Бердібек соқПАҚбаев "менің атым қожа"



Pdf көрінісі
бет3/29
Дата15.12.2023
өлшемі0,56 Mb.
#138631
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29
Байланысты:
(pdf) Менің атым Қожа (Бердібек Соқпақбаев)

ЕКІНШІ ТАРАУДА
Қаратай жайында айтылады
Күні бойы футбол ойнап, əбден қалжырадым. Ойын үстінде шаршағаның
онша аңғарылмайды. Енді міне дел-сал болып, өзімді өзім əрең сүйреп келе
жатырмын. Аяққа қонған шаңды қарашы, бір елі. Шіркін-ай, осы бойда
барып, күмп етіп, өзенге қойып кетер ме еді.
Өзен бойына көз тіксем, қыздар шомылып жүр екен. Мейлі, шомыла
берсін, оларға да салқындау керек қой. Ал мен əуелі тамақтанып алайын,
ішім итше қыңсылап, түйені түгімен, нарды жүгімен жұтып жібере жаздап
келе жатқам жоқ па.
Қораның бұрышын айнала бергенім сол еді – көзім есік алдындағы тажалға
түсті. Жүрегім дір етіп, бойымды дереу жиып алғандай болдым. Тажал
тапжылар емес. Ежелгі дағдысы бойынша біздің босағаны иіскеп, мел-
шиіпті де қалыпты.
Тажал деп отырғаным сыры көше бастаған, жағал-жағал үш дөңгелекті,
көкшіл көне мотоцикл. Əр жексенбі сайын оның көрген күні осы, біздің
қорадан шықпайды.
Мотоциклдің иесі – көрші колхоздағы комбайншы жігіт Қаратай. Жігіт
деймін-ау, қайдағы жігіт. Беті əжім-əжім, сақалы тікенектей кəрі біреу.
Қаратайды мен қандай жексұрын көрсем, жағал мотоциклді сондай
жексұрын көрем. Өйткені оны құстай ұшырып, зырылдатып, лезде алып
келетін осы антұрған емес пе.
Бұдан бір жыл бұрын Қаратайдың əйелі дүние салған екен. Əйелі дүние
салды деген сөз, өзі бойдақ қалды деген сөз. Ал өзі бойдақ қалғаннан кейін
тағы да үйленбекші. Осы арада кімге деген сұрақ туады. Дүниеде өзге əйел
құрып қалғандай Қарайтайдың есек дəме көңілі менің Миллат мамама
ауатын тəрізді. Жағал мотоциклдің əр жексенбі сайын біздің босағаны
иіскеп, қаңтарылып тұруындағы гəп міне, осы.


Əрине, бұл мəселе жөнінде менен ақыл-кеңес сұрап жатқан ешкім жоқ.
Бірақ мен Қаратайға іштей кіжінемін де, атаңның басы менің мамам тиер
саған, деген сөзді айтамын.
Үйге кіре беріп, мен мотоцикл дөңгелегін теуіп жібердім. Кім иемденсе,
соған құлшылық ететін меңіреу техника бұған не жауап қатсын. Зырқ етіп,
бір тербелді де, үнсіз қала берді.
Ауыз үйде əжем күбі пісіп тұр екен. Ертеден қара кешке бір тыным
алмайтын бейнетқор əжем-ай. Күмпілдетіп піскенде, қарашы, күбінің түбін
түсіре жаздайды. Орамалы сырғып, желкесіне түсіп кеткен. Көпті көрген
бурыл басы бусанып, тер иісі келеді. Қолымдағы допты тарс еткізіп,
босағаға тастай бердім де, мен сол екпініммен төр үйге қарай беттедім.
Жұмысын дереу доғарды да:
– Əй, мына түріңмен қайда барасың? Онда кісі отыр, – деді əжем.
Өзі қызық кісі, кім отырғанын мен білмейді деп ойлай ма екен.
– Кісі болса қайтушы едім!
Даусым қатты шығып кетті. Мейлі, естісе, ести берсін. Есікті жұлқып
ашып, кіріп келдім. Қаратай мен мамам терезе алдындағы столда,
əдеттегіше, бетпе-бет əңгімелесіп отыр. Екеуі бірдей маған қарады.
Қаратайдың жүзінде менің келуімді жаратпаған абыржу бар. Ал мамамның
тіксініп шытына қараған қабағынан мына тасыр жүрісімнің оған да
ұнамағанын бірден аңғардым.
Осы бойда бұрыштағы шкафыма қарай өтіп бара жатыр едім, Қаратай
күлімсіреген дауыспен:
– Əй, Қожатай, сəлем қайда? – деді.
Жасы үлкен таныс адамға сəлем бермеу – көргенсіздіктің белгісі деп,
мамам мені талай баулыған. Сол парызымды амалсыз өтеп:
– Саламатсыз ба, – дей салдым.
Үлкендердің үстіне бұйымтайсыз, етқызулықпен кіріп келгендіктен, енді


амалсыздан бірдеңе істеуім керек болды. Ту сыртымды мамам мен
Қаратайға беріп, шкафтың ең төменгі сөресіндегі газет-журналдарды
мақсатсыз ақтарып, күйбеңдеп жатырмын. Нені іздеп, нені таба алмай
жатқанымды бір құдай өзі біледі. Ал екі құлағым мамам мен Қаратайда.
– Иə, биылғы көктем жауынды болды, – деп бастады Қаратай ендігі
əңгімесін. – Біздің «Коминтерннің» астығы да белуардан келіп, жайқалып
тұр. Енді күзгі бұршақ-нөсерден аман болса, жұрт рызығы жаман бола
қоймас.
Əңгіме желісінен жалт беріп, Қаратайдың не болса соны айтып кеткенін
мен бірден түсіндім де, тағы не дер екен деп, еңсемді көтерместен, өзіммен
өзім болғансып, күйбеңдей бердім.
– Жаман бола қоймас, – деп қоштады мамам Қаратайды бейқам үнмен.
Оның даусынан: «Ех, Қаратай, менің баламды өйтіп алдарқата алмайсың.
Ол бəрін де сезеді, бəрін де түсінеді» деген мағына аңғарылатын еді.
Арада бірнеше минут үнсіз өтті. Кенет мамамның:
– Балам, – деген қатқыл үні естілді, – сенің сонша күйбеңдеп, таба алмай
жатқанын, не зат?
Бұл сөз маған алты өрме қамшымен жоталата тартып жібергендей əсер етті.
Əсіресе, «балам» деген сөздің зəрі күшті-ақ еді. Өйткені жайшылықта
мамам менің атымды атайтын. «Балам» деген мынау ресми үні «үлкен-
дердің сөзіне тыңшылық істемек болған бұл сасық қулығыңды таста» деп,
жекіргенмен бірдей еді. Соны тез ұқтым да, қолыма тиген бір журналды
ұстап, тайып отырдым.
Қаратай бұл күні біздікіне кей-кейдегідей ұзақ отырып алған жоқ. Менің
соңымнан кешікпей ол да шықты. Басқа уақытта, кетерінде, əжеммен
көңілді қоштасып, маған да бірнеше жылы қалжың, ойын сөздер айтып,
жаратпағаныма қарамастан арқа-басымнан қағып аттанатын. Кейде: кел,
отыр, ауылды бір айналдырып, серуендетіп əкелейін, деп, жалбақтап,
көңілімді тапқысы келетін. Бұл жолы олай емес, қара сұр жүзі онан əрмен
күреңітіп, еңсесі түсіп шықты. Ауыз үйдің төрінде тамақ ішіп отырған мені
қою қасты салбыраған ауыр қабағының астынан солғын ғана бір шолды да,
үндемеді. «Бəйбіше, хош болыңыз», – деп, əжеме арнаған сөзін де əйтеуір
міндет санап, иегінен оздырмай, жүрдім-бардым айтып, бөгелместен


шығып кетті. Енді бір сəтте мотоциклдің пырс-пырс етіп, шашала оталған
үні, оның соңынан мылтық атылғандай патырлап, құлақ тесерлік жайсыз
бір іртік дауыстар естілді. Біздің қорадан суырыла шыққан осы үн үсті-
үстіне жиілеп, көшенің басына қарай алыстап бара жатты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет