Әдеби KZ шықсам ба екен? Жоқ, өйтуге болмайды. Қайткен күнде де Алшынның бүгінгі күні
ауа жайылғаны жөн емес. Бұлар көнбей қалса, сынықтан бөтеннің бәрі жұғады,
өзге рулар да олардан үлгі алуы мүмкін. Дауды ақылға салып сабырлылықпен
шешкен абзал».
Кенет ол басын көтеріп алды. Темірге тесіле қарады.
— Бабаң Едіге бүкіл Алтын Орданың тағдырын ойлап еді. Сен бір
Ноғайлылықтан аса алмай отырсың. Алшын елін қарамағыңнан шығаруға
жоқсың... Бірақ соныңа Алшын көне қояр ма екен? Өз тағдырын өзі шешкісі келсе,
жолын табар. Алшын қайда болады, оны болашақ көрсетер. Жә, менің айтайын
дегенім бұл емес. Басқа. Біздің жауымыз сен емессің — Әбілқайыр! Атаң Қазыны
бауыздаған сол Әбілқайырмен соғысуға келесі жаз бес сан жауынгер бересің бе?
— Беремін!
— Қалғанын кезінде көрерміз.
Темір би Жәнібектің бұл салмақты айтқан сөзінің ар жағында қандай зіл
жатқанын жақсы ұқты.
Бойын кенет бір қауіп билеп кетті. «Иә, Жәнібек хан түбі дегеніне жетпей
тоқтамайды. Сонда не болғаны, бар қазақты билемек те, біз бұның құлы
болмақпыз ба? Жоқ, Жәнібек, ол ойыңның сәті келмес. Қарамағымыздағы елді біз
де оп-оңай бере қоймаспыз. Саған үлкен хандық керек болса, бізге кіші хандық
керек! әлі алдымызда талай шайқас та, айқас та болар!».
Дәл осы кезде күншығыс жақтан құйындата шапқан салт атты көрінді. Жұрт
елегізе со жаққа қарады. Сөйткенше болған жоқ, қара терге малынған, сүліктей
жаралған астындағы баран жүйрігін Нұра етегінде отырған Жәнібек тобына
тікелей салған шапқыншы жігіттің «Аттан! Аттан! Жау келіп қалды!» — деген
айқайы шықты. Отырғандар орындарынан үрпиісіп түрегелді.
— Қайдағы жау?!
— Кім келіп қалды?!