Екінші том маса астана, 2022 ахмет байтұрсынұЛЫ



Pdf көрінісі
бет38/67
Дата03.10.2024
өлшемі6,35 Mb.
#146744
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   67
Байланысты:
А.Байтұсынов Маса жинақ

БІЛІМ ЖАРЫСЫ
Білімді жұрттарда білім жарысы деген болады.
Ол жарыста бәйгеге қосылатындар білімділер, өнер- 
лілер. Оларға бәйге тігіп, жарыстыратындар бай адам- 
дар иа обществолар. Бәйге тігу, жарыс істеу біздің 
қазақтарда да бар. Қазақта бай адамдар иа қуаныш 
нәрсеге той істеп, ат шаптырады, иа өлген адамына ас 
беріп ат шаптырады. Байлығына қарай, адамдығына 
қарай, іс пен тойдың үлкені де, кішісі де болады. 
Зорлығы бәйгеге тіккен малынан көрі, шақырған 
елдердің санынан, сойылған малынан байқалады. 
Бұдан көбіне ас зор болады. Асқа сойылған малды, 
шәй-қантына шығатын пұлды, ішілетін қымызды, 
тігілетін бәйгені ақшаға аударып есептегенде зор 
астарға талай мың жұмсалады. Соның бәрі жұрт 
жиылып, бір-екі күн ішіп, жеп кету үшін істеледі. Не 
жұртқа келер онан пайда жоқ, не ас берушіге тиер 
сауап жоқ, құр далаға кеткен бір мал болады да қалады. 
Ақылдың әуенімен сынағанда, істің шын мағынасы 
босқа мал шашу болып шығады. Ат шаптырып, ас
берді деген бес-он жылға ат қалады. Қазақ жомарт- 
тығының түрі һәм оның ақырғы тиімі осы. 
Білімді жұрттардың білім жарысына келсек, оның 
мағынасы да, көздеген мақсаты да басқа. Ол бірнеше 
болыс ел жиып, бір-екі күн дуылдап, ет жеп, қымыз
ішіп кету үшін ғана жасалмайды, бүтін ұлт иа дүниа- 
дағы бүтін жұрт үшін һәм көпке қаларлық іс үшін 
істеледі. Дүниада күн көріп, тіршілік етудің ауырын 
жеңілту үшін, жеңілін рахатқа айналдыру үшін 
істеледі. Неше түрлі ғылым, өнер – бәрі де тіршіліктің 
ауырлығын азайту үшін, рахатын молайту үшін 


248
шығарған нәрселер. Ғылым, өнер артылған сайын 
дүниада бейнет кемімекші. Осыған ақылы жетіп, ісі 
өнген жұрттар ғылым мен өнерді бірден бірге асыруға 
тырысады. Асыру үшін һәркім істер істейді. Сол 
істердің бірі – білім жарысы. 
Білім жарысы деген мынау: бай адам пәлен мың
сом ақшаны бәйгеге тігеді де мәлім етеді: «Осы ақша- 
ны пәлендей іс істеген кісі алады деп. Мысалы, пәлен 
ауруға ем тапқан, иа пәлен ғылымнан йаки өнерден 
жаңа жол тапқан, иа пәлен турасында жазып кітап 
шығарған адамдарға беріледі» дейді. Ал бәйге тігілді. 
Енді ат жарысы болса, һәркім атын жаратып бәйгеге 
қосар еді. Білім жарысы болған соң білімділер бәйгеге 
қосылады. Бәйгеден дәмесі бар білім жүйріктері бірі- 
нен-бірі озуға жүйріктігін аиәп қалмайды. Тап деген-
ді табуға ойланады, істе дегенді істеуге қарманады.
Ақырында һәркім істегенін, тапқанын сынға жібереді. 
Сыншылары ғылым ордасында тұрған білімді
ғалым адамдар болады. Бұлар қарап, сынап бәйге кесе- 
ді. Еуропада мысалы, Нобелевский білім жарысы бар. 
Бұл жарыста бәйгені ғылым ауданында иа әдебиет 
ауданында еңбек етіп озған адам иа соғысқа қарсы
һәм халық арасын жақындастыруға пікір жайған 
адамдар алмақшы.
Жылда Рождестуо мейрамының алдында швед 
жұртының астанасы Стокгөлім шаһарында білім жары- 
сынан озғандарға бәйге аталады. Өткен 1912-нші ....(*)
1
бәйгелерін алған адамдар: 1) Инженер Дәлен ғылым 
үкіметтен көрсеткен үздік біліміне алды; 2) Профессор 
Каррел дәрігерліктен көрсеткен үздік біліміне алды; 
3) Неміс жұртының атақты драма жазғыш жүйрігі 
Кауфман әдебиет жүзінде үздік біліміне алды; 4) Саба- 
1
Оқылмады.


249
тие һәм 5) Гриниер франcуз ғылымдары ғылым химиа- 
дан көрсеткен үздік білімдеріне алды. 
Осылардың һәм басқалардың жылда озғанда алатын 
бәйгелері шведтің Нобел деген бір инженерінің білім 
бәйгесіне деп шығарған 18 миллион ақшасы. 
Осындай жұртқа пайдалы үлгі аларлық жақсы 
істі жұрттың құлағына салып, біздің айтайын деп 
отырғанымыз мынау: білім жарысын істеу әр жұрттың 
қолынан келетін іс. Істейін десе қазақтың да қолынан 
келеді. Еуропадай зор істеуге болмаса, бойымызға 
шағындап, «Сабасына қарай іспегі, мұртына қарай 
іскегі» дегендей етіп істеуге болады. Еуропада ғылым, 
өнер толық. Қазақта олардың жұрнағы да жоқ. Олар 
асқанның үстіне асыру үшін істеп отыр, біздер жұрна- 
ғы болу үшін істеу керек. Мың жылқысы бар байлар,
оның үстіне мал іздегенде бір аты жоқ жарлы мал ізде- 
мей қарап отыруы дұрыс па? Ғылым, өнер турасында 
біздің жайымызда сол жарлының халі секілді. Ғылым- 
ның жаңа жолын табуға іздемек түгіл, тапқан ғылымға 
қолымызды жеткізерлік бізде еш нәрсе жоқ. 
Жұртқа ғылым үйренумен, көрумен, білумен жай- 
лады. Білімнің бас құралы – кітап. Қазақ арасына білім 
жайылуына әуелі оқу үйренетін орындар сайлы болу 
керек, екінші білім тарататын кітаптар жақсы боларға 
керек һәм халық арасына көп жайыларға керек. Осы 
мақсатқа жетуге зор себепкер болатын істің бірі білім 
жарысы. 
Білім жарысының басқадан артық бір жері мынау: 
бұған шығарған ақша далаға кетпей, көздеген мақсат- 
қа тура тиеді. Егін салсаң, шықпай қалып, босқа 
шығындау ықтимал. Мал жисаң, өліп қалып, босқа 
шығындау ықтимал. Білім бәйгесінен пайда болмаса, 
шығын болмайды. Пайдасы боларлық істі істемей, 


250
бәйгеге һешкім қол созбайды. Солай болған соң бұған 
шығарған ақша босқа кетуге тіпті орын жоқ. 
Еуропа байлары мұндай іске ақшасын басы бүтін 
қиып, жомарттық етеді. Ақшасын пайда қылып, соны- 
мен малын көбейтуге шығармайды, әуелден-ақ жұрт 
үшін, көп үшін қайтпас қайыр құрбаным деп шыға- 
рады. Біздің қазақ байларын да Еуропа байларындай 
мол байлық жоқ, аз байлықпен халінше жомарттық 
қылатын байлар қазақта аз-жоқтың қасында. Біреудің 
малы көп болса да, саңылауы жоқ болады. Жұрт ісіне 
жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын қазақта 
адамдар аз болады. Себебі жұрт жұмысы деген 
қазақтың әдетінде болған емес. Өзге жұрттан оңаша 
жұрт, қазақ басқа халықтармен бәсекелесіп жарысқа 
түскен жоқ. Сондықтан жұрт жұмысы, ұлт намысы 
деген сөз қазақтың көбіне түсініксіз нәрсе. От басына 
келерлік бәле болмаса, жұрт басына келерлік бәлені 
ойлап, уайымдамайды. Қуанышы, қайғысы от басынан 
аспайды.
Ұлт намысы дегенді қазақтың көбі екі ауылдың, 
екі таптың, иа екі рудың намысы деп ұғады. Басқадан 
кемшілік көрсе намыстанбайды, кектемейді, бір-бірі- 
нен кемшілік көрсе кегін жібермейді: ауылын шауып, 
адамдарын сабаса, жауын мұқтатып, мақсатына жетіп 
болғаны. Халықтың көбі сондай болған соң, сол көп- 
тің ішіндегі байлар қайда барсын?! Сондақтан қазақ 
байлары білім бәйгесіне ақшасын Еуропа байларын- 
дай басы бүтін бере алмайды. Еуропаша істе деп
айтуға аузымыз бара алмайды. Осыны есімізге алып, 
Еуропа үлгісін, қазақтың мүшесіне лайықтап, артығын 
мінеп, қазақ байларының алдына саламыз. 
Қазақ байлары білім бәйгесіне ақшасын басы бүтін 
шығармасын, өзіне қайтаратын етіп бәйгеге тіксін. Оны 


251
былай етуге болады. Жоғарыда айтылды білім жарысы 
қазақ арасына білім тарататын кітаптар шығаруға 
болсын деп. Білім туралы болады. Білімнің әр түрін 
бірдей жақсы білетін адамдар аз болады. Бір түрін 
жақсы білетіндердің табылуы қиын емес. Докторлық 
ғылымын оқығандар денсаулық жайынан керек кітап- 
тар жазуға мүмкін нәрсе. Шаруа жайын оқығандар 
шаруа жайынан қазаққа керек жақсы кітаптар жазуға 
мүмкін нәрсе. Оқыту жайын жақсы білетіндер мектеп 
кітаптарын жақсылап шығаруға мүмкін нәрсе. 
Әдебиет ауданында жүйріктер халықтың құлқын түзе- 
туге керек, бар жақсы романдар уа ғайри сондай сөздер 
шығаруға мүмкін нәрсе. 
Осындай кітаптарға бәйге тігілсе, ол бәйге нағыз 
жақсы шығарған кітаптарға ғана берілсе, тігілген 
бәйгеге қарай, бәйге берілген кітапты бір иа екі рет 
бай бастырып, ақшасын өндіріп алатын болса, сонан 
кейінгі бастырулары жазушының өз еркіне берілсе, 
осы шартпен білім жарысы істелсе, әуелі бәйге тігуге 
жомарттық көп керек болмас еді. Неге десең, сауда 
өтіп, жақсы деп бәйге берілген кітап өтпей қалады деп 
қауіптенуге орын жоқ. Екінші, жазушыға да қолайлы. 
Шығарған кітабы жақсы болса, еңбегіне тиісті даиәр 
ақшаны алып, онан әрі тағы жақсы кітап шығаруға 
кірісер еді. Еңбегіне ақысы татымды болған соң ол 
орын сол жұмысқа алаңсыз жігер еді. Әр жерден 
сондай жазушылар шықса, білім жұмысын айдап алға 
бастырмай қоймас еді. 
Бәйге тігушіге де, бәйге алушыға да тынышты, 
жұрттың білім турасындағы істерін алға сүйреуге 
қолайлы һәм нағыз керек жолдың бірі біздің ойымызша 
осы. Бұған басқалар һәм байлар, не айтасыздар?
«Қазақ» газеті, №16. 31 май 1913.


252


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   67




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет