ІSSN-p 1727-060Х
ІSSN-e 2664-3162 Túrkologıa, №2(110), 2022
45
шықпапты. Сол себептен де ақын жүрегі алдағы үлкен пәлені күні
бұрын сезгендей» [6, 408-б.].
Ұйқышыл жұртты
Түксиген мұртты,
Обыр обып, сорып тұр...
Түн етіп күнін,
Көрсетпей мінін,
Оятқызбай қорып тұр.
Обыр болса қамқорың,
Қайнағаны сол сорың [7, 29-б.]!
Абай да, Ахмет Байтұрсынов та өлең соңына жеткенше ақыл-ой, жан
азабына түскендей болады. Себебі екеуі де өз заманы, өз кезеңінде
халқының екі жақты езгі мен қараңғылыққа тап болып, надандық
шырмауына әбден байланғанын, ақыл сөзіне ермей кесірленіп кері
тартқан күйін де көрді. Ғалым Ө. Әбдиманұлы жазғандай, туған
халқын бар жүрегімен сүйген, оның алдыңғы қатарлы ел болуын
қалтқысыз аңсаған Ахмет, Абай тәрізді «Қалың елі – қазағының
бейуақыттағы сорлы тағдырына күйінді, оның надандығы мен
қараңғылығына жаны күйзеле налыды [5, 250-251-б.]. Екі ақынның да
өскен ортасы, көрген заманы ұқсас келіп, «елім-жұртым, арым-
иманым» деп ойлаған ойы мен соққан жүрегі сәйкес түсіп,
шығармашылықта да жүрекжарды сөздері бір жерден шығып жатты.
Өлеңдеріндегі негізгі мазмұны үйлесіп, үндесіп келген екі ақын
ойларын түйіндер тұста да бір-біріне жақындай түсетіні бар. Әрине
Абай - ұстаз, алғашқы ақын, Ахмет – ұстаз жолын ұстанған кейінгі
буын ақыны, Абай – дәстүр иесі, Ахмет - сол дәстүрді жаңашылдықпен
жалғастырушы. «Сегіз аяқ» өлеңінің соңында ақын өзі көріп-сезіп
түйсінген, толғанып-түңіліп тудырған өмір шындығы алып келген
күйін суреттеген. Соншалық сеніп, жөндемекке, түземекке үміт еткен
елінің сыйқы сол баяғы кері кеткен қалпында, ежелгі қулығы мен
алдауы өзгермеген, «қысылған жерде – жан жалдау» оларға түк емес
[8, 90-б.]. Содан да ақын атадан алтау, анадан төртеу, ағайын бек көп»
жайлы жағдайымен жарлы болмаса да, зарлы болып, «сөзін ұғар елі
жоқ, моласындай бақсының жалғыз қалған» жайы бар, мазасы қашқан
күйге түседі. Ахмет Байтұрсынов өлеңінің түйіні де осыған ұқсас
қалыпты суреттеп жеткізген. Бұл ақын да мақсатына жете алмай
қиналғаны көрінеді. Ақыл сөзі еліне жетіп, соңынан еріп тура жолға
түскен серігі кем, жоққа жуық. «Қас білген досты, дос білген қасты,
|