Абай қҰнанбаевтың Әлемі мен шығармашылығына жастардың КӨЗҚарасы


АБАЙ МҰРАСЫ – АДАМЗАТ ҚАЗЫНАСЫ



Pdf көрінісі
бет38/84
Дата02.12.2023
өлшемі1,97 Mb.
#132414
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   84
Байланысты:
thesis180613

АБАЙ МҰРАСЫ – АДАМЗАТ ҚАЗЫНАСЫ 
Жәмиева Жансая 
Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті 
Ғылыми жетекші: Сарсикеева Г. К. Доктор Ph.D, Париж Нантер 
универститі, шетел филологиясы кафедрасының профессоры 
zhansaia_99@mail.ru 
Аңдатпа: берілген мақаламыздың мақсаты когнитивтік тұрғыдан ұлы Абайдың әр түрлі 
жанрларда жазылған өлеңдері мен поэмаларын, оның ішінді "Масғұт", "Ескендір", "Әзім" 
сынды әйгілі жұмыстарын талдау және сипаттау. 
Аннотация: цель данной статьи заключается в том, чтобы в когнитивном 
отношении проанализировать и описать стихи и поэмы великого Абая в различных 
жанрах, в том числе такие известные произведения, как "Масгут", "Ескендир", "Азим". 
Abstract: the purpose of this article is to cognitively analyze and describe the poems of a great 
thinker, Abai in various genres, including such famous works as "Masgut", "Eskendir", "Azim". 
Кілт сөздер: ақын, поэзия, поэма, рухани қазына, мұра 
Key words: poet, poetry, poem, spiritual revival, heritage. 
Абай – қазақ поэзиясының биік шыңы, құдіретті ақыны. Абайдың жүрек шерімен 
жазған туындыларының тағылымы мәңгілік қымбат қазына. Абай жалғыз қазақ халқының 
ұлы емес, бүкіл адамзаттың ұлы десек артық айтқандық болмас. Әлем халқы бас иген дара 
тұлғамызды қай жағынан да әспеттесек біздің елдік, халықтық парызымыз болып саналады. 
Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын 
жоймайтын рухани қазынасы. Заман өзгеріп, қоғамдық санада күрт сапырылыстар пайда 
болған сайын, бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып, қадірін 
арттыра түсетініне Абайдан кейінгі уақыт айқын жеткізді. 
Ақынның дүниеге келгеніне бір жарым ғасырдан, ал өзінің мәңгі өлмес 
шығармаларымен халқына сөздің ұлы мағынасында ұстаздық ете бастағанына бір ғасырдан 
62 


«Абай Құнанбаевтың әлемі мен шығармашылығына жастардың көзқарасы» атты республикалық ғылыми онлайн-конференция 
астам уақыт өтті. Содан бері оның артына қалдырып кеткен мұрасы елі мен жұртының 
рухани өміріндегі қай бұрылыстар мен қай құбылыстар тұсында да айнымас темірқазық, 
адастырмас құбыланама болып қызмет етеді.[1, 3.] 
Абай – өз заманының жыршысы. Оның шығармалары – сол заманның шежіресі. 
Оларда сол кездегі қазақ қауымының тұрмыс-тіршілігі барлық ерекшеліктерімен, тек өзіне 
ғана тән белгі бедерімен, өзіндік бояу-өрнектерімен мейлінше айқын да толық бейнеленген. 
Абай әлемі, оның өлеңдері мен қара сөздері бір халық қана, яғни тек қазақтың 
рухани жан дүниесінің сәулесі болуымен қатар, ол әлемдік деңгейде талданып, үлкен 
сұранысқа ие болған шығармалар жиынтығы. Себебі Абай әлемі кешегі парсы, араб, 
кейінгі орыс мәдениетімен ұштасып жатыр. Оған дананың өзі алған білімдері мен айтқан 
сөздері куә. 
Абайдың өмірі мен шығармашылық қызметі отарлау саясатының үшінші кезеңінің 
дәуірлеп тұрған шағына тұспа-тұс келді. Оның әкесі, Құнанбай би ағасұлтандық құрып 
тұрғанда, сол әке ырқымен оқудан шығарып алынып, ел билігінің шет-жағасына 
араластырылған жас жігіт кейін, елдің әлеуметтік-саяси өміріне елеулі өзгеріс енгізіліп, 
тұрмыс салты мүлде басқа арнаға түсіріле бастаған кезде де, сол ел тіршілігінен қол үзе 
алмай, неше түрлі талас-тартыс пен дау-шардың қалың ортасында қалып қояды. Ел ішінің 
небір күрделі мәселелері қазақтың ежелгі төрелік айту жолымен шешіліп келген әке билігі 
кезінде, Абай әрдайым әділет жағында болып, талай жапа шеккен әлсіздердің қорғанышы 
ретінде жұрт алдында беделі артып, жақсы атағымен танылып қалған ақын, ел тағдырының 
бұдан былайғы тетігі орыс патша билігінің қолына көшкеннен кейін, елдің өткен тарихын, 
қазіргі тұрмысын, салт-дәстүрін білмейтін, тілі-діні жат билеушілер алдында елдің сөзін 
сөйлей алатын көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар керек екенін қатты сезініп еді. 
Абай осы зәрулікті түсінгендіктен де ел тіршілігінен бойын аулақ сала алмады. 
Бұқара халықтың қалауымен біраз жыл әкімшіліктің билік ісіне араласты. Бірде төреші, 
бірде төбе би бола жүріп, ел ішінің тыныштығын көздейтін, зорлықшыны таразыға салып, 
жәбірленушінің теңдігін әперетін жерде өзінің ақыл-парасаты мен қажыр-қайратын іркіп 
қалған жоқ. Сөйтіп жүріп ол халықтың Абайы атанды. 
Ақын енді жастық көңілдің жалт еткен сезімінен гөрі мынау күрделі тіршіліктің 
көкейтесті тілектеріне көбірек ден қойып, соның қат-қабат оқиғалары мен 
құбылыстарының төркінінде жатқан себеп-салдарына ой тоқтата үңілетін болған.[1, 27.] 
Абайдың заман бейнесін, елдің тіршілік болмысын, халықтың мінез-құлқын аз сөзбен 
бір жерге шоғырландырып, мейлінше ширыға жазған шымыр шығармасы – «Қалың елім, 
қазағым, қайран жұртым». Бұл – өзге көп өлеңдеріндегі айтылған ойларының түп 
қазығындай бағдарламалық мәні бар, іргелі туынды. 
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, 
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. 
Жақсы менен жаманды айырмадың, 
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың. 
Бет бергенде шырайың сондай жақсы, 
63 


«Абай Құнанбаевтың әлемі мен шығармашылығына жастардың көзқарасы» атты республикалық ғылыми онлайн-конференция 
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың? 
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді, 
Аузымен орақ орған өңкей қыртың», [3, 51.] 
Шұбыртпалы шалыс ұйқаспен қара өлең үлгісінде жазылған, айналасы отыз 
жолдық қана өлеңнің сөздері оқырманға ерекше әсерлі. Бәрі бір ойдың өзегіне өріліп, 
ақынның еліне қаратып айтқан арнау сәлемін түгел жеткізіп тұр. Әсіресе, алғашқы төрт 
жолдық шумақта ел назарын, тыңдаушы құлағын селт еткізіп, бірден өзіне қарататын жар 
уәзіндей, жарлық сөзіндей леп бар. Бұл шумақ ақынның кейінгі саралап айтар ойының 
түйінді тезистеріндей сезім оятады. 
Абай заманындағы қазақ өмірінің ақиқат шындығын бейнелеуде бағдарламалық 
маңызы бар «Қалың елім, қазағымның» мазмұнында жиынтық мағына бар. Осы 
шығарманы оқып отырып, бір жағынан қарасақ, ақынның болмыс келбетін соншалықты 
шыншылдықпен суреттейтін өзге туындылары жан-жаққа осы өлеңнен өріс алып, 
тарамдалып жатқандай көрінеді. Ал екінші жағынан қарағанда, шығармаларының 
барлығы жылға-жылғамен осылай қарай ойысып келіп, сол «Қалың елімнің» арнасына 
құйып жатқандай болып тағы елестейді. Қалай болғанда да, халық өмірінің дариясы мен 
ақын өнерінің дариясы қосылып, өткен тарихымыздың телегей теңізіне айналып жатады. 
Абайдың ертеректе жазған «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап» дейтін шағын 
өлеңін еске түсірейікші. Былай қарағанда, елдің әлеуметтік өміріне ешқандай қатысы жоқ, 
саятшылықтың шалдуарлау түрін суреттейтін, жай ғана бейтарап өлең тәрізді. Ал астарлы 
мазмұнына үңіліңкіреп қарасақ, талай замандардан бермен қарай ел жақсысының бағын 
жандырмай жүрген бақастық пен күншілдіктің бүкіл халық тағдырына тигізіп келе 
жатқан кесапатын көргендей боламыз. 
«Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап? 
Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап, 
Қыран шықса қияға, жібереді 
Олар да екі құсын екі жақтап. 
Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан, 
Күйкентайы үстінде шықылықтап. 
Өзі алмайды, қыранға алдырмайды. 
Күні бойы шабады бос салақтап. 
Тиіп-шығып, ыза қып, ұстатпаса, 
Қуанар иелері сонда ыржақтап. 
Не таптық мұныменен деген жан жоқ, 
64 


«Абай Құнанбаевтың әлемі мен шығармашылығына жастардың көзқарасы» атты республикалық ғылыми онлайн-конференция 
Түні бойы күпілдер құсын мақтап. 
Басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ, 
Қайран ел осынымен жүр далақтап» , [3,50] 
Айналасы үш жарым ғана шумақ. Сонда да халқымыздың тарихында әр кезеңде 
әртүрлі қырсығын тигізіп, нешеме ұрпақтардың тағдырында қарғыс таңбасындай ауыр 
қасіретін тарттырып келген осы дерттің бүкіл зардабы түгел жеткізілген. 
Ақынның адамгершілік тақырыбына арналған шығармаларын талдай келе, бұл 
өлеңнің әрбір шумағында, әрбір тармағында айтылатын ой-пікірлер кейін жеке бір 
өлеңдерге арнайы өзек болып тартылатынын көреміз. Енді осы өлеңнің ерекшелігіне 
тоқталып көрелік. 
«Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат, 
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат. 
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік 
Ер табылса жарайды, қылса сұхбат. 
Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша, 
Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша, 
Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар, 
Абайлар әрбір сөзді өз халынша. 
...Керек іс бозбалаға – талаптылық, 
Әр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық. 
Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп, 
Сыртқа пысық келеді, көзге сынық », [3, 58.] 
«Жігіттер» деген бір жылы сөзбен-ақ барлық жасты өз айналасына алқа-қотан жинап 
алғандай сезінген ақын: «Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат» деп ағынан жырала 
сөйлегенде, оның алдындағы тыңдаушылардың ешқайсысының көңілінде секем 
қалмайды. Жақсылыққа ұмтылған талапкер жастардың бар назарын өзіне аударып, бір 
ұйытып алғаннан кейін, ақынның қай сөзіне де олардың ынта-ықыласы үстемелеп арта 
түсетін тәрізді. [1, 75.] 
Ақынның шығармашылық мұрасы халқымыздың рухани өмірінің барлық салаларына 
игілікті әсерін тигізіп, шынайы шеберліктің, өмірмен өзектес шыншылдықтың үлгісі болып 
қала береді. Абайдан қалған асыл мұраның идеялық, көркемдік сапасын шолып өткен қысқа 
сөз зерттеуде, біз көбінесе ақындығын, поэзиясын жүгінеміз. Бірақ Абай мұрасы 
65 


«Абай Құнанбаевтың әлемі мен шығармашылығына жастардың көзқарасы» атты республикалық ғылыми онлайн-конференция 
жалғыз ақындықта емес, көркем қарасөзде де, ән-күй өнерінде де бар екені қазақ 
тарихына толық мәлім. 
Абайдан қалған тағы бір әсерлі, әсем мұраның бірі – оның сазгерлік еңбегінде, өзі 
шығарып кеткен көп әндерінде: 
«Құлақтан кіріп бойды алар, 
Жақсы ән мен тәтті күй. 
Көңілге түрлі ой салар, 
Әнді сүйсең менше сүй», [3, 240.] – деген Абай ақындық жолда көп тімтінгендей, ән 
шығаруда да тың үлгі нақыс, тың бір саз, сарын, жаңаша бір сезім ырғақтарын ізденеді. 
«Ұйықтап жатқан жүректері ән оятар, 
Оның тәтті оралған мәні оятар. 
Кейі сауық, кейі мұң дертін қозғап, 
Жас балаша көңілді жақсы уатар,[3, 223.] – деген Абай ән мен күйді қаншалық ұлы, 
биік өнері екендігін аңғарамыз. 
Бір жағынан ел анасының бауырынан өскен, екінші жағынан әлемге әйгілі ұлы 
ғұламалардың мол мұрасын ой қорегі етіп өскен ұлы Абай қазір бізге – өткен заманның аса 
бір ғажайып жаратылысы ретінде қабылдаймыз. Ол өз халқымыз тарихындағы ең бір биік 
шың басына шығып көлеңкесін, жемісін көпке жайып тұрған алып емен, тау емені сияқты. 
Абайдың оригиналдық поэмасы – ол үш шығарма: "Масғұт", "Ескендір", "Әзім". 
Бұл үш поэма шығыстық дастан аңыздардан немесе ертегілік тақырыптардан алынған 
сюжеттерге құрылады. Өз басының ұзақ ақындық еңбегі бойында Абай поэма жанрына 
тереңінен көңіл бөлмеді. Тек, кейін тәрбиесінен шыққан шәкірт ақындарына ғана әр алуан 
тақырыптар беріп, анық поэма дерлік күрделі сюжеті бар шығармаларды соларға 
жазғызады. Ал, солай бола тұрса да, өзін-өзі тежеп, ақындық шығармаға жанр жағынан да 
арнаулы қатал талап қойған ақынның, жоғарыда аталған, үш поэманы жазғанын көреміз. 
.[4, 179.] 
Дегенмен, үш поэманың әрқайсысы өз алдына алуан өзешеліктеріне толы. "Масғұт" 
поэмасының уақиғасы, тақырыбы шығыс халықтарының аңызынан сусындағаны 
байқалады. 
Бас кейіпкер— Масғұттың өмір сүрген шаһары — Бағдат, Һарон-Рашид халифтың 
тұсы. Кейін, Масғұт поэмасында кездесетін қария мұсылмандардың дін аңыздарында 
жүретін Қызыр, қазақша Қыдыр деп аталады және де сол айтылған аңыздар бойынша, 
өлмейтін, мәңгі жасайтын жалғыз жан, әр заманда, әр ортаның адамына оқта-текте бақ-
дәулет әкелетін, ырыс үлестіруші. Осы жәйт Абай поэмасының негізі шығыс аңызынан 
алынғанын білдіреді. Осы орайда М.О. Әуезов "Масғұт" поэмасындағы идея — араб 
шығыс аңызының идеясы екендігін жоққа шығарады. Ақын шығармаларында әр түрлі 
жанр мен индивидуалды стильінде, жан-жақты идеяларға толы. 
66 


«Абай Құнанбаевтың әлемі мен шығармашылығына жастардың көзқарасы» атты республикалық ғылыми онлайн-конференция 
Абайдың келесі поэмасы — "Ескендір". 
Бұл поэманың негізінде жатқан тақырыптың төркін-тегі Шығыста Ескендір, орыс пен 
Европа елдерінің атауынша Александр — бар дүние жүзі халықгарының аңыздарында, 
ертегі, дастандарында ерекше орын алған адам. Аңыздар мен әдебиеттегі Ескендір жәйі 
Абайдың осы поэмасының тұсында бізге төтелей жақын деректер береді. 
Шығыс елдерінде, әуелі Иранның аристократиялық аңыздарында Ескендір бейнесі 
туралы деректер берілген. Сол замандардан бері қарай Византия (Рум) аңыздарында. 
Фирдоуси "Шахнамасында", ал Рум әңгімесінде Ескендірдің тарихы өзгертіліп, аңыз-
әңгіме түрінде баяндалады. Абай Ескендір жайындағы аңызды, Низами "Ескендір 
намасынан"алып, өзіндік өсиеттерін шартты түрдегі аңыз-әпсанаға бөлей отыра, 
қызықтыра ұсынады. Сондықтан поэманың әңгімелі, оқиғалы желісін жетер өрісіне 
жеткізіп болған соң, жырдың аяғын, жаңағы айтқандай, моральдық, адамгершілік байлау 
мен толғауга, сентенцияға әкеліп тіреуі занды түрде бейнеленеді. Поэманың шумағы, 
өлең жолдары, буын өлшеуі, қолданатын ақындық сөздігі — бәрі де шешендік, нақтылық 
жағынан қарағанда, Абайдың ақындық өнеріне сай келген. Бұлар поэманың түтас бітімді 
шығарма болуына нық жәрдем етеді, поэманың түтас бітімді шығарма болуына нық 
жәрдем етеді. 
Абайдың 1933 жылғы жинағында алғаш рет басылған бір поэмасы — "Әзім". Бұл 
поэманың тақырыбы "Мың бір түн" ертегісінен алынған. Қазақ ортасында ауызша кеп 
айтылып жүретін "Мың бір түннің" бір тарауы — "Әлидің Әзімі" деген ұзақ ертегі 
болатын. Сол ертегінің ішінен жас бала Әзімнің жетімдік шағы, жігіттік кездегі басынан 
кешетін бейнет соры, кейін барып өзінің туралығы, жазықсыздығы арқылы арманына 
жететін оқигалары Абайдың поэмасына желі, арқау болған тәрізді. [4, 188.] 
Жоғарыда сипатталған "Масғұт", "Ескендір" поэмасынан "Әзім поэманың жазылу 
үлгісі басқаша. Бұнда Абай, Пушкиннің орыс ертегілерін балаларға арнап, өлең еткені 
тәрізді, жеңіл тілді, қызық оқиғалы әңгіме жанрында беріледі. 
Абай қазақтың қазіргі ұлттық әдебиетінің негізін салған классик екені – біз үшін басы 
ашық ақиқат. Оның бұл бағыттағы басты еңбегі қазақ поэзиясына реформа жасап, оны 
дүниежүзілік көркемдік ойдың деңгейіне көтере алғандығында, сондай-ақ әдеби тілімізді 
белгілі бір тұрақты құндылық деңгейіне көтергендігі хақ. 
Ақын мұрасы – халқымыздың сарқылмас асыл қазынасы. Ол адам тіршілігінің сан 
саласын қамтып, бүгінгі мен болашақты ұштастырған өміршеңдігімен, әмбебап 
әрқилылығымен қымбат. Халық тарихи дамудың қаншама асуларынан асып, қандайлық 
биігіне көтерілсе де, Абай аты мен Абай сөзі әрдайым оның аузындағы жыры, 
көкірегіндегі иманы, санасындағы ожданы болып қала береді. 
Әдебиеттер: 
1.
Ысмағұлов Ж. Абай: Даналық дәрістері – Алматы: «Өнер» баспасы, 2007. – 400 бет. 
2.
Әуезов М. Абайтану дәрістенің дерек көздері: Оқу құралы. – Алматы, «Санат», 1997. 
– 448 бет. 
3.Абай(Ибраһим) Құнанбайұлы; Өкінішті көп өмір кеткен өтіп...:Өлеңдер, поэмалар, 
қара сөздер. – Алматы: Раритет, 2008. – 384 б. – «Алтын қор» кітапханасы. 
67 


«Абай Құнанбаевтың әлемі мен шығармашылығына жастардың көзқарасы» атты республикалық ғылыми онлайн-конференция 
4.Әуезов М. Абай Құнанбаев. Монографиялық зерттеулер мақалалар (Құрастырып, 
баспаға әзірлеген Н.Ақбаев). – Алматы, «Санат», 1995. – 320 бет. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   84




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет