Сопақша ми - жұлынның үстіңгі жағында орналасқан. Ол екі түрлі қызмет атқарады: өткізгіштік
және рефлекторлық. Сопақша мида тыныс, қан айналыс, сору, шайнау, жұтыну, жөтел, түшкіру, сілекей
шығару, қарын және қарын асты безінің сөлдерін бөлу орталығы орналасқан және ІХ-ХІІ жұп
нервтерінің ядролары орналасқан.
Вароли көпірі – сопақша мидың үстінде орналасқан. Көпірден Ү, ҮІ жұп нервтері және көпір мен
сопақша мидың арасынан ҮІІ- ҮІІІ жұп нерв тармақтары шығады. Сопақша ми мен көпірді артқы ми деп
те атайды. Артқы мидың дамуы 7 жасқа келгенде аяқталуға жақындайды.
Мишық сопақша мидың артқы жағында орналасқан. Мишықта дененің қимыл-әрекеттерін, тепе-
теңдікті сақтау мен бұлшық еттердің тонусын реттейтін орталықтар орналасқан. Мишықтың толық
дамып жетілуі 7-8 жаста аяқталады.
Ортаңғы ми вароли көпірінің үстінде орналасқан. Мұнда сұр заттар 4 төбешік түрінде
шоғырланған: көзді қозғаушы және шығыршық жүйкелерінің, қызыл және қара субстанцияларының
ядролары бар. 4 төбешіктің алдыңғыларында алғашқы көру орталықтары, артқы төбешіктерінде
алғашқы есту орталықтары орналасқан. Қызыл ядро бұлшық ет тонусын реттейді. Қара субстанция
жұтыну, шайнау, саусақтардың нәзік қимылдарын реттеуге қатысады.
Аралық ми ортаңғы ми мен ми сыңарларының арасында орналасқан. Ол 2 төмпешіктен және
төмпешік асты аймағынан тұрады. Төмпешіктерді таламус, төмпешік асты аймағын гипоталамус деп
атайды. Таламус арқылы мидың барлық сезгіш жолдары өтеді. Гипоталамуста зат алмасуын, дененің
температурасын, аштық және шөл сезімдерін, барлық ішкі мүшелердің қызметін реттеу орталықтары
бар.
Аралық мидың дамуы 13-15 жаста аяқталады.
Ми бағанасының ортаңғы бөлігін
ретикулярлық формация (торлы құрылым) деп атайды. Ол
әртүрлі пішінді және мөлшерлі бір-бірімен шырмалып жатқан нейрондардан тұрады. Микроскоппен
қарағанда торға ұқсас болғандықтан
торлы құрылым деп те атайды. Торлы құрылым орталық жүйке
жүйесінің 3 бөліміне әсер етеді: жұлын, мишық, үлкен ми сыңарларына. Жұлынның белсенділігін
арттырып немесе тежеп отырады. Белсенділігін арттырғанда жұлын рефлекстері жақсы пайда болады, ал
тежегенде жұлын рефлекстері әлсіреп, қозғыштығы төмендеп, адам ұйқыға кетеді.