АҚЫН ЖАНАТ ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫНЫҢ БЕЙНЕЛІ ӨЛЕҢДЕРІ
Латипова И.К.
«Қазақ тілі мен әдебиеті» ББ 1-курс магистранты
Ғылыми жетекші:
Қамарова Н.С.,
ф.ғ.к.
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры,
Ақтау, Қазақстан
Аңдатпа.
Мақалада қазақтың талантты ақын қыздарының бірі Жанат Әскербекқызы
поэзиясы ғылыми тұрғыда талданады. Ақынның сөз өнеріне қосқан үлесі, дара қолтаңбасы
сипатталады. Сондай-ақ аударма саласына қосқан үлесі де сөз болады.
Түйін сөздер:
поэзия, лирика, метафора, Жанат Әскербекқызы, образ, аударма.
Қазақ поэзиясында Жанат Әскербекқызының орны бөлек. Жанат өлеңді тұлымшағы
желбіріген оқушы кезінен-ақ жаза бастаған. Ақын болам деп арман қуып сексенінші
жылдары сол кездегі астана Алматыдағы С.М.Киров атындағы университеттің филология
факультетіне оқуға түседі. Он алты жасында студент атанған қаршадай қыз сөз өнеріне деген
құштарлығы мен өлеңге деген іңкарлығының арқасында аталған оқу орнын жақсы аяқтайды.
Сол студент кезінің өзінде-ақ Жанат жастар арасында танымал ақындардың қатарында
болады. Үлкен зиялы орта мен білікті ұстаздардан білім ала жүріп жас ақын өз өнерін
шыңдай түседі. Сол кездегі дәстүр бойынша жатақханадағы Фариза Оңғарсынова, Күләш
Ахметова, Мұхтар Шаханов, Жарасқан Әбдрашев т.б. ақындармен болған кездесулерде
көпшіліктің сұрауымен ортаға шығып өз өлеңдерін оқып, үлкен ақындардың талай рет
батасын да алады. Бұл кездесулер жас таланттың шабытын шыңдап, қаламының ұштала
түсуіне ықпалын тигізеді. Үлкен ақындармен арадағы адами қарым-қатынастар кейін
шығармашылық байланыстарға ұласып, Жанаттың ақындық өнерде өз жолын табуына
септігін тигізеді. Ақынның «Ғарыш билер ғұмырымды» (өлеңдер жинағы, 1999); «Қаракөз
бұлақ»(өлеңдер жинағы, 2001); «Қаңтардағы қызыл гүл» (өлеңдер жинағы, 2001);
«Көктүріктер әуені» (өлеңдер жинағы, 2002), «Қаз қанатындағы ғұмыр»(өлеңдер
жинағы,2007); «Сакура гүлдегенде» (Жапон поэзиясының аудармасы, 2011), «Ай-тамғы»
(өлеңдер жинағы, 2014) атты жыр жинақтары жарық көрді.
Кеңестік жүйеде тәрбие алған барлық жасөспірімдер сияқты Ж.Әскербекқызы да
алғашқы өлеңдерін анаға, туған жерге арнайды. Бірақ сол балаң кезіндегі өлеңдерінің өзінен-
ақ ақынның сөз саптасының өзгеше екенін, өзгелерге ұқсағысы келмейтін жаңа ырғақ, соны
форма іздейтінінің куәсі боламыз. Мысалы он тоғыз жасында жазған мына бір шумақтардан
Жанаттың туған жер, өскен орта туралы таптаурын түсініктерден тыс өзіндік ойының бар
екенін анық аңғарамыз.
104
Кеудемнен шырқыратып жанымды үзіп,
Ақ сағымда барады ауыл жүзіп.
Жүрегімді шеңгелдеп қысып алып,
Тамырымда ойнайды қаным қызып [1, 14],
- деген жолдарды сонау он сегіз жасында жазған. Туған үй, ата-ана мен бауырларыңа,
өскен жеріңе деген сағынышың «кеудеңнен шырқыратып жаныңды үзетін», бәрімізге таныс
қимас сезімді әсем де әдемі суретпен шебер жеткізе білген. Бәріміз де ауылдан шықтық,
бәріміз де ауылымызды қимай сағынышымызды баса алмай, кеудемізге толған өксікті
елемеген боп аттанып кете бардық. Бірақ сол жүрегімізді сыздатқан сағыныштың мұңын
Жанаттай айта алған ақын сирек. Қош айтысып көлікке мінгенде көз алдыңда қалып бара
жатқан ауылдың қимас кейпін «Ақ сағымда барады ауыл жүзіп» деп беруі расында да
Жанаттың өз ойын бейнелеп жеткізуге машықтана бастаған ақын екенін аңғартады.
Тәкаппарсың.
Сұп-суықсың.
Әппақсың...
Әппақ болып аяқ асты жатпақсың.
Жерде жатып,
Көктен түскен қалпыңмен
Асқақ, әппақ болмысыңды сақтапсың...
Қаңтар – тәнің, аяз – жаның, әппағым...
Сені іздеп жүр күміс тоғай бақта кім?!
Күміс күйме сыңғырына елітіп,
Мен де іздегем әлдекімді... таппадым.
Ақ бораны сенделеді Арқаның...
Өзіңе де, өзіме де бар таңым.
Қаңтар бізді тастап кетер жұртына,
Сонда оны сүйемісің,
Қар-Ханым?!. [2].
Жанат Әскербекқызының "Қаңтардағы қармен әңгіме" атты өлеңінде қысқы қардың
табиғатын ерекше бейнелеу үшін көркемдегіш құралдар көп қолданылған. Мысалы:
"тәкаппарсың", "сұп-суықсың", "аппақсың" сынды кейіптеулерді қолдана отырып, жансызға
жан бітіріп, қардың әсемдігін сипаттайды. "Қаңтар – тәнің", "аяз – жаның" сынды
метафораларды қолдану арқылы қардың толық бітімін қалыптастырып тұр. "Күміс күйме",
"ақ бора" сынды эпитеттерді қолдану арқылы қыс табиғатының әсемдігін бейнелеп тұр.
Сонымен қатар, өлең "арнау" түрінде жазылған.
Ж.Әскербекқызы поэзиясының лейтмотивінде қарға өскен гүл символы бар. Ол
осынау заман өзгерген сайын қазақ баласы алыстап бара жатқан ұлттық рухты аңсаумен де
екшеледі, ұлтсыздану ұранына қарсылық болып та естіледі. Нәзік лирика мен биік па-
триоттық сезімді қатар өруге ақын шебер.
Жанат өлеңдерінің тілдік қоры мол. Қисынсыз, олақ, артық тұрған сөйлем немесе сөз,
әсіресе, поэзия жанрында болмауы тиіс. Өйткені ол биік жанрдың табиғатын бұзады. Бұл
тұрғыдан ақынның өзіне тән қолтаңбасы әр жыр кітабында сайрап жатыр. Мұның сыры
Жанат Әскербекқызының ұлттың тілдік қазынасын терең меңгеруінде. Сондықтан оның
шығармашылық жады мен түпсанасында ұлттық образдардың тұнып тұруы заңды құбылыс.
Жанат ақын өлеңдерін ешкімге ұқсамайтын тосын образдармен жазады. «Қара гүл»
атты тосын бейнелі өлеңі – соның айғағы.
Ақ гүл де көрдім,
Қызыл гүл тердім. Ал, мұны.
Көргенім осы...қозғалып кетті-ау
жан мұңы,
Қара гүл тұрды, қауызы тұнып тамшыға,
Гүлдің де, сірә, болады екен ғой тағдыры...
105
Нәп-нәзік болмыс неліктен ғана қаралы,
Жалғыз бұл емес, гүл біткен ертең солады.
Жаудырап тұрып қараған сәтте, көзіме
Елестеп кетті қаракөз қыздың жанары.
Тұңғиықтанып, түнеріп тұрды қара гүл,
Төбенің төсін қақ жарып шыққан жара бұл!
Бұрылып кеттім... Құйындай ұйытқып көңіліме
Беймазаланып, тап бола кетті нала бір.
Мына гүл менің мұңымды жаяр жаршы ма,
Сығылар мұңың,
қансыра, жүрек, қансыра!
...Көз орнында көз емес... кейде қарасаң
Қара гүл тұрар, қауызы толып тамшыға.... [3, 8].
Ақын баламалы поэтикалық тұрғыдан өте нәзік қолданған және лирикалық кейіп-
кердің күллі болмысы гүл қауызына тұнған шық тамшысына ма, әлде жаңбыр суына ма, ол
енді көз жасының аллегориясы; өмірдің құса-қайғысын нышан білдірген белгіге байланып
қалған ілкі бір мезеттің биік трагедиялық табиғатын көркем аша білген. Ақынның өзі
айтқандай,
Таңырқама, бауырым, мына өмірге
Менде де бар наза, өкпе-нала.
Жанат Әскербекқызының өлеңдерінде қыздың жанын гүлге жиі теңеу кездеседі. «Ізде-
ме мені» атты өлеңінде [3, 15]: «Нәп-нәзік жанды бөлісіп кеттім шоқ гүлмен»; «Қызыл
қырқадан сен жаққа мен де көз тіктім. Көктем желімен ырғала тұрып гүл-тұлғам» және
«Ауылымның сыртында жалғыз бұлақ» деп басталатын өлеңде «Түн құшағын ашқанда
жылайтын ол Нәзік жанын ауыртып гүл ғұмыры» делінген [3, 21]. «Бұлдырап көз
ұшында жоғалады Қылт еткен қызғалдақтай қыз-ғұмырым»; [3, 45].
«Өртеңге өскен гүл едім»;
«Сортаңға біттің сорлы гүл».
Іңкәрім – гүл, көктемім – пәк сұлуым,
Жүрекке махаббаттың тақшы гүлін.
Кеудемнен қоңыр мұңды жұлып алып,
Әлемнің әкеп орнат жақсылығын [3, 27].
Қыз бейне ақын үшін үлбіреген гүлмен тең, сондықтан оның жанын мұң ториды.
Жүруші ең, құрбым, көктемгі гүлдей жай
наңдап,
...Нәзік гүліңнің сары желегі бүрілді-ау.
Гүл өсу үшін тіршілік көзі – су керек.
Гүлмен қоса ақын бұлақты да жиі суреттеуге құштар.
Шөлдесе жаның – бұлақпын,
Шөліңді қандыр.
Сенделе іздеген сен бе едің, сенімді жан бір,
гүл болып жұпар себейін нұр жүрегіңе
қауызымды иіске, өзіме сөлімді қалдыр! [3, 27].
Бұл ұғымға параллель, күн мен түндей егіз айналатын ұғым – көз жасы. «Жапырақ
қайың-қыздың көз жасы боп, Үзілген тірлік мұңын ұқтырады...» немесе «Бұлт басқанда
көңіліңнің мөлдір көгін, Тамшы болып жаныңа тамдым ба мен?»; «Аспанның жаңбыр –
жасымен Қара тасқа да гүл ектір»; «Бұлақ та көзін бұлады, Кім айтар оны мұңсыз деп».
Жанат ақын ақ гүлмен бірге қара гүл образын да, қара түсті де таңдайды.Қазақы
танымда қара түстің мағынасы жүз құбылады. Кейде қорқыныш, кейде мұң, кейде қайғы,
кейде қасірет, ал кейде қасиет. «Қара тұту», «қара жүрек», «қара жамылу», «қаралы көш»,
«қара қазан», «қара шаңырақ», «қара жер» сияқты ұғымдар соның айғағы. Сондықтан да қара
түстен кейде қорықсақ, кейде жұбаныш табамыз. «Ақ гүлді көрдім, қызыл гүл тердім, ал
106
мұны, // Көргенім осы, жабырқап кетті жан мұңы. // Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға,
// Гүлдің де сірә, болады екен ғой тағдыры...».
Сазгер, әнші, ақын Табылды Досымов осы өлеңге ән жазып, сонау 90-жылдары хит
әнге айналды.
Бұл өлең туралы автор: «Қара гүл» өлеңі енді бойжеткен 16-17 жасымда жазылған.
Қандай жағдайда жазылғаны есімде қалмапты. Десе де қазақ танымындағы қара түс үнемі
тұспалдап жеткізіледі. Қыздың бойжеткен тұсы – қауыз жарған гүлдің өміріндей ғана сәт.
Өсіп шығады, қауыз жарады, солады. Сол аралықта бойжеткеннің басынан небір тағдыр өтуі
мүмкін, қалтарыс-бұлтарысқа толы болады ғой. Ал әннің шығу тарихына келер болсақ,
қандай жағдайдан туғанынан өзім хабарсыздау екенмін.Табылды менен кейін оқуға түсті
ғой. Бұл мәтін қолына қалай түскенінен бейхабармын. Алғаш Табылды өзі гитарасымен
орындап берген еді. Алайда жас болғандықтан әнге көп мән бере қоймадым. Тіпті бұл әнді
қалың жұртшылыққа танымал болады деп еш ойламадым. Кейінірек мәдениеттанушы
Әуезхан Қодар осы әнді орысшаға аудартықызып жүргенін естідім, кейінгі тағдыры қалай
болғанынан хабарым жоқ екен. Өмірде Табылдымен етжақын араластық деп айта алмаймын,
шығармашылық сыйластықта болдық» [4], - дейді.
Ж.Әскербекқызы – аударма саласында да жемісті еңбек етіп жүрген майталман
аудармашы. Ол қырғыз, орыс ақындарымен қатар өлеңдерінің өлшемі мен мазмұны бөлек
ертеректе өмір сүрген жапон ақындарының да біраз шығармалдарын қазақша сөйлетті.
«Сакура гүлдегенде» деген атпен қазақ тілінде жарық көрген шағын жинаққа жапондардың
он екі ақынының өлеңдері топтастырылған. Біздің халықтан тұрмысы мен салт-дәстүрі,
дүниетанымы бөлек халықтың жан дүниесіндегі нәзік сезімді өлең тілімен қайта туғызудың
қаншалықты ауыр екенін әрине шығармашылықпен айналысқан адам ғана біледі. Мысалы,
сегізінші ғасырда өмір сүрген Отомо-Но Якамотидің махаббат поэзиясын былайша
тәржімалайды.
Қараша қаздай... аспандай ұшып,
Қаңқылы бұлттан әрі асқан,
Сен алыс кеттің...
Кездескім келіп өзіңмен
Жеткенше ұзақ адасқам...[5, 5]
Жанат Әскербекқызының «Сакура гүлдегенде» атты аудармасы – нағыз еңбектің
жемісі. өзіндік пішінімен, дәстүрімен ерекшеленетін жапон поэзиясының асыл қазынасына
айналған Аривара-но Нарихираның лирикалық өлеңдері, ежелгі және жапон жырларының
жинағы «Кокинсю» антологиясын құрастырушы ақындар: Ки-но Цураюки, Ки-но Томоно-
ри, Осикоти-но Мицунэ, Мибу-но Тадаминэ, орта ғасырдағы жапон ақындары ұстаз тұтқан
атақты Сайгё, үш жолдан ғана тұратын хокку жанрының көрнекті өкілдері: Фудзивара Са-
дайэ, Мацуо Басё, Еса Бусон, Кобояси Исса, Масаока Сики жырлары аталмыш жинаққа
енгізіліпті. Әрине, тәржіма барысында поэзиялық туындының өзіндік өлшемдерін сақтай
отырып, бес, үш жолға сыйғызылған жапон поэзиясына тән образдылықты сақтау қиын-ақ.
Десек те, аудармашы көркемдік әсер қалыптастыруға, ырғақ пен өлең өлшемдерін барынша
сақтауға тырысқандығы байқалады.
Ханамиде,
Сакура гүлдегенде,
Шие ағашын мадақта,
Күнде кел де,
Жүрегіңе жеткендей бейіш лебі,
Фудзи жақтан жел демі үрлегенде.
Әппақ гүлі ағаштың – ерекше гүл,
Күлкі сыйлар аралға бөлекше бір,
Сайгё танка арнаған,
Басё– хайку,
«Сакураны саялап, – деп, – өтсе өмір...»
107
Фудзи тауын бөктерлеп жүрер тірлік,
Ұмытарсың мұңыңды бірер күндік.
Қырғауылдар қиырдан сәлем жолдап,
Беріледі тылсымнан бір еркіндік!!!
Көктем келді –
Жыл келді, гүлденді аймақ,
Жадырайды жабырқап жүрген бейбақ.
Сарқырама биіктен түседі ыршып,
Ақ күлтемен қауышар күндерді ойлап...
Күншығыста – сакура гүл жарғанда,
Қол жеткендей болады күллі арманға.
Сакэ ішеді самурай шөлін басып,
Асқақ қарап,
Өткінші бұл жалғанға... [6]
«Ж.Әскербекқызы өлеңді тәржімалау барысында әр жолды сөзбе-сөз аударып
сірестіріп қоймай, көркемдік ерекшелігін, поэтикалық құрылымын бұлжытпай беретін
сөздердің баламасын, ұғымдарды нұсқаға сай береді. Аударма сапасын бағамдау үшін,
бірнеше мысалдар келтіре кетейік. Ки-но Томоно-ридің: Жылдар өтеді, махаббат өшпейді
Жүректі сыздатқан. Түндерде жасымды төгілтіп жаттым-ау! Төгілген көз жасы – Секілді шөп
басын көмкерген ақ қырау, – деген өлең жолдары байқап отырғанымыздай, орыс тіліндегі
нұсқаға сай баламалы поэтикалық тіркестермен әсем үйлестірілген» [7], - дейді ғалым
Л.Дәуренбекова.
«Сакура гүлдегенде» өлеңінде жапондықтар тұрмыс-салты көрініс тапқан. Бұл өлеңде
жапондардың "ханами" дәстүрі, жапонның "Фудзи" биік тауы, танка өлеңін жазған Сайгё,
Басё-хайку сынды ақындардың есімдері, жапон елінің ұлттық сусыны "сакэ" есімдері
аталған. Сондай-ақ бұл өлең көркемдегіш құралдарға лық толы. Мысалы: "Фудзи тауын
бөктерлеп жүрер тірлік" деген тармақта "кейіптеу" қолданылған. Бұл тармақтың мағынасы –
Фудзи тауының етегінде мекен ететін адамдардың тірлігі өте көп. Автор кейіптеуді қолдану
арқылы
қарапайым
халық
тірлігін
елестете
суреттейді.
"Жыл келді, гүлденді аймақ, Жадырайды жабырқап жүрген бейбақ", – деген жолдарда
аллитерация
қолданылған.
"Сарқырама
биіктен
түседі
ыршып,
Ақ күлтемен қауышар күндерді ойлап" , – деген өлең жолдарында "кейіптеу" қолданылған.
Сарқыраманың ағысын ерекше бейнелеп, суреттейді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Әскербекқызы Ж. Қаза қанатындағы ғұмыр. Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы:
Жазушы, 2007. – 240 б.
2.
Жанат
Әскербекқызы.
Қаңтардағы
қармен
әңгіме.
https://www.oinet.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=38&id=8901
3. Әскербекқызы Ж. Қаракөз – бұлақ. – Астана: Елорда, 2001. – 184 б.
4. «Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға...»
https://kerekinfo.kz/2015/07/18/ara-gl-
trar-auyzy-tnyp-tamshya.html
5. Сакура гүлдегенде (жапон поэзиясы). Орыс тілінен аударған Ж.Әскербекқызы.. –
Астана: аударма, 2010. -192 б.
6.
Жанат
Әскербекқызы.
Сакура
гүлдегенде.
https://www.zharar.com/index.php?do=shorttexts&action=item&id=24020
7. Дәуренбекова Л. Қазақ тілінде сөйлеген сакура.
https://egemen.kz/article/14403-qazaq-
tilinde-soylegen-sakura
Достарыңызбен бөлісу: |