Әдеби KZ барады. Қамысты көлден белеске қарай көтерілген көп жылқы күңгірттене
бұлдырап көзге түседі. Бергі ауылдың қырқа жағындағы жазықта, қолында
құрығы бар, ақ боз жүйрік мінген жігіт, асау қуып келеді.
Хан Ордасында қарт Қотан мен қарға бойлы Қазтуғанның келіп сәлем беруін
күтіп отырған Жәнібек, «Асан Қайғы келіп ауыл сыртында түсіп жатыр» деген
хабарды естісімен, бүкіл Дәшті Қыпшақ ардақтайтын, қазағы үшін қайғылы
жырауды өзі шығып қарсы алмақ болды. Жәнібек нөкерлерін ертіп, Ордадан
шығып есік алдында сәл кідірді. Өзеннің арғы бетіндегі ауылға қарады. Түйсік
қабақты ханның сұрғылт сынық жүзінде кенет бір күлімсірегендей шырай елең
берді. Шынында да ауылдың кешкі суреті адамның көңілін көтерерліктей орасан
сұлу еді. Жәнібек енді осыншама жан тербетер сұлу суретке көз салып
рахаттанбай, бағанадан бері Орда ішінде отыра бергеніне өкінді. «Дүние деген
міне осы, мұның хан екенінде де, халқының қамын ойлап күні бойы Ордадан
шықпағанымен де ісі жоқ, өз қызығымен, қуанышымен өте береді». Дәл осы
кезде ақ боз жүйрік мінген бала жігіт бағанадан бері ұстамақ асауын хан
тұсындағы өзеннің жағасымен жанастыра қуып, алдындағы асау жалт бұрылып
алдынан өте берем дегенде, қолындағы құрығын мойнына жып еткізіп сала
қойды. Асау, бала жігітті атматымен сүйрей жөнелді. Бірақ жігіт жібермеді.
Үзеңгісін шірене арт жағына қарай қисая, қолындағы құрығын қос қолдап бұрай
тартып жанаса жабысып келеді. Күндікке шапқан жүйрік шаршады ма, әлде
мойнына түскен құрықтың қыл арқаны батты ма, екі бүйірін солқылдата демін
алып, үстінен тері көпсіп бұрқырап, қамыс құлағын қайшылай теңселе барып
тоқтады. Құрықшының қимылына риза болған хан «Жігітім-ақ екенсің! Кімнің
баласы екен өзі?» деді. Хан сұрағына жауап тапқалы бір нөкері ауыл сыртындағы
сайдағы атына жөнелді. Жәнібек енді хан Ордасына қарай беттеген Асан Қайғы
тобына қарсы жүрді. Ханнан бұрын, қайғылы жырауды қошеметпен қарт Қотан
мен Қазтуған қарсы алған. Асанды екеуі екі жағынан қолтықтап, топ адамды