43
көркем әдебиетіміздің
тілі туралы алқалы кеңес құрып, жеткен биігімізді,
қалыс жақтарымызды електен өткізу, кейбір тұрғыдан ойлану,
жетілдіру;
негізгі-негізгі мәселелерге көңіл аудару, қандай кемшіліктер бар, оның себебі
неде деген жайттарға тоқталу мақсатынан туындап отыр ғой деп ойлаймын.
Конференцияда жұртшылық көкейдегі ойларын айтады, пікірталастар, тіпті
айтыстар, түптеп келгенде келелі пікір алысу болады.
Дәл бүгінге дейін газет-журналдарымыздың барлығы да әсіресе
сіздердің газеттеріңіз тіл мәселелері, тіл мәдениетіне байланысты көптеген
мақалалар жариялады. Егер солардың барлығын жинақтасақ, тіпті айтылмай
қалған проблема жоқ. Конференцияда да негізінен көркем тіл сөз болғанымен
де, оның барлығы жалпы тіл мәселесіне айнала соғып жатары сөзсіз. Себебі,
көркем тіл өз алдына дербес дүние емес. Демек, мәселе үлкен трибунадан
айтылар пікірлерге, ұсыныс-тілектерге мықтап көңіл аударып, құлақ асып,
белгілі қорытынды шығара білуімізде.
– Көркем тіл өз алдына дербес дүние емес дедіңіз. Тіл мен әдебиет
бір-бірімен бөлінбейтін егіз екені де рас. Тілдің даму барысына әдебиет
бейтарап қала алмайды және де тілдің дамуына әдебиеттің ықпалы аз емес.
Ал тіл мен көркем әдебиеттің қоғамдық-әлеуметтік мәні, түптеп келгенде
әртүрлі, өзгеше екені тағы бар ғой. Әдебиет тек тіл ғана емес. Кейде
«тіл дегеніміз стиль» деген пікірлер айтылады. Әдебиетші ғалымдардың
пікіріне сүйенсек, көркем тілде сөздің ішкі семантикасы, морфологиялық,
синтаксистік құрылымы көркемдік жинақтауға негіз болып, образдар
жүйесімен, образ мазмұнымен жымдасып жатады. Конференцияда көркем
тілдің осы тұрғысынан сөз қозғалуы тиіс шығар.
– Көркем тілді образдылық, ішкі ырғақ, әуен,
сөздік құрылым, т.б.
сан қырынан қарастыруға болады. Бұл мәселелер арнайы баяндамаларда,
сөйлеушілердің сөзінде де қамтылады. Мен тілдің заңдылықтарына назар
аудармақпын.
Қазір әдебиеттің ерекше даму процесін бастан кешіп отырмыз. Шебер
қаламгерлер өз алдына, қолына қалам алған талапкерлердің өзі қаншама! Біраз
жағдайда, дамудың жалпы дүрмегімен келіп жатамыз. Тілдің заңдылығын
сақтау – сөздің дұрыс жазылумен ғана бітпейді. Тілдің заңдылығын
сақтаудың ең алғышарты халық тілін жақсы әрі дұрыс пайдалана білуде.
Мәселен, М.Әуезов, Ғ. Мүсірепов, тағы да басқа көрнекті қаламгерлер
шығармаларының тілінен әдейі іздесең кемшілік таппайсың. Олардың тілінің
эталонға айналуы халық қазынасын игергендігінен ғой.
Достарыңызбен бөлісу: