Әдеби KZ санайтынын да, не қорқақтыққа балайтынын да біледі. Бірақ ертең қазақтың
бытыраған руларының басын қосып, мықтап ұстар хан болу үшін, мызғымас
беріктік те керек. Өзіңді шабуға жау келе жатқанда бір сайдың жағасында қарт
жыраудың толғауын тыңдап отыру — көрінген ханның қолынан келмейтін қасиет.
Халық алдында мұндай адам аңызға айналады. Өзінің абыржымас тастай
мінезімен өзгелердің де үмітіне әл беру — қолына қылыш алып жауға шабудан
анағұрлым артық ерлік. Хан әбігер болмаған жерде, халық та әбігер болмайды.
Бұл —жеңістің ең бір керекті шарты. Ханның келе жатқан жаудан құты қашпай,
жайбарақат отырғанынан өзгелері де үлгі алды. Олар да келе жатқан жауына
берекелері кетпей, сабырлы салқын қанмен дайындала бастады.
Қотан жырау Орақ толғауын бітіріп әлдеқашан Едіге жырына көшкен. Жұрт сол
ұйыған қалпында тыңдауда. Бұған Жәнібек іштей қуанышты. Өзінің де қобалжуы
басылғандай. «Жоқ, мұндай жұртты жау жеңе алмайды. Мұндай мызғымас елмен
түбі Ұлы хандық құруға болады. Қан-жоса етіп қырып-жоям деп жауы келе
жатқанда, мынау қарт би, батырлардың осыншама сабырлылық көрсетуі —
жақсы ырым. Бұ тәрізді жұрт болашақта басына қандай ауыр сын түссе де
шыдайды, қандай жаумен болса да табан тіреп алысуға жарайды. Ал келе жатқан
мына жауға анау Нұра үстіндегі кілең батыр жігіттер жауап бере алады. Мұндайда
ер қимылын арман шешеді. Ал ер арманы — ел болу. Бұл арман үшін анау
ерлердің аянбай айқасатынына күмән келтіру күнә болар еді...»
Жәнібек ханның құлағына қарт жыраудың даусы еміс-еміс келеді. Құлағы
жырда, көңілі көп кешікпей басталатын қанды айқаста.
Қарт жыраудың даусы әлі болдырмаған жүйріктің шабысы тәрізді. Біркелкі
дүбір, біркелкі ұйтқу...
Қарт ақын қарлыға толғайды. Ол қазір тоғыз батыр Едігені қуып келіп, Кен-
Жанбайдың Едігеге арнап айтқан жырын толғап отыр:
«әй, Едіге, сен енді қайт сана!