шылау мүше деп атадық. Шылау деген термин де біз жасаған емес, бұрыннан бар-
ды.
Бұл шылау мүшелерінің өзі құрылысына қарай екі ірі жікке айырылады.
Оның бірі – өздігін сонша жоғалтқан, түбірдің маңынан аулақ кете алмай,
түбірге қабысып қана тұра алады. Оның үстіне, түбірдің соңғы буынындағы
дыбыстардың ықпалына қарай, дыбыс құрылысы өзгеріп, бірде жуан, бірде
жіңішке болып, бірде үнді, бірде үнсіз болып өзгеріп отырады екен. Бұлардың
көбісінде жуандық–жіңішкелік, үнді-үнсіздік жағынан тұрақтылық жоқ. Түбірдің
ауанымен бірде жуандап, бірде жіңішкеріп, бірде үнденіп, бірде үнсізденіп
отырады екен. Осы қасиеттерінің себебінен бұлар түбірге өте тығыз байланысқан
шылаулар болады екен. Міне, осы шылауларды қосымша деп атадық. Атқаратын
қызметіне қарай қосымшаны екі айырып, бір түрін жалғау, бір түрін үстеу деп
атағанымызды әлгіде де айттық қой.
Шылаулардың енді бір түрі қосымшалардай азып жетпеген. Сондықтан,
бұлар өздігін сақтаңқыраған. Сондықтан, бұлар түбір мүшеге қосымшадай қатаң
жабыспай-ақ, аулағырақ та тұрып алады екен. Бірқатары түбірдің алдында,
бірқатары түбірден кейін, кейін болғанда, қосымшалардан да кейін тұра алады
екен. Оның үстіне бұлардың дені қосымшаларша түбірдің дыбыс ықпалына
көндігіп болмаған, сондықтан, олар жуандық-жіңішкелік жағынан, көбіне түбірге
ермейді екен. Бұлардың енді бір айырмашылығы – қосымшалардың бәрі де
түбірден кейін ғана тұра алатын болса, бұлардың бірқатары түбірден ілгері де тұра
алады екен. Оның үстіне, мұндай шылаулар осы күнде де жасалып жатады екен.
Жасалғанда түбір сөздердің бірқатары өзінің негізгі мағынасынан ауысып, шылау
мағынасына бейімделіп кетеді де, бара-бара түгелімен шылау болып кетеді екен.
Бірақ, бұлардың бәрі бірдей шылаудың бар мінезіне түсе бермейтін көрінеді.
Мәселен, түбірлер қосымша жалғай алу керек те, шылаулар қосымша жалғай
алмау керек. Осылай бола тұрып, қайсібір шылаулардың қосымша ертіп алатыны
да бар. Мысалы, сияқты, дәл деген шылаулар сияқтылар, дәлдеу болып қосымша
ертіп алады. Міне, осы қасиеттері шылаудың бұл түрлерін түбірден де,
қосымшадан да өзгеше бір сөз мүшесі қылып шығарады. Сондықтан, бұларды өз
алдына бір терминмен атамасқа болмады. Сондықтан, бұларды қосымшадан
айырып қосалқы деп атадық.
Бұл – осындай, құрылысына қарай атағанымыз. Сөз ішінде қандай орында
тұратынына, сөз мүшелерінің басқаларымен қандай байланыста болатынына қарай
атағанымыз. Ал, атқаратын қызметі жағынан қосалқылар да, қосымшалар сияқты, екі тарау болады екен. Қосымшалар сияқты болғанда да, мұның
тараулары дәл қосымшаның тарауларындай болады. Мұның да бірқатары өзі ерген
түбірлі сөзіне тек мағына үстеу үшін ғана қосақталады екен де, енді бірқатары,
оның үстіне өзін ерткен түбірлі сөзін басқа бір сөзбен байланыстыру, жалғастыру
үшін жұмсалады екен. Сөйтіп, қосалқының атқаратын қызметі де дәл