Әдеби KZ Бір апта өткеннен кейін хан өзінің үлкен ұлдары әдік, Қамбар, Қасым, Керейдің
баласы Бұрындықты шақырып, қазақтың сол замандағы ең атақты төрт
жырауымен бас қосты. Ел болам деген жұртқа қазір ең ыңғайлы кез екенін, бұл
кезді пайдалана алмай қалса, тағы да ұзақ жылдар бастарының бірікпейтінін, тіпті
жан-жағынан талағалы тұрған жат елдердің хан, патшаларының қолында талан-
тараж болып кетулерінің мүмкін екенін айтысты. Көп жайды таразыға салып,
ақылмен салмақтады. Ақырында кеп биыл Күзтоқсанның басында бүкіл қазақ
руларының игі жақсыларын Бетпақ пен Жетіқоңыр құмының арасындағы Нұраның
Қаратұзы деп аталатын жерге жимақ болды. Бұл ара қазақ жерінің діңгек ортасы.
Тарбағатайдан Найман мен Керейдің, Жетісудан Үйсін, Дулаттың, Еділ, Жайық
бойынан Алшын, Ноғайлының, Есіл, Нұра, Торғай бойынан ең алыстағы Арғын,
Қыпшақ билерінің де келуіне қолайлы. Және Күзтоқсанның басында бұл маңай
майда қоңыр, жылы, жауын-шашынсыз болады. Қысы-жазы гуілдеп соғып тұратын
азынаған ашулы желі де басылады, әсіресе хан аулына тиімді. Қара Кеңгірден Шу,
Таласқа қарай көшкен кезінде де бұрыс емес. Осы мәжілісте Жәнібек алдын ала
үш жарғы жәйтті қарамақ боп шешімге келді. Бірінші жарғы, қазақ рулары бұдан
былай қарай бір ханға бағынып, келесі жылы адам санына қарай Түркістанды
жаулап алатын сыпайлар бермек. Екінші жарғы, Дәшті Қыпшақ жерінің
шалғайлығымен қазақтың көп руларының Моғолстан, Қытай, Жоңғар
шекарасындағы тайпаларда тұратынын еске алып, әр рудың жайлаған жеріне,
рулық тілектестігіне, шаруашылығына қарай үш жүзге бөліну сөз болмақ. Жеріне,
әдет-ғұрпына, ескіден келе жатқан туысқандық белгілеріне қарай үш жүз болып
аталу мәселесі өткен ғасырдан келе жатқан әңгіме еді. Соны тағы сөз етпек. Егер
жұрт көнсе, әр жүздің өзінің басты биі, батыры, қала берсе ханы болмақ. Сол үш
жүзді билеушілер, басқарушылар сайып келгенде, бүкіл қазаққа деген жалғыз
ханға бағынуға тиісті. Сонда ғана хан Ордасы ұшы-қиыры жоқ далада көшіп
жүрген қазақтың толып жатқан руларын, үш жүздің басты адамдары арқылы
бағындырып отыра алады. Бұнысы Шыңғысханның жаулап алған әлемін төрт