір іздің,
Мың құбыла құйқылжып сыңғыр қақса сыбызғы үн,
Төгіледі біз бұрын естімеген ескі əуен
Иісіндей бұрқырап бес түнеген қымыздың.
Іше жүріп уды да, түсе жүріп отқа сен,
Жалғандықтың иісі бар жағалауға соқпас ең.
Ана болып біріне, пана болып ініңе,
Бастап келе жатырсың баянды бір топты əсем.
Даңқың да бар бұл күнде өз бойыңа шақ келген,
Халқың да бар қадірлеп орын берген қақ төрден.
Марфуға деп атыңды бөліп айтып басқадан,
Президенттің өзі де омырауыңа тақты орден.
Еркеле де, еліңе өлең арнап, əн құрап,
Ойпаттардан орғып өт, қыраттардан қарғып-ақ.
Жүрісінен жаңылмай, тарта берсін ілгері
Ерттеп мінген ежелден алтын жалды арғымақ. 

319
Несіпбек АЙТҰЛЫ
МАРФУҒА
Құйылған өлең-жырдан бар тұлғасы,
Қазақтың маржан төккен Марфуғасы.
Аққудай қанатыңды еркін қағып,
Астана аспанында жарқылдашы!
Тереңнен ақтарылса сөз тұнбасы,
Сезімнің саған аян сарқылмасы.
Төрінен ақ сарайдың осынау бір,
Сараның сіңлісі, саңқылдашы!
Апатай, жасқанбашы, тартынбашы,
Жүйріктің жұртқа мəлім алқынбасы.
Жөңкілген Жетісудың өзеніндей,
Төгілші, тасқындашы, қарқындашы!
Елімнің еркелеткен Марфуғасы,
Есіліп ақ жібектей толқындашы.
Ілияс ағасына тартып туған,
Өзге емес қазағымның қолтумасы!
Ақынның ардақталса алтын басы,
Бақыт жоқ одан асқан ең турасы.
Сағыныш өртегенде өзегіңді,
Сайрамның самалымен салқындашы!

Келгенде қара өлеңнің Марфуғасы,
Халайық, көңіл қойып, сəл тыңдашы.
Қайтемін тағдырына терең бойлап,
Белгілі өзінен сөз артылмасы!..

321
Қорғанбек АМАНЖОЛ
«АМАН БОЛ, БАР ҚАЗАҚТЫҢ БАҚЫТЫ ҮШІН…»
Тұңғыш  Президент  күні  бүкіл  еліміз  бойынша  кеңінен 
аталып  өткені  белгілі.  Бірақ  осы  орайдағы  ықыласты  көңіл 
лүпілі,  ізгі  ниеттерден  туған  құрмет  толқыны,  игі  шаралар 
тасқыны  толастар  емес.  Күй  атасы  Құрманғазы  атындағы 
қазақ өнерінің қарашаңырағы өзінің сексенінші маусымының 
шымылдығын елдігіміздің мəртебесін биіктеткен осынау ұлық 
мерекені  айшықтаған  тамаша  бағдарламамен  ашуы  елеулі 
оқиғаға айналды.
Иə. Дара тұлға. Концерт тақырыбының алтын арқауы, күміс 
тіні  елімізді  əлемге  танытқан,  Тəуелсіздіктің  көк  байрағын 
алғаш  желбіреткен  қадірменді  Елбасымыз  болуы  да  заңды. 
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Марфуға Айтхожина 
жаңа  маусымды  оркестрдің  сексенінші  көктеміне  балады. 
Өлеңмен өрнектелген өз құттықтауын:
«Сексенінші қыс оралды, ұлпа қарға бөленіп,
Президент күні – əлем жұрты айтып жатыр төрелік.
Сексендегі Құрманғазы оркестрі қосылып,
«Дара тұлға» əнін айтып берелік», – 
деген сырлы шумақтармен желпіндіре түсті. Ел Президентінің 
бекзат  қасиеттерін  кестелеген  осынау  тамаша  əннің,  оның 
тұрпатты  өлеңінің  де  авторы  Марфуға  ақын.  Оркестрдің 
жаңадан  тағайындалған  жас  директоры  Нұрғиса  Дауешовтің 
Елбасына  арналған  бүкіл  концерттік  бағдарламаны  осы 

322
əн  атауымен  атауы  тапқыр  шешім  болып,  жақсы  жарасып 
тұрғандай.
Мерекелік концерт Елбасының тəуелсіз мемлекет құрудағы 
ерен  еңбегін  айшықты  түрде  бейнелеп  көрсеткендей  əсер 
қал дырды.  Кеште  Нұрсұлтан  Əбішұлының  ха лыққа  кеңінен 
танымал «Үшқоңыр», «Тарих толқынында», «Астана», «Город 
мой» сынды шығармалары сəтімен орындалды. Жиылған қауым 
оркестрдің  бас  домбырашысы,  Мемлекеттік  «Дарын»  жастар 
сыйлығының  лауреаты  Батыржан  Мықтыбаев,  халықаралық 
жəне  республи калық  конкурстардың  лауреаттары  Бере-
ке  Еңкебаева,  Фархат  Кубиев,  Алмас  Алтын беков,  Бақытгүл 
Бекбергенова, Дидар Кəден жəне «Аңсар» квартеті сынды өнер 
майталмандарына сүйсіне қол соқты.
Оркестрдің бас дирижерлігіне жаңадан келген халықаралық 
конкурстардың  лауреаты  Арман  Жүдебаевтың  өзіндік 
өрнек-қолтаңбасы,  жаңа  тыныс  ерекше  нəшпен,  бөлекше 
өреде  құйқылжи  шалқыған  күй лерден  байқалып-ақ  тұрды. 
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанас Бекентұров пен 
халықаралық  конкурстардың  лауреаты  Қаршыға  Ахмедияров 
өнері де қауымды қуанышқа бөледі.
Концертті қазақ рухын танытар «Сары арқа» күйімен қатар, 
үзеңгі қағыстыра түйіндеген «Дара тұлға» əнін Қазақстанның 
еңбек  сіңірген  əртісі,  Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты 
Шахимардан Əбілов тау самалындай таза, барқыт күйлі бипаз 
дауыспен  келістіре  шырқады.  Кең  тынысты  кемел  əнде  ел 
бағына туған Ер бейнесі төмендегідей өлең жолдарымен əдемі 
ашылды.

323
Жаңғыртып қаласын да, даласын да,
Еліңді бастап жүрсің жаңа шыңға.
Аман бол, бар қазақтың бақыты үшін,
Заманнан асып туған дара тұлға.
«Егемен Қазақстан», 
11 желтоқсан, 2013 ж., №272
ЖЫР АҚҚУЫНЫҢ ЖҮРЕК ЛҮПІЛІ
Белгілі  ақын,  Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты  Мар-
фуға  Айтхожа  Ұлттық  өнер  академиясының  өрендерімен 
кездесті.
Қазақтың  өткен  ғасырдағы  қилы  тағдыры  Марфуға  ақын-
ның соқпақсыз басталған соқтықпалы өмір жолына да өз беде-
рін аз салмағандай. «Арғы бет, бергі бет» деген сөздің мағына-
сы ол үшін тым тереңде жатыр.  Бір уыс топырақ атажұрттан 
бұйыруын  армандаған,  ақыры  сол  тілегіне  жеткен  əкесі  Ғали 
келеді  көз  алдымызға.  Сонау  алашапқын,  дүрбелең  үркіндіде 
ата сы Айтхожа итжеккенге айдалып, əкесі халық жауы атанып, 
түрмеге  қамалғанда  көп  баладан  қалғаны  қазақтың  бүгінгі 
аймаңдай  ақыны  Марфуға  екен.  Сонау  Мəскеуден  тартып, 
Алматы,  Ал тай,  Атырауға  дейін  атасының  атын  шығарған  да 
сол қызы.
Біз  білетін  Марфуға  ақын  поэзия  құдіретін  адамдық  асыл 
сезіммен  астастыра  қабылдайды.  Өмірдегі  жақсылық,  махаб-

324
бат,  ізгілік  атаулының  негізі  осы  аяулы  сезімде  жатыр  деп 
түсінеді.  Оның  «Жыр  аққуы»  деп  аталып  жүргені  де  содан 
болар. Сонымен бірге осынау нəзік жанды ақынның тағы бір 
тартымдылығы  азаматтық  тұғыр-тиянағының  беріктігінде 
болса  керек.  Ел  мен  жер  тағдыры,  Отаны  мен  туған  халқы 
орайындағы  айнымас  ұлық  ұстанымы  ақынның  азамат  жүре-
гінің  бұлқынысын  танытудан  жазған  емес.  Жартығасырлық 
шығармашылық  жолы, 40-қа  жуық  жыр  кітабы,  көптеген  əн-
романстары осының айғағы.
Міне,  осындай  əйгілі  ақынды  Т.Жүргенов  атындағы 
Қазақ  ұлттық  өнер  академиясының  ректоры  Арыстанбек 
Мұхамедиұлы  сахна  төрінде  ақ  тілегін  ақтара,  гүл  шоқтарын 
ұсынып, иығына ілтипат қамзолын жапты. Бұдан соң тізгінді 
қолға  алған  белгілі  əнші  Дəлел  Уəш  кездесуді  желпіндіре 
жүргізіп, қауымға қуанышты мезеттерді көптеп сыйлады.
«Ей,  сырлы  саз,  Мөлдіреген  Марфуға!  Сендей  қызға 
сыйлық  аз,  Өмір  керек  тартуға»  деп  келетін  ақиық  ақын 
Төлеген  Айбергеновтің  жаһұт  жырына  жазылған  Дариға 
Жаңабаеваның  əдемі  əні  «Марфуғаға»  қонақкəдесі  ретінде 
тартылды.  Бұдан  соң  кездесу  барысында  ақынның  өлеңдерін 
Өнер  академиясының  өнерпаз  өрендері  əдемі  көріністермен 
өрнектей  оқыды.  Ақын  сөзіне  жазылған  əндер  орындалды. 
Дарын  жан-жақты  болады  ғой.  Марфуға  ақынның  сазгерлік 
таланты  да  танымал.  Осы  арада  оның  өлеңін  де,  əуенін  де 
өз  жүрегінен  тудырған  «Исламабад  аспаны», «Сарбаздар» 
атты  əндерін  студенттер  нəшіне  келтіре  шырқады.  Марфуға 
өлеңдерінен  құралған  «Ақын  монологын»  толқымай  тыңдау 
мүмкін еместей көрінді.

Қазақ энциклопедиясының бас редакторы, ақын Бауыржан 
Жақып: «Туған  елдің  көгіндей  елжіреген,  Туған  жердің 
көліндей  мөлдіреген.  Енді  бірде  айналып  ақша  бұлтқа,  Ақ 
орамал сияқты желбіреген, Жүрегімді тербейді сол бір өлең... 
Нəзіктік  пен  сұлулық  үлгісіндей,  Мəңгі  жас  жан  көрмедім 
бұл  кісідей.  Бір  қарасаң,  Баянның  жүрегіндей,  Бір  қарасаң, 
Сараның сіңлісіндей», – деп осы арада шабыттана оқыған жыр 
жолдары  Мар фуға  ақынның  бейнесін  шынайы  кестелегеніне 
сүйсініп отырдық. Тағы бір ақын інісі, Қазақстан Жазушылар 
одағы  төрағасының  орынбасары  Ғалым  Жайлыбай  Марфуға 
Ғалиқызының қазақ өлеңіндегі өзіндік орны жайлы салиқалы 
ойларын ортаға салса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 
Болат  Əбділманов  оқуындағы  «Алатаудың  ақ  батасы»  даста-
нының  фрагменттері  құлақ  құрышын  қандырды.  Кездесуді 
ақын  сөзіне  жазылған  монғол  композиторы  Файзолланың 
«Туған жерін аңсамайтын жан бар ма» əні сағынышты сезімдер 
толқынымен əдемі түйіндеді.
Өнер  ордасында  азамат  жүректі  жыр  аққуын  ардақтаған 
осындай өнегелі жиын өтті.
«Егемен Қазақстан» газеті,
8 сəуір 2011 жыл

326
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
СЫРЛЫ САЗ
немесе
ЖЫР АҚҚУЫ АТАНҒАН АҚЫН ХАҚЫНДА
Сірə,  қаламгер  туралы,  соның  ішінде  өлеңі  өзіне,  өзі 
өлеңіне  айналған  ақын  жайлы  жазудан  қиын  ештеңе 
жоқ  шығар.  Сондықтан  болар,  қазақ  поэзиясында  өзіндік 
қолтаңбасы  бар,  тағдырлы  ақын  қыздарымыздың  бірегейі 
Марфуға  Айтхожа  турасында  жазбақ  дүнием  кейіндей 
берген.  Шынын  айтсам,  ақынның  қиын  да  қызықты  ғұ-
мырын, оның сан қырлы шығармашылық əлемін өз дəреже-
сінде ашып көрсете аламын ба деген күмəнді ойлар иектеп 
алып, жазуға жүрексінген едім. Ақыры нартəуекелге барып, 
көптен  бері  көкірегіме  сыр  болып  құйылған  ойларды  ақ 
қағазға түсіруге кірістім.
Бала  кезімнен  ақын-жазушылардың  есімдеріне  қанық 
болып өстім. Бəлкім, содан шығар, Марфуға ақынды ес білгелі 
білетін  сияқты  боламын  да  тұрамын.  Оның  өлеңдерімен  қай 
кезде,  қалай  танысқаным  жадымда  қалмапты.  Бірақ,  шуақты 
жырлары  жүрегіме  жылылық  ұялатып,  өмір  жолымда  бірге 
келе жатқандай əсерден арылған емеспін. Шынайы поэзияның 
басты қасиеті де осы емес пе.
Есімі  тұтас  бір  ұлттың  ұранына  айналған,  аты  тарихи 
бір  кезең  оқиғаларын  айшықтайтын,  өз  ұлысының  ары  мен 
ұятындай адамдар болады. Құдайға шүкір, Алашым да сондай 

327
азаматтардан  кенде  болып  көрген  емес.  Мысалы,  Атилла, 
Томирис,  Төле,  Қазыбек,  Əйтеке,  Махамбет  пен  Құрманғазы, 
Абай  мен  Шəкəрім,  Ілияс  пен  Сəкен  атауларына  анықтауыш 
қосудың қажеті жоқ. Ұрпаққа олардың қай кезде дүниеге келіп, 
қай кезеңде өмір сүргені де маңызды емес. Олар кешегі, бүгінгі 
һəм  болашақтың  құрдастары.  Өмірден  кеше  озған  Мұқағали, 
Қадыр,  Тұманбайлар  да  құдіретті  поэзиялары  арқылы  мəңгі 
жас болып қала бермек. Осындай ұлы тұлғалардың қатарына 
арамызда  аман-есен  жүрген  Марфуға  Айтхожаны  қоссам, 
мұнымды  ешкім  əбестік  көре  қоймас.  Себебі,  Марфуға  десе 
кез келген қазақ шұрайлы жыр мен шынайы сезімді еске алары 
хақ. Марфуға – өлең болып өрілген қыз-ғұмырдың бейнесіне 
айналған тұлға. Демек, ол туралы айтқанда «Марфуға Айтхо-
жа» немесе «Марфуға ақын» демей-ақ, «Марфуға» десек жеткі-
лікті. Ендеше...
Мен Марфуғаны тұңғыш рет Ақын Сараның жүз жылдық 
мерейтойында  көрдім.  Сымбаты  мен  сыры  үйлесім  тапқан 
əсем  тұлғасын  асқақ  ұстайтын  ақынның  болмысынан 
тəкаппарлық  аңғарылатын.  Оны  өз  шамасын  білген  адамның 
айбыны, рухы биік ақынның асқақтығы, сұлу əйелдің сұңғыла 
назы деп қарасаң да жарасады. Толқындаған қолаң шашының 
шекесіндегі бір шөкім бурыл шаш шыңға  түскен кіршіксіз ақ 
қардай  əсер  қалдырады.  Əйтеуір  Марфуға  менің  ұғымымда 
поэзияның  ару  бейнесіне  енген  көрінісіндей  болып  сақталып 
қалыпты.
 Өлең деп аталатын өмір додасынан дəмеміз болса да, ауыл 
баласына тəн ұяңдықпен жанына барып тілдесуге батылымыз 
бармай,  алыстан  қарай  бергенбіз.  Бойын  тік  ұстап  жүрген 

328
кербез  жүрісі,  төкпе  ақындай  төгілдіре  сөйлейтін  шешендігі, 
тыңдаушысының  жанын  елжірете  оқыған  мөлдір  өлеңдері 
кімнің  де  болса  жан-жүрегін  баурап  алады.  Поэзияға  құштар 
бозбаланың  ақын  əпкесін  алғаш  көргендегі  əсері  осындай 
болғаны анық.
Жылжып  жылдар  өтті.  Біз  де  есейіп,  кейінгі  толқын 
жастарға  кеңес  беретіндей  кезеңге  келгенбіз.  Өзіміздің  де 
жазған-сызғанымыз  біршама  болып  қалғанымен,  бала  кезден 
пір тұтып өскен қаламгерлерге деген құрметіміз ортаймапты. 
Сол алғаусыз сыйластық мені жыр Аққуының алдына жетелеп 
əкелді. Міне, біз емен-жарқын əңгімеге көшкелі де біраз уақыт 
болыпты.  Үнемі  асығып  жүретін  журналистер  қауымының 
əдетіне салып, əзірлеп əкелген сұрақтарыма жауап алысымен 
қайтамын  ғой  деген  алғашқы  жоспарым  əдірем  қалды. 
Алдымен  қонағын  шайға  қандырып  алған  ақын  əңгіменің 
тиегін ағытқан. Тіпті, сөз арасына сөз қыстыру қиын. Айтқанын 
ұмыту,  бір  сөзін  екі  қайталау,  оқиға  желісінен  жаңылу  деген 
бұл кісіде болмайды екен. Жай сөздерінің өзі өлеңдей өріліп, 
түйдек-түйдегімен  түседі.  Құдды  бір  өлең  оқып  отырғандай 
əсер  қалдырады.  Сонау  бір  жылдары  Ғафу  Қайырбеков 
ағамызбен бірге болудың сəті түсіп, əңгімесін тыңдағанымыз 
бар еді. Сонда ақынның қара сөзге ерекше жүйріктігіне қайран 
қалғанмын. Көкірегі ұлтының ұлағатты сөздеріне толы мұндай 
жандармен  аз-кем  əңгімелесудің  өзі  бір  ғанибет.  Бұл  жолы 
Марфуғада  да  сондай  қасиет  бар  екеніне  көзім  жетті.  Айта 
түссе дейсің, тыңдай бергің келеді.
Адамды шығармашылыққа бастайтын тағдыр деп жатады. 
«Мұң  бар  жерде – поэзия  бар»  дейді  Дидро.  Сыртынан  қа-

329
рап,  төрт  қабырғасы  түгел,  үлде  мен  бүлдеге  оранып  өскен 
еркетотай  болып  көрінгенімен,  тағдыр  тауқыметі  Марфуғаны 
да  айналып  кетпепті.  Адамның  басын  ойыншықтай  көрген 
кешегі зұлмат заман тентекті де, тектіні де, момынды да бірдей  
тепкіге  салыпты.  Əйтпесе,  білімі  мен  өжеттігінің  арқасында 
Меккеге  барып,  бір  қауым  елдің  серкесі  болып  отырған 
Айтхожа  би,  шешен  əрі  қажының  ұрпағы  азап  пен  тозақтың 
сан сынағына түсемін деп ойламаған болар. Жетісу өлкесінің 
ең  шұрайлы  аймағы,  атақты  Маман,  Тұрысбек  байлардың 
құтты  қонысы  болған,  Молықбай  мен  Ілиясты,  Сара  мен 
Ғалиды  қанаттандырған  Қапалдай  қасиетті  өлкеде  бақуатты 
ғұмыр  кешіп  жатқан  əлеуетті  əулеттің  шаттықты  шаңырағын 
шайқалтқан  Қазан  төңкерісі  болатын.  Бұл  қасіретті  күндерді 
Марфуға  көрген  жоқ,  əрине.  Алайда,  қаймана  қазақты  туған 
жерін тастай қашуға мəжбүр еткен Голощекиннің қырып-жою 
саясатын бастан кешірген  ата-ананың  көздерінен жас орнына 
қан  аға  отырып  айтқан  əңгімелері    зерек  жастың  жүрегіне 
мəңгілік жазылып қалыпты.
Қайсыбір  оқырман  арғы  тарихты  ұзын-сонар  баяндап 
жатқаны несі деп ойлауы да мүмкін. Алайда, əлгінде айтқандай, 
адамды ақындыққа əкелетін тағдыр дейтін болсақ, Марфуғаны 
шығармашылыққа  бастаған  соқтықпалы-соқпақты  жол  қалай 
өрбігенін  білуіміз  қажет.  Себебі,  атажұртынан  жырақ  кетіп, 
өзге  елде  табан  тіреген  отбасының  қайғы-қасіреті  мұнымен 
де бітпеген. Сталин мен Шыңжаң өлкесінің əміршісі Шың Сы 
Сайдың астыртын қылмыстық байланысы ондағы аз ұлттарға 
жасалынған озбырлық саясат тағы да талай оғландарымызды 
орып түсірген. Солардың қатарында тағы да Ғали Айтхожаұлы 

330
жүрген  екен.  Қытайдың  Құлжадағы  қатыгегездік  қақпасы 
атанған Айранбақ түрмесіне қамалып, кейіннен жылымық кез 
бола  қалғанда  аман-есен  елге  оралған  əкесінің  естеліктерін 
естіп өскен Марфуға жақынының ғана емес, жалпақ жұртының 
жайын ойлап қамықпады деп кім айта алады. Кейіннен, қыздар 
гимназиясында  ұстаздық  етіп  жүрген  оны  бай-бағландардың 
ақсаусақ балаларын еңбекпен түзеу қажет деген ұранмен төрт 
түліктен басқа көз сүріндірер қарайғаны жоқ құлазыған далаға  
жер  аударғаны  шерлі  жүрекке  шер  қосып  кеткен.  Соңын  ала 
Құлжадан: «Қалаға  қайтарылмасын!» – деген  бұйрықтың 
жеткенін Марфуға ақын қабырғасы қайыса отырып еске алады. 
Тек өзіне қамқор болған əкесінің досы қолғабыс жасап, сары 
ауруға шалдыққан жас қыз отбасына оралған екен. Қызының 
тағдырын  ойлаған  əке  енді  оған  жұмысқа  шығуға  тыйым 
салады.
Түннің артынан күн шығатыны сияқты, бір қайғыдан соң 
бір қуаныш жүретіні белгілі. Сол сияқты, Қытайдағы қазақтар 
да үнемі түнекте болмаған. Қыс қыстауын Ақсудың бастауында 
өткізіп,  жазда    Талқы  тауындағы  Сайрам  көлін  жайлайтын 
жұртшылық қашанда қазақы сəн-салтанатын жоғалтпауға күш 
салған.  Ата-анасының  сағынып  көрген  перзенті,  дүйім  елдің 
аяулысы Марфуға асылдан киім киіп, жорғадан жүйрік мініп, 
бала кезінен ойын-сауықтың ортасында өскен. «Анам ауылдың 
қыз-келіншектеріне: «Əлдекімдерше алба-жұлба болмай, тəуір 
киімдеріңді  киіп  жүріңдер!»  деп  өзі  қадағалап  отыратын», – 
дейді Марфуға сол күндерді еске түсіргенде. Екі адам бас қосса 
жыр жырлап, əн салуға бейім тұратын сауықшыл ауылда есейген 
ол бала кезінен қоржынының бір басына домбыра салса, екінші 

331
басына мандолин  артып жүріпті. Алты ай жаз жайлауда жағасын 
кеңге жаятын жұртшылық шілдеханадан бастап, бесікке бөлеу, 
тұсаукесер,  сүндет  той,  құда  түсу,  қыз  ұзату  деп  жалғаса 
беретін береке-думандардың бірде-біреуін құр жібермейтін. Ал 
мұндай сəттері сері жігіттер мен өнерлі қыздардың айы оңынан 
туатыны белгілі. Өз жанынан өлең шығарып айтатын Бифатима 
осындайда отырыстың  сəні болатын. Ол халық əндерімен қоса, 
елге деген сағынышын, басынан кешірген қасіретті жайларды 
өлеңмен  өріп, жүректердегі шемен болған шерді тарқатудың 
шебері атанған. Анасы айтқан əндегі мұң, өлең жолдарындағы 
талайлы  тағдырлар,  атажұртқа  деген  алғаусыз  аңсау,  өзгенің 
қиянатын көрумен өткен өмірге деген өкініш – бəрі-бəрі бала 
Марфуғаның  жадында  мəңгілік  жазылып  қалған.  Қызының 
тəрбиесіне  зерделі  əке  де  бей-жай  қарамағаны  байқалады. 
Ол  Қытайда  қазақ  тілінде  шығып  жатқан  кітап,  газет-жур-
налдарды  айтпағанда,  Қазақстанда  жарық  көрген  жақсы 
дүниелерді  іздетіп  жүріп  алдырып,  оқуға  ұсынып  отырған. 
«Абай жолының» арап қарпімен басылған екі томдығын əкеліп: 
«Балам, Мұхтар Əуезовтің осы кітабын зерделеп оқып шықсаң,  
бүкіл өміріңе жол ашылады. Сен жазушы дегеннің кім екенін, 
қаламгер  əлемінің  жан  дүниесін  осыдан  ұғасың.  Бұдан  асқан 
құдірет болмайды», – дегені естен кетер ме екен. Абай, Ілияс, 
Қасым, өзге де қазақ ақындарының поэзиясы Марфуғаға бала 
кезінен  таныс  болатыны  сондықтан. «Елге  бара  қалсаң  онда 
Ғали Орманов деген ағаң бар. Оны Ақсудағы Қарағаш мектебіне 
оқуға орналастырған мен едім. Қазір ол Қазақстандағы үлкен 
ақындардың бірі. Есіңе сақтай жүр, қызым», – дейтін көрінеді 
перзентінің  бойында  ақындық  қасиет  бар  екенін  аңғарған  

332
əке.  Өзінің  ықтиярынан  тыс,  қалауынан  бөлек,  ата  қанымен, 
ана сүтімен сіңген қасиет арқылы құнарлы топыраққа қонған 
дəндей бала жүрегінде поэзия гүлі бүр жарған еді.
– Өзгені қайдам, мен ес білгелі əке-шешемнің асыл арма-
ны – туған жерге, атажұртқа қайтып оралу болатын. Ол ойларын 
жария  етуге  Қытайдың  жымысқы  саясатынан  жасқанса  да, 
іштеріндегі  сағынышты  жасыру  мүмкін  емес, – дейді  ақын 
алыста  қалған  сол  күндерді  есіне  түсіріп. – Тіпті  əкем  бізге 
Қазақстанның куəлігін де алдырып қойған болып шықты. Бұл 
кейіннен  екі  мемлекет  арасындағы  жылымық  кезінде    біздің 
алғашқылардың  бірі  болып  елге  өтуімізге  септігін  тигізді. 
Осылайша 1958 жылы Қазақстанға қайтып оралдық.
Бізді  сол  кездегі  Қапал  ауданына  қарасты  Абай  атындағы 
кеңшардың  төрағасы  Нұрболат  Түшкенов  деген  кісі  Қорғас 
шекарасынан  қарсы  алды.  Азды-көпті  алып  өткен  жүгімізді 
қорапты машинаға тиеп, өзімізді жеңіл көлікпен алып жүрді. 
Ол  кезде  қазіргідей  тас  жол  жоқ,  өзімді  құлазыған  қу  далаға 
келе  жатқандай  сезінгенім  есімде.  Бір  тұсқа  келгенде  əкем 
машинаны тоқтатуды өтінді. Көліктен түскен ол он қадамдай 
жүріп барып, тізерлей отыра кеткен. Қос қолымен топырақты 
уыстап алып, құшырлана иіскеп, сүйгені дəл қазіргідей есімде. 
Селкілдеген иықтарынан əкемнің жылап отырғанын түсіндім. 
Жалалы  болып  түскен  орыстың  түрмесінен  қашқанда  да, 
қытайдың  түрмесінде  басына  шеңбер  салып,  көзін  сыртына 
шығарып  азаптағанда  да  қара  емендей  қасқайып,  көзінен  бір 
тамшы жас шығармаған болаттай қайсар жанның  топырақты 
құшақтап жылағанын көргенде туған жерге деген сағыныштың 
қандай болатынын тұңғыш сезінгендей едім. Кейін білгенімдей, 

333
бұл əкемнің балалық, жастық шағы өткен Ешкіөлмес тауының 
баурайы екен.
Отбасы  Көшкентал  ауылына  қоныс  тепкеннен  кейін  көп 
ұзамай Марфуға арман қала – Алматыға аттанады. Домбырада 
құйқылжыта күй тартып, əн салатын  көрікті қыздың алғашқы 
ойы – əртіс  болу  болғанымен,  бұл  жолы  да  əке  балаға  жол 
сілтеп, қызына ақындықтың жалына жармасуға кеңес берген. 
Осы  кеңесті  қабыл  алған  Марфуға  сол  кездегі  С.М.Киров 
атындағы  Қазақ  Мемлекеттік  университетінің  журналистика 
факультетіне  оқуға  түседі.  Өлең  жазуды  өмірлік  мұрат  еткен 
ол  төгілдіре  жыр  жазуға  кіріскен.  Өлең  сүйер  қауымның  
«Аспаннан  күтіп  жүрген  ақынымыз  қасымыздан  табылды» 
дейтіні  де  осы  тұс.  Алғашқы  туындылары  Қытайдағы 
«Шұғыла»  журналына  шығып  тұрған  Марфуғаның  жырлары 
енді  біздің  басылымдарда  топ-тобымен  жарияланып  жатты. 
Көп кешікпей «Балқұрақ» атты тұңғыш жыр жинағы жарыққа 
шығады.
Сонау  Құлжада  жүргенде  кітаптарын  оқып,  өлеңдеріне 
тəнті  болған  ақындардың  көзін  көруді,  қасында  жүріп, 
ақыл-кеңестерін  тыңдауды  арман  еткен  Марфуға  «Көркем 
əдебиет»  баспасының  табалдырығынан  аттайды.  Басқа  орын 
болмағандықтан, машинка басушы жұмысын атқаруға келіскен 
ол қызметіне де риза болған. Баспаның директоры Мұхаметжан 
Қаратаев,  бас  редакторы  Тайыр  Жароков,  поэзия  бөлімінің 
меңгерушісі  Ғафу  Қайырбеков,  оның  қоластында  жап-жас 
Тұманбай  Молдағалиев  пен  Шəміл  Мұхаметжанов,  Қайрат 
Жұмағалиев,  Байронды  қазақша  сөйлеткен  «тентек»  ақын 
Төлеубай  Ысмаилов,  т.б.  бар  екен.  Олар  жандарына  келген 

334
жас  ақын  қызды  алақандарына  салып  еркелете  білді,  қастер-
лей  алды.  Қасым  Қайсенов  анда-санда  келіп: «Марфуға,  сен 
ақынсың ғой, сондықтан қатесіз басасың. Мына дүниемді те-
ріп  бере  қойшы», – деп  ағалық  базынасын  айтуының  өзі 
не  тұрады.  Алыстағы  Қарақалпақстанда  жүрген  Төлеген 
Айбергенов:
«Сен қарайсың мен бе деп,
Жаралғанды айтуға.
Мен қараймын сен бе деп,
Желбіреген бар туға.
Ей, сырлы саз, сырлы саз,
Үлбіреген Марфуға.
Сендей қызға өлең аз,
Өмір керек тартуға...!»  – 
деп арқалы ақынның асқақ жырын арнаса, кейін елге танылып, 
ақын қыздардың алдыңғы легінде атала бастаған тұста Керім 
Елемес:
«Ана-Қыран,
Марфуға – жыр Анасы.
Бөбек жыр жүрегіңе ем,
Жыламашы.
Бөбек жыр 
Анаң осы – Айтхожина,
Ана-Қыран – Марфуға,
Жыр Анасы», – 
деп ақтарылыпты.
Сол  ағаларының  қолдауының  арқасында  кейін  Марфуға 
Мəскеудегі Максим Горький атындағы əдебиет институтының 

335
жанындағы жоғары əдеби курсына оқуға аттанған. Желкілдеп 
өсіп  келе  жатқан  екі  қызын  қимай  қиналғаны  есінде.  Сонда 
тағы да əкесі ақыл қосып: «Балам, балаларың бойжетеді, сен 
олар  үшін  алаң  болма.  Ал  болашағың  үшін  білім  керек.  Мен 
сенің үлкен ақын болатыныңа сенемін», – депті.
Мəскеу. Ол кезде бұл қала КСРО аталатын алып отанымыз-
дың  жүрегі  саналған.  Қазақстаннан  Сайын  Мұратбеков,  Аян 
Нысаналин, Ерлан Əбеновтермен бірге əлем əдебиеті жөнінен 
дəріс  алады,  əдебиет  əлемінің  тылсымына  бойлады.  Терең 
білім  шалқар  шабыт  шақырады.  Осында  жүргенде  Марфуға 
өндіре  өлең  жазады.  Тың  туындыларын  өзімен  бірге  оқитын 
ерлі-зайыпты орыс ақындары Татьяна Кузевлева мен Владимир 
Савельев бірден орысшаға тəржімалап, «Литературная газета», 
«Правда», «Дружба народов», «Знамя» газеттеріне жарияланып 
жатты. Осы кезеңде  Мəскеудегі «Художественная литература», 
«Советский  писатель», «Молодая  гвардия», «Детская 
литература»  сияқты  үлкен  баспаларынан  Марфуғаның  «Бір 
уыс топырақ» – «Горсть земли», «Дала пернесі» – «Струна сте-
пей», «Тұлпар  тұрманы» – «Укрощение  коня», «Жазғы  шық» – 
«Летние  росы»  кітаптары  бірінен  кейін  бірі  жарық  көреді. 
Ақын Мəскеуде өтіп жататын, жалпы одақ көлеміндегі көптеген 
мəдени  шаралардың  құрметті  қонағы  болып,  қазақ  ұлтының 
абыройын  асқақтатады.  Тірсегіне  түсетін  толқындаған  қара 
шашына қарап оны бірде «су перісі – русалка» деп атаса, енді 
бірде ойлы да көркем өлеңдері мен аққудай əсем мүсініне орай 
«Пушкин  күндерінің  ханшайымы – королева  пушкинских 
дней»  деп  əспеттепті.  Қай  жерде  жүрсе  де  Марфуға  қазақ 
қызы деген атты жоғары ұстап, дала перзентінің дархандығы 

336
мен даралығын, алғырлығы мен асаулығын таныта біледі. Сол 
қасиеті арқылы қадірін арттырады.
– Маған басшылар ешқашан қызмет ұсынған емес,– дейді 
Марфуға Мəскеуден келгеннен кейінгі кезеңді еске алғанда. – 
Мен де оны сұрамадым, білем. Мен – өз бақытымды өлеңнен 
тапқан  адаммын.  Осы  жолда  көп  еңбектендім.  Бір  жаққа 
демалуға барсам да, іссапарға шықсам да, қонақта жүрсем де 
қолымнан қалам түспейтін. Тіпті, көлік ішінде келе жатып та 
өлең жаза беретінмін.
Ақынның  бұл  сөзімен  келіспеске  болмайды.  Мысалы, 
қазақстандық  делегация  құрамында  Болгарияға  барғанында 
бас-аяғы бір аптада 700 жол өлең жазып қайтқан еді. Олардың 
барлығы кейін болгар тіліне аударылып басылды. Осы жайлы 
ақынның өзі: «Сапарларға шыққанда мен ас ішіп, аяқ босатпай, 
өлең  арқалап  қайтатынмын, – дейді. – Бұл  менің  əдетіме 
айналған. Барған жердің адамдары, табиғаты, мөлдіреген көлі 
мен  тау-тасы  өлең  болып  өріле  береді.  Жəне  жазар  алдында 
ұйқас,  форма  іздеп  қиналмаймын.  Ойларым  бірден  лақ  етіп 
құйылып түседі. Жазғандарымды некен-саяқ түзетемін».
Болгария  дегеннен  шығады,  Үстем  таптың  озбырлығына 
төзе алмай əке-шешесінің шекара асуға мəжбүр болғаны ғұмыр 
бойы Марфуғаның алдынан шығып отырғанын айта кету керек 
шығар.  Мысалы, «Струна  степей»  кітабы  үшін  Мəскеуден 
Бүкілодақтық  комсомол  сыйлығына  ұсынылғанда  ел  жақтан: 
«Оған  бұл  сыйлықты  беруге  болмайды,  себебі  Айтхожина 
Қытайдың  тыңшысы»,  деген  домалақ  арыз  жетіп,  жолы 
кесілсе,  талай  рет  шет  елге  шығар  сапарында  осы  айыппен 
Мəскеуден  қайтқанын  қайтіп  ұмытсын. «Иттің  иесі  болса, 

337
бөрінің  тəңірісі  бар», – дейді  ол  бұл  жайлы  əңгіме  қозғалған 
кезде. – Мен  атақ-абырой  іздеген  жоқпын.  Табандарын  тас 
тіліп, тау асып, құм шайнап, көздерінен жас орнына қан ағып, 
елге  деген  сағыныштарынан  құлындаған  дауыстары  құраққа 
жете жылап жүрген шеттегі қазақтардың мұң-зарын, солардың 
аманатын арқалап келіп, ақ қағазға өлең етіп түсірдім. Бəлкім, 
сол сағыныш, сол аманат мені ақын еткен болар. Ендеше мен 
бақытты адаммын».
Ақын  əңгіме  тізгінін  өз  қолына  алғанда  өлең  оқығандай 
өрелі  сөз  тіркестерімен  өріліп,  бірден  баурап  ала  жөнеледі. 
Марфуғаның  басынан  кешкендері  аға  ұрпақтың  жүріп  өткен 
ауыр  да  азапты  жолын  алдыма  əкелгендей  еді.  Осы  кезде: 
«Адамды шығармашылыққа əкелетін – тағдыр» деген тəмсілге 
илана түскенің сөзсіз.
«Сен  менен  хал  сұрама,  жырды  сұра...»  деп  Мұқағали 
айтқандай,  біз  де  апамыздың  ақ  ұлпа  бұлттардай  жөңкілген 
жырларын естігіміз келген. Ол жайлы өтінудің өзі қажет болмай 
қалды. Аз ғана отырыста ақын əлденеше өлеңін оқып үлгерді. 
Əр кезеңдерде жазылған туындыларын жаңылмай, жатқа оқуы 
мені таңдандырды əрі сүйсіндірді. 
Əбен Дəуренбеков деген арқалы ақын жазғаны жайлы айта 
бастаған ақын інілеріне: «Əй, өлеңге коментарий жасап керегі 
жоқ. Сен оқы, жақсы болса өзіміз-ақ түсініп аламыз», – деуші 
еді.  Шындығында,  жүректен  шыққан  жақсы  жыр  жүректерге 
барып құйылып жатады. Марфуға өлеңдерінің артықшылығы 
да  осында  жатыр  ма  деймін.  Əйтпесе  қарақалпақстандық 
Дарико Жаңабаева деген сазгер ақынның 30-ға жуық өлеңіне 
əн шығарар ма еді?!

338
Енді бір сəт ақын апамыз əлденені есіне түсіргісі келгендей 
терезе сыртына сұқтана көз салды да, бір өлеңін оқи жөнелді:
Дүлей теңіз мендегі сезім деген,
Жан бар ма сезім күшін сезінбеген.
Бар өмірге қимас ем, əттең дүние-ай,
Жалғыз сəтті өткізген өзіңменен...
Мөлдіреген  сезім,  сартап  болған  сағыныш  көз  алдыңа 
түзіліп жүре береді.
–  Поэзияның  өзі  махаббаттан  басталады  емес  пе.  Мына 
өлеңіңіз шынайы сезімнен туған толғаныс қой... – деймін.
–  Мен  бір  адамға  ғашық  болып,  оған  қол  жеткізе  ал-
маған  жанмын,  – деді  кенет  ақын  ағынан  жарылып. – Бəл-
кім, қосылған болсақ, ынтық сезімдеріміз тұрмыстың толқын-
дарына шайылып, көмескі тартар ма еді, қайтер еді. Алайда осы 
махаббат  ғұмыр  бойы  менің  жүрегіме  нұр  құйып,  жанымды 
жылытумен келеді. Əйтпесе:
Өзің едің өмірдегі бір теңім,
Əр кеудеге қона бермес жыр тегін.
Көңіл дымқыл, күн көзіне құрғатып,
Көз жасымды ақ бұлттарға сүртемін...
Немесе:
Өтер жастық, келмес қайта оралып,
Өтер күлкі, өтер қайғы – ол анық.
Өтер бəрі, тек махаббат мызғымас,
Қалғаныңша жер көрпеге оранып, – 
деген өлең туар ма еді?! Ол адам қазір өмірде жоқ. Балаларымның 
əкесі де дүниеден өткен. Алайда, сол іңкəрлік шоғын үрлеумен 
бүгінгі күнге дейін махаббат жайлы өлеңдер жазып келемін.

339
– «Жарыңыз туралы білгіміз келеді?».
– Ол да сол жақтағы белгілі азаматтардың бірі еді. Бірақ, 
жүрекке  əмір  жүрмейді  емес  пе.  Сірə,  некенің  бұзылуына 
ұйытқы болған мен шығармын...
Бұл  жақта  отасқан  жары  киноактер,  əнші  əрі  композитор 
Абылай  Жұмаханұлы  болғаны  белгілі.  Ол  да  өнер  саласында 
өзіндік  əлемі  бар  азамат  еді.  Алайда  бұл  əңгімеге  тағы  бір 
орайы келгенде орала жатармыз.
«Егер  адам  талантты  болса,  ол  бар  жағынан  талантты»  
деген  тəмсіл  бар.  Осы  жолы  Марфуға  апамыздың  сазгерлік 
қырына  тəнті  болып  қайттық.  Ең  алғаш  Пəкістанға  сапарға 
шығар алдында  «Исламабад аспаны» деген өлең туып, ізінше 
əуені  дүниеге  келген  еді.  Содан  бергі  он  жыл  шамасында 
ол  тыңдармандарының  жүрегіне  жол  тартқан  романстар 
шығарумен келеді екен. Табиғат, сезім, адамдық турасындағы 
дүниелері өз бағасын алып үлгерсе, Елбасына арналған «Дара 
тұлға»  романсына  Президенттің  өзі  ризашылығын  білдіріпті. 
«Көкірегіме  бір  əуен  келіп  құйылады  да,  əнге  айналып  жүре 
береді.  Оны  қыздарым,  інілерім  нотаға  түсіріп,  қалыпқа 
келтіріп  беріп  жүр.  Бір  концерттен  кейін  талғамы  жоғары 
тамаша əншіміз Ермек Серкебаев: «Марфуға, айналайын, əнің 
керемет. Заманға лайық осындай бір əн керек еді. Егер опера 
жазар  композиторлар  болса,  сенен  кеңес  сұрауы  керек  екен» 
деп əзіл-шыны аралас айтқаны бар», – дейді сазгер-ақын.
Өткен  жылдар  маңдайына  өз  ізін  қалдырған  Марфуға 
Айтхожа  əзірге  жасым  ұлғайды  деп  отырған  жоқ.  Алдағы 
күндерге  шығармашылық  жоспарлар  құрып,  белестерді 
бағындыруға  əлі  де  бейім  екенін  аңғартады. «Жанарымның 

сəл жасығаны болмаса, өлең жазудан, əн шығарудан жалыққан 
емеспін. Өлеңсіз өз өмірімді елестете алмаймын», – дейді ол 
сөзін қорытындылап. 
Айтпақшы,  Марфуға  апай  өзге  тұстастары  сияқты 
балаларын, немерелерін мақтан етеді.  «Əкелері де, шешелері 
де  өзім  бола  жүріп  Əлия  мен  Жанбота  атты  қыздарымды 
тəрбиелеп өсірдім. Екеуі де жоғары білім алып, білікті маман 
атанды.  Олардан  өрбіген  немерелері – Айжан,  Мөлдір,  Нəзік 
жəне  Ермұрат  əжелерінің  поэзиясын  терең  түсініп,  ұлттық 
болмысымызды бойларына сіңіріп өскен жеткіншектер. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет