Бағдарламасы бойынша жарық көрді Кітапты жүйелеп, баспаға əзірлеген немересі Нəзік Мəми Айтхожа М



Pdf көрінісі
бет9/13
Дата27.03.2017
өлшемі4,59 Mb.
#10437
түріБағдарламасы
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

Бауыржан ЖАҚЫП,
Ақын, Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының
лауреаты, филология ғылымдарының докторы
АҚЫНДАРДЫҢ АҚҚУЫ
Туған елдің көгіндей елжіреген,
Туған жердің көліндей мөлдіреген,
Енді бірде айналып ақша бұлтқа,
Ақ орамал сияқты желбіреген,
Жүрегімді тербейді сол бір өлең.
Күйге айналып төгілсе күмбір əлем,
Туған жердің гүліндей үлбіреген.
Ай боп жайып кеш бата алақанын,
Аумай туған таң ата Сүмбіледен.
Нұрландырды жанымды бұл бір өлең.
Көк шалғыны майысқан белді көрем,
Ақ селеуді билеткен желді көрем.
Атажұртын аңсаған аруанадай 
Сағым-сағым, сағыныш шөлді көрем.
Жанарыңа жас келер ол бір əлем.
Бір қазақты екіге бөлген заман,
Екеуінің біреуі өлген заман.
Бұлт астында буыршын мұзға тайып,
Күн соңынан ақ бота ерген заман.

275
Жүрегіңді айғыздап тілгілеген.
Елес берген өткеннен бұл бір өлең.
Ақ қайыңдай ырғалған нұрды көрем,
Құс жолынан сырға алған жырды көрем.
Мамық ұшса көрінген сүттей жарық,
Мақпал тымық мақтадай түнді көрем.
Қайталанбас, қайрылмас бұл бір əлем.
Мың бір тілде сайраған бұл бір əлем,
Сырын төгіп сиқырлы сыңғыр əлем.
Мың бір түнде көз ілмей елін ойлап,
Жазып келе жатыр ол мың бір өлең.
Қайғырғанда Ақтоқты сияқтанып,
Мұңайғанда Тоғжандай күй ақтарып.
Жымиғанда Жібектей көрінеді,
Көрсетпестен жылайды жырақ барып.
Нəзіктік пен сұлулық үлгісіндей,
Мəңгі жас жан көрмедім бұл кісідей.
Бір қарасаң Баянның жүрегіндей,
Бір қарасаң Сараның сіңлісіндей.
Тиме аққуға, – деуші еді, – киесі бар,
Ақынның да дəл сондай иесі бар.
Жүрегі бар аққудың ақындарда,
Келер ұрпақ, осыны жиі есіңе ал.
Білесіңдер қанша аққу атылғанын,
Білесіңдер қанша ақын «Аһ!» ұрғанын.
Еркін жүзсін өлеңнің айдынында,
Ақ қауырсын аққуы ақындардың.

276
БИІККЕ ЖЫРЫМ ЖЕТСЕ, ҚЫРАН ЖЕТКЕН
Бір  қиыры  Қытай,  Монғолия,  бір  шеті  Өзбекстан,  Түркі-
менстан, Иран, Пəкістан, Ресей, Түркияны мекендеген қазаққа 
таныс бір дүбір бар. Ол – қазақ ақыны Марфуға Айтхожаның 
жыр  тұлпарының  дүбірі.  Аспан  болып  ашылған,  күн  болып 
күркіреген,  тау  болып  жаңғырған,  шың  болып  шырқаған, 
бұлақ  болып  мөлдіреген,  өзен  болып  өзеуреген,  көл  болып 
жалтыраған,  теңіз  болып  толқыған,  гүл  болып  өрілген,  нұр 
болып төгілген, жапырақ боп сілкінген, түн болып толғанған, 
ай болып ойланған өлең ол. 
Қайран қазақтың қара өлеңі! Сен дүниені жел болып кездің, 
самал болып Сарыарқаның сауырын сипадың, Ай нұры болып 
аймаладың, Күн нұры болып көктен төгілдің!
Дүниеге  шыр  етіп  сəбидің  келгені – өлең,  оның  бесікке 
бөленіп,  анасын  емгені – өлең,  қаз-қаз  тұрып,  тəй-тəй  бас-
қаны – өлең,  жасөспірім  болып  толғаны – өлең,  бозбала  мен 
бойжеткен  болып  сырласқаны,  қырды  асқаны – өлең,  жігіт 
болып, қалыңдық болып қалжындасқаны – өлең, аға не жеңеше 
болып есейгені – өлең, ақсақал не арда ана болып ақыл айтқа-
ны – өлең.  Бұл  жаңалық  емес.  Сіз  бен  біздің  күнде  көріп 
жүрген  тамашамыз,  күнде  тыныстап  жүрген  ауамыз,  күнде 
оқып жүрген жырларымыз. 
Тұп-тура  осыдан 70 жыл  бұрын  Тəңіртау  бөктерінде 
тамыздың  тамылжыған  күнінде,  жапырақ  сілкінген  кеште 
нəресте  дүниеге  келді.  Сүйінші  сұралды,  көрімдік  берілді, 
кіндік  кесілді,  шілдехана  жасалды.  Сол  күні  Күн  ерекше 
нұрын төкті, Ай ерекше шапағатқа бөледі қазақ қауымын. Сол 

277
күні  дүниеге  келген – бүгінгі  қазақтың  аса  көрнекті  ақыны, 
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Марфуға Айтхожа болатын. 
Əкесі Ғали, анасы Бəтима жүрекжарды қуанышын жұртқа 
шашты.  Өйткені  дүниеге  келген  нəресте – ауызы  дуалы,  сөзі 
уəлі, өзі шешен, өзі би, өзі ақын, өзі Меккеге барып қасиетті 
қағбаны сүйген Айтхожа қажының арманы болатын.
Сол  күннен  оның  өлең  сапары – өмір  сапары  басталды. 
Бесікте  жатқан  кезінде  тыңдаған  бесік  жырының  əуені 
көкірегіне  ұя  салды.  Бұл  туралы  қазақтың  мəңгі  жас  ақыны 
Олжас: «Əрбір ақынның өз əні бар. Марфуға Айтхожаның да 
өз əуезі бар. Менің поэзия мен əнді салғастыруым да кездейсоқ 
емес», – деуі тегін емес еді.
Марфуға  поэзиясында  ерекше  бөлек  əуен  бар.  Оның  əр 
өлеңінде  ақтарылған  сөз  моншағы  тізіледі,  мөлдір  сезімнің 
інжу-маржаны  сүзіледі.  Көңіл-күй  лирикасынан  барша  адам 
баласының  жүрегін  тебірентетін,  ойын  толқытатын  шуақ 
төгіледі.  Марфуға  ақынның,  əсіресе,  туған  ел  мен  туған  жер 
топырағына келгенде, Сайрам, Талқы, Тəңіртау сияқты қасиетті 
өңірге  өзгеше  сүйіспеншілік,  сұлу  сезімге  құрылған,  ерекше 
аңсауға,  өзгеше  сағынышқа  толы  жырлары  құйылып  түседі. 
Бөлек бір жаңбырдың мөлдір тамшысындай қайталанбас əлемі 
тартады оқырманды. 
Марфуғаның  əр  өлеңін  оқығанда,  мəңгі  жас,  мəңгі  жаңа 
бір  көрініске,  өмірдің  өзі  ғажайып  суреттерге  айналып, 
жасарғандай, жаңғырғандай, қайта түлегендей əсерде қаласыз. 
Алғашқы  өлеңдер  топтамасы  Жұмағали  Сайынның  ақ 
батасымен «Қазақ əдебиеті» газетінде 1959 жылы жарияланған 
Марфуға  ақын  қазақтың  қасиетті  қара  өлеңінің  қамшысын 
ұстағалы жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. 

278
1962  жылы  тұңғыш  жыр  кітабы  «Балқұрақ»  жарық  көр-
генде-ақ, қазақ оқырманы елең еткен. 
Қиялым сонау-сонау биікте жүр,
Кеудеме құдіретін құйып та жүр.
Не білем соның бəрін сен үйреттің,
Қатал өмір, қайырымды, сүйікті өмір, 
деп  өмірге  деген  соншалықты  іңкəрлігін  білдіре  келген  ақын 
даусы Алтайдан Атырауға дейінгі қазақ даласын түгел шарлап 
кетті.
Ақын  – өзі жазған өлеңнің бас кейіпкері, сол алғашқы жыр 
жинағындағы «Қызыл гүл» өлеңі бүгін де қазақ поэзиясының 
інжу-маржанының тізбегінде сияқты көрінеді бізге:
Шоқтай жайнап қызыл гүл,
Желмен бірге ырғалып.
Төніп тұр оған бір бұлбұл,
Басқалардан қызғанып.
Қызыл гүлге қызығып,
Мен де күнде келемін.
Алсам ба екен əлде үзіп,
Жасыл жапырақ желегін.
Ширатылып сабағы,
Шешек атып құлпырған.
Назар тартып гүл шоғы,
Үзуге əркім ұмтылған.
Үзбесе екен сол гүлді,
Долы жел де, дауыл да.

279
Өсе берсін құлпырып,
Кеуде тосып жауынға, 
Бұл  ақын  жүрегінің  лүпілі,  тіпті  қызыл  гүл  ақын  қыз 
жүрегінің  өзі  ме  екен  деп  қаласың.  Сол  қызыл  гүлдің  мəңгі 
үзілмеуін өзің де тілейсің.
1966 жылы шыққан «Шыңдағы жазу» кітабында атақоны-
сына деген ерекше сағыныштың табы бар. Əр жол, əр шумақ 
соншалықты  сартап  болған  сағыныштан,  ерекше  аңсаудан 
туады. Оған дəлел «Атамекен» атты мына өлең:
«Жүрек» таудың тереңінен,
Қайнап ағып бұлақ жатыр.
Бейне бұрым дер едім мен
Құз төсінен құлап жатыр.
Сырға толы мөлдіреген,
Жанары ма ғашық жардың.
Таусылмайтын ол бір өлең,
Ол – айнасы ғасырлардың.
Жылдар қанша суысыпты,
Ол қалпында бап-баяғы.
Бабам қолмен су ішіпті,
Ұмыт қалып саптаяғы.
Жалаң аяқ табандардың 
Қара таста таңбасы бар.
Арман еткен бабамдардың
Онда өмір жалғасы бар.
Марфуға  ақын  сол  Атамекенінде  өз  бұлағының  көзін 
ашып, өз қайыңының жапырағын сауды, өз өзенінің күмбірін 
тыңдады, өз домбырасының пернелерін басты.

280
Əсіресе туған жер тақырыбына келгенде, ақын көсіліп сала 
береді. Сөзден ғажайып суреттер бояуын төгеді. «Сайрам көлі» 
деген толғауындағы:
Аймағымен сырласқан көл бір ақын,
Жоңғарды асып күн де ерте болдыратын.
Ай таудың оқалаған тақиясы,
Кеш бата шекесіне қондыратын...
...Бөленіп төбе үстінде құрақ қалған...
Жоқшылық жомартқа тор құрыпты алдан.
Ақ арман құшағында талып кеткен,
Көл-арудың көз жасы тұнып қалған...
Немесе:
...Біздер қуып, көбелек қашатұғын,
Гүл əтірін мұрынға тосатұғын,
Самал сүңгіп көк толқын қойынына,
Толқын бізге ақ маржан шашатұғын,  
деген шумақтар соның дəлелі. Асылы нағыз суреткер ақынның 
көмейіне саналуан бояуды да, сиқырлы сөздің небір құтырқы 
əсерін де, кең даланың кербез де сырбаз əуенін де бір құдірет 
салатын секілді. 
1971 жылы жарық көрген  «Аққуым менің» кітабы ақынды 
жаңа биікке көтерді. Сол жинақтағы əрбір өлеңінен мөп-мөлдір 
сезім моншақтары төгіліп түседі, шабытты ақынның шалқыған 
шағын көресің.
Бар еркімді бағындырған, сағындырған күйік боп,
Арманымның аспанына жұлдыздайын биіктеп.
Тербетесің, желдетесің, желпіндіре желписің,
Желписің де нəзік үнге құмарлана елтисің,  

281
деп басталатын өлең жолдарын толық оқығанда, Аққу ақынның 
өз бейнесін көргендей əсерге бөленесің. 
Осындай  сыршыл  өлеңдерімен  оқырман  жүрегінен  орын 
алған  Марфуға  ақынға  Қайнекей  Жармағамбетов,  Жұмағали 
Саин,  Əбділда  Тəжібаев,  Мұхамеджан  Қаратаев,  Дмитрий 
Снегин,  Хамит  Ерғалиев,  Сырбай  Мəуленов,  Ғафу  Қайыр-
беков,  Жұбан  Молдағалиев,  Тұрсынбек  Кəкішев,  Əзілхан 
Нұршайықов, Əбіраш Жəмішев сияқты аға буын өкілдері жы-
лы лебіздерін арнап, батасын берді. 
«Жапырақ  сілкінген  кеш»  жинағына  жазған  пікірінде 
қазақтың біртуар ақыны Ғафу Қайырбеков: «Өмірде ақынның 
көп  болғаны  жақсы.  Əрине,  шын  шабытты  ақын  болса  жəне 
өрнек кестесі, үн дауысы əр алуан болса. Өйткені, ақындық – 
əулиелер туысы, періштелер жолдасы. Ол  – киелі, иелі құдірет 
перзенті. Олардың жаратылысы жай адамдардан мүлдем бас-
қаша.  Бұл  бір  аспандағы  құс  пен  жердегі  адам  арасындағы 
жалғасқан көпір. Ақындықты əулие тұтпау – бейшаралықтың 
белгісі», – деп  Марфуға  ақын  поэзиясына  ерекше  баға  берді. 
Бұл тіпті бүкіл ақындық өнердің анықтамасы десе де болғандай.
Ал  аса  көрнекті  қазақ  ақыны  Жұбан  Молдағалиев  болса: 
«Марфуғаның ақын болуына оның табиғи таланты ғана емес, 
біздің  өмірдің  ақиқи  болмысы  да  ықпал  еткен.  Айтхожина 
шығармашылығына  өткен  өмір  жолы,  қуанышы,  қанаттануы, 
жүрек  толтырған  сезімі,  бəрі-бəрі  туралы  толғау  қажеттілігі 
кірігіп кеткен. ...Марфуғаның Шолпан Иманбаева мен Мəриям 
Хəкімжанова  сияқты  ғажайып  ақын  апалары  бар.  Танылған 
қатар-құрбылары  да  жоқ  емес.  Қазақ  ақын  қыздарының 
жаңа  толқыны  өсіп  келеді.  Бірақ  Марфуғаның  өз  ақындық 

282
қолтаңбасы,  өзіндік  көркемдік  бояуы,  дүниеге  өз  көзқарасы 
бар»,   – деп жоғары баға берді.
Осындай жылы лебіз, жүрекжарды пікірлер аққу-ақынның 
қанатын  қатайтып,  жанын  нұрға  толтырды,  көңілін  көкке 
өрлетті. Оның шабыттанған жыр-жүрегі:
О, тəкаппар тəңір шыңдар,
Сал қарағай, самырсындар.
Алатаудың ұшып келген
Қарлығашын танырсыңдар...
Сылаң қаққан сырлы өзендер,
Сағым құшқан нұр белеңдер.
Сырнай самал, қырмызы гүл,
Саған қалай құр келем мен, 
деп төгілдірді.
Кейде ақын өзі көрген өмір көріністерін жүрегінен өткізіп 
барып  өзгеше  назды  да  сазды,  нұрлы  да  сырлы  шумақтарға 
айналдырады.  Өлең  қалай  келеді,  тілге  қалай  оралады,  сол 
қалпында  төгіледі.  Сонысымен  де  ақын  жыры  соншалықты 
табиғи, соншалықты ыстық көрінеді.
Сөзден образ жасау, жансызға жан бітіру, тілсізге тіл біті-
ру шебер ақынның ғана қолынан келсе керек. Мұндай табиғат 
суреттері  мен  өмір  құбылыстарын  астастыра  салиқалы  ой 
айтып,  салмақты  түйін  түю  Марфуға  ақын  жырларында  мол 
кездеседі.
Ақынның  «Балқұрақ», «Шыңдағы  жазу», «Жастық  шақ»,  
«Аққуым менің», «Қарагөз Айым», «Баянжүрек», «Ақ бесігім», 
«Көзімнің  қарасы», «Жарқыра  менің,  жұлдызым», «Қыран 

283
жеткен», «Жапырақ сілкінген кеш», «Аққу жүрек», «Алатаудың 
ақ батасы», тағы басқы жиырмадан астам жыр кітаптарының 
əрқайсысында  қазақ  елінің  тағдыр-талайы,  салт-дəстүрі, 
туған  жерге  деген  сағыныш  пен  аңсаудың  асқақ  көріністері 
оптимистік  тұрғыдан  бейнеленеді.  Марфуға  ақын  қаламынан 
махаббат пен табиғат, отанға деген сүйіспеншілік пен елге деген 
ерен  іңкəрлыққа  толы  нəзік  те  өршіл  лирика  мол-мол  туды. 
«Ертіс  əуендері», «Ақ  Еділ – Арман», «Пермь  дəптерінен»,  
«Балтық  жырлары», «Кавказ  əсерлері», «Болгария  əуендері», 
«Сайрамнан көшкен сағымдар», «Түркия дəптері», «Исламабад 
аспаны», тағы басқа топтамаларының атынан көрініп тұрған-
дай,  Марфуға  Айтхожа  сапарнама  жырлар  жазудың  өзіндік 
үлгісін көрсеткен ақын. Кейінгі жылдары жарық көрген  «Аңсау», 
«Аққу  жүрек», «Алатаудың  ақ  батасы»  атты  кітаптарында 
ақын  Тəуелсіз  Қазақстанның  бүгінгі  жетістіктерін  эпикалық 
кең тыныспен жырлайды, Президент Н.Ə.Назарбаевтың асқақ 
бейнесін  өлеңмен  сомдайды. «Қыр  қызғалдағы», «Бағараның 
батыры», «От  ішіндегі  гүл», «Жеңеше-ай», «Тобық», «Бас 
киім», «Жетісу суреттері», «Құнанбай əулеттері», «Абылайхан 
даңғылы», «Алатаудың ақ батасы» поэмалары мен балладала-
ры ақынды жаңа белестен көрсетті. 
2001  жылы  шыққан  «Аңсау»  кітабы  үшін  Қазақстанның 
Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Талай толқын жас 
буынды туған елді, жерді сүюге тəрбиелеген тəкаппар жырлары 
үшін  Елбасының  өз  қолынан  «Парасат»  орденін  алды.  Жеті 
кітабы орыс тілінде жарық көрді. Қырықтан астам алыс-жақын 
шетел тілдеріне өлеңдері аударылып, басылып шықты. Мұның 

бəрі  Марфуға  ақынның  талмай  ізденіп,  тек  биікке  талпынған 
еңбекқорлығының арқасында қол жеткізген асулары.
Жиырма жасқа дейін ат жалын тартып мініп, ағаларымен 
бірге  жүйрік  аттардан,  сəйгүліктерден  түспеген,  қыз  қууға 
қатысқан,  асаудың  ауыздығымен  алысып  өскен  ақынға  жас 
кезінен  дарыған  бір  қасиет  бар.  Ол  тауда  туып,  тауда  өскен 
жанға тəн мінез, асқақ тəкаппарлық. Талқының биік тауларын, 
құз-жартастарын жарып өткені де, асау өзенді жалдап кешкені 
де  оның  сол  өрлігі,  қайсарлығы,  ермінезділігі  болатын. 
Сондықтан болар, сол мінезі оның өлеңдеріне де сіңді.
Жүрсем-дағы астында сан саяның,
Шалқайғанға мен-дағы шалқаямын.
Күншілдердің күңкілін көзіме ілмей,
Сол тəкаппар қалпымда қартаямын, 
деп соғады ақын жүрегі.
Сексенінші жылдардағы бір өлеңінде:
Жұлдыздай сөніп бір күн құлар көктен,
Ғарышқа ақын жаны құмар неткен.
Арманым болмас еді бұл жалғанда,
Биікке жырым жетсе қыран жеткен!  
деп  тебіренген  ақын  бүгінде  өзі  армандаған  қыран  жеткен 
биікті бағындырып отыр. Елінің аялы алақанында, халқының 
ыстық ықыласына бөленгені – сол биікке жеткені болар!
«Əдебиет айдыны» 
14.09.2006 №36 (82)

285
Құл-Керім ЕЛЕМЕС
АНА – ҚЫРАН
(Мəрағаға)
Бір қара беріп еді мана қылаң...
Айырып қара аспанды танабынан,
Қан жапқан екі көзі шоқтай жанып,
Келеді оқтай ұшып ана – қыран!
Қонбады, ұшқан сайын биіктеді.
Ұшысы қандай əсем, сүйікті еді.
Жердегі түлкі, тышқан, борсық біткен,
Таң қалды көкке қарап ұйып, тегі!...
Зу-у етіп төбесінен баратқанда,
Екпіні дүлей дауыл боратқанда,
Кірерге тесік таппай байғұстарың,
Тəуба ғып, бұғып қалды Жаратқанға!...
Шырқаудан ана – қыран шаңқылдады.
Қызығып қыран дала əн тыңдады.
Тамағын кенеп алып бар дауыспен,
Қапталдан қара қарға қаңқылдады...
Бір қара беріп еді мана қылаң...
Айырып қара аспанды танабынан,
Қан жапқан екі көзі шоқтай жанып,
Барады оқтай ұшып ана – қыран!..

286
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, 
ақын, халықаралық «Алаш» 
сыйлығының лауреаты
МАРФУҒА
  
Ақындық өнер ме, дерт пе, серт пе? Осы сауал тіршіліктің 
тү йінсіз  сəттері  секілді  талай-талай  мазалаған.  Шалқыған, 
ша мырқанған  шақтар  дүбірлі  дүние нің  дүниəуи  ойларының 
бəрінен  ада  болған  кезінде  ақындық  өнердің  тылсым  құдірет 
екенін  жан-жүрегімен  сезінеді  адам. «Ынталы  жүрек  сезген 
сөз, Бар тамырды қуалар» дейді дана Абай. Қай кезде де шын 
ақын  уақыттың  перзенті,  шындықтың  шырақшысы,  ардың 
айнасы.
Сондай сиректердің қатарына қазақ өлеңінің көш керуеніне 
аққудай аяулы, бұлақтай таза, дүлдүлдей дүбірлі жырларымен 
келіп  қосылғанына  жарты  ғасырдың  жүзі  болған  Марфуға 
Айтхожаның елі, жұрты əлдеқа шан-ақ қосқан. Оның сағынышы 
мен  мұңы,  жүрегінің  дүрсілі  мен  сезімінің  сыңғыры  халқын 
көзайым етіп, көңіліндегі көрікті ойына айналды. Ақындықтың 
аламанына атын қосқалы бері мəреден тосқан оқырманына ол-
жа салып, уақыттың бұрқасында рында да өзінен де, өлеңінен де 
көз жаздырмай келе жатқан ша бытты шайыр қазақтың Марфу-
ғасы.  Осы  мезгіл  аралығында  дара ланып,  сараланып  өлеңнің 
өз  перзентіне,  ақындықтың  айды ны на  айналды.  Марфуға – 
жыр  айдынының  аққуы  деген  қанатты  ұғым  қалыптастырды 
қабырғалы қазақ жұртына. Аққудан да, ай дыннан да, меніңше, 
ақын  Мар фуға  Айтхожа  деген  есім  еліне  елеулі,  халқына 

287
қалаулы.  Осы  есімді  өз  басым  Жаңаарқаның  жа зық  жонында 
жүріп  балдəурен нің  бүгінде  сағынышқа  айналған  бір  əдемі 
күндерінде  естігенмін.  Со дан  бері  отыз  жылдан  астам  уақыт 
өтсе де:
 ...Бұлдырай ма,
сағым қуып қаша ма,
төбе-төбе оқшырайған тас оба.
Жаугершілік келіп қалды мұндалап
Сонда ерге сүйеу болған Босаға.
 
Кездерінде малы түгел,
Бас аман
Бұл маңайда той-думандар жасаған.
Келін түсіп,
Қыз ұзатып,
Күйеу кеп –
Сан қызыққа куə болған Босағам, –
деп  басталатын  асқақ  ноталы,  ашық  дауысты  тамаша  өлеңді 
əлі  күнге  дейін  жатқа  айтамын.  Сəби  сезім,  бала  көңілдің 
қабылдауы періште жебеген бір тамаша қасиет пе деп қаламын 
кейде. Содан бері де ақынның тұнық жырларының тұнбасынан 
үрлеп ішіп, үр сезімге талай кенелге німді несін жасырайын.
Марфуға – тағдырлы  да  та мырлы  өнердің,  өзегіңе  түсер 
өзекті  ойдың  иесі.  Кей-кейде  ақындық  тағдырға  қатысты  əң-
гімені  батыс  пен  шығыстан  тара тып  айтуға  əуеспіз.  Шығар-
машы лық  адамының  жан  сарайына,  ғұмырбаянына,  өмірінің 
өткенде рі  мен  көктемдеріне,  өткелдеріне  бір  үңіліп  алмай  ол 
жайлы,  шы ғармашылығы  жайлы  жарытып  пікір  айта  қоям 

288
деу  де  бос  əуре шілік.  Себебі,  ақын  не  жазса  да  өзі  туралы 
жазады.  Құлжада  туып,  шекара  асып,  ұстараның  жүзіндей 
мың  құбылған  талайлы  да  талайсыз  тіршіліктің  кермегін 
де  аз  татпаған  Марфуғаны  асқақ татқан  да,  аспандатқан  да 
қасиетіңнен айналайын қазақтың қара өлеңі. Алғаусыз сөйлеп, 
ақ тарыла сыр айтып Алаш жұртын өлеңдетіп, елеңдетіп қойған 
ақын дық құдірет иесі өткеніне де, көктеміне де риза пейілмен 
қарайды.
«...Аға  буынның  сəт  сапа ры мен  бір  жылдың  ішінде 
менің  өлеңдерім  республикалық  басы лымдарда  жарық  көріп 
шықты. «Жас  қанат», «Жырға  сапар»  сияқты  ұжымдық 
топтамаларға  да  жырларым  еніп,  халыққа  солай  танылдық. 
Сол  кездегі  «Жұлдыз»  журналының  редакторы  Қайне кей 
Жармағамбетовтің де көп шарапаты тиді. Жұмағали Саин мені 
университетте  оқып  жүрге німде  «Қазақ  əдебиеті»  газетіне 
жұмысқа алды. Мұхамеджан Қа ра таев шығармашылығым жө-
нінде мақалалар жазды. Дмитрий Снегин орысша шыққан жи-
нақтарым  жөнінде  айтты.  Сырбай  Мəуленов  «Өлең  еңбек», 
Ғафу  Қайырбеков  «Жапырақтар  жау ғанда»  деген  керемет 
мақа лалар  жазды.  Бəрі  де  керемет  ақын дар  еді,  шеттерінен 
ақкөңіл, пейілдері таза болатын. Жұмекен, Тұман бай, Шəміл, 
Қайраттардың  ара сы на  жұмысқа  барғанымда  олар  əдемі  қыз 
келді  деп  емес,  ақын  келді  деп  қарсы  алып,  қуанды», – деп 
еске алады сол бір күндерін, алыста қалған арман шыл шағын 
Марфуға ақын бүгінде.
Ақынның  тұңғыш  жинағы  «Балқұрақ» 1962 жылы  жарық 
көріпті.  Алғашқы  жырларының  санатындағы  «Самырсын» 
өлең сүйер қауыммен қауыштырған қанатты дүниелерінің бірі.

289
О, тəкаппар, тəңір шыңдар,
Сол қарағай, самырсындар.
Ұшып келген Алатаудың
Қарлығашын танырсыңдар.
 
О, сиқыр тау, ертек емен,
Жастық жалын өртенем мен.
Мен бір титтей жыршы құсың,
Жүрек күйін шерте келген.
 
Сылаң қаққан сырлы өзендер,
Сағым құшқан нұр белеңдер.
Сырнай самал, қырмызы гүл,
Саған қалай құр келем мен.
Аққу бұлттар үлпілдеген,
Үрке көшіп жүрсің неден.
Тау да, тас та, самырсын да,
Сөйлеп жатыр бір тілменен.
 
О, тəкаппар, тəңір шыңдар,
Сол қарағай, самырсындар.
Ұшып келген Алатаудың,
Қарлығашын танырсыңдар.
Өлең бе? Өлең!!! Өлең болғанда ақын ның арман мақсаты, 
жүрегінің  лүпілі,  кө ңілінің  күмбірі  то ғысып  ақтарыла  сал ған 
«сыңғырлап  өң кей  келісім...» (Абай),  жұлдызды  жыр.  Жыр-
дың  да  тағдыры  бо лады.  Поэзиясы  алуан  сырымен,  мөл дір 

290
мінезімен  өзіне  ғана  ұқсайтын  ақын дықтың  ақжарма  ауы-
лынан ақ орда тіге алған ақын – бақытты ақын. Тапталған та-
ныс  шиырдың  шаңын  шығаруға  асықпай,  со ныдан  соқпақ  із-
деп,  оқырманын  өзі мен  сырлас,  мұңдас  ете  алған  ақынның, 
«жүрек  күйін  шерте  келген  титтей  жыршы  құстың»  сезім 
əлдиі құштарлық, ғашық тық сияқты ғаламат қасиеттерге жол 
тар тып киелі сөз өне рінің қадіріне жеткі зеді. Мазасыз дүние-
нің  мазасын  қашы рып  талай  түнді  əлди леген  ақын-ананың 
қаламынан туған «Шыңдағы жазу», «Жастық шақ», «Ақ қуым 
менің», «Қара көз-Айым», «Баян жүрек», «Көзімнің  қарасы», 
«Қы ран  жеткен», «Жапырақ  сілкінген  кеш», «Аққу  жүрек», 
«Алатаудың  ақ  батасы»  сияқты  жыр  жинақтары  өлең  деп 
аталатын ғажайыптың көркіне көрік қосып, «Алатаудың ұшып 
келген  қарлығашын,  тəңір  шыңдардың»  басына  шығарды. 
Қазақтың  бүгінгі  таңдағы  көрнекті  ақындарының  бірі,  
Қазақстан  Рес публикасы  Мемлекеттік  сыйлы ғының  лау реаты 
Марфуға  Айтхожа  ақындық тың  азабын  ғана  емес,  еңбегінің 
жемісін, мəуесін теріп отырған шағында.
Сырлы да нұрлы, назды да саз ды поэзия жанкүйерін тауып, 
оқырманның  мойнын  бұрдырмай  қоймайды  екен.  Көрікті 
жыр  көргені  бардан  туады.  Əсіресе,  қазақ  ақыны  үшін  бұл 
бұлжымауға  тиіс  қағида.  Мейір  мен  пейілге  шөліркеп  тұрған 
мына  заманда  жаның  жаситын,  жанарың  жəуді рейтін  шақтар 
аз  ба?  Марфуға  ақын  жусанның  жұпарын  жұтып,  бұл бұлдың 
даусын  естіп,  арғымақтың  дүбіріне  қосылып,  сонау  бала 
күнінен-ақ уызына жарып өскен суреткер. Сол кездің көңілінің 
күнделігінде  жазылып,  жүрегінің  түкпірінде  тербелген  тол-
қындары жыр болып, өлең болып өрнек тауып жатса қаракөз 

291
жұртын қуа нышқа кенелтер тұс та сол. Ақын ның жан-жүрек, 
қиял-ой, сезім иірімдерінің шырқау биік, шабытты кезеңіндегі 
сағынышы,  аптыққан  ақ  бұлақтай  армандары,  күйініші  мен 
сүйініші,  бəрі-бəрі  өлең  болып  мөлдірей  қалады.  Сағыныш 
атты  ұлы  сезімнің  бағасын  бір  ақын  Марфуғадай-ақ  білсін! 
Ел  айрыл ған  кезде  де,  аруана  жұрттың  арма нын  тек  ақындар 
айтатын  болған.  Тереңді  тербеп  шығар  текті  өлең  қашанда 
құдіретті. Марфуға ақын жырларын оқи отырып тағдырдың та-
рам  жолдарының  үстінде  келе  жатып  сағыныштың  самалына 
желпінгендей əсерде боласың.
 ...Қайран Талқы таулары-ай!
Биік неткен,
Халқымның құтысың ба үйіп-төккен.
Шуақты шыңдарыңа шығар мені,
Арман жоқ алауынан күйіп кетсем!
 
Қайран Талқы таулары-ай!
Биік неткен,
Əніңді тыңдамап ем ұйып көптен.
Шертші бір,
Күй кеудеңді күмбірлетіп,
Ғажап емес нөсердей құйып кетсем.
 
Қайран Талқы таулары-ай!
Биік неткен,
Самалың сипап жатыр
Сүйіп беттен.
Білмейтін қадіріңді балаң кезде

292
Кешір, сендей сұлуды
Қиып кетсем...
Ағынан ақтарылған ақынның сағынышы бөлек, мұңы ерек. 
Екі жүйе, екі ел, екі ғасырдың өлі арасында өлең өрген ақынның 
өрекпіген көңіл күйінің бір сəті сияқты жоғарыдағы жолдардың 
жаныңды, жүрек сезіміңді бір дір еткізбей кетуі мүмкін емес. 
Талқы  тауларына  сағынышын  үкілеп,  сырын  ақтарған  ақын 
өлеңінің  астарында  талапайға  түскен  жұрт тың  тағдыры  бар. 
Ал мұндай жырды сол тағдырдың кермегін елі-жұртымен бірге 
тартқан адам ғана жаза алады. Ақын да сол қасиетті халқының 
бір бөлшегі екенін сезіне сің. Сағынышты сезімге елжі рейсің, 
егілесің.  Жалған  пафос,  жалаң  дидактикадан  ада  өлеңінің 
шынайылығы ақ қайнардан зəмзəм сімірткендей күй кештіреді. 
Марфуға  ақын  поэзиясы  жарыққа  ұмтылған,  жалқын  сəулеге 
құштар  өлеңдерден  түзіледі.  Оның  жұртына  аса  қадірлі,  аса 
жақын болуы да содан.
Расул Ғамзатов: «Тақырып – қазына толы сандық. Сөз – осы 
сандықтың  кілті.  Базбір  əдебиет шілер  бір  тақырыпты  толық 
мең гермей  жатып,  екінші  бір  тақы рыпқа  ұмтылады.  Яғни, 
олар сан дықтың қақпағын ашып, бет жа ғындағы шүберектерді 
қопсытады да, келесіге қарай асығады. Сандық иесі, егер заттарды 
бірінен  соң  бірін  ұқыптылықпен  ала  бастаса,  оның  түбінен 
нағыз  асылдар  са лынған  қобдиша  шығады», – дейді.  Тақы-
рыптық  жағынан  сара ла ғанда  Марфуға  Айтхожа  жырлары 
əралуан. Олардың түйісетін, то ғысатын нүктесі бар. Ол – адам-
дарды, ел мен жерді сүюден туған аңсарлы жырдың жайлауы. 
Ма хаббат  пен  шапағат,  сұлулық  пен  ұлылық,  күйініш  пен 
сүйініш, пейіл мен мейір бəрі осында.

293
Марфуға  ақын  əсершіл  де  көреген.  Шабыттың  шалқа-
рындағы  шаңқай  түсіне  енді  жеткендей.  Өмірінің  əр  беті,  əр 
парағы өлең нен тұрады. Қай жинағында да сөз моншағын тізіп, 
мөлдір  сезімнің  інжу-маржанын  сүзеді.  Əсіресе,  Тəңіртау, 
Талқы, Сайрамтау сияқты ел мен жер тақырыптарына кел генде 
өрімдей  өріліп,  сылаң  сыр,  сұлу  сезімге  құрылған  жырлары 
таңғы тамшыдай қалпымен төгіліп түседі.
Ұмтылумен өтетін асуларға,
Ешбір кінə қоймаңдар, ақындарға.
Сыр алдырмай тағдырмен күреседі,
Өлең дейтін бойында асыл барда.
 
Түн асырып басынан,
Күн асырып,
Тереңдерге бойлайды,
Құлаш ұрып...
Арыстанның аузында жүреді, ақын
Өлең үшін алысып, сірə, тұнық!..
 
Көрік берген көктемдей атырапқа,
Данышпан да өтеді,
Ақымақ та...
Сəл нəрсеге жүдейтін,
Сарғаятын
Ақын жаны ұқсайды
Жапыраққа...
Кейінгі  жырларының  бірінде  осылайша  тебіреніпті  ақын. 
Ға жабы мен азабы бірдей сөз өне рінің шын иесі өз тағдырын 

294
ешқа шан  ешбір  баққа  да,  таққа  да  айыр бастамайды.  Жаны 
жапырақтай діріл қағып тұрса да шын ақын ер лік пен өрліктің, 
парасат  пен  тектіліктің  иесі.  Марфуға  ақын  да  өмір  бойы 
күресумен, шарқ ұру мен, ұмтылумен, самғаумен биіктеп бара 
жатқан  қайсар  шабыт  иесі.  Оның  болмысынан  сұлулықпен 
қоса тəкаппарлық та, даналық та, балалық та табылады.
Қазақтың  ғажайып  ақыны  Ғафу  аға  Қайырбеков  Марфуға 
ақынның  «Жапырақтар  сілкінген  кеш»  өлеңдер  жинағына 
жазған  пікірінде: «Өмірде  ақынның  көп  болғаны  жақсы. 
Əрине,  шын  шабытты  ақын  болса  жəне  өрнек  кестесі,  үн-
дауысы  əралуан  болса.  Өйткені,  ақындық – əулиелер  туысы, 
періш телер жолдасы. Ол – киелі, иелі құдірет перзенті. Олар-
дың  жара тылысы  жай  адамдардан  мүлде  басқаша.  Бұл  бір 
аспандағы құс пен жердегі адам арасындағы жалғасқан көпір. 
Ақындықты əулие тұтпау – бейшаралықтың белгісі», – депті.
Сондай періштемен жолдас, əулиемен туыс ақын Марфуға. 
Оның есімімен де, өнерімен де халқы қанаттанып қалады. Ел 
десе елеңдеп тұратын ақынның қазақтың ауыл-ауылына өзінің 
Марфуғасы болып кеткелі қашан. 
Кішісін  «бауырымдап»,  жасы  үл кенді  «жеңешелеп»,  əнін 
шырқап, жырын төгілтіп, əзілін айтып ме рейленіп, шабыттанған 
шақтарын сапарлас болған сəттерде талай көрдім.
Ұлы  ақын  Қасым  Аманжо ловтың  Қарқаралыдағы  тоқсан 
жылдық  тойында  ғарышкер  Тоқ тар  батыр: «Ағаларым  айып 
етпесін,  мынау  шеке  мен  жам басты  мені  ғарыштан  жырмен 
шашу  шашып  тосып  алған  Марфуға  əпкеме  ұсынамын», 
дегені. «Еркек  тұрғанда...»  деп  күбірді  күшейткендер  де 
болмай  қалған  жоқ.  Тоқтар  батыр  неге  шатыссын,  Ғафу  ағам 

295
айтқандай «Əулиелер туысын, періштелер жолдасын» таныған 
да. Ақынның бақыт бесігінде тербелген бір сəтін сонда көрген 
едім.
Ақын Марфуға Айтхожа жиыр мадан аса жыр жинақ тары-
ның  авторы.  Оның  өлеңдері 40-тан  астам  алыс-жақын  шетел 
тілдеріне аударылып, өлең деріне көптеген сырт жұрт компози-
торлары  əн  шығарған.  Мəселен:  Болгария,  Украина,  Ресей, 
Қарақалпақ, Қытай, Моң ғолия жəне басқалары. Ақынның «Бір 
уыс  топырақ»  деген  өлеңіне  жазылған  романсы  Ресей  еліне 
мəлім.  Тағы  да  Моңғолия  композиторы  жазған  «Туған  же рін 
аңсамайтын жан бар ма» қатарлы əндер Моңғолияда тұра тын 
қазақ бауырларымыздың сүйікті əніне айналды.
Марфуға  Айтхожа  кезінде  еліміздің  атынан  талай-талай 
əдебиет  пен  өнердің  үлкен  кеңес,  құрылтайларына  қатысқан. 
Ақынның  жеті  жинағы  орысша  шықты.  Соның  төртеуі  Мəс-
кеуде: «Утверждение» (1974), «Струна степей» (1978) – «Мо-
лодая  гвар дия», «Летние  росы» (1981) – «Советский  пи-
сатель», «Укрощение  коня» (1985) – «Художе ственная  лите-
ратура»  баспалары нан  шықты.  Бұдан  басқа  да  көп теген 
шетел антологияларында топ-топ өлең-жырлары жарық көр ді. 
Мұның сыртында 1985 жылы «Огонек» журналының лауреаты 
атанса, 1986 жылы «Молодая гвардия» журналының жүлдегері 
болды. 1988 жылы Қытай Халық Республикасының «Халық» 
баспасынан  «Сағыныш  сазы»  атты  көлемді  жинағы  жа рық 
көрді.
Ақынның шығармалары жай лы Қазақстанның халық жазу-
шысы  Əбділдə  Тəжібаев,  акаде мик  Мұхамеджан  Қаратаев, 
Мемлекеттік сыйлықтың лау реаты Жұбан Молдағалиев, Сыр-

296
бай Мəуленов, Тұрсынбек Кəкішев, Ғафу Қайырбеков, Дмит-
рий Снегин, Олжас Сү лейменов, Əзілхан Нұршайықов, Əбіраш 
Жəмішов жəне басқа да ақын-жазушылардың құнды пікірлері 
жарияланды.
Бұдан сырт, орыс қаламгерлері – Ю.Суровцев, Т.Кузовлева, 
Т.Белова  (Т.Бек),  В.Турбина,  С.Михалков,  А.Межиров  ақын 
шығармаларын жоғары бағалады. Болгарияның «Литературен 
фронт»  газетіндегі  Яйко  Ди мовтың  жəне  осы  елдің  «Друж-
ба» журналындағы С.Хинко ваның аса жылы сезімге толы ма-
қаласы қазақтың ақын қызының есімін алыстарға жайды.
Тəуелсіздік жылдары еліміз еңсесін тіктеп ес жия бастаған 
кезең  ақынның  арманына  аста сып,  тағы  да  қайың  жырдың 
жапырақтарын  дүр  сілкінтті.  Ақынның  арманы  ел  бақытына 
ұласса  ұлы  арман  болғаны.  Қазақ  қоғамының  өркендеген, 
өрістеген  қадамдарын  кейінгі  уақытта  көрікті  ой,  көркем 
тілмен  өр нектеп  жүрген  ақын  «Алатаудың  ақ  батасы»  атты 
жыр жинағын шығарған. 
Кең  тынысты  эпи калық  жанрда  да  нəзік  лири калық 
иірімдерді  жібектей  үлбірететін  қасиетін  осы  жинаққа  енген 
«Алатаудың  ақ  батасы», «Абылай  хан  даңғылы», «Сағы-
ныш»  поэмаларынан  аңғардық.  Елінің  жоғын  жоқтап,  мұңын 
мұңдамаса  ақын  бола  ма?  Мар фуға  ақынға  тəн  қасиет – ол 
мынау  жаратылыстың  көлеңкесінен  гөрі  күнгейін,  қарасынан 
гөрі ағын, жасығынан гөрі жасылын көбірек көретін сыңайлы.
 «Ауылым көшіп келеді таудан асып»,
Таудың қызы, тауда өскен,
Тауға ғашық.
Қатар өскен кешегі, қайран құрбы

Көшкен жұртта көз жазып,
Қалды адасып...
 
Ауылым көшіп келеді, ауылым көшіп,
Алақұйын тағдырдың дауылын кешіп...
Туған елін армандап  өткендердің
Сағынышын тербеген –
Жаным бесік!
Айдыннан  аққу  ұшырған  қа зақтың  Марфуғасы  туралы 
сөз  айту  сұлулық  əлемімен  сырласу  деген  ұғым.  Жылдардың 
жетегі, күндердің керуенімен елі-жұрты ақын қызын жетпіске 
қимаса  да,  сол  биікке  көтеріліп  қалыпты  Мə кең  бүгін.  Шын 
ақын мəңгі əде мі, мəңгі жас. Қарын дасым ның тоқыған кесте-
сіндей,  ана мыз дың  сырған  сырмағының  оюындай  өрнекті 
өлеңнің құ діреті орныңызды төрден сайла сын, Марфуға ақын, 
дегіміз кел ген еді бүгін. Бұл мерейлі жыр иесінің мерейтойын-
дағы əріптес бауырының өзек жарды ниеті ғана.
«Егемен Қазақстан», 
12 наурыз №90-93 (25939) 2010  жыл

298

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет