жұрнақ деген термин, жұрнақтың өзгешелігін, басқа қосымшадан басқалығын
ашып бере алмайды. Бұл – бір.
Екінші, бұрынғы жұрнақ деп аталған қосымшаларды үстеу деп атау
қолайлырақ болды. Үйткені, бұл қосымшалардың атқаратын қызметі – өзі
жалғанған түбірге тек жаңа мағына үстеу ғана. Қосымшаның басқа түрлері де бар.
Олардың атқарып тұрған қызметі – тек мағына үстеу ғана емес, өзі жалғанып
тұрған түбірлі сөзді басқа бір сөзбен байланыстыру, басқа бір сөзбен жалғастыру.
Сөйтіп, барлық қосымша болған жер екі түрлі қызмет атқаратын болып, сонысына
қарай, екі түрлі жікке айырылады.
Бір түрі – өзінің жалғанған сөзіне жаңа мағына үстейді де қояды.
Екінші түрі – жаңа мағына үстегеннің үстіне, ол сөзді басқа бір сөзбен
байланыстырады.
Осы соңғы түрі қашаннан қазақ грамматикаларында жалғау делініп келген.
Бұл аты затына жанасады да. Сондықтан, оны өзгертудің, орнына басқа термин
алудың ешбір қажеттілігі де, қолайлылығы да жоқ. Оны біз де өзгертпей жалғау
деп атадық.
Ал, ана екінші түрін, өзінің жалғанған түбіріне тек мағына үстеп қана қоятын
түрін, жұрнақ деп атағаннан гөрі, осы мағына үстейтіндігін көрсету үшін үстеу деп
атау, әрине, қолайлы. Осыны ескеріп, жұрнақ деген терминнің қолайсыздығын
ойлап, оны алып тастап, босап қалған үстеу деген терминді осы жұрнақтың орнына
бердік. Сөйтіп, қосымша екі түрлі болатын болды да, оның бір түрін жалғау, бір
түрін үстеу деп атадық.
Екі термин бір категорияның екі тармағы болғандықтан, екеуінің егіздігін
көрсету үшін, екеуінің грамматика, морфология жағынан формалануы да бір түсті
болғаны өте қолайлы көрінді. Жалға деген түбірге -у қосымшасын қосып, тұйық
есімше түріне айналдырып, жалғау деп алғаннан кейін, бұл егіздің екінші
сыңарына қойылған атты да осы түрде үсте деген түбірге -у қосымшасын қосып,
тұйық есімше қалыбына салып, үстеу деп атау лайықтырақ көрінді.
Бұл терминді үстеу деп атаудың тағы да бір қолайлы жері бар. Бұрынғы бірде