«Қазақ Әдебиеттану ғылымы: ДӘСТҮр және сабақтастық» атты


НАНЫМ-CЕНІМНІҢ ҒҰРЫП ФОЛЬКЛОРЫНДАҒЫ ТРАНСФОРМАЦИЯЛЫҚ



Pdf көрінісі
бет23/92
Дата23.10.2023
өлшемі2,56 Mb.
#120672
түріСабақ
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   92
Байланысты:
kazak-adebiettanu

НАНЫМ-CЕНІМНІҢ ҒҰРЫП ФОЛЬКЛОРЫНДАҒЫ ТРАНСФОРМАЦИЯЛЫҚ 
ЭВОЛЮЦИЯСЫ 
 
Нагашыбаева М.Е., 
7М02301«Қазақ филологиясы» ББ 2-курс магистранты, 
А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті, Қостанай қ., Қазақстан 
Көне наным-сенімдердің күні бүгінге дейін мұрты бұзылмай сақталуы мүмкін емес. 
Көне наным-сенімнен қалыптасқан салт-дәстүрлердің өзгеруіне әртүрлі діндердің араласуы 
себеп болады. Бірақ та, тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, бүгінде «түбіміз – 
түрік, дініміз – Ислам» деген оймен де санасқан жөн. Дінде ұлт болмайды, ұлтта дін болады. 
Қазақ халқы сан ғасырлық тарихында бірнеше сенімді басынан өткерді. Бірақ, барлығында 
өзіндік болмысына, ұлттық салт-дәстүрлеріне лайықтап алды. Бүгінгі қоғамда «мына 
әрекетің дінде жоқ», «мына әрекетің салт-дәстүрге лайықсыз» деген сөз жоқ. Қазақтың 
кешегі көне заманнан бері үзілмей келе жатырған салт-дәстүрі бүгінде Ислам дінімен 
астасып, біте қайнасып кетті. Ислам діні келмеген уақытта да түркілік таным өзге ұлттардан 
ерекше болған. «Өмір» деген араб сөзі тілімізге енбей тұрып, біздер, яғни, көне түркілер 
«өмірді» не деп атадық? «Төрткүл» сөзінің мәніне толық үңіле алып жүрміз бе? Міне, 
осындай заңды сұрақтар қою арқылы біз өзіміздің ұлттық болмысымызды анықтаймыз.
Бір өкініштісі, бүгінде мұсылман болуды араб дәстүрлерін білумен 
шатастыратындар көбейді. Араб дәстүрлерімен сіңісіп, ертеден жасасып келе жатқан бір-
екі салт-дәстүрімізді атап кетсек. Солардың алғашқысы – «азан шақырып, есім қою». 
«Халқымыздың бұл әрекеті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тәрбиелік мәні зор сүннеттерінің 
бірі. Ол өзінің немересі хазреті Хасан (р.а.) туылғанда құлағына азан шақырып, ат қойған» 
[1, 6]. 
Одан кейінгі салт-дәстүріміз – баланы сүндетке отырғызу. Мұсылманшылдықтың 
бір белгісіне айналған бұл сал-дәстүрдің бүгінде ер баланың парызы іспеттес екені белгілі. 
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүндетке отырғызуға аса мән беріп, оны «жаратылыстың талабы» 
деп санаған» [1, 6]. 
Өзіміздің ұлттық салт-дәстүрлеріміздің қадіріне жетіп, дер кезінде бағалаған жөн. 
Салт-дәстүрдің озығы да, тозығы да болады. Содан өзімізге керегін жиып алатын болсақ, 
әлемдегі дамыған елдердің біріне айналарымыз сөзсіз. Салт-дәстүрдің баға жетпес 
құндылығы жайлы айтылған бір-ақ ауыз сөз бар. «Кезінде вице-министр болған Нағашыбай 
Шәйкенов деген білімдар адам «Халықтың салт-дәстүрі заңнан биік» деп отыратын [2, 6].
Бұл мақалада бірнеше салт-дәстүр алынып, өткен мен бүгінгі күнде нендей өзгеріске 
ұшырағаны салыстырылды. Қазақ халқында бала өмірден келгенінен бастап әр есею 
кезеңіне өткенін ерекшелеп, салт-жоралғысын жасау қалыптасып, дәстүрге айналған, 
мәдениетті қалыптастырған. Солардың алғашқысы шілдехана. Бала өмірге келгенін тойлау 
мерекесі. Бұл мерекенің шілдехана деп аталу себебі «қырық» сөзімен тікелей байланысты. 
Көне наным-сенім бойынша жас босанған әйел мен бала әлі екі дүниенің ортасында жүреді-
мыс. Оларды жын-періден қорғау үшін 3 күннен 40 күнге дейін той созылған. Яғни о 
дүниедегі баланы тірілердің мекеніне әкелу және соны тойлау сәті. С.Торайғыровтың 


71 
«Шілде» өлеңі: «Түскендей әуе жерге қырық күн күн шілде». Мифопоэтикалық түсінікте 
сакралды «қырық шілтен» тіркесі бар. Яғни қырық шілтен – батырларды қорғаушы, 
жебеуші, сақтаушы қайырымды образ. Олар пірдің қызметін атқарады. Яғни аруаққа 
табынушылық заматта (анимизм) қалыптасқан түсінік бойынша, ата-анасы өз баласын 
«қырық шілтенге тапсырдым» дейді. Шілдехана атауы да баланы шілтендерге «аманаттау» 
нұсқасында жұмсалып, әрі баланың тілі шықпай, өз-өзін қорғай алмағандықтан, қырық 
шілтенге «қарап қоюы» мақсатында болған.
1. Шілдехана – («чил» - қырық) баланың қырық күн о дүниелік болған жанын тірілер 
дүниесіне әкелу сәтінің ширегіндегі ғұрып. 
2. Шілдехана – қырық шілтен («чил» - қырық; шілде~шілтен) пірге баланың өмірін 
«аманаттау» мақсатында жасалған. 
«Қырқынан шығару». Қазақ әуелден символиканы, сандық ұғымды ерекше жақсы 
көретін халық. Бала өмірге келгеннен кейін қырық күн өтісімен, қырық бір қасық су 
құйылған ыдысқа жуындырады. «Бұл – ресми дәстүр. Оған үлкен әжелер, әйелдер 
қатысады, кәде беріледі, дастархан жайылады. Сәбидің қарын шашы алынып, оны сәбидің 
өзінің киіміне матаға орап тігіп қояды. Мұндағы мақсат ертеде сурет болмағандықтан 
баланың сәби кезінен ескерткіш ретінде сақтаудан шыққан» [3, 12].
Адамның өмірге келуі мен өмірден өтуінде де үлкен мән жатыр. Ежелден бері 
адамның дүниеге келген кезін «қырқынан шығару» деп атаса, өмірден өткен шағын 
«қырқын беру» деп атаған. Бұл жердегі басты дүние – ата-бабамыздың «қырық күннің» 
мәнін қалай түйсінуінде болып тұр. Қырық күнде бала өмірге икемделіп, қоршаған ортаға 
бой үйрете бастаса, өмірден өткен адам да қырық күннен соң, арғы дүниеге бейімделіп, сол 
дүниенің адамы болады деп түсінген. Жалпы қазақ халқының танымындағы «қырық» 
санының киесі мифологиялық көзқарастан қалыптасқан. Биологиялық тұрғыдан сараласақ, 
бала дамуының физиологиясына сәйкес туғаннан ет сүйекке толық бітіп, қатып, бала 
мойнын ұстап бастайды, бала иммунитеті қоршаған ортамен танысады. Бұл ата-
бабаларымыздың табиғатқа жақындығын байқатады. Қырық күн бойы тек тұзды су мен 
күміс тиын салып баланы жуындыратын. Қазір заманның дамуына байланысты калий 
перманганаты, кір сабынмен жуындыру ғұрыпқа енді.
Бесік жыры – отбасылық ғұрыптық фольклорға жатады. Ананың балаға 
айтқан әлдиі психология, этнография, мифология, мәдениетпен тығыз байланысты, Бесік 
жырында баланы «күн», «ай», «жұлдыз», «жарық» сынды аспан денелеріне теңеу анимистік 
көзқарастан, ал «құлыным», «қошақаным», «қозым» сынды теңеулер тотемистік 
көзқарастың дәлелі. 
Айым болып тудың ба? 
Күнім болып тудың ба? 
Бұл дүниеге келген соң, 
Сұрауы бар судың да? [4, 21]. 
Тұсау кесу – баланың енді қадам басып, қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген 
тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ала жіппен, көк шөппен, ішекпен кесіледі. Ала жіппен 
сегіз санына ұқсатып байлайды. Бұл шексіздіктің белгісі. Бұр ғұрып тәңіршілдік заманынан 
бастау алған. Тұсау кесетін адам: 
Қаз-қаз, балам, қаз балам, 
Қадам бассаң, мәз болам. 
Қаз-қаз, балам, қаз балам. 
Тақымыңды жаз балам. 
Күрмеуіңді шешейін, 
Тұсауыңды кесейін, 
Қадамыңа қарайық, 
Басқаныңды санайық, 
Қаз-қаз, балам, жүре ғой... 
Балтырыңды түре ғой. 


72 
Тай-құлын боп шаба ғой, 
Озып бәйге ала ғой. 
Қаз баса ғой, қарағым, 
Құтты болсын қадамың! 
Өмірге аяқ баса бер, 
Асулардан аса бер. 
Жүгіре қойшы, құлыным, 
Желбіресін тұлымың. 
Елгезек бол, ерінбе, 
Ілгері бас, шегінбе. [4, 27]. 
Қорыта келгенде, ұлттың басты белгісі – ұлттық руханияттың, ұлттың сана-сенімінің 
болуы. Ал ұлттық руханияттың өмірдегі көрінісі – салт-дәстүрлер. Салт-дәстүрлер – 
адамның өмір сүру формасының басты мазмұны. Халықтың ұлттық болмысы, 
ерекшеліктері, арманы, мақсат-мүддесі өнер тілімен барынша айқын өрнектеліп, рухани 
өмірдің негізін құрайды. Салт-дәстүр заманға қарай бейімделе де, жоқ болып кете де алады. 
Оны тек сақтап сол ұлт өкілдерінің қолынан ғана келеді. Бүгінде әрбіріміздің бойымыздан 
бабалардан мұра болып қалған ұлттық салт-дәстүріміздің, төл мәдениетіміздің, сөздік 
қорымыздың молдығы көрініс табады. Ғылыми мақала ұлттық салт-дәстүрлеріміздің 
бүгінгі заманға сай қаншалықты өзгеруін анықтауға арналған. Жалпы алғанда, ұлттық салт-
дәстүрлерімізді жаңғыртып, мағыналы түрде қолдана білсек, төл мәдениетімізден, ұлттық 
болмысымыздан, ана тілімізден ажырамасымыз сөзсіз. 
ӘДЕБИЕТТЕР 
1. Өмірбек Оңғар қажы. Салт-дәстүрлеріміз Исламмен біте қайнасқан. – Үш қоңыр 
2013. – 20 қыркүйек, № 38. – 8 б. 
2. Кенжеахметұлы С. Салт-дәстүр заңнан биік. – «Ана тілі», 2010. – 18-31 наурыз, № 
11-12. – 6 б. 
Салт-дәстүр. «Бала тәрбиесі», 2006. – № 2. – 48 б. 
3. Әмірова Б.Ә. Салт-дәстүрлер этникалық жансақ нанымдарды қалыптастырушы 
ұлттық құндылықтар. – «Қайнар» университетінің хабаршысы = Вестник университета 
«Кайнар» 2005. – № 2/1. – б. 
4. Кенжеахметұлы, С. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. – Алматы: 
Атамұра, 2015.- 224 б. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет