«Қазақ Әдебиеттану ғылымы: ДӘСТҮр және сабақтастық» атты



Pdf көрінісі
бет3/92
Дата23.10.2023
өлшемі2,56 Mb.
#120672
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   92
Байланысты:
kazak-adebiettanu

ШАПАҒАТЫ МОЛ АКАДЕМИК 
 
Қадыр Жүсіп 
Академиктің шәкірті, Каспий өңірі Академиясының Академигі, филология ғылымдарының 
докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры,-Атырау қ., 
Қазақстан 
Академик-жазушы Зейнолла Қабдолұлының жазушылық, ғалымдық, ұстаздық
жұмысы туралы көптен жазылып келеді. Оның елу, алпыс, жетпіс, жетпіс бес жасқа 
толған, сексен, сексен бес, тоқсан мерейтойларында және бақиға аттанғаннан кейінгі
жылдарда жарияланған ғылыми мақалалар мен шәкірттерінін, замандастарының жазған 
Зейнолла Қабдолұлының жазушылық, ғалымдық, ұстаздық портреттері және естеліктері 
том-том болып жарық көруде. Бұл жазбалардың бәрінде оның проза жанрында, 
әдебиеттану ғылымында, ұстаздық саладағы қалдырған мұрасы мен әдебиеттегі,
әдебиеттану ғылымындағы орны, ұстаздық ұлағаты жан-жақты бейнеленеді.
Зейнолла ағамыздың жастық кезде асқаралы армандары болғаны сөзсіз. Оның басты 
алдына қойған мақсаты – қазақ әдебиетінде қолдан келгенше ұстазы Мұхтар Әуезовше 
еңбек етіп, іс тындыру. Оның алдында ұстазының бір-біріне байланыстыра атқарған үш 
салада еңбек ету мақсаты тұрды: жазушылық, ғалымдық, ұстаздық. Шәкірт еш жалтақсыз 
осы үш бағытта толғанды. Зейнолла ағамыздың ғұмырының ондаған жылдары легінде 
қанша тонна қағаз аударып, қағаз бетінде қанша километрге созылатын жазу жазғанын, 
алдына қандай міндеттер қойып, қандай арман-мүдделеріне жеткенін бүгінгі күні анық
біліп отырмыз. Бұлардың бәрі ғалым жазушының ел алдындағы, халық алдындағы,
әдебиет тарихындағы бедел белгіге жеткізді, тарихта өз атын алтын әріппен жазып
кетті. Оның ғұмырнамасынан жақсы білетініміз: ол академик-жазушы, ғылым докторы, 
профессор, бүкіл республика жасамыстары мен жастарының ұстазы, Қазақстан халық
жазушысы, Қазақстан республикасы мемлекеттік, Пен-клуб, Шоқан Уәлиханов атындағы
сыйлықтарының иегері, ұлан-ғайыр марапаттары қаншама! Бұл дәрежелердің бәрінің
басы 17-18 жасында Алматыға келіп, ҚазМу-ге оқуға түсуден, ұстазы ұлы Мұхтар
Әуезовтен басталады. Оның содан кейінгі бүкіл өмірі Республикамыздың астанасы 
Алматыда өтті. Бірақ ол бір сәт те кіндік қаны тамған жерін ұмытқан жоқ. Туған
топырағы көз алдында тұрды. Мұнайлы өлке оның балалық шағының белгісі – майлы
құмында жалаңаяқ қалдырған ізі жатқанын кім білмейді? 
Кешегі бала – бүгінгі ұлы ғалым-жазушы, беделі бүкіл республиканы дүбірлетіп
тұрғанда, туған жеріне қайта-қайта қарайлап, оның жайын ойлады. Өлкесіне қандай
көмек беру туралы толғанған-ды. Ол ойларын біз әрбір көркем очеркінен, ел болашағы
туралы толғанысты философиялық мәнді жазбаларынан білеміз. Атыраудың
экономикасы, халқының тұрмыс- тіршілігі, білімі, ғылымы оны қатты толғандырды. 
Толғанып қана қойған жоқ, қолдап еңбек етті. Облыс басшыларының алдына түбегейлі
мәселелер қойып, көпшілік қатысқан жиналыстарда, активтерде, салтанаттарда сөйледі. 
Ақыл-кеңестерін берді, ел атқамінерлерімен қоян-қолтық араласып, бірге ел аралады. 
Халық тұрмысымен танысты. Оны жақсартудың шараларын қолма-қол орындаттыруға 
тырысып, белгілі уақытта орындалғанын өз көзімен көрді.
Ел тіршілігі жөнінде бір мысал келтіргенді жөн көреміз. 1993 жылы еліміз
жаңа ғана егемендік алып еңсемізді жаңа ғана көтермекші болып, ұмтылыс жасап
жатқан шақта жетпестік бір жағынан қысса, Қызылқоға, Жылыой аудандарындағы 
тасқын судың салдарынан мыңдаған үй суға шайылып қалып, қақаған суықта аспан
астында жалаңаш қалған халыққа Зейнолла ағамыздың жаны шырқырап, көзіне жас
алғанын қасында жүріп, өз көзімізбен көрдік. Сондағы ағамыздың ұйқысыз күндері мен 
түндері, күрсіністері көп болды. Сол шақта ұлы ұстаз бүкіл облыс, аудан басшыларын 
тасқын зардаптарынан халықты аман алып қалуға жұмылдырды. Қаламын қоя салып,
көптеген айлары мен күндерін Атырауда өткізіп, ат үстінде жүрді.



Ат үйірін сағынса,
Артқы аяғын қағынар. 
Ер үйіріп сағынса, 
Ер-тұрманын тағынар, -
деген мақалдың мәні қандай тамаша! Бұл мақал елді сағынған адамдардың жан-
дүниесін көрсететіні сөзсіз. Ал үйірін сағынумен қатар, ел тағдырына күйіну мен елінің
басында қиын іс түскен жағдайда зәредей де болса көмек ету үшін қопарыла аттану 
«ер-тұрманын» тағынудан гөрі басқаша болар.
Республикадағы Атырау үлкен бір облыс болса да, елдің шетінде екендігі әркез 
көрініп отырады. Ол Совет үкіметі кезінде қалай болса, егемендік алған кезімізде де
солай. Мәселен газет-журналдар мен хаттар бұрын қалай кеш жететін болса, бүгінгі
күні де солай. Астанада басылған кітаптар мен көптомдықтардың жұрнақтары ғана 
жетеді. Тіпті облыс жайындағы хабарлар да басқа облыстарға қарағанда сирек беріліп,
газеттерде облыс өмірі туралы мақалалар да басылмайды. Жергілікті авторлардың 
жазғандары орталық баспаларда кейін ысырылып тасталады. Ірі қалаларда республиканың 
батысынан барған мамандардың да жұмысқа қабылдануы сараң. Бұған ешкім таласа 
алмайды. Бұл – шындық. Бұл кері кеткен әдет Қазақ елі аман болса, неше ғасырға 
созылатынын құдайдың өзі біледі. 
Зейнолла Қабдолұлы өзінің туған жерінің республиканың шетінде болғандықтан, 
бәрінен шетқақпай жатқандығын білді. Бұған жаны ауырды. Жастарға демеушілік
жасауды армандады, білім-ғалымға ұмтылдырғысы келді. Артында ботасы қалған
аруанаға ұқсап, кейіндегі туған жеріне көп қарайлады. 
Елуінші жылдары мұғалімдер дайындайтын институт ашылғанын, оның 1956 
жылдан бастап жоғары білімді мұғалімдер дайындайтын мемлекеттік институтқа
айналғанын жақсы білді. Бірақ бұл кезде ағамыз ҚазМу-де еңбек жолын жаңа бастаған 
жас мұғалім ғана болатын.
1956 жылы ашылған филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі 
жұмыс істей бастады. Бұл кезде сол кездегі ел «көсемінің» «орыс тілінсіз коммунизм
орнату мүмкін емес» деген сөзінен кейін, 1967 жылы ол бөлім жабылып қалғанын да 
Зейнолла аға жақсы білгенмен, зығырданы қайнағаннан басқа ештеңе істей алмады. 
Ұлттық тілдің басына төнген қауіп бүкіл республиканы жайлап алған еді. Тек сексенінші 
жылдардың бас кезінде өзінің ел басшысы О.Көшеков досы Атырау облыстық партия 
комитетінін бірінші хатшысы болып тұрған кезінде институттағы қазақ тілі мен әдебиеті
бөлімін аштыру жөнінде Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетіне және 
Министрлер Кеңесіне хат жазып, өзі хат талабының орындалуына мұрындық болғандығын
жақсы білеміз. Соның нәтижесінде институтта 1984 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің 
мұғалімдерін дайындайтын бөлім қайта ашылды. Бұл кезде Атырау, Орал, Ақтөбе, 
Маңғыстау облыстарының мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен маман емес 
адамдар сабақ беріп, бұл пән мұғалімдерінің жоқтығынан сауаттылық, көркем әдебиетті 
сүюге баулу мәселесі төмендеп, құлдырап кеткен болатын. Бөлім ашылғанда алғашқы
жылы 25 шәкірт қабылдап, одан кейінгі жылдары студент санын көбейту көзделді. 
Сонымен, 1988 жылдан бастап, алғашқы түлектер бітіріп шықты. Сонымен бірге, осы 
мамандық бойынша сырттай оқу бөлімдері ашылып, облыста мемлекеттік тіліміздің
бағы ашылып, басына шырақ жағылды. Бұл игіліктің алғашқы кілтін ұстатқан адамдар
облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Оңайбай Көшекұлы мен академик
Зейнолла Қабдолұлы екенін Атырау халқы жақсы біледі және ол үшін осы күнге дейін
оларға дән риза. Осы әрекеттерінен бұл адамдардың болашақта Қазақстанның егемендік
алып, қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілетінін болжап білгендіктері 
көрінгендей. 
Қазақ филологиясы мамандықтары ашылысымен, Зейнолла Қабдолұлы институттың 
кейінгі тіршілігін көзінен таса еткен жоқ. Әдейі іссапармен келіп, студенттермен, институт 



оқушыларымен кездесулер өткізді, филология мамандығының бастамасында алғашқы 
адымдарына жолбасшылық жасап, дәрістерін оқыды. Студенттерге білім беретін маман 
оқытушылардың қатарын көбейтуге, олардың ғылыми ізденістеріне жол ашып, ғылыми 
дәрежелерінің өсуіне қамқорлық жасады. Мамандық ашылған 1984 жылдан бастап, ҚазМУ-
дің қазақ әдебиеті кафедрасына Атыраудың тұңғыш рет ғылыми ізденушісі қылып 
институттың аға оқытушысы Қадыр Өтегенұлы Жүсіпті қабылдады. Бұған дейін институтта 
педагогика және психология пәнінен дәріс беріп жүрген қазақ тілі мен әдебиетінің үлкен 
маманы, терең білімді ұстаз, Ленин орденінің иегері, оқу-ағарту ісінің үздігі, Қазақ ССР-
іне еңбегі сіңген мұғалім, педагогика ғылымдарының кандидаты Сабыр Қазыбайұлы және 
филология ғылымдарының кандидаты, қазақ тілінің үлкен маманы Құсекен Шәукенұлы 
жұмыс істейтін.
Қ.Ө.Жүсіп төрт жыл ішінде тақырып бойынша ғылыми ізденістерін тәмамдап, 
Атыраудың төл перзенті, талантты ақын Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиясынан 
«Жұмекен Нәжімеденов лирикасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын
қорғады. Бұл – институттың филолог ғалымдарының ғылыми дәрежесін көтерудегі
алғашқы адым болды. Алғашқы кандидатқа ғылыми жетекшілікті Зейнолла аға өзі
жасады. Сонымен бірге алғашқы әдебиетші-ғалымға өзінің кеңесшілігімен Жұмекен
Нәжімеденовтің бүкіл поэзиясы бойынша докторлық диссертация қорғауды ұсыныс
етті. Ғылыми жұмыстың дәмін татып, ақын поэзиясына қызығушылығын, ізденісін 
тоқтатпаған ғылым кандидаты Жұмекеннің бүкіл поэтикалық шығармашылығын 
докторлық диссертациясының зерттеу аясы етіп, «Жұмекен Нәжімеденовтің ақындығы» 
тақырыбында 1996 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Сөйтіп, 
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде тұңғыш докторлық 
дәрежесі бар ғалым пайда болды.
Қадыр Өтегенұлы Жүсіп талантты ақын Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиялық 
шығармашылығын зерттеп, ғылыми айналымға түсіруге 15 жылын арнады. Осы
уақыттар ішінде Зейнолла Қабдолұлы өз шәкіртінің жұмысын жіті қадағалаумен
болды. Зейнолла Қабдолұлы бұрынғы институт, қазіргі университеттің тағдырына біте 
қайнасып, оның өміріне араласуын тоқтатқан жоқ. Ең алдымен, институтқа университет 
дәрежесін алып берді және оның аты ұлы ғалым, Атырау елінің біртуар перзенті Халел 
Досмұхамедұлының атымен аталуына күш салды. Атыраудың маңдайалды тумалары 
академик, заң ғылымының докторы, профессор Салық Зиманұлы мен академик филология 
ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Қабдолұлының туған жерге деген перзенттік 
жұмыстарының нәтижесінде қазір Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік 
университеті кәрі Каспий жағасында білім қара шаңырағы деген атқа ие болып, ғылыми
еңсесін биіктетуде.
Университет статусын алған жоғары оқу орны мектеп мұғалімдерін дайындаумен 
қатар, басқа да мамандық салаларын көбейтті. Мысалы, заңгер, қаржыгер, шетел тілі 
аудармашысы, ауыл шаруашылығы қызметкері, журналист, актер, дизайн, туризм 
саласының қызметкерлері дайындалуда.
Зейнолла Қабдолұлы Атырау және көрші облыстардағы журналист кадрлардың 
жетпестігін жіті ескеріп, өзі бас болып, 2001 жылы журналистика мамандығын ашып берді.
Филолог кадрлардың ғылыми дәрежесін көтеруді жалғастыруды ешқашан есінен 
шығармаған академик ҚазМу-дің республика бойынша филолог-ғалымдар дайындайтын 
ұстаханасы болып есептелетін өзі басқарып отырған Қазақ әдебиеті кафедрасынан Атырау 
университетінің әдебиетші оқытушылары Айсұлу Садықова, Гүлнар Жұмабаева, Айкүміс 
Қыдырбаева, Жайлы Балтоғаева, Маржан Ершуова, Гүлзира Аяпова, Баязи Әбдешов, 
Бибігүл Қайыржанова, Сәуле Дүтбаева және басқалардың кандидаттық диссертацияларын 
қорғап, филология ғылымдарының кандидаттары ғылыми дәрежелерін алуларына 
көмектесті. Сөйтіп, университеттің қазақ әдебиеті кафедрасының ғылыми ахуалы артты.
1999 жылы Атырау облысының әкімі болып тағайындалған Иманғали 
Тасмағамбетов облыс мәдениетін, ғылымын өрге бастыру мақсатында 2000 жылдан бастап, 



Атырауға көшіп келіп, еңбек етуге академик Зейнолла Қабдоловты, жазушы-композитор 
Ілия Жақановты, домбыра оркестрінің дирижері Шамғон Қажығалиевті, дүлдүл күйшілер 
Әзидолла Есқалиевті, Қаршыға Ахмедияровты, күміс көмей әншілер Сәуле 
Жанпейісованы, Ғафиз Есімовті шақырып, әрбіреуін көрнекті баспанамен қамтамасыз етіп, 
барлық жағдайларын жасаған еді. Солардың ішінде Зейнолла Қабдолов, Қаршыға 
Ахмедияров, Ілия Жақанов Атырау университетіне жұмысқа келді. Зейнолла аға сол келген 
күннен бастап филология бөліміне «Әдебиет теориясы», «Сөз өнері: зерттеу мен 
зерделеудің методологиясы» пәндерінен 2004 жылы сырқаттанып қалғанына дейін дәрістер 
оқып, университеттің барлық қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Профессор-
оқытушыларының алдында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу тәсілдерінің құпия 
сырларына қанықтырды, көптеген насихат-кеңестер беруге бағытталған кездесулер өткізді. 
Университетішілік ашық лекциялар өткізіп, жоғары мектепте дәріс оқып, тәжірибе 
сабақтарын жүргізудің әдіс-тәсілдерін үйретті.
Зейнолла Қабдолұлы университетке ҚазМУ-дің, М.Әуезов атындағы әдебиет және 
өнер институтының ғалымдарының келуін өзі бас болып ұйымдастырып, ғылым 
докторлары Әбдуәли Хайдаров, Бабаш Әбілхасымов, Тұрсынбек Кәкішев, Қабиболла 
Сыдықов, Жанғара Дәдебаев, Зейнол-Ғабден Бисенғалиев, Сейіт Қасқабасов және басқа 
ғалымдардың, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Зейнолла 
Серікқалиев, Есенжол Домбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Шерхан 
Мұртаза, Темірхан Медетбек сияқты жазушылардың келуіне мұрындық болды.
Университет жанынан педагогика ғылымының кандидаттарын дайындап, 
қорғаттыратын ғылыми кеңес, филология, философия, тарих, биология, педагогика 
мамандықтары бойынша аспирантура мен магистратура ашуға белсене қызмет етіп, 
қамқорлық жасады. 
Ұлы ақын-жазушылар Махамбеттің, Абай Құнанбаевтың, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит 
Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мерейтойларына байланысты 
салтанатты жиналыстар мен конференцияларға белсенді араласып, ғылыми, терең, мәнді 
баяндамалар жасады, ұлы жазушылар туралы естеліктер айтты.
Ұлы ақын бабамыз Махамбет Өтемісұлының – 200 жылдығын өткізу туралы 
ақсақалдар алқасының төрағасы болып, университет ұйымдастырған ақын рухына арналған 
«Елдік пен ерліктің өшпес рухы» атты халықаралық ғылыми практикалық конференцияда 
бас баяндама жасаумен бірге, үш томдық конференция материалдарының редакциясын 
басқарды.
Академиктің университет студенттерінің алдына талай рет шығып сөйлеп, егемендік 
алған еліміз туралы, отансүйгіштік, адамгершілік, ұстаздық жайында сөйлеген сөздері 
үлкен ұлағаттылығымен көрінді. 
Университетте ҚазМу-ден қол үзбей төрт-бес жыл бойына тек көктем
айларында еңбек еткен академик Зейнолла Қабдоловты университеттің профессор-
оқытушылары мен студенттері ұлы Мұхтар Әуезовтің шәкірті деп, ғұлама ғалым,
зергер жазушы, кемеңгер ұстаз деп бағалайды, және оның өзінің туған жеріне,
соның ішінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне тигізген
шапағатын ешқашан ұмытпайды және оның рухына бас иеді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет