Әдеби KZ Темірдің бұлай еркінси қимылдауының да төркіні белгілі еді.
әке жағынан аты шулы Едігенің шөбересі. Атасының айбынынан қорықпайтын
қазақ жоқ. Нағыз аш қасқыр. Өзі де осал емес. Қазан хандарынан қыз алып, қыз
берген. Осы биыл ғана он бес жасар кенже қызы Нұр-Сұлтанды Қазан ханы
Ибрагимге ұзатқан. Сүйенерлері де бар. Өзі де өзгеге сүйеніш бола алатын жау
жүрек батыр. Бауыр басып қалған Еділ мен Ақ Жайық бойын ешкімге ортақ
еткізгісі келер емес. Жиналған би, батырлардың көпшілігі бірігіп бір ханға
бағынайық деп отырғанда, бұл өзгеше кетті. Алайда Темір би де ноқта үзіп,
айдалаға лаққан жоқ. Тек қосылғысы келмегенін астарлап білдірді.
— Ел болып бірігіп, әскер жинап, Әбілқайырдан ата мекен Түркістан жерін
қайтып аламыз дегендерің құба-құп, табылған ақыл. Оған Еділ, Жайық, Хиуас теңіз
бойындағы Алшынға жататын бар ру қол қояды. Сұраған уақыттарында бес түмен
қол беруге бар. Бірақ Сығанақтағы ханға біздің бағынуымыздың жобасы келер ме
екен? Жер арасы шалғай...
Өзгелерден жасы үлкен Үйсін Қара Оспан кеңк-кеңк күлді.
— Темір бидің аты жеткен жерге, Жәнібек ханның аты жете алмайды деп
қорқасың ба?
Бұнысы осы араға сенің атың жетіп келгенде, сенің жеріңе Жәнібектің де аты
жетеді дегені еді.
Сөз астарын түсінген қызба мінезділеу Темір би сөз таластырғысы келіп кетіп,
ежелгі дәстүр бойынша, айыр тісті, алтын сыммен оралған тобылғы сапты
қамшысын алдына тастай салды.
— Ат тұяғы басқан жердің бәрі бірдей шөптей жапырылып жата қалмайды, —
деді ол қара сұр беті күреңденіп, — Әбілқайыр ханның да мүйізі шаңырақтай кей
батырлары Еділдің ар жағына өткен. Бірақ одан не ұтты? Мойындары ырғайдай,
биттері торғайдай боп елдеріне әзер жеткен.
Қамшысын енді Қара Оспан алдына тастады.