Әдеби KZ Әбілқайыр хан бұларды өзге әскерінен ерекше ұстайтын. Жорықта олжа еткен
қыз-келіншектеріне, талаған мүлік-қазыналарына қол сұқпайтын. Ортақ олжа деп
хан тұқымдарының бөлісіне салдырмайтын. Осындай еркіндіктің арқасында
бұлардың көбінде жеті-сегіз қатыннан болатын және әбден байып та алған
жауынгерлер. Өздеріне тиетін мұндай пайданы білген соң, әбден қанға құнығып
кеткен бұл жан аларлар ұрыста шегінуді білмейтін, жан аямай соғысатын.
Хан кеңесін шабуға келе жатқан міне, осы әскер еді. Бұл хабарды естіген
қазақтың Қобыланды, Қамбар, Қара Оспан секілді аты шулы батырлары үстеріне
сауыттарын киіп, қамыс құлақ, бөкен сан, жал-құйрығы жерге төгілген
тұлпарларын ойнатып, өзгелерден сытылып шыға берді.
әсіресе бұлардың көзге түсері батыр Қобыланды мен астында есік пен төрдей
қара сирақ тұлпары бар Жәнібектің екінші баласы Қамбар болатын. Қобыланды
бұл кезде алпысқа таяп қалса да, Қазанға аттанғандағы қара шоқпарын әлі де бір
қолымен ұршықтай үйіреді. Ал Қамбар батыр құдыққа құлаған нар түйені қос
өркешінен ұстап суырып алатын алып күш. Екі иығына екі кісі мінгендей құлаш
жауырын, бура сан, тартылуға дайын тұрған садақтай, дене құрылысынан күш иесі
екені бірден сезіледі. Бұл Жәнібек Ордасының жауына жібергелі қайраған болат
жебесі, кеудесінде жүрек емес, қатып қалған мүйіз бар тәрізді, бала жастан
қорқудың не екенін білмеген жалын жан. Он сегізге шыққанда арлан
жолбарыспен жекпе-жек алысып, құр қолымен ұрып алған. Әке балаға сыншыл,
Жәнібек бұл баласының батырларға біткен мінез-құлқын ертеден сезіп, үнемі оны
соғыс ісіне үйретуде болатын. Өзге ұлдарына әдемі киім, салтанатты ертұрман
істетсе, бұған арнап найза, жақ, алдаспан жасататын. Осындай батырлығына
қарамай, Қамбар Жәнібектің басқа балаларынан гөрі анағұрлым кең пейіл,
іздегені ерлік.
«Жау келе жатыр!» дегенді естісімен-ақ Қамбар сауытын кие салып, бел-
деуде тұрған қара қасқа тұлпарына мініп-ақ алды. Оң қолына қанжар ұшты, қайың
безеулі найзасын ап, жау келетін күншығыс жақты қырындай берді. Бұл атақты үш