АБАЙ МҰРАСЫ – РУХАНИ ҚАЗЫНА
Хосан Жеңісгүл
Еуразия Ұлттық Университетінің студенті Хосан Жеңісгүлдің Абай
Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған халықаралық конференцияға арналған
баяндамасы
Баяндама
Бүгін біз үшін – ұлы мереке. Өйткені, халқымыз ең аяулы перзенті, ең дана ұстазына
мәңгі өшпес махаббатын білдіруге жиылып отыр. Ұлы ақынымыздың мерейтойына орай,
осылай бас қосып, өткеніміз бен кеткенімізді, жеткеніміз бен жетпегенімізді бір сарапқа
салу әлдеқашан әдетімізге айналған.Соның әрқайсысында Абайдың аты жаңаша асқақтап,
халқымыздың мәртебе – мерейі жаңа биікке көтеріліп келеді.Оның қадір – қасиетінің өз
аумағымызбен шектеліп қана қоймай, іргелес халықтар мен елдерге де кеңінен танымал
болғаны, біз үшін үлкен мәртебе.
Абай халқымыздың мақтанышы ғана емес, біздің ұлттық ұранымыз. Ол туралы
айтылар сөз, жасалар істер әрқашанда өз арнасын табуы тиіс. Абай өлмес мұра қалдырды,
оны алдымен өзіміз танып, сосын әлемге таныту - біздің ғұмырлық парызымыз.
Абайдың ежелден –ақ әкесінің баласы болмай, адамның баласы болуды армандағаны
белгілі. Абай өзі көксеген мұратына жетіп, барша әлемге аты қадірлі, сөзі өтімді, пікірі
қымбат адамзат ардағы, адамзат ақыны болып көтеріліп отыр.
Абай да ақыл айтпас бұрын қилы заманның бар қитұрқысын өз басынан өткеріп көрді.
Оның сол кездегі еуропалық саяхатшылардың аузынан «Дала Цицероны» деген атақ алған
шонжар әкесі ескі мен жаңаға бірдей жорға болды. Ел жақсылары мен патша әкімшілігіне
сөзін бірдей өткізе білді. Сондай аса ақылды, көреген әке баулыған ұғымтал жас медреседе
мұсылманша, мектепте орысша қатар оқып жүрген жерінен ауылға қайтарылып, билікке
араласады. Ру мен ру, ескі үрдіс пен жаңа үрдіс, рулық – тайпалық психология мен
самодержавиелік отаршылдық бетпе – бет кездлескен, тартыс пен таластың ортасында жүріп,
есесі кетіп жатқан елінің жоғын жоқтауға күш салды. Бірақ, еңбегі зая кетті.
146
«Абай Құнанбаевтың әлемі мен шығармашылығына жастардың көзқарасы» атты республикалық ғылыми онлайн-конференция
Маңындағылар қызғанышпен, отаршыл ұлықтар сенімсіздікпен қарады. Қапа болған
жігерлі азамат билікті тастап, ақындықтың соңына біржола түсті. Өзі үстем таптан шықса
да, Абай бұқарашыл тілектегі халық ақыны болды. Ол шығармаларында сол халықтың
мүддесін, арман мұңын жырлады. Соның жарқын болашағын аңсады. Ақын адамның
адамдық қасиеті еңбекте, ғылым-білім үйренуде, адамгершілік мінез-құлықта деп ұқты.
Сондықтан елін еңбекке, өнерге үндеді. Сол еңбегінің арқасында, енді, міне, адамзат ақыл
– ойының асқар тұлғасына айналып отыр. Ақын Абай қазақтың суырыпсалма поэзиясын,
шын мәніндегі реалистік жазба поэзияға айналдырды. Бұрын – соңды көтерілмеген
тақырыптарды көтерді. Сырт сипаттау, дәріптеуді қойып, адамның ішкі жанына үңілетін,
аса мәнді философиялық – әлеуметтік лирика туғызды.
Абай өлеңдерінің ең негізгі тақырыбы – қазақ халқының бүгінгі жағдайы мен әрі қарай
даму жолдары еді. Халқы туралы ой олардың аянышты да ауыр тұрмысын көре отырып
жазған өлеңдеріндегі жан күйзелісі: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Күз»,
«Сегіз-аяқ» және т.б. өлеңдерінде айқын білінеді. Абай лирикасында әлеуметтік
тақырыптың көрнекті орын алуын Абай еңбегін зерттеушілердің көпшілігі атап өткен.
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман»,
«Қалың елім, қазағым! Қайран жұртым», «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ»
өлеңдерінде азамат ақын ел арасында кең етек алған зұлымдықтан арылуды аңсаған
еңбекші халықтың жоғын жоқтап, күйін күйттеген өз өлеңдерін әлеуметтік күресте ең
қарулы күш ретінде танытты. Нақ осы шығармаларының бәрінде халықты қанаушы, езуші
«халқының қамын жегендердің» екі жүзді, арам пиғылдары мен еңбекші қарапайым
халықтың ақ көңілін салыстыра келе былай сөз қозғайды:
«Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» , −
деп күңіренеді.
Ақынның, әсіресе жастарға арналған өлеңдері ерекше айшықты. Жастық шақ - адам
өмірінің ең бір думанды кезеңі, сондықтан да «Ойлансаңшы, бос қаңқай елең-селең» -
деп, уақытын арзан күлкімен өткізбеуді тілейді. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат»,
«Сап, сап, көңілім, сап, көңілім», «Жас өспірім замандас қапа қылды» т.б. өлеңдерінде
жастарды мәрттікке, татулық, береке, бірлікке шақырады.
Қазақтың ұлттық музыкасының алғашқы қадамынан бастап, оның қалыптасып
өркендеу тарихында Абай мұрасының алатын орны ерекше. Абайдың композиторлық,
ақындық мұрасы халқымыздың мәдени тарихының ажырамас бөлігіне айналып,
музыкалық жанрды дамытуға жаңа жол салды.
Абай тек ән шығарушы ғана емес, ән-күйдің әділ сыншысы да. Ол ән-күй жөнінде
көптеген терең, үлгілі пікірлер айтты.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең...
Бұл арада өлең деген сөз ән мәнісінде айтылып тұр. Ол музыканың адам туғаннан
бастап, өмірінің соңғы күніне дейін ілесе жүретінін аңғартады. Абай қазақтың ұлттық
әдебиетін мазмұны жағынан ғана емес, түр жағынан да байытты. Қазақтың әдеби тілінің
негізін салды.
Ақынның соңында қалған шығармашылық мұралары ана тілімізде, сондай-ақ басқа
тілдерге тәржімаланып, әлемдік деңгейде танылуда, зерделі зерттеу еңбектері де өз
оқырманын тауып жатыр.
147
«Абай Құнанбаевтың әлемі мен шығармашылығына жастардың көзқарасы» атты республикалық ғылыми онлайн-конференция
Ұлы Абайдың әлемдік сахнадан өз орнын алатындай елеулі құбылыс болуы, тек оның
әдеби ізденістерімен шектелмейді. Ол қиын кезеңнің кеселіне дауа, келешегіне бағыт
қарастырды. Халқына қамқор, ұлтына жанашыр боламын деп жүріп, күллі адамзатқа
мейірбан тұлғаға айналды. Ұлықтарды ұнатпағанымен, көрші орыс халқына, басқа да
халықтарға зор ілтипатпен қарады. Патшалық билікті мақсұқтағанымен, ұлы орыс
мәдениетінен тәлім алды. Аз халықты да, көп халықты да бауырластыратын рухани
ықпалдастық деп түсінді. Адамға адам баласының бәрін дос деп санады.
Абай атамыз, тек ана тілінде ғана емес, өзге тілдерде де ізденіс бағыттарын жасаған.
Нақтырақ айтатын болсақ, орыс классиктерін түгелге жуық оқып шыққан. Шығыс
поэзиясына жасынан құштар болған. Тек ол ғана емес, орыс тілі арқылы Байрон, Гете,
Мицкевичтерді зерделеп, қазақша сөйлетуге тырысты. Тіпті, көне грек, ежелгі Рим
дәуірлеріне тереңдеп, Аристотель мен Сократтан бастап, Спенсерге дейінгі аса көрнекті
ойшылдарды зерттеді.
Абай зердесі тек сыртқы дүниеге назар аударып қоймай, ұлттық болмысты
пайымдайтын төл мұраларға да көңіл бөлді. Қорқыт, Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз,
Жиембет – ақындар жырларындағы уайым мен жігер, Бұқар, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке
би өсиеттеріндегі өміршілдік - Абай дүниетанымының ең терең және етене қабаттары еді.
Ақын мұрасы жөнінде қалам тербетіп, пікір білдірген қаламгерлердің жалпы саны
мыңнан асып, абайтану саласында жазылған ірілі – ұсақты, деректер саны төрт мыңға
жетеді екен.
Барлығына мәлім, XIX ғасырдың соңғы 20 жылы мен XX ғасырдың басы Абайдың
ақындық құрған дәуірі болды және содан бері Абай мұрасы қазақ әдебиеттану
ғылымының басына, бастау негізіне айналды.
Ал, бір жарасымдысы сол: Абай мұрасы жайлы ғылыми танымның – қазақ әдебиеттану
ғылымының алғашқы сөзінің авторы, кейін ақын жайлы ұлы шығарма жазып, зор ғылыми
еңбек жаратқан қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов болды. Демек,
М.Әуезов абайтану ғылымының негізін қалаған – тұңғыш абайтанушы. Ол Абайды "қазақ
поэзиясының күн шуақты асқар биігі" деп орынды атаған.
М.Әуезов ақын мұрасын зерттеу, таныту үшін әуелгі міндет оларды тездетіп мұқият
түгел жинап алу, куәгер ақын шәкірттерінің талқысына, сынына салып алу,
текстологиялық жұмыс жүргізу деп білген және соның нәтижесінде «Абай жолы» роман –
эпопеясын жазған.
Абай армандары – тек бір ғана ұлт ұстанатын мұраттар емес, күллі адамзат ұстанатын
мұраттар. Ұлы Абай мұралары сіздер мен біздерге үлес боп тиіп отыр. Өйткені, ұлы ойшыл
– демократ, ұлы рухани реформатор Абайға ең жақын, ең етене ұрпақ та, тек біз. Асыл
ұстаз өсиет еткен абзал мұратттардың тек қиял боп қалмай, нақты шындыққа, нақты
әлеуметтік болмысқа айналар – айналмасы, мына біздерге байланысты.
Қорыта айтқанда, Абай жылын өткізген жақсы. Абай жырын жаттаған дұрыс. Ал оның
терең ойы мен пікірі тек айта жүрер әңгіме болмай, күнбе – күнгі тірлігімізге бір кірпіш
боп қаланып жататын нақты іске айналса, тіптен құба – құп.
Абай ақын армандаған ғылым да, өнер де, білім де баяғыдай таңсық емес. Халқымыз
сауатты, мамандарымыз білікті, еліміз тату. Тек сауатқа сәйкес қабілет, білімге сәйкес
сана, жастыққа лайық жалын, жігер, жасампаздық болса болғаны.
Абайды бізбен мәңгілік бір қылатын да осындай ұғым, осындай сенім.
148
«Абай Құнанбаевтың әлемі мен шығармашылығына жастардың көзқарасы» атты республикалық ғылыми онлайн-конференция
Ендеше, Абай өнегесі әрдайым көз алдымызда болғай! Қай ісіміз де Абай армандаған
биіктен көріне бергей!
Рақмет!
Достарыңызбен бөлісу: |