Екінші том маса астана, 2022 ахмет байтұрсынұЛЫ



Pdf көрінісі
бет45/67
Дата03.10.2024
өлшемі6,35 Mb.
#146744
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   67
Байланысты:
А.Байтұсынов Маса жинақ

ОҚЫТУ ЖАЙЫНАН
Таһир Жомартбаев сұрайды: «Әуелі қазақша оқы- 
туға керек кітаптар дайар ма? Дайар болмаса, ноғайша 
кітаптарды аламыз ба? Олардың қайсысы жақсы?»
деп. Екінші: «Ноғайлардың тәртіпті мектептерінде 
тұтынып жүрген программаларын сол күйінде ала- 
мыз ба? Йаки қазаққа лайықтап ыңғайлаймыз ба?» деп. 
Бұл күнде қазақша оқуда кемшілік көп. Әуелі, 
оқу құралы – кітаптар жоқ. Ноғайша оқу құралдары 
қазаққа үйлеспейді. Екінші, қазақ мектебіне түзел- 
ген программа жоқ. Онсыз оқу бір жөннен шықпайды. 
Үшінші, бала оқыту ғылымынан хабардар мағлұм- 
дар аз. Осы үш кемшіліктің үшеуі де есімізден таста-
май, ойлап жүрген нәрселердің ең басы. Жастардың 
оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді. 
Оқу ісін түзеуге көп нәрсе керек. Оның бізде бұл
күнде бірі де жоқ. Ай мен күндей хәмеге бірдей, білім 
көп ортасындағы мүлік. Онан сыбаға ала алғандар 
алып жатыр. Ала алмағандар құр қалып жатыр. Сол 
құр қалып отырғанның бірі біздің қазақ. Құр қал- 
ғанын қазақтың өзі де сезіп, баласын оқытуға, білім 
үйретуге ықылассыз емес, бірақ жаңадан басталған 
жұмыс тәртіпке түсе алмай жатыр. Қос жүре түзелер 
деген, түбінде түзелмей қалмас, түзетуге жұрт азаматы 
қам қылса. Оқуды керек қыла бастағаны, жұртқа 
ес кіре бастағаны. Халықтың есі енуі баланың есі енуі 
сиақты бірте-бірте ақырындап болмақшы. Аспанда 
құстай ұшып жүрген, теңізде балықтай жүзіп жүрген, 
жылдық жерден сағатта хабар алып, жүз шақырым 
жерлерден ауызба-ауыз сөйлесіп отырған жұрттар сол 
күйге бірден емес, бірте-бірте жеткен. Барамын деген 


277
жерге бетің түзу болса, тоқтамасаң барасың. Жұрт 
жұмысы да беті түзу болса, аз-аздан ілгері басқызып, 
оны қозғаушылар болса, көңілдегі жеріне жетеді. Сол 
жұрт ісінің бірі – оқу. Оқуды керек қылмай жүрген 
қазақтар оқу керек нәрсе екенін бұл күнде білмей 
тұрған жоқ, бірақ оқудың жөнді болатын мәнісін, ретін 
білмейді. Көбіне оқиды деген құр аты болса, соған 
қанағаттанады. Қалай оқытып, не білдіріп жатқаны- 
мен жұмысы жоқ. Екі жыл, үш жыл оқып, хат танымаса 
да баланың ата-анасы ойына кіріп шықпайды.
Оқу жұмысының үш жағы үш нәрсеге тіреледі: 
бірі – ақшаға, бірі – құралға, бірі – мұғалім. Осы үш 
тіреуі бірдей тең болса, оқу қисаңдамай, ауытқымай 
түзу жүреді. Ол үшеуі тең болмағандағы оқу жұмысы 
аумалы жүк сиақты, орнықсыз. Жүгі аумалы көштің 
жүрісі оңбайды. Орнықты оқу болмай қалт-қалт етіп, 
оқытқан оқу-білім үйретіп жарытпайды. Жоғарғы 
айтылған оқу жұмысының үш тіреуі де біздің қазақта 
бұл күнде сау емес. Бірақ бірте-бірте сайлы болып 
жөнделер деп үміт етеміз. 
Әуелгі тіреу – ақша. Ол жұрттан шықпайды. Қазақ 
оқу керек екенін біле бастады. Баласын оқытпайын 
дейтін қазақ жоқ. Бірақ жұрт баласын жұрттық қылып, 
жұрт үстінен оқытатын дәрежеге қазақ әлі жеткен 
жоқ. Һәркім өз баласының ғана оқығанын ойлайды. 
Әр баланың басын қосып, құраса, бәрі жұрт баласы 
болатындығын, ол жұрт баласын оқыту, жұрт міндеті 
екендігін айыратын іс қазаққа әлі кірген жоқ. Мұны 
білерлік қазаққа іс кіргенше оқудың ақша жақ тіреуі 
орнықты болмайды. Екінші тіреуі оқуға керек құрал- 
дар. Ол құралдардың ішінде ең қымбаты оқу кітап- 
тары. Оқу құралдары сайлы болмаса, оның ішінде 


278
оқу кітаптары оңды болмаса, оқу да оңды болмайды. 
Шеберге аспап серік, мұғалімге құрал серік. Аспапсыз 
шеберлер еш нәрсе істей алмайды, құралсыз мұғалім- 
дер бала оқыта алмайды. Сондықтан қазақта оқу құралы 
кітаптар болмаса, ноғай кітаптарымен оқытпасқа шара
жоқ. Қазақ балаларын ноғай кітаптарымен оқытуда 
қолайсыздық кемшілік көп, бірақ амалсыз ол кемші- 
ліктермен келісеміз. Ноғай кітаптарымен оқытқан 
соң, олардың программаларын алмасқа да болмайды. 
Программасын қазаққа ыңғайлаумен, қазақша құрал- 
дар сай болмаған соң, программа бір жаққа, оқуы екінші 
жаққа, екеуі екі жаққа кетеді. Программада керек
деген нәрселердің бәрі болмаса да, көбі оқу құралда- 
рынан табыларға керек. Ноғайдың тәртіпті мектебін- 
дегі программасын ала тұратын болған соң, оқу кітап- 
тарын да сол тәртіпті мектептерінен аларға тиіс. 
Оқудың үшінші жағының тіреуі мұғалім. Жақсы 
мұғалім мектепке жан кіргізеді. Басқа жағының кемші- 
лігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, біліндір- 
мейді. Мұғалім нашар болса, сайлы мектепте отырып 
сабақ бере алмайды. Мұғалімдік оңай нәрсе емес. 
Тәртіппен жасалған оқу құралдарымен оқытуға, 
тәртіппен оқыта білетін мұғалім керек. Оны білмей- 
тін мұғалімдер тәртіппен жасалған құралдар орнында 
тұтынады. Асылды, асылсыз құралдарды біз сиақты- 
сы тұтынса, асылды құрал шығаруда не мағына бар. 
Асылды құралдар балаларға оқуды жеңілдету үшін 
шығарылады. Оқыту жайын білетін мұғалімдерге 
тәртіпті құралдармен оқытқанда өзіне де, балаларға да 
оқыту жұмысы оңай болып, екі жағы да қиналмайды. 
Оқыта білмейтін мұғалімдер оқу жұмысының салма- 
ғын балаға ғана артып, өзі «әй, оқыңдар!» деп тыныш 


279
отырады. Ондай оқу мұғалімге тыныш екені рас, 
бірақ оқудағы мақсұт нәрсе мұғалімнің тыныштығы 
емес, балалардың білім үйренуі ғой. Оқыта білетін 
мұғалімдердің белгісі осы: «Әй, оқыңдар!» бұлардан 
балалар білім үйреніп жарымайды. Бұлардан басқа
асыл жәдид мұғалімдері бар. Бұлардың өздері де 
екі түрлі оқытады: біреулері асыл мәдие, біреулері 
асыл сүтие жолымен, бұл екеуінің жақсысы асыл 
сүтие жолы. Оны бірақ жақсы білетін мұғалімдер 
аз. Сондықтан көбі асыл мәдиеменен оқытатындар 
да оқуы екі түрлі басталды. Біреулері төте хәріфтен 
бастайды. Біреулері дыбыспен жаттықтырғаннан 
кейін балаларға хәріф көрсетеді. Бұл екеуінің абзалы 
дыбыспен жаттықтырғаннан соң хәріф көрсету, асыл 
сүтие тәртібінің негізі дыбыспен жаттықтыру. Оны 
дұрыстап, орнықты етіп істегеннен кейін, онан арғы 
оқу, жазу жұмысының бәріне сол тіреу болады. Бірақ 
қазыргі бір зор кемшілік мұғалімдердің көбі дыбыс- 
пен жаттықтыру жөнін білмейді. Білмеген соң онан 
қашады. Төтелеп хәріфтен бастағанын оңай көреді. 
Онысы дұрыс емес. Рас, дыбыспен жаттықтыруға білім 
көбірек керек, ондық оқыту, жазу жұмысына онан 
келетін жеңілдік көп. Мұғалімдердің көбіндегі кемшілік 
қазақ сөзіндегі дыбысты айыра білмейтіндік. Ол кем- 
шілік түзелместей нәрсе емес. Оны жоғалту оңай. 
Ол жоғалмай тұрғанда асыл сүтие жолымен, әсіресе 
дыбыспен жаттықтырып бала оқыту қиын. Сондықтан 
мұғалімдер қазақ тіліндегі дыбысты жақсы білерге 
керек. Оны өздері сөзді айыра-айыра үйренуге болады. 
Онымен біле алмағандары білетіндерден үйрену. Ол 
үшін көп болса, бірер жеті білер. 
Сөздің тұрар жері мынау: қазақ мектебінде оқыты- 
латын қазақ тілінде әліфбалерден басқа қазір кітап 


280
жоқ. Бірақ олардың бәрі де болады. Қазақ мектебіне 
оқу үш жылдық болуы қолайлы. Сол үшін жылға 
керек кітаптар шығуына талап етіп жатқан адамдар 
бар. Олар шыққанша мұғалімдер де өз тарапындағы 
кемістік жерлерін толықтыруға қам қыларға керек. 
Екінші мұғалім алатын қазақтар жоғарғы айтылған 
түріне қарай мұғалім аларға керек. Өзі тыныш отырып 
«Әй, оқыңдар!» деген мұғалімдерге жоламасқа керек. 
Олардан балалар еш білім үйренбейді. Оқырлық шағы 
заиә кетеді. Олардан басқа мұғалімдердің арасында 
таңдау асыл сүтие, оның ішінде де дыбыс пен 
жаттықтыра білетін, мұғалімдерге түсерге керек. Асыл 
сүтиелік табылмаса, асыл медиеліктерді алу керек. 
Жақсы мұғалім табылғаннан кейін мектепке керек 
құралдардың бәрін сайлап беру тиіс. Дүкенсіз ұста 
еш нәрсе істей алмайды. Мұғалімдер де қандай жақсы 
болғанмен құралсыз балаларды оқыта алмайды. 
«Қазақ» газеті, №29. 7 сентиабр 1913.


281


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   67




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет