Қорқыт ата философиясы батыс философиясындағы экзистенцализм
ағымының өлім мен өмір туралы, адам өмірінің жайында ойларының
ұшқыны сияқты. Сонымен қатар тән мен рух, адам мен өнер арасындағы
қатынастарды анықтау философияның мәңгі зерттеуге тиісті
проблемалары болып табылады. Қорқыт ата мұрасын тереңірік зерттеу,
әлем өркениетінің тарихын түзу үшін аса маңызды.
Қорқыт ата жырларынан отаншылдық пен ерлік, ізгілік пен әділеттілік,
сабырлық пен төзімділік туралы тақырыптарды іздеп табу қиын емес.
Табиғаттың өз заңдылығымен уақыты болғанда тіршілік иесі үшін келетін
құбылыстың қатарына – өлімді жатқызу қай халықтың болса да
дәстүрінде орын алған түсінік. Болмыста пайда болған нәрсенің үнемі
өзгеріске ұшырып, бір күйден екінші күйге ауысып жататындығы –
мәңгілік пен уақытшылықтың, мәңгілік пен шексіздіктің арасындағы
байланыстың үзілмейтіндігінің белгісі. Сондай ұлылық деңгейіне жеткен
адам, болмыстың терең жатқан қыр-сырын түсінуге тырысқан. Ол
тіршіліктегі өзінің адамдық еркін таңдау құқығын өз түсінігінше
пайдаланды. Қорқыт атаның өмір философиясы қорқынышқа негізделген
жоқ, сол өмірді барынша лайықты сүруге оны адам деген атқа сай келетін
тұрғыда ғана түсінуге, өткізуге шақырады. Қорқыт атаның өмір сүру
тәжірбиесі – Жоғары Рухтың жалпы адамзатқа берген адамша өмір
сүрудің рухани үлгісі сияқты. Шын түсінген адамға Қорқыт атаның өмірі
арқылы адамның тіршілігі тек қана шығармашылық арқылы өмірге
айналатындығын байқатады. Шығармашылықтың ең бір жоғарғы көрінісі
өнерде. Қорқыт атаның қобызды тартуы – жай ғана музыкалық
дарындылықты таныту емес, бұл адамның көп жақты болмысының бір
қырын көрсету, сөйтіп сол арқылы ғаламдағы – өмір деген
суперқұндылыққа жол ашу болып табылады. Кім болсын өмір
патшалығында барынша ұзақ қалу үшін тырысып бағады. Ол үшін,
адамдық екі міндетті атқару тиістігін көрсетеді: біріншісі - махаббат,
екіншісі – шығармашылық. Қорқыт атаның күнделікті қарапайым тіршілігі
нағыз өміріне айналды. Сол нағыз өмірі арқылы Қорқыт атаны қалың
түркі жұрты пір тұтты. Қорқыт атаның әрбір шығармасы жай ғана
орындалған күй емес, оның әрқайсысы әлемге, өмірге деген махаббаттан
туындаған жүрек лебізі. Өмір сүріп жүрген әрбір адам күнделікті күйкі
тірліктің құрбаны, құлы болып қала береді.
Достарыңызбен бөлісу: