Әдеби KZ жолы бар. Ол бүкіл Дәшті Қыпшақты өзіңе бағындырып, жылқыдай жусатып,
қойдай өргізуің керек. Бұл екеуінсіз Көк Орда ханының жерін тартып алу
қолыңнан келмейді.
Ал қас дегенде Әбілқайырға қас кім бар? әрине ең алдыменен өз тұқымы
Сайбаннан тараған Қожа-Мұхамед ханның немересі, Махмудек ханның баласы
Айбақ хан. Жатса-тұрса ойы Әбілқайырдың орнын басу. Содан кейін Әбілқайырға
еріксіз көнген Маңғыт руынан шыққан Ақсақ Темір Ордасының әмірлері Аббас
бек, Мұса бек, Жаңбыршы бек, Моғол Сұлтан-Махмуд хан, Жақия, Хайдар бектер.
әрине, осы күштің бәрі жиналса, оған Жағатай ұрпағы Сұлтан-Махмұд ханның
інісі, Кішік Мұхамедтің баласы Ахмет ханның әскерін қосса бір Әбілқайырға
күштерінің жететінінде сөз жоқ. Бірақ бұлардың бірде-біреуіне сенуге болмайды.
Өз пайдасына қарай, оп-оңай сатып кетулері даусыз. Күшті болғың келсе баяғы
бар Дәшті Қыпшақты тегіс қолыңа алуың мақсат. Өз іргең сөгілмей, берік отыра
алатын күйге жетсең, қандай жаумен болса да алыса аласың.
Осындай шешімге келген Жәнібек енді бүкіл қазақ руларын өзіне бағындыру
әрекетіне кіріскен.
Қарамағындағы қазақ руларын хан Ордасы шығыны мен әскер ұстау үшін
алым-салық, қаржы-қаражат төлейтін етіп әбден бағындырғанша тағы жыл жарым
өтті. Бірақ осы жыл-жарым қандай қиыншылыққа түсті! Дастарқанға төгілген
бауырсақтай жайылып, жапан түзде біресе солтүстікке, біресе оңтүстікке бытырап
көшіп жүрген қазақты ел етіп біріктіру үшін қаншама тәсіл, қаншама күш
қолданылмады! Кейбір ауа жайылған, тек өз дегеніне болмаса ештеңеге
көнбейтін кесір, тоң мойын ру бастықтарын ат құйрығына байлап құрбан етуге де
барған жоқ па! Бері көш десе, әрі көшкен ауылдардың басына хан нөкерлері
сырық ойнатып, сырмағын жүндей түтті емес пе? Қаншама мал барымталанып
алынды! Қаншама ел ата мекен жерін тастап, жаңа қонысқа қонды!
Жәнібек осының бәрін неге істеді. Бұлай ету оған оңайға түсті ме? Сол үшін де
Қотан қарт өлер алдында: