Әдеби KZ Қазақ ру бастықтары хан кеңесіне жиналып жатқанын естісе, жауларының бос
қалмайтынынан Жәнібек те күдіктенген. Сол себепті Нұра қатқылының төрт
жағынан елу шақырымдай жерде мың жауынгерден шепқалған құрған. Шағын
жауға бұл төтеп бере алатын күш.
Нұраның қатқылына Көкшіл теңіз жағынан келетін жолда құдықтардан бөтен
мал суаратын жер болмаған соң Найман мен Керей жігіттерін әдейі шөлге
шыдамды, ұрысқа жарайтын қос өркешті желмаяларға мінгізген. Найман, Керей
жігіттеріне о кезде түйеге мініп жауға шығу үйреншікті әдет.
Жәнібек бұл әскерлерін, кеңес болар жерден әдейі тысқары орналастырды.
Алда-жалда жау келіп қалар болса, майданды алғашқы үлкен хан кеңесінің
үстінен ашқысы келмеді. Жігіттерінің жауды жол-жөнекей, оңашада қарсы
алғанын жөн көрді. Бірақ Әбілқайыр Шайх-Хайдар мен Қарашыңға: «шамаларың
келсе жолдарыңды тосқауылдап жатқан әскерлерден (тосқауыл әскер
болатынына ол шек келтірмеген) жансыз өтуге тырысыңдар. Содан кейін хан
кеңесін ойламаған жерден барып шабыңдар. Бірде бір бас көтерер адамы
қалмасын, бассыз ел қайда барар екен!» деген.
Осындай жарлық алған Шайх-Хайдар мен Қарашың қалың құм мен тақырдың
арасынан басқа жол тауып, Найман мен Керей жігіттері күтіп жатқан тұсқа соқпай,
Нұра Қаратұзына тікелей өтіп кеткен.
Хан кеңесіне төнген қатер өте зор еді. Әбілқайырдың бұл «хан әскері»
шынында да тек кілең жанынан безген, дені Византия, Египетті талай шапқан
атақты батыр тұқым сұлжық түрікмендерінің ұрпақтарынан құрылатын-ды.
Қазандай-қазандай бастарындағы сең-сең бөріктерін селкілдете, қолдарындағы
көк найзаларын күнге ойната, жау шебіне садақ оғы жетер жерге жеткенше жұбын
бұзбай, кіші-гірім тайлақтай астарындағы текежаумыт, ақалтеке сәйгүліктерін
желе шоқытып, жауар бұлттай тұтаса келе жатқанда қандай жау жүрек әскер
болса да бір әбігерленіп қалатыны айдан анық. «Хан лашкерлері» тұтқын алуды
білмейтін, жауласқан елін кәрі-жасына қарамай тып-типыл етіп қайтуға құмар.