АҢЫЗ ӘҢГІМЕЛЕРДІҢ ТАНЫМДЫҚ, ҒИБРАТТЫҚ МӘНІ
Оразбекқызы М.,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің магистранты.
e-mail:
orazbekovna18@bk.ru
- Қызылорда қ., Қазақстан
Ғылыми жетекшісі: Оралова Г.С.,- филология ғылымдарының кандидаты,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры.
e-mail:gulzi-oralova@mail.ru Қызылорда қ., Қазақстан
Аңыз – халық ауыз әдебиетінің рухани, шағын көлемді жанрларының бірі. Қай
халықтың болмасын өзіндік әдеби жанрлары, аңыз шығармалары болады. Аңыз-
әңгімелерде сюжеттік желі сан түрлі болып келеді, әдетте аңыздарда түрлі оқиғалар,
кейіпкер аттарының, елді мекен, жер-су атауларының, мезгіл мөлшерінің деректілігі басым,
оқиғасы қызықты келетін жанр. Аңыздар қандай да бір ұлттың болмысына, халықтық
ерекше дәстүрлеріне қарай түрлі елеулі оқиғаларға, ел тарихындағы тұлғаларға, қасиетті
жерлерге, наным-сенімге сай өрбіп, танымдық сипатта тәрбиелік мәнде ғибраттылықпен
өрбіп отырады.
73
Аңыз-әңгімелерді мазмұнына, тақырыптарына қарай жүйелеу, жіктеу орыс
фольклортану ғылымында ХХ ғасырдан басталады. А.П.Андреев орыс фольклорындағы
аңыздарды «тарихи және жергілікті аңыздар» деп екіге бөледі. Осылай бөлуді Т.М.Акимова
қолдай келіп: «Тарихи аңыздарға халық өміріндегі елеулі тарихи уақиғаларды жатқызуға
болады. Ал жергілікті аңыздарға қалалар мен селолар, олардың аталуы, салынуы, атақты
адамдары жайында баяндалатын әңгімелер жатқызылуға тиіс», – дейді [1, 138].
Аңызды мазмұндық, тақырыптық тұрғыда жіктеп, жүйелеуде отандық, шетелдік
әдебиеттанушылар біршама еңбек етіп, өздерінің ғылыми тұжырымдарын қалдырған
С.Н.Азболов, В.Е.Гусев, В.К.Соколова, М.В.Храпченко, Г.Н.Потанин, А.И.Никифоров,
П.Г.Богатыров, М.В.Седова, Е.Испулатов, И.Лоренов, Т.М.Акимова, В.В.Бартольд т.б. өз
еңбектерінен, қазақ ғалымдарының А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, Е.Ысмайылов, Р.Бердібай,
Ш.Уәлиханов, Ә.Қоңыратбаев, С.Қасқабасов, Б.Адамбаев, Ш.Ыбыраев, Ә.Марғұлан,
М.Қаратаев, М.Ғабдуллин ғалымдар еңбектерінен аңыздар жайлы пайымдауларды
кездестіреміз.
Аңыздар жайлы ғылыми зерттеулер, әсіресе мәдениет пен әдебиеттегі киелі жерлер,
көрнекті тұлғалар жайлы аңыз әңгімелерді жанрлық, тақырыптық, мазмұндық, мәтіндік, тіл
білімі тұрғысынан зерттеу еңбектер ауқымы әлі де болса жинақтап, талдап зерттеу
қажеттігін туындатады. Аңыз әңгімелер күрделі зерттеу нысанына айнала қоймаған,
жекелеген мақалаларда сөз болып жүрген өзектілігі айқын мәселелердің бірі. Ғылыми-
теориялық тұрғыдан келгенде зерттеу еңбектердің ауқымы әлі де болса аздық етеді. Бұған
дейін күрделі зерттеу нысанына айналмаған десек те, жекелеген мақалаларда сөз болып
жүрген ғылыми мәселе екенін білеміз.
Қазақ аңыз әңгімелерінің ұшқыр қиял, тосын ғажайыптар, ертегі сипатында келетін
тұстары кездеседі. Осы секілді сипаттар танылғанымен аңызда кездесетін жер-су аттары,
белгілі бір тұлғаға қатысты шындық сақталады. Әдебиеті мен мәдениеті, тарихы ұқсас
халықтар арасында ұқсас аңыздар кездесіп жатады. Алайда тақырып, атау бір болғанымен
идеялық жағынан, сюжеттік элементтері жағынан өзгешеліктер болады. Аңыз әңгімелер
ауыздан ауызға тарағандықтан, жеткізуші тарапынан пайымдар қосылып, өзгерістерге
түсіп, түп нұсқадан алшақтап жатқанымен, сюжет, негізгі идея сақталады. Аңыз әңгімелер
жанрлық жағынан қара сөзбен жазылатын шағын көлемді эпикалық жанр түрі. Аңыздарда
өмір шындығы тапқырлыққа құрылып, ондағы оқиға, кейіпкерлер, олардың әрекеті қысқа
баяндалып, жинақталып беріледі. Ертегі, тарихи жырлар құрылымынан айырмашылығы да
ұзақ баяндаудан, бірнеше оқиғалар түрінде, кейіпкерлер арасындағы тартыс, сюжет
қоюлығы бола бермейді. Аңыз-әңгімелер құрылымы шағын, тұщымды, ойлы, тағылымды
болып жасалады.
Аңыз-әңгімелерді тақырыбына қарай бөліп жүйелеу мәселелерін фольклористер
С.Н.Азбелев, В.Е.Гусев, В.К.Соколов пікірлерінен аңғаруға болады. В.К.Соколова тек
«тарихи және топонимикалық» деп атауды жөн көреді. Аңыздарды бұлай жүйелеуге қарсы
ғалымдар де бар. Мәселен, А.И.Никифоров мифтік (тәңір, әулие, жын, т.б.), натуралдық
(өсімдік, жануарлар, т.б.) және тарихи (уақиғалар, жер-сулар, халықтың шығу тегі, т.б.)
аңыздар деп бөлу орынды десе, К.В.Чистов тарихи аспан дүниесі, халықтың шығу тегі, жан-
жануарлар, жер-сулар туралы аңыздар деп жіктеуді ұсынады. Қазақ әдебиетінде аңыз
әңгімелерді жинау, зерттеу ісіне алғашқылардың бірі болып Ш:Уалиханов
қызығушылығын танытқан. Ғалым жіктеуі бойынша аңыз әңгімелер екіге бөлінеді. Олар-
тарихи адамдарға қатысты аңыздар және тарихи оқиғаларға қатысты құрылған дейді.
Қазақ әдебиет тарихын зерттеуші М.Әуезов қазақ ертегілерін талдап оларды: ертегі,
аңыз ертегі, күй аңызы деген топтарға бөлген. Сонымен бірге түркі халық ауыз
әдебиеттерінде кездесетін прозалық үлгідегі аңыз-әңгіме, әпсана, хикая деп аталатын
терминдерді аңыз деген ұғыммен атайды. Аңыздарды:«Тарихта болған адамдар жайында
айтылған, халық шығарған көркем әңгіме», – деп бағалаған [2, 96]. Қазақ халық ауызы
әдебиетін зерттеп, жинаушы, арнайы оқулық жазған М.Ғабдуллин аңыз әңгімелерге
былайша анықтама берген: «Оқиғасы реалды өмірден алынып, болмысы шындық негізінде
74
ауызша шығарған қазақ халқының көркем шығармаларының елеулі жанры – аңыз-
әңгімелер»,-дейді [3, 56]. Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, Е.Ысмайылов, Р.Бердібаев,
С.Қасқабасов фольклор шығармаларын талдағанда аңыз әңгімелердің ерекшелігіне қарай
жүйелеп, жіктеп, сол тұрғысындағы көзқарастары мен дәйектемелерін беріп отырады.
Аңыз әңгімелер халық үшін қызмет жасап, олардың өмірге деген көзқарасын, рухани
танымын, даналық ойларын, тәрбиесін қалыптастырып, дамытатын жанр түрі. Бастауы көне
дүние әдебиетінен табылатын аңыз әңгімелерде тарихи факт, әр түрлі қоғамдық жағдайлар,
халықтың арман-тілегі танылатын заманның өмір шындығы суреттелген, алуан тақырыпты
туындылар.Ұлттық жад, ұлттық сананы қалыптастыруда аңыз-әңгімелердің танымдық
құндылығы жоғары. Өлкелік әдебиет, өлкелік тарихты сөз еткенде туған жер
тағылымдарын ұрпақтарға таныту маңызды. Олардың тәлімдік мәні де айқын. Аңыз
құрылысынан ұлттық әдет-ғұрып, салт-сана, ұлттық болмыс, өлке тарихы, адамгершілік ізгі
қасиеттер, тұлалар т.б. тақырыптар аңыз сюжеттерінде кездесіп жатады, олардың рухани
әсерлілігі де асқақ леппен көркемделіп келеді.
Сыр өңірінде де ел аузына жатталып, тараған аңыздар жетерлік. Сыр өңірінде
туған аңыздардан ұлттық мінез, ұлттық болмыс, танылады. Тақырып жағынан
топтастырсақ, жер-су аттарына байланысты туған аңыздар, қасиетті жерлерге байланысты
аңыздар, шешендік дауларға, тарихи оқиғаларға байланысты аңыздар, діни-ағартушылық
бағыттағы аңыздар, әули-әмбиелерге қатысты аңыздар, күй аңыздары т.б. Сыр аңыздары
ішінде «Қорқыт» туралы аңыздар көптеп кездеседі. Сонымен қатар, «Барсакелмес» «Оқшы
ата», «Қармақшы», «Жанкент», «Бегім ана», «Бестам», «Бесарық», «Қорасан ата» т.б.
секілді өлке тарихын, жер-су аттарын танытып, тарихын зерделеуге жетелейтін аңыздар
мол ұшырасады. Мәселен мына бір аңызда қыз баласын құрмет тұтып, төріне отырғызып,
сыйлап өсіру тәлімі танылады. Бұл аңыздың берер ғибраты екі жағын да тең ойлайтын,
жұртына тілекші болатын, дүниеге ұрпақ әкелетін қыз баланы құрметтеу сезімі сезіледі.
«Бесарық» деп аталатын аңыз желісінде ертеде қарақалпақ елінің Баян атты қызы
ұзатылады. да, жыл өткен соң әкесінен сылдырап ағып жатырған бес өзенді еншісіне
сұрайды. Дәстүр бойынша қыз төркін жұртынан, әкесінен еншіге сұрағаны берілетін
болған. Солай ол өзен бойын сол елдегі руларға бөліп береді, жағалай отырған ел өсіп өнеді
[4].
«Жанкент» туралы аңыздардың бірінде « Санжар хан айналасындағы нөкерлерінің
өтірік сөздеріне сеніп, ашуға мініп, кінәсіз, адал болған Бегім сұлудың оң қолын шауып, оң
бұрымын кесіп, оң танауын ашуға мініп аяусыз жазалайды, Бегім сұлудың әкесі-Қарабура
әулие кісі болады. Аңыз оқиғасы бойынша Жанкент әміршісінің бұл әрекетіне налыған қыз
әкесі Қарабура Бегім сұлу ақ болса еліңді жылан жайласын деген қарғыс айтып, қызы ақ
болса, зиян келген барлық дене мүшесі қалыпқа келуін тілейді. Қыз денесі қалыпқа келіп,
адалдығы дәлелденіп, назаланған әке Санжар ханды қарғайды. Қарабура әулиенің қарғысы
қабыл болып, аспаннан іші улы жыланға толған мес түсіп, ханды нөкерлерімен бірге, түгел
елін жойып жібергендігі баяндалады. Күнәден пәк қыз құсқа айналып, аспанға ұшып кетеді
де, қонған жеріне керемет мұнара орнапты делінген [4]. Миф элементтері аралас келетін
бұл аңыздың да берер ғибраты бар. Мифтік шығармалар жер бетіндегі пайда болған тау-
тас, жан-жануар, жәндіктердің кейбір қасиеттеріне байланысты туындап отырады.
Халықтың жақсылық жасасаң-өзіңе, жамандық жасасаң-өзіңе деген ойларымен үндесіп,
халықтың «Ашу-дұшпан, ақыл-дос, ақылыңа ақыл қос» дегеніндей, аңыз ғой деп қарамай,
ақиқатын танып, қай істе де сабырлы болуды, ақ қараны ажыратып, дұрыс пайым жасауды
меңзеп, мысал еткен насихаты танылады.
«Барсакелмес» туралы да аңыздар көптеген орыс ғалымдарының зерттеулеріне негіз
болды. Мысалы, Николай Рерих «Азия жүрегі» атты кітабында да Барсакелмес туралы
баяндайды. Кітапта аралдың «Барсакелмес» аталуына бірнеше отбасының осында
қоныстанып, кейіннен жоқ болып кетуі негіз болғаны туралы айтылады. Аңыз-әңгімелер
жайлы бірсыпыра зерттеулер бар болғанымен, аңыздардың шығу тарихы, ондағы қиял-
75
ғажайыптардың орын алуы, тылсым дүние сырлары туралы ғылыми-теориялық тұрғыдан
келгенде зерттеу еңбектерінің қажеттілігі туындайды.
Аңыз-әңгімелерде ұлтымыздың рухани құндылықтары мол ұшырасады. Өскелең
ұрпақты рухани сусындатып, туған жерінің тау-тасын қадірлеуге, бойларына құрмет
сезімін, қонақжайлық қасиетін, салты мен дәстүрін, әдет-ғұрыпын, адами ізгілік қасиеттерді
дарытып өсіруде аңыз-әңгімелердің берер насихаты мол. Әрбір өлкенің қасиеттеріне
байланысты туған аңыздарда келер ұрпақтың туған жерінің тарихын, ата-бабаларын, олар
атқарған қоғамдық пайдалы еңбектерін, елдік, ерлік істерін, отансүйгіштік болмыстарын
қалыптастыруға ықпал етері сөзсіз. Аңыздар ойдан ой туғызады, сюжеті қызықты,
тартымды болып келетіндіктен, қабылдауға да жеңіл ықпал етеді. Сонымен қатар, аңыз-
әңгімелер құрылысындағы тұспалдап айтылатын ойлар, нақыл сөз, мақал-мәтелдер,
шешендік тапқырлықтар тыңдаушысын ерекше әсерге бөлейді, ой қорытуға жетелейді.
Аңыз-әңгімелердегі ғибрат алатын, тәрбиеге толы, тағылымы мол тұжырымдар
қазіргі заман тілегімен үндесіп жатыр.
Аңыз-әңгімелерде келетін тапқыр ой, мақал-мәтелдер тыңдаушының ойлы, зерек
болуына, таным көкжиегінің кеңеюіне ықпалы мол.
Атақты батыр әрі шешен Жәнібек Шақшаұлы Төле биден ақыл сұрай келіп:
– Түзу мылтық, ұшқыр құс, жүйрік ит, мақтаншақ жігіт, ұрыншақ ат жидым. Бозбала
болып ерлік қылайын ба, үлгі алып билік құрайын ба? Еліңде кәрің болса, жазулы тұрған
хатың, жайлаған көңіліңнің алдында болса, ерттеулі атың деуші еді, ақыл сұрай келдім, –
дейді.
Сонда Төле би:
– Өгізді орға салма, қанатың талар, наданға көзіңді салма, сағың сынар. Досыңа
өтірік айтпа, сенімің кетер, дұшпаныңа сырыңды айтпа, түбіңе жетер. Жал-құйрығы қаба
деп, жабыдан айғыр салма, жаугершілік болғанда, жағдайлап мінер ат тумас. Қару жисаң –
мылтық жи: жаяу жүрсең – таяқ, қарның ашса – тамақ. Ит жүгіртіп, құс салсаң, әуейі
боларсың. Әйел алсаң көріктіге қызықпа, тектіні ал. Мақтаншақ жігіт жисаң, ұятқа
қалдырар. Ұрыншақ ат жарға жығар. Тұмау түбі құрт болар, тұман түбі жұт болар, ақылдың
түбң құт болар. Елге бай құт емес, би – құт. Қабырғадан қар жауса, атан мен нарға күш, ел
шетіне жау келсе, қабырғалы биге күш. Қарап отырғанша, бір нәрсеге жарап отыр. Кәсіп
болмай, нәсіп болмас. Менен ақыл сұрасаң, айтарым – осы, – деген екен [5 ,23].
Қазақ аңыздарындағы тарихи тұлғалар, жер-су атауларының шығу тарихынан, күй
аңыздарындағы тұтас ойлар мен түйінді пікірлерден, тың сөз саптауларынан халқымыздың
даналығын, сөз зергері, тарихты танытушы екендігін тани түсеміз. Тәлімдік мәні зор аңыз-
әңгімелерді рухани құндылықтар ретінде келер ұрпаққа жеткізіп, аңыз-әңгімелердің
қалыптасып, даумуын зерделей түсіп, өлкелік аңыздардың ұлттық сипатына ғылыми
тұжырым жасау ісі әдебиеттану ғылымына қосылар мол қазына болып табылары анық.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.Акимова Т.М. Семинар по народному творчеству. – Москва: Издательство 1958,
320 бет
2.Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы. Ғылым, 1971, 328 бет
3.Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – Алматы: Санат, 1996, 368 бет
4.Сыр бойындағы сакралды ескерткіштер: Мифтер, аңыздар, хикаяттар. –
Қызылорда: Тұмар, 2019, 432 бет
5.Төреқұлов Н. Қазақтың 100 би-шешені. – Алматы: Қазақстан, 1995, 384 бет
Достарыңызбен бөлісу: |